ЖЕТІСУ АЛАТАУЫ ТУРАЛЫ АЙТСАҚ...

ЖЕТІСУ АЛАТАУЫ ТУРАЛЫ АЙТСАҚ...

ЖЕТІСУ АЛАТАУЫ ТУРАЛЫ АЙТСАҚ...
ашық дереккөзі
2461

«Түркістан»» газетінде (14.02.2013) Р.Сәтімбековтің «Жетісу Алатауы» ма, әлде «Жоңғар Алатауы ма» деген мақаласы жарияланған еді. Мұнда бірнеше нақты деректер келтірілген.

Қазақстанның жер-суларының атаулары­ның көбі ғасырлар тереңінен белгілі. Қазақ халқы осы кең байтақ жерді мекендеген уақыттан бастап әрбір белгілі географиялық нысандарға олардың сыртқы формалары мен ішкі құрылысын, сан-сапасын сипаттайтын атау бере білген. Ондай нақты атаулар ғасырлар бойы сақталып келеді. Қазақ даласы Ресей қоластына кірген соң отаршы ел бұл өлкенің жерін картаға түсіру үшін, табиғи байлықтарын жан-жақты зерттеу үшін саналуан экспедициялар мен зерттеушілерді жіберіп отырған. Сол кезден бастап Қазақстанның ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи географиялық атаулары орыс тіліне бұрмаланып, карталарда, ғылыми еңбектерде қате күйінде қолданыла бастаған. Көп жағдайда жергілікті нысандарға мыңдаған орысша атау беруді салтқа айналдырған. Ондай атаулардан біз әлі күнге дейін арыла алмай келеміз. Егемендік алғанымызға 21 жыл болды, бұл мәселені түбегейлі шешетін уақыт жетті емес пе? Соның бір мысалы «Жоңғар Алатауы» мен «Жоңғар қақпасы» деген атаулар төңірегіндегі дау. Қазақстанның оңтүстік-шығысында екі Алатау орналасқан. Жергілікті халық бұл екеуін шатыстырмау үшін бірін Іле Алатауы, екіншісін Жетісу Алатауы деп атаған. Шоқан Уәлиханов өз еңбектерінде Іле Алатауын – Большой Алатау (Үлкен Алатау, өйткені оның ең биік нүктесі – Талғар шыңы – 4973 м), Жетісу Алатауын – Малый Алатау (Кіші Алатау, ең биік нүктесі – Бесбақан шыңы – 4464 м) деп жазады. Ал енді «Жоңғар Алатауы» деген атау қашан, қалай, қайдан пайда болған, оны алғаш рет ғылыми айналымға кім енгізген деген сұрақ туады? В.И.Чернявский «П.П.Семенов Тянь-Шанский және оның географиялық еңбектері» (М., 1955 ж.) атты еңбегінде былай деп жазады: П.П. Семенов өзінің зерттеулерінің нәтижесінде Жоңғар Алатауы мен Тянь-Шанның географиялық бөліктерінің жалпы ерекшеліктерін көрсетті. Семеновтың жобасы бойынша Жоңғар Алатауы сүйір бұрышпен қиылысатын екі жотадан тұрады. Оның солтүстік жотасын Жоңғар Алатауы деп атайды да, екінші жотаны Копал-Талки деп атайды. Сонымен Семенов Тянь-Шанскийдің атауымен Жетісу Алатауы Жоңғар Алатауы деген атаумен ғылымда, тәжірибеде кеңінен таралып кетеді. Ал Семенов Тянь-Шанский өзінің «Путешествие в Тянь-Шань в 1856-1857 гг.» (М., 1946 ж.) және «Географическо-статистическом словаре Российской Империй» (СПб, 1863-1865 гг., Т.1-5) атты еңбектерінде Жетісу өлкесі мен Жетісу Алатауын ылғи Семиречье және Семиреченский Алатау деп жазады. Сонда қарап отырсақ бұл жаңсақ атауларды енгізген мақтаулы Семенов Тянь-Шаньский. Оның орыс қоғамы мен қазақ даласындағы географиялық еңбектері ғылымда маңызы зор болды, бірақ осындай қате атаулардың қолдан жасалуы өкінішті-ақ. Ал Жоңғар қақпасын ғылымға осылай енгізген И.В.Мушкетов болған. Ол «Геологическое и орографическое описание по данным собранным во время путешествий с 1874 по 1880 гг.» (СПб., 1886 г., Т-1) еңбегінде орысша былай деп жазды: «Третий разрыв (яғни тауаралық өткел) находится между хребтами Майли и Барлык на востоке и Джунгарским Алатау на западе, сообщая равнины, расположенные у северного подножья Восточного Тянь-Шаня, с той же Балхашской впадиной (яғни Іле аңғары бойымен). В старинной географической литературе он известен под именем Каптагайской теснины, но это название является неправильным, обусловленным незнакомством с местностью, так как самый разрыв имеет характер совсем не теснины, а широкой долины. Я называю этот третий разрыв Джунгарскими воротами, так как он является самым прямым и удобным из всех» (88 б.). Бұл пікірді В.А.Обручев те «Пограничная Джунгария» (Ленинград, 1932 г.) деген еңбегінде қолдайды. Ол былай деп жазады: «По своему положению и характеру, он действительно представляет ворота из Западной Сибири в Западной Китай, а так как находится на окраине Джунгарии, рядом с Джунгарским Алатау, то заслуживает больше, чем остальные названия Джунгарских ворот. Этот географический термин пора, я полагаю, окончательно определить и ввести в землеведение Внутренней Азии. Впервые он, как кажется, был упот­реблен И.В.Мушкетовым» (89 б.). Осылай тарихи әдебиетте және іс жүзінде бұл тау өткелінің И.В.Мушкетов ұсынған «Джунгарские ворота» деген атауы кеңінен қалыптасып кетті. Жоңғарлар қазақ жерін жаулаушылар болғандықтан және тарихтан баяғыда жоғалғандықтан бұл атауды бұдан былай қолданудың қажеттігі жоқ. Қай халықты алып қарасаң да жаулаушыларға жер-су, елді мекен атауларын бермеген ғой. Мысалы Ресейде Наполеонға, не Бисмаркке бәлендей жерде болыпты деп бір мекеннің атауы берілді ме? Сондықтан жоғарыда сөз болып отырған екі атау халық бермеген, тек орыс ғалымдары өздері берген атау. «Қазақстан Республикасының географиялық атауларының мемлекеттік каталогының» Алматы облысына арналған 4-томында (Алматы, 2005 ж.) Жота-Жетісу Алатауы (Жетысуйский Алатау), қақпа – Жетісу қақпасы (Жетысуйские ворота) боп алынды. Қазір Қазақстанда жарық көріп жатқан республикалық, облыстық, туристік және топографиялық карталарда, атластарда қазақтың байырғы атауларын қалпына келтіріп, орысша бұрмаланған қазақ атауларының транслитерациясы түзетілуде. С.ӘБДІРАХМАНОВ, ҰҒА География институтының аға ғылыми қызметкері, терминология- топонимика тобының жетекшісі

Серіктес жаңалықтары