ШЫМКЕНТТЕ НАЗАРБАЕВ МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ НАЗАРБАЕВ МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ НАЗАРБАЕВ МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ
ашық дереккөзі
165

Таяуда Шымкентте физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды. Әлемдік талаптарға сай білім ордасы 720 оқушыға арналғанымен, мұнда іріктеуден өткен 530 бала ғана білім алуға мүмкіндік алып отыр.

Меншікті жоспар негізінде жобаланған мектеп ғимараты үш қабаттан, он төрт блоктан тұрады. Мектептің 360 орындық асханасы жұмыс істейді. Сондай-ақ мұнда оқу бөлмелері және зертханалар, тіл үйрету блоктары бар. Жатын бөлімінде шалғай аудандардан келіп білім алатын балаларға арналған 120 орындық жатақхана қаралған. Білім беру блогында 58 оқу кабинеті, оның ішінде 18 тіл үйрету бөлмелері, физика мен химия пәндерінің әрқайсысы на 5 кабинеттен, 9 математика пәнінің кабинеті және 4 биология, география, тарих пен экология және өзге де пәндерге арналған кабинеттер бар. Олардың барлығы дерлік интерактивті, маркерлік тақталармен, ноутбуктермен қамтылыпты. Сонымен қатар мектепте жеке білім алуға арналған аудиториялар, техникалық модельдеу, өнер технологиясы, психологиялық бейімдеу, педагогикалық және ақпараттық интеграциялау технологиясы мен лекция оқуға арналған бірнеше кабинеттер бар. Ал физика, химия, биология, нанотехнология, робототехника саласының ауқымды зертханалары жас зерттеушілерге отандық және Ресей, Ұлыбритания, Германия мен АҚШ-тың алдыңғы қатарлы құрылғыларында, PASCO, PHYWE сынды және өзге де әлемдік брендтермен бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ әйгілі компания өкілдері мектеп мамандарын жаңа техникамен жұмыс істеуге үйретеді.

Одан өзге Назарбаев зияткерлік мектептерінің кітапханалар қорына Шымкент қаласындағы мектептердің де кітап мұрағаттары кіргізіліпті. Мұнда ең үздік оқу-методикалық құралдар, отандық баспадан шыққан классикалық және көркем әдебиеттің алтын қоры іріктеліп алынған. Көптеген кітаптар жақын уақытта цифрлы нұсқаға көшіріліп, әр оқушы электронды абонемент арқылы «Абай жолы» немесе «Анна Каренина» сынды туындыларды кез келген мобильді құрылғыдан оқи алады дейді мектеп басшылығы.

Ал дене-шынықтыру сабақтарын өткізу мен спорттық секциялар жұмысы үшін кіші және үлкен спорт залдары, тренажер, скалодром, футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, теннистік корт пен жүгіру жолдары қарастырылған. Келешекте бұл жерде түрлі сайыстар мен қалалық біріншіліктер ұйымдастырылады дейді ұжым өкілдері.

Бүгінде Шымкенттен өзге Қазақстанның 7 қаласында – Астана (екеу), Талдықорған, Көкшетау, Семей, Өскемен, Орал мен Қарағандыда жалпы саны сегіз бірдей зияткерлік мектеп жұмыс істейді екен. Сонымен қатар Алматы (екеу), Петропавл, Қостанай, Павлодар, Атырау, Қызылорда, Тараз, Ақтау, Ақтөбе қалаларында мектептердің құрылысы жалғасуда. Ал Шымкентте жуық арада тағы да бір зияткерлік мектеп зейінді оқушыларға есігін айқара ашпақ. «Нұрсәт» шағын ауданында салынып жатқан зияткерлік мектептің ашылу салтанаты осы жылдың сәуір айына қарай ұйымдастырылады деп жоспарлануда.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары