ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ТҮРКІ ОЮЫ
ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ТҮРКІ ОЮЫ
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Түркітану орталығында «Ұлы Тұран ою-өрнектері» деп аталатын көрме өткізілді. Түркияның Қазақстандағы елшілігі жанындағы «Томер» орталығы ұйымдастырған игілікті шараға Түркиядан арнайы келген қолөнер шеберлері қатысып, Хет өркениеті тұсындағы ою-өрнектердің сыры жөнінде дәріс оқыды. «Томер» орталығының басшысы Мехмед Өзвал қазақ пен түрік халықтарының ортақ мәдениет бастаулары жайлы әңгімелесе, филолог ғалымдар Сезгин Тепе мен Мухаммед Түркйылмаз этнографиялық сөздердің тарихы туралы баяндады. Көрмеге қойылған сахан, сандық, ибрик, семер тәрізді жәдігерлердің тарихы түркі өркениетінің ықылым заманнан бастау алатындығына дәлел болады.
Көрмені тамашалауға келген жастар әлемге танымал сусын – кофенің тарихы да түркіге жат еместігіне қанықты. Тұран өркениеті заманынан бері қолданылып келе жатқан жезвемен мирра деп аталатын түрік кофесі демделді. Кентауда шеберхана ашып, жастарды түркілік іс тігу өнеріне бейімдеп жүрген Фатма Лакбал мен Еффане Юрулуджу көпшілікке байырғы дәуірдегі Сүлейман патша, Осман патша сияқты ел билеушілердің алтын жіппен зерленген шапан, тондарының тігіс құпиясын түсіндірді. Түркиядан әкелінген, асыл тастармен безендірілген қолөнер бұйымдары мен киім-кешек түрлері ежелгі Тұран дәуірін көз алдыға әкелгендей. Шара барысында кентаулық студенттердің қолынан шыққан қазақ, түрік ою-өрнектерімен безендірілген сән үлгілері көрсетілді.