МИНИСТР ХАНЫМ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕНСІНБЕЙ МЕ?

МИНИСТР ХАНЫМ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕНСІНБЕЙ МЕ?

МИНИСТР  ХАНЫМ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕНСІНБЕЙ МЕ?
ашық дереккөзі
233

Халық қалаулыларының ішінде мемлекеттік тілде жақ ашпайтын шенеуніктерге үнемі сын-ескерту жасап отыратындары көп емес. Соның бірі – Мәжіліс депутаты Оразкүл Асанғазы. Былтыр күзде Парламентке есеп беруге келген Әділет министрі Берік Имашевтің ресми тілдегі баяндамасын тыңдаған депутаттар шенеуніктің ығына жығылып, сауалды тек орыс тілінде қойған болатын. Ал бұған төзе алмаған Мәжіліс депутаты Оразкүл Асанғазы министрді ойламаған жерден тығырыққа тіреп, төтесінен ой тастаған еді.

«Менің әріптестерім сізді сыйлағандықтан ғана орысша сөйледі. Баяндамаңызды да, сұрақтарға беретін жауабыңызды да орыс тілінде дайындап келген екенсіз…» дегенде, өзінің кемшілігін баса айтқан депутаттың алдында министр біраз қызарақтап қалған. «Бұл менің үлкен минусым. Конституция бойынша біз қазақ және орыс тілінде сөйлеуіміз керек. Кез келген адам пікірін қай тілде айтқысы келеді, өзі біледі», – деп қысқа қайырғаны сол еді, шенеуніктің жауабына қанағаттанбаған Мәжіліс депутаты: «Біз туған күнімізден бері ана тілінде сөйлеп келеміз. Елбасының саясаты қазақ тілін үйренем деушілерге барлық жағдай жасауда. Сіз де Елбасы үміт артқан азаматтың бірісіз. Ана тілін үйренгісі келген саналы азамат үш айдың ішінде-ақ меңгеріп алады. Туған тілін білмеу – өте ұят әрі кешірілмейтін күнә. Естеріңізде болсын, қазақ тілі үш тілдің біреуі емес. Қазақ тілі – біз үшін бірінші, маңызды, негізгі мемлекеттік тіл!» деп бастапқы пікірін індете түсті. Іле-шала шенеуніктің журналис­терге берген түсініктемесі басқаша өрбіген. Алғашқыдай өктем емес. Оның «Өзім қазақша сөйлемесем де, балаларым қазақ мектебін бітірді. 6 айдың ішінде қазақ тілін үйренуге тырысамын», – деп уәде бергені жадымызда.

Бір қуаныштысы, Әділет министрі Берік Имашев уәдесін мезгілінен бұрын орындапты. Парламент мәжілісінің жиынында «Мемлекеттік кепілдік берген заң көмегі» туралы Заң жобасын мемлекеттік тілде таныстырған ол депутаттардың сұрақтарына қазақ тілінде еркін жауап берді. Берік Имашев бәзбір министрлер сияқты айтты да қойған жоқ. Сөзінде тұрды. Бұл оның азаматтығын танытқандай.

Әлбетте, шенеуніктердің мемлекеттік тілде сөйлеуі міндетті. Тіпті, «Үкіметбасы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге шақырды» немесе «Министр қазақ тілінде баяндама жасады» деп жарнамалап айтудың өзі әбестік. Қазақстан мемлекетінің тізгінін ұстап отырған шенеуніктер ескерту естімей-ақ, әуелі ана тілінде сайрап тұруы керек емес пе? Әй, қайдам, әлі күнге осы қарапайым аксиоманы түйсігіне сіңіре бермейтіндер бар көрінеді.

Жақында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Парламентте өткен жылға қорытынды жасап, биыл жоспарға іліккен жұмыстардың жай-жапсарымен таныстырды. Әдеттегідей орыс тілінде. Осы уақытқа дейін министр ханымның қазақ тілінде тұшымды баяндама жасап, пікір бөліскенін көрмеген екенбіз. Үнемі халықтан қашқақтап жүретін министрге депутаттар талай мәрте сын таққан болатын. Бірақ, нәтиже жоқтың қасы. Тіпті, одан мемлекеттік тілде сөйлеуге деген талпыныстың лебі де байқалмайтын сияқты. Турасын айтсақ, министр ханым Елбасының мемлекеттік шенеуніктер қазақ тілінде сөйлеуі керек деген саясатын қаперіне ілмейтін сияқты. Салидат ханымның денсаулық сақтау саласының тізгінін қолына алғалы үш жылдың жүзі болды емес пе?! Осы уақыт ішінде бір емес, бірнеше тілді меңгеріп алуға болады. Әрине, ниет болса. Бәлкім, Денсаулық сақтау министріне де Мәжіліс депутаты Оразкүл Асанғазының өткір ескертуі керек шығар, кім білсін?! Неге десеңіз, депутаттың ащы сөзінен сабақ алған Әділет министрінің кеудесінде патриоттық ұшқын лап етті ме, түнеукүнгі сөзін қазақшадан бастап, қазақшамен аяқтады. Мұның өзі министр үшін үлкен жетістік болса керек.

Әрбірден соң заң жобаларының түпнұсқасы орыс тілінде дайындалып, содан кейін ғана қазақ тіліне аударылып жататындығы да түрлі министрліктердегі шенеуніктердің басым бөлігінің мемлекеттік тілге шорқақтығынан. Егер сол саланы басқарып отырған маман қазақ тілін жетік білсе, баяндама тұрмақ, заң жобаларындағы мәтіндердің де мемлекеттік тілде жазылуын қадағалайтын еді. Ол ол ма, әртүрлі министрліктерден редакциямызға келетін хаттар мен релиздердің қазақшасының өзі орысшасының аудармасы. Ал қазақтілді ақпарат құралдары әлгіндей шала-шарпы қазақшаны жатық, түсінікті қазақшаға айналдырып, тігісін жатқызуына тура келеді. Билік құрылымдарының мемлекеттік тілге немкетті қарауы қазақтілді БАҚ-тың жұмысын қиындатып жіберетіні осыдан-ақ байқалса керек.

Парламент Мәжілісінің бесінші ша­қырылымы өткен бір жыл ішінде заң шығару жөніндегі жоспарды артығымен орындап, 130-дан астам заң күшіне еніпті. Өкініштісі, оның көбі әуелі орыс тілінде жазылып, одан кейін ғана қазақшаланған. Тіпті, тәржімаланған заң жобасындағы мәтіндерді түсінбеген кейбір тәжірибесіз депутаттар қалтасынан ақша шығарып, кеңесші жалдауға дейін баратын көрінеді. Ал 22 жылда еліміздің Парламентіне «Көші-қон туралы» заң ғана таза қазақ тілінде жазылып, қабылданған. Бұған кім кінәлі? Әлбетте, таяқтың бір ұшы тағы да саланын тізгінін ұстаған басшыға келіп тиетіні анық. Демек, бұл басшының ресми тілден бөлек, мемлекеттік тілге де жүйрік болғаны абзал. Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл бір пікірінде: «Титулды ұлттың 95 пай­ызы ана тілінде сөйлейді. Жыртығымызды жамап отырған еліміздің қарапайым адамдары, ал бес пайызы ғана билік тізгінін ұстағандар. Бір қызығы, шенеуніктер қысқа уақытта ағылшын тілін үйреніп алады да, бірақ туған тілін меңгеруге уақыт таппайды. Тіпті, министрлердің кейбірі сөзін бірауыз қазақшамен бастап, орыс тіліне көшіп кетеді. Ал баяндамасының соңында қазақша қоштасады. Бұл масқара емес пе? Сондықтан да ана тілін білмейтін шенеуніктер дереу арада орнын басқа үміткерлерге босатып беруі керек», – деп ашынғаны еске түсіп отыр.

Халықтан да, ақпарат құралдарынан да өзін алыс ұстайтын Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың жақын арада қазақ тілінде сөйлейтіндігіне қоғам болып сенгіміз келеді. Бұл күнді көретін күн де алыс емес шығар…

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары