АРДАҒЫМ, СЕМЕЙ, СЕН ҒАНА...
АРДАҒЫМ, СЕМЕЙ, СЕН ҒАНА...
Сан ғасырлық тарихы бар, өзіндік даму, қалыптасу дәстүрі бар қазақ әдебиетінің жарқын беттерінің бірі – қала өмірінің бейнелену ерекшелігі арнайы сөз болып, ғылыми-зерттеу нысанасына айнала бастады. Рас, қала өмірінің, оның тыныс-тіршілігінің өзіндік ерекшелігі бар. Ежелден-ақ қоғамдық болмыс, тыныс-тіршілік заңдылығына орай «қала», кейде «шаһар» деп аталып, қолданысқа түсіп келген сөз ұғымдардың табиғи астарында кең ұғым жатқандығын байқаймыз. «Қала», «шаһар» деп айтылған ұғымдардың астарынан қоғамдық болмысты, адамзат өмірін, өркениетті ел тыныс-тіршілігін танытатын табиғи, қоғамдық өмір заңдылықтарын тани аламыз. Айта кету керек, кезінде бұл мәселеге заманымыздың атақты ақыны О.Сүлейменов те үн қосқан болатын. Ол үлкен тебіреніспен салмақты ой тастап: «Город – это уже не просто местожительство, это эстетические, нравственные и социалогические категории» – деген болатын. Қазақ қалалары ішінен арнайы қарастыруды, зерттей түсуді қажет ететін, қазақ елі тарихын, рухани мәдениетін, көркем сөз өнерін, қоғамдық ой-сана деңгейін танытқан төл әдебиетіміздің бейнелеу объектісіне айналған өркениетті қалалар көптеп саналады.
Сондай қалалардың бірі – ежелгі Семей қаласы. Ежелгі Семей қаласы туралы, оның қазақ қалаларының ішінен көбінесе туған төл әдебиет жанрларының көркемдік бейнелеу объектісіне айналу ерекшелігі жайлы бүгінгі уақыт, жаңа көзқарас тұрғысынан сөз ету – егемен еліміздің кешегісі мен бүгінгісін, тарихын, рухани мәдениетіміздің терең тамырлы деңгейін таразылап тануға жәрдемдессе керек. Олай дейтініміз, ежелден-ақ өркениетті қалалар қатарында саналып, жаңа ғасыр басында «Алаш арыстарының» бас біріктірген орталық мекен орнына айналған, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов сынды қоғам қайраткерлерін, ғұлама ойшыл, көркемсөз саңлақтарын қияға ұшырған, заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовті қанағаттандырған, қоғамдық-саяси өсуіміздің, өркениетті ел ретінде танылуымыздың алтын діңгегі, тірек орны есепті болған қазақ қалаларының бірі – Семей қаласы еді. Семей қаласының өмірін қазақ әдебиетінде бейнелеу дәстүрі ерте дамып, айрықша жалғасын тауып, ХІХ-ХХ ғасыр басындағы қазақ ақын-жазушылары шығармашылығында кең көрініс тапқан еді. Қазақтың тұңғыш ғалымы Ш.Уәлиханов, ұлы ақын Абай Құнанбаев т.б. көркем сөз зергерлері қазақ қалаларының өмір тынысына аса мән беріп, өз туындыларында Семей қаласына тоқталып, қала өмірін шынайы бейнелеген. Кейін бұл дәстүрді ХХ ғасыр басында ұлы Абайдың ақын шәкірттері Көкбай Жанатайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Тайыр Жомартбаев, А.Жандыбаев т.б. сәтті жалғастырып, қазақ әдебиеті тарихындағы «Семейлік беттерге» көп көңіл бөлінді. Бұл игілікті іске «Қазақ» газеті, «Айқап» журналы сияқты үнжария басылымдар атсалысты. Семей қаласының сол кездегі өмірі бейнеленген әдеби мақалалар қалың қазақ қауымына таныс болды. Қалың қазақ оқырмандары қазақтың біртуар азаматы, қоғам қайраткері, көркем сөз зергері Ә.Бөкейханов шығармаларындағы «Семейлік беттерді» ажыратып тани алды. С.Торайғыровтың қала өмірін бейнелеген көркем туындыларын тұшына оқыды. Жаңа ғасыр басындағы рухани-мәдени, қоғамдық-саяси орталық қалаға айналған Семей қаласы өмірінің төл көркем сөз өнері тарихындағы бейнелену жайына бей-жай қарай алған жоқ. Ежелгі тарихы бар, жаңа ғасыр басында қазақ қоғамының тарихи болмыс заңдылықтарына орай ерекшелене түскен Семей қаласы, оның өмір тынысы туған төл әдебиетіміздің бейнелеу нысанасы болып қала берді. Бір ғажабы, Семей қаласының ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы рухани деңгейі туралы сақталған мағлұматтар қазақ интеллигенциясының тағдырымен сабақтас. Семей қаласында ұлы ғалым Ш.Уәлиханов ХІХ ғасырдың 50-жылдары әскери қызметте болған, алғашқы саяхаттарына осы аймақтан аттанған, осы өлкенің географиялық өзгешелігін, табиғатын, шаруашылығын, этнографиясын, рухани өмірін алғашқылардың бірі болып сипаттаған. Ол былай деп жазады: «По новому положению, с основанием Семипалатинской области, он называется городом…», «Недаром в преданиях киргиз воспевается благословенное течение Аягуза…». Біздіңше, Ш.Уәлихановтың Семей қаласына тоқтап, бұл өңірді аралап, негізінен, мәдениет пен әдебиет тарихы үшін ең бағалы мағлұматтарының бірі болып саналатын «Қозы Көрпеш – Баян сұлуға» арналған ғажап ескерткішті тамашалауы, қарындашпен суреттерін салуы, толық сипаттауы, жырын жазып алуының өзі баға жетпес құнды рухани байланыс болып табылады. Өйткені ол Семейді, Семей өңірін рухани өркениетті өңір ретінде танытуды көздеген еді. Қазақ әдебиетіндегі ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өлең жолдарында да Семей қаласы өзіндік көрініс тапқан. Өзінің «Интернатта оқып жүр» деген өлеңінде оқыған бозбалалардың қараңғы халқына қызмет етудің орнына қулық-сұмдық қуып, ел арасындағы жиіркенішті дау-дамайдан күн көріп, нысапсыз болып бара жатқанын айта келіп, сол келеңсіздіктерге кім кінәлі: «Я Семейдің қаласы? Я қазақтың баласы?» – деп сұрайды. Мұндағы ақынның Семей деп отырғаны қазақ даласына билік жүргізудің жаңа тәртібін кіргізіп, момын елді жік-жікке бөліп, ала тайдай бүлдірген патша әкімшілігі. Абай «Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да…» деген өлеңінде «Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы», – деп жоғарыдағы ойын анықтай түседі, әділ төрелік айтудың орнына арызшы, жалақорды қолдап отырған әкімдерге наразылығын анық білдіреді. Абайдың Семейдегі кезін ең жақсы білген шәкірттерінің бірі – Көкбай Жанатайұлы. «Көкбай – Абайдың ең талантты ақын, әнші шәкірттерінің бірі. Ол Абаймен 1880 жылдан бастап, жиырма бес жыл жолдас, дос болған адам…» – дейді Қайым Мұхаметханов. Ән-күйге, өлең-жырға құштар, ширақ, талапты, өткір тілді, өжет Көкбай сияқты оқып жүрген жастарды Абай қалаға келген сайын жинап, әңгіме-дүкен құратыны туралы Көкбай мынадай жыр өрнектепті: Семейге Абай келсе, бізде думан, Ән салып, босамаймыз айғай-шудан. Бас қосу, бақастасу, мәжіліс құру, Секілді бір ғылымның жолын қуған. Көкбайдың өлеңдерінде Семей тұрғындарының талай өкілдерінің сыртқы-ішкі пішімі дәл, нақты айтылады. Солардың бірін ақын былай суреттейді: Оспан деп дүңкілдейді бүкіл Семей, Боп тұрсың әділ ұлық пара жемей, Қайырымсыз, мейірімсіз бір қу болсаң, Үймелеп не қылады мұнда кедей, – деп, ақын қалада көп қулардан басқа қайырымды, мейірімді жандар, пара алмайтын әділ ұлықтар болса деген ой-тілегін білдіріп өтеді. Әдебиеттің әр алуан жанрларында қалам сілтеп жүріп, қазақ әдебиетінің жаңа өріске шығуына мол еңбек сіңірген Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларында да Семей (Жетішатыр) қаласының ХХ ғасыр басындағы көрінісі, хал-күйі бейнеленеді. Жазушының «Әнші» әңгімесін оқи отырып, біз Семей қаласының күнделікті тұрмыс-тіршілігін, хал-күйін, той-думанын еркін көз алдымызға елестете аламыз. «Жетішатыр – жақсы қала. Қаптап жатқан қазақ. Жазы-қысы – қымыз, ойын-сауық – «кататься». Айт, той, құдалық, ат жарыс, күрес. Маскүнем. Төбелес. Үй қыдырған көлең-көлең ақ жаулық… Жаз шықса пароход, паром, желқайық, жасыл арал, қалың орман… Көкке шыққан, гуләйт соққан, масайраған шат көңіл… Сырнай-керней… Қызық думан… Қайткенмен сергек қала». Қазақ ақын-жазушылары ежелден-ақ өзіндік тарихы бар, алыс-жақын елдерге әйгілі болған Семей қаласы туралы ұлттық өрнегі бар кең тынысты көркем туындылар жаза түсті. Шоқан, Абай, Көкбай, Жүсіпбек, Мұхтар қалам тартқан Семей тақырыбы ендігі жерде жаңа қырынан игеріліп, төл туған әдебиет тарихында қала өмірінің бейнелену дәстүрі кең қанат жайды. Қазақ поэзиясына өз үнімен, өз қолтаңбасымен келген қазіргі талантты ақындарымыздың бірі – Әбубәкір Қайранның Семей қаласына арнаған жүрекжарды өлеңдері баршылық. …Өнерге жер көп өте бай, Өтері сенен жоқ бірақ. Алмауыт жырдың мекені-ай, Жетемін саған отсырап. …Қазақтың атын паш еткен, Туғызған ұлдар ең дана. Атаққа жұртты мас еткен, Ардағым, Семей, сен ғана… Иә, шынымен де ақынның сөзінде ақиқат шындық жатыр. Қасиетті Семей жерінен қаншама дара тұлғалар, ақын-жазушылар, ғалымдар, мәдениет пен әдебиет майталмандары қанаттары қатайып, бейне бір балапандай ұшып кетті. Шоқан мен Абай заманынан ақын-жазушыларға шабыт берген қала, әлі де қазіргі қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар жандарды рухтандырып келе жатқандығы ақиқат! Елбасымыз атап көрсеткендей, «мәдени астанамыз – Семей қаласы» әлі талай көркем сөз шеберлерінің туындыларына арқау, я тақырып болатынына кәміл сенеміз.