ЕТБАУЫР

ЕТБАУЫР

ЕТБАУЫР
ашық дереккөзі
390

(Оралхан Бөкей)

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,

жазушы

…Қас қарайып кеткен. Бір уақытта Алшынбай ақсақал кіріп: «Әй, батырлар! Қазақ құдасына басқа бата жасатпай, жамбас мүжітпей жатқызбайды. Ерғазы құда, бата жасап жібер!», – деп тағы бір қойдың басын есіктен қылтитты. Ер-ағаң асып-саспай, бір күнде екі қой сойғызғанына қысылып-қымтырылмастан елеусіздеу «аллауәкпарын» айтты. Өзгелер тосылып қалып еді, Ор-ағаң: «Қал-аға, менің жаман достарымның өзі бір күнде екі қой сойғызады. Ал сіздің достарыңыз ғой, екі рюмке коньяк алып берсе, атан түйе сойғандай болады», – деп жондана қалды. Қойшы, сол түннің әңгімемен қалай өткенін білмеймін. Қонақтар таң ата демалып, сәскеде Алматыға қайту үшін сыртқа шықты. Ерғазы аға досымен қалаға ілесе кетуі керек еді. Сыртқа шықпай айналсоқтап қалды. Есік алдында шүйіркелесіп жарты сағат тұрдық. Ер-ағаң шықпайды. Тұрдыбек пен Кабираш жүгіріп жүр еді, бір уақытта есік ерсілі-қарсылы ашылып, сол үйдің бар баласы зырыл қағуға кірісті. Тағы да жарты сағат өтті. Шыдамсызданған Ор-ағаң маған белгі берді. Үйге кірсем, ауыз үй мен төргі үйдің еденінің ортасына үйілмеген зат жоқ, әр төсектің астында бір-бір бала. Темекісін тісіне жайбарақат тістеп Ерғазы ағамыз тұр. Бәрінің айтатыны: «Жоқ!» – деген бір сөз. «Әйтеуір құданың жалаңаяқ келмегені анық», – дейді Алшынбай ата. Сөйтсем, ағамыздың аяқкиімі таптырмай жатыр екен. Еденде сатала-сатала, сарыала жалқақ қатқан, табанына бір елі қи қатқан сақманшының бұзау бас бәтіңкесі тұр. Бір сағат іздегенде тапқандары осы екен. Енді бұл Ерғазы ағаныкі емесі анық, бірақ… кешегі оқиға есіме түсіп кетіп: «Осы сіз малтүгел емессіз бе, өзі?», дегенімде «Иә, малтүгелміз…» – дей беріп, ағамыз санын бір-ақ соғып, бұзаубасты бассалғаны: «Менің аяқкиімім осы болды. Мен үйден шығып бара жатқанда ауылдан сақман алып жүрген зоотехник досым кіріп келе жатқан. Мынау соның пәтіңкесі болды, соны байқамай киіп кеткен екенмін ғой», – деп аяғына сұға бас­тады.

Ал, күлесің бе, ыза боласың ба, сол қозының шаранасы қатқан «пәтіңкені» кигізіп жіберетін емес, жууын жуасың-ау, бірақ иісі қалай кетсін. Осыны сырттағыларға айтып барғанымда ішек-сілесі қатқанша күлген қонақтар қалаға емес үйге бет бұрып, тағы бір шәй ішіп аттанды. Ор-ағаң ештеңе болмағандай досының арқасынан қағып қойып, неше түрлі күлдіргі әңгімелерді айта берді. Түс әлетінде Ер-ағаң досымен бірге қалаға кетті. Ой, алла, мұндай да аңғалдық, мұндай да малтүгелдік болады екен-ау деп таңғалып біз қалдық. Тұрдыбек ағаның менен жөн сұрап жүргені, аға-достарының «атасына тартып жүрмесін» деп жүргені, Ерғазы ағаның малтүгелдік сырына толық қанық болғандығында екен. Зады, бұл олардың бірінші көрген «құқайы» болмаса керек. Шындығында да, Ер-ағаң сол малтүгелдігінен арыла алмай кетті, марқұм. Келесі жолы бір келгенінде әйелінің сулығын киіп келіп, еркектің сулығын іздеткені бар. Бірақ ол «қылмысты» тез әшкереледік.

Бір нәрсесін ұмытпай жүретін адам – Ерғазы аға емес. Сол ұмытқан затын апарып беру үшін Оралхан ағаның үйіне келдім. Есікті Мәншүк апай ашып: «Е, екі туып бір қалған ағаңды іздеп келдің бе? Екі ғашық оңаша сырласып отыр», – деді. Залға кіріп барсам, екеуінің аяғы диванның екі басында, арқаларын түйістіріп алған, әңгімені соғып отыр… Жо-жоқ, бетін терезеге қаратқан Ерғазы темекісін сорып қойып әңгіме соғып отыр, бетін есікке қаратқан Оралханның екі көзі төбеге қадалып, тыңдап отыр… Сәл тосаңсып қалып, асүйге, Мәншүк апайдың қасына бардым. Апайым күле қалжыңдап шәй жасады. Айман жеңгей келгенде ғана екеуі бастарын көтерді. Екеуінің достығына қатты сүйсіндім. Кейін сол көрініс есіме түсіп, тура сол диванда менің де Ор-ағаңа арқа сүйеп бір отырғанымда Айман жеңешемнің: «Немене, Ерғазыны сағынып отырсыңдар ма?», – дегені бар. Осы Ерғазы ағаның «арқатүйістіріп» отырып айтқан әңгімесінің нәтижесінде «Өз отыңды өшірме» атты роман өмірге келді. Сөйтсем, «Түрксибке» қатысты деректер мен темір жол бойындағы тағдыр тартыс­тарын Ерғазы аға Аякөздің архивінен, елден жинастырып келіп, оны досына айтып береді екен. Әңгімелерінің желісін үзбейтіні де сол болып шықты. Сол роман жарыққа шыққан соң ешкім пікір білдірмеді. Ақыры: Оралханның қолы – әңгіме, повесть. Романға оның стилі келмейді – деген сыбыстар естіліп, ашық айтыла бастады. Бір әлетте маған: «Мені қорғайтын кезің келді», – деп емеурін білдірді. Өзім сүйсініп оқыған роман туралы жазылған «Түрксибте тоғысқан тағдырлар» атты пікірім «Социалистік Қазақстанға» жарияланғанда: «Бүгінгі газет жақсы шығыпты. Кәрі-аға (Кәрібай Ахметбеков), Қажығали (Мұханбетқалиев), тым болмаса, соны оқыңдаршы», – деп бір бөлмеде отыратын достарының алдында қоқиланып алғаны бар. Қалай дегенмен де, Ор-ағаң мен Ер-ағаның арқа тірестіріп диванда жатқан кейіптері осы күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Қарындасы Мәншүк апай айтса – айтқандай, екеуінің бір-біріне деген ықыласында қылау жоқ, сондай табиғи жарасым тауып тұрушы еді.

Содан, сын бөлімінің меңгерушісі Сағат Әшімбаев авторлық құқықты қорғау агенттігіне ауысты да, Ғафу, Бекежан, Ахат, Маршал, Оралхан, Софы, Кәрібай, Қажығали, Жарасқан, Шөмішбай, Марат сияқты «Жұлдыздың» жұлдыздарының» үйіріне қосылып, Жазушылар одағының қасиетті шаңырағының табалдырығынан аттадым. Бұл өзі күнде ертегіге бергісіз өмір құбылыстары өтіп тұратын, жақсылардың жанына жанасуға мүмкіндік беретін, жаншуағы мол да қызулы, өзіне ғана тән бас асауы мен еркіндігі бар орта. Сүйенішім, демеушім сияқты Ор-ағаңды ықтай жүремін. Бұрынғыдан да етене тартып, қамқорлықпен қарайтын. Түстікке «Қаламгерге» барамыз, сонда мені қақпайлаңқырап апарып қасына отырғызатын да, есепті өзі айырысатын. Қалтама қол сала берсем: «Мен отырғанда шыбжыңдамай тыныш отыр. Ағайынды екен десін жұрт», – деп қоятын. «Шыбжыңдама» дегеннен шығады, Ор-ағаң анда-санда, ұл-қыз деп қарамай осындай бір сөзді айта салатын. Қарындасым Төлеу қыршынынан солып, көңіл қаяуы басылмаған кез еді, «Жұлдыздағы» алғашқы айда бір оқыс иірімге тап болып, Рымғали, Сағат, Жәнібек, Несіпбек тал қарматты. Оны Ор-ағаң да естіпті. Бетімді жасқамай, көңілімді көтеріп қойды. Сонымен, маусым айында «Жұлдыздың» Жаңарқа ауданындағы күндерін ұйымдастыру үшін мені іссапарға жіберді. Ұйытқы болған Кәр-ағаң – Кәрібай Ахметбеков, ауданның бірінші хатшысы Мұхаметқасым Шәкенов досы екен және ол кісінің ата-баба қорымы сонда көрінеді. Ақселеу ағамыздың да ауылы осында. Жақсы қарсы алды, Бетпақтың ішін аралап, атақты әнші Игілік Омаровтың дауысын тыңдап, сапардың жобасын келісіп қайттым. Он бес күннен кейін Ахат Жақсыбаев, Кәрібай Ахметбеков, Оралхан Бөкеев, Жарасқан Әбдірәшев бесеуміз Атасуға келдік. Одан Карл Маркс атындағы кеңшарда кездесу өткізе салып Кәр-ағаңның ата қорымына бет алып, жылқышылардың ауылына екінті ауа келдік. Құлынды көзімізше сойып, асау­ды көзімізше үйретіп, сөйте жүріп дастарханды сыртқа жайып үлгеріп, біз қағынып-сілкініп алғанша буы бұрқыраған қуырдақ пен жаужұмырды алдымызға тарта қойды. «Жортуылға жаратылған адамдар екен», – деп маған сыбырлап үлгергенше: «Иә, мына Өзаман деген жылқышымыздың әкесі елуінші жылдардың ортасына дейін кеңес өкіметіне бағынбай, Бетпақта өмір сүрген. Кешірім жасалған соң да көпке қосылмай жылқы бақты. Өзаманымыз күрестен Қазақстанның чемпионы», – деп түсіндіріп үл­гер­ді аудандық үгіт-насихат бөлімінің мең­ге­рушісі Әліп Жайлыбаев ағамыз. Сонда да таң қалмағандай сыңай танытып: «Біздің Алтайда кеңес өкіметінің орнағанын елуінші жылдары естіген кержақтар бар», – деп қалды Ор-ағаң. Жаңарқаның жігіттерінің бітімі бөлек, шетінен ер көңіл, қайсы біріне таң қала бересің. Қымыз бойға жайылып, кешкі шапақ қызыл арайлана бастағанда шаруашылық директоры Кәрібай Қоңырбаев ағамыз жылқышы Өзаманды шақырып, ән салуға пәрмен берді. Шынашақтай шымыр жігіт малдасын құра салып, бір білегінің жеңін сілкіп жіберіп, … шолтаң ете қалған молақ білегімен домбыраны қағып-қағып жіберіп, ән айта жөнелгенде бәріміз де селк ете қалдық. Тұла бойымыз шымырлап кетті. Қолы шынтағына дейін жоқ. Молақ. Сол сәттен бастап Ор-ағаңның бойы еріп сала берді… Жас кезінде оқыс оқиғадан соң білегіне дейін кесіп тастапты. Соған қарамастан Өзаман күрестен чемпион атанып, молтақ шынтағымен күй тартып, ән айтады екен! Бұл, шындығында да, ерлік! Көңілденгеніміз сондай, таң жарығы жерге толық жайылғанда ғана көз шырымын алуға киіз үйге кірдік. Көз ұйқыға бейім, көңіл ояу. Ор-ағаң мені жанына жатқызды, енді жастыққа бас қоя бергенде: «Ал жолдастар жатайық, қылға қылды матайық. Қызарғанды өшіріп, қызығына батайық», – деп қалғаным. «Өй, мынауың баланың жұмбағы…», – деп Ор-ағаң одан да қызықты «жұмбақ» айтты. Кәр-ағаң да құр алақан емес екен, әншейінде сөзге сабырлы Ахаң – Ахат Жақсыбаев: «Біздің бала кезіміздегі жаңылтпашымыз былай болатын…», – деді. Жарасқан да қосыла кетті. Қыза-қыза жаңылтпашқа, одан өтірік айтысқа, одан шын айтысқа көштік. Қойшы, дастарханға шақырғанда … сыртқа шықсақ, киіз үйді айнала жантая жатқан адамдар, жазушылардың сөзін естиміз деп, бәрі құлақ түріп жатыр екен. Бәріміз, оның ішінде әңгіменің қоламтасын қыздыратын Ор-ағаң мұны көріп: «Сөз түсінетін ел екен… Біздің Алтайдағылар: жазушы дегенің бір қырт ел болады екен. Таң атқанша ұйқы бермеді, әкіри – дер еді», – деп желпініп алып Бетпақ дала және оның адамдары туралы публицистикалық пафоспен сөйлеп: «Ақселеу сендердің көбіктеріңді ғана қалқып жүр екен ғой. Біздің ауыл – кержақтардың ауылы. Мынадай қазақы жерде өссем ғой, бар емес пе, әкіри», – деп жайлаудағы жылқышыларды риза етіп, көңілді аттанды.

Қойшы, сонымен жаңағы өтірік-шыны аралас әңгіме айтысы үш күнге созылды. Бір шаруашылықтан екінші шаруашылыққа әңгіме тыңдаймыз деп ілесе келгендердің өзі бір қонақасылық адам болды. Нұрғали деген жігіт басқарған шаруашылықтың мәдениетіне қатты разы болды. Екі қондырып аттандырды. Ең соңында Терісаққанға қарай ойысқан түпкі бір жайлаудағы бақташының үйіне қоналқаға алып келді. Жол шаршатқан. Ұйқылы-ояумыз. Шам жарығы күңгірт. Бір уақытта үлкен тайтабаққа салынған қарақоңырлау бір дөңкиген нәрсені іркілдете алдымызға тарта қойғанда, бәріміз де қабанның бітеу еті екен деп шошып шалқалай бергенімізде: «Жігіттер, мұны біздің Арқада үйтілген бұзаудың еті дейді…», – деп Ор-ағаң ілгерілей берді. Кейін сұрасам, Ор-ағаң да мұндайды бұрын көрмеген, сол сөзді өзі де байқамай айтып қалыпты. Қойшы, келесі күні Манақтың бауырында Сәкен Сейфуллиннің жыр кешін өткізіп, Атасуға келіп «көже ішіп» қунап қалдық. Екеуміз таң атқанша бильярд ойнадық. Кешке … Мұхаметқасым ағамыз үйіне шақырды. Айтыстың төртінші не бесінші күнге ауысқан мерзімі. Жазушылар да, жолдан қосылғандар да бар, бірте-бірте бәрі шеттеп шыға берді. Іріктеліп қана қалдық. Түнгі онға таман Ор-ағаң: «Біздің ауылда екі аяғы молақ, беліне дейін белгі жоқ Қайырды деген адам бар. Соны шөп піскен кезде әйелі ағаштың шөркесін қойып, атқа мінгізіп жібереді. Содан таудың басына шығады да, өзінің жылдағы шөркесіне домалаңдап түсіп, ұзын арқанды беліне орап, бір ұшын қарағайға байлайды. Өткір ғып қайрап алған шалғысын қолына алады да, бір жағына томпаң етіп жантая қалып, еңіске қарай домалай жөнеледі. Молтақ дене шыр айналғанда қолындағы шалғысы шөпті жапыра орып, сайға бір-ақ түседі. Арқанды қолымен тартып тағы да төбеге шығып, тағы да домалаңдай жөнеледі. Сөйтіп жүріп қыстық шөбін шауып алады», – дегенде бес күн бойы өздері де өтірік әңгімеден дес бермей келгендер жағасын ұстап, Ор-ағаңның алдында бастарын иіп еді. Кейін Ақселеу мен Кәдірбек ағаны да осылай тосылдырған екен-мыс десіп жүрді. Онысын білмеймін, ал мына бес күндегі «шабысы» нағыз тайбурылдың шабысы еді. Арасында: «Ахай, ахо-хоу» деген алтайлықтардың әуенімен ән де салып қоятын. Әңгіме айтқанда түсін бермей, күлмей, салмақты қалыпта, шындықты баяндап отырғандай салмақпен айтатын. Ол – бәсеке күшейген сайын адымы ашыла, бауыры жазыла түсетін бәйге аты сияқты еді. Бұған таң қалмау мүмкін емес болатын. Талантты адам – қай қырынан көрінсе де – талантты. Сол сапарда менің бұған көзім анық жетті. Жыл сайын «Жұлдыздың» жұлдыздары» жаңа жылды Алматы қонақүйінің мейрамханасында қарсы алады. Бұл өзі бір жыл сайын аңсап күтетін күн еді. Үй-ішілеріміз де араласып, бір-бірін танып, жақын араласуға негіз қалады. Сол күні Бекежан Тілегеновтен басқа ән айтып, өнер көрсетпейтін адам болмайтын. Тек қана Ғафакеңнің өзі ғана айтатын Қасымның «Дариға сол қыз» әні қандай еді. Ор-ағаң «Алтайдың әні былай…», – деп «Ахой, аха-хоуға» салатын. Айман жеңешемізбен де етене бауырласып кеттік: «Иә, біздің Ораш айтқандай», – деп қостап қоятын.

Бұдан кейін Алтайға бармау, оны көрмеу мүмкін емес еді. Сарқаптал досым Әлібек сарыкүзде сарыжағалданған Алтайға алып барды. Алыстан мен мұндалаған Ақсөре – Мұзтау, Рахман бұлағы, Бұқтырма сарыны, Ақбұрқақ сарқырамасы, бұғылар мен теңбіл маралдар көзімнің аясын толтырып, жан сусынымды қандырғанын айтпай-ақ қояйын. Мені одан да бетер таңқалдырған Ор-ағаңның анасы – Гүлия апа болды. Әлібек жүрегінің түкпірін мұң шымшып жатқан азамат қой, туған ауылының орысша сылдырлап жатқан бұлағының атына «Мұңлық» деп ат қойып, анасымен дидарласып, Шыңғыстайға – Оралханның үйіне бет бұрдық. Бұқтырманың сарынының өзі «Кішкентай» атты күйдің әуенімен жүректі орап-орап кеп, лақтырып жібергендей иіріле бұратылып барып, лықси арындайды екен. Әйтеуір Қатын аңғарын бір түрлі ширықтырып тұратын сарын естіліп тұрады. Шыңғыстай – аңғардың батыс бетінде, Бұқтырмадан бір-екі шақырымдай бөктерде орналасыпты. Сұлтанмахмұт сабақ берген Әбдікәрім болыстың ағаш мектебін көріп, беткейді ала салынған еңселі ағаш үйге келдік. Бізді Мәншүк апайымыз қарсы алып: «Апа, балаңыздың бауыры іздеп келді. Тапсыратын кісі таба алмай отыр ең», – деп өзінің еркекшора мінезімен қарсы алды. Әлібек те жөн-жобаны түсіндірді. Сол-ақ екен Гүлия шешей сондай бір аңсарлы сарынмен, біресе жанын үзе жалғыз ұлын аманатқа тапсыра отырып, біресе күліп қойып, біресе жылап алып, бейнелеп айтқанда, күншуағы, бұршағы, өткіншісі аралас ауа райы сияқты өзгере отырып, әңгіме желісін үзбестен ағытыла жөнелді. Арасында сусын беріп қояды:

«Жалғызымның досы болған соң іздеп келдің ғой мені. Әуелі Алла, содан соң өздеріңе тапсырдым. Әйтеуір, Айманым жақсы кездесті. Сендерге аманат. Алматыға барамын дегенде, әуелі Аллаға, содан кейін адамдарға аманаттап жібергем. Қалы қалай? Мен бір жүрегі ауызына біткен адаммын. Арсалаңдап жақсылардан жанымды аямаймын, жамандарын жақсылардың ішіне орап жіберемін. Осында Орашымның бала күнгі досы бар. Күн сайын келеді: «Ораштың қалын білейін деп келдім, апа», – дейді. Сыбағасын беремін. Мыналар мазақ қылады: «Ол балаңның қалын сұрап келген жоқ, өзінің қалын түзетейін деп келді», – деп. Мейлі. Менің жалғызымды аузына алды. Алланың құлағына шалынуы мүмкін ғой.

Қарағым, мен жасымнан осындай алкеуде, ашық, пейілім құласа бітті, тасып жатқан Бұқтырмадан да атпен өте беретін адаммын. Өрге қарай көтерілген аттың құйрығынан сыпырылып түсіп, еңіске қарай құлдилаған аттың мойнынан асып түсіп жүріп өмірімді өткіздім. Кейін етжеңді тартқан соң ғана екпінім басылып қалды. Баяғыда, әлгі «халық жауларын» ұстап жатқан кезде еліміздің бір сыйлы азаматын ұстап әкетті. Енді қатыны мен бала-шағасын ұстайды екен дегенді естіп қалып, екеуін тау ішіндегі кержақтардың «алапестерге» (ескі сенімдегілер өздерінен басқалардың барлығын солай атаған) арналған моншасының жертөлесіне жасырып қойып, түн ішінде тамақ апарып беріп жүрдім. Бір күмістелген қайыңтоз тостағанды моншаның алдындағы ағаштың бұтағына іліп қоям. Бөгде адамның келгенін білсе, кержақтар жоламайды (Сірә, Қалихан ағамыздың күміс тостағаны осы болса керек). Содан әйтеуір аман-есен Алматы жаққа кетті. Сонда, жаспын, енкібідішінектерден де, кержақтардан да, аю, қасқырлардан да қорықпай түнде жүре беретінмін. Әйтеуір, адам үшін арсалаңдаған бір адам болдым. Өзім күшті едім. Күреске де түсіп кететінмін. Ал андай-мындай жүктеріңді атқа өзім өңгеріп сала беретінмін («Ғайнида» суреттелген). Жігіттер таң қалып, кейбіреуі кешірім сұрайтын. Сөйтіп жүріп, Орашымды көрдім. Аязды күнде де омырауымды ашып қойып Орашымды емізіп өсірдім.

Ой, қарағым, әйтеуір, Орашыма көз қырларыңды сала жүр. Бауыры дейсің бе, Мәншүк? Ой, онда тіпті тілеуіңді берсін. Егер сәл қабағына кірбің түсті деп естісем бітті, тура Бұқтырмаға тартамын. Айтпады деме. Сенбейсің бе, менен ол да шығады. Баяғыда, Орашым ержетіп қалған кезде осында бір Мәрусә деген орыстың қызы пайда бола қалды. Ол құрғырдың қай жерде жүріп қыз болып қылтия қалғанын білмеймін. Құлпырып шыға келіпті. Құдай атқыр Шыңғыстайда нағып жүр деймін. Күдігім дәл шықты. Орашым әлгі қызға ғашық екен. Үйленіп қалса қайтемін. Зар жылап отырып Орашыма түсіндірдім. Әкесінің бір кекимесі бар еді. Бір қисайса көнбейтін. Бұл да соған тартыпты. Енді аңдығаным ұлым болды. Клубқа барып аңдимын, қайтқанда аңдимын. Бір күні түс әлетінде сәнденіңкіреп үйден шықты. Бір уақта қарасам Орашым Бұқтырманың жағасына қарай қарды омбылап, қайқая басып кетіп барады. Мәрусәмен сол арада кездеспек қой. Енді аянып қалмайын деп соңынан айғайлап тұра жүгірдім. Қу жалғыз қарамайды. Үстімдегі киімдерімді бірінен соң бірін лақтырып тастап, өкпем күйіп жүгіріп келемін. Ол да қиналады ғой. Жүрісін баяулатты. Жанына жақындағанда көйлегімді де жыртып лақтырып жібердім. Булығып шыдай алар емеспін. Шошып кетті: «Ей, қу жалғыз! Қайт үйге. Осыдан кетсең сен мені қайтып көрмейсің. Тура Бұқтырмаға ағып өлемін», – дедім. Сәл бөгеліп еді, Бұқтырмаға тұра жүгірдім. «Тоқташы», – деді. Тоқтадым. «Қоштасайын» – деді. «Жоқ, не алдыма түсіп үйге қайтасың, не менің сүйегімді Бұқтырмадан іздеп таба алмайсың орыс қатының екеуің», – дедім. Амалсыз алдыма түсті. Шашылған киімдерімді жинап, үстіме кигізіп отырды. Ой, мен сондай алкеудемін. Орыс та болса адам ғой, Мәрусә де түсініп, бұл ауылдан кетті. Сөйтіп барып тынышталдым. Шіркін, Айманым, міне, қазір, екінші ұлым болып отыр. Әттең… Жә, менің жалғызыма көзіңді сала жүр. Сендерге тапсырдым. Әнеукүні Махмұтқа да қатты тапсырғамын (Ор-ағаңның көлігін жүргізетін ұйғыр жігіті). Оған да сәлем айт. Ұмытып кетпесін. Жә, әлгі қуырдағың дайын болды ма, Мәншүк? Жүріңдер, тошалаға барайық. Мына Мәншүк те мені күтумен жүр. Анау үрпиген сары – кенжем Ғалия. Қолғанат. Алматыға көш дейді. Ойбай-ау, Бөкейдің түтін түтеткен шаңырағын қайтып қаңыратып кетемін. Әй, Әлібек, – деп Әлібекке мойынын бұрды.

– Біздің шешеміз қалай екен? Ағаң тартып ба, мен тартыппын ба? Әлі Оралханның қолбаласы бол дейді, – деді Мәншүк апай өзіне тән еркелікпен.

– Е, бола ғой, жаным. Құдай тілеуіңді берсін, – деп әңгімесін жалғастыра берді.

Кеш қарая жолға шықтық. Гүлия шешейдің сол бір кейуаналық болмысы, әңгімені әзіл, мұң, жігер араластыра айтуы, шешендігі, ең бастысы ұлына деген мейірімі, ыстық табы араға отыз жылдан астам уақыт өтсе де әлі де кеудеме басылып тұрғандай. Мұндай мейірім мен қайырымнан жаратылған табиғи аналық болмыстан өзімнің ерте ажырап қалғаным, сол арқылы қаншама адами сезімнен бимағлұм жетілгенім есіме түсіп, мұңайып аттандым. Бұл екі ортада Ор-ағаң «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторының орынбасарлығына ауысыпты. Келген соң бірден Ор-ағаңның кеңсесіне бардым. Құттыбосынға жеткізбей: «Иә, шешем қандай адам екен?», – деді. «Сізге қамқор болып жүруді тапсырды. Егерде менің шешем осындай болса және тірі болса, мен сізден екі есе артық жазушы болар едім», – дедім. Сондай бір масаттанған пішінмен сәл күлімсіреп терезеге қарап: «Ол кісі палуан болған. Менің иығымды көрдің бе, кең. Шешеме тартқам. Баяғыда…», – деп Алтай туралы әңгімесіне көшті. Осыдан кейінгі әңгімелеріне: «Сен көрдің бе? Сен көрдің ғой. Мына Тұрсын біледі», – деген қосымша куәлік сөздер қосылатын болды.

Бұдан кейінгі тіршілік ауаны қалыпты райға көшіп, өз ағысымен өте берді. Ол кісі – қырыққа, біз – отызға аяқ бастық. Сол тұста құрдастары да байырқаланып, «жеті жетімнің» үйіріне қосылды. Бір таң қалған мінезім мынадай. Ор-ағаңның «Біздің жақта қыс ұзақ» атты хикаялар жинағы шықты. Жыл қорытындысында жеңіл-желпі ғана аталды. Мемлекеттік сыйлыққа кезекті шығармалар ұсынылды. Ең соңында Ор-ағаң екпіндей мінбеге көтеріліп: «Жолдас­тар! Биыл Оралхан Бөкейдің «Біздің жақта қыс ұзақ» атты хикаяттар жинағы жарық көрді. Ұсынған шығармалардан бір артық-кемі жоқ. Қайта құрудың нақты тынысы бар. Мен сол дүниені ұсынамын. Ұсынысты хаттамаға қосып, дауысқа салуларыңызды өтінемін», – деді де түсіп кетті. Сол жинақ хаттамаға кіргізілді, одақтағы талқылаудан өтті, мемлекеттік сыйлық та алды. Міне, бұған ол кісінің актерлік қабілеті әсер еткені анық. Шығармалары Мәскеуде аударылып шыға бастады. А.Ким сияқты тәржімашы достарымен үйінде де, Мәскеуде де кезігіп жүрдік. Кейбіреуі біздің де үйден Ор-ағаңмен бірге дәм татып еді (А.Ким жиырма жыл өткен соң кездескенімізде мені танымады. Мен де өзеуреп жатпадым). Осыдан кейін…

Осыдан кейін Ор-ағаңның өміріндегі жаппай сәтсіздік кезеңі басталды. Алғашында апайы Әймен дүниеден өтті. Содан кейін әкесі Бөкей, аяулы Мәншүк қарындасы … Содан кейін Гүлия шешеміз дүниеден өтті. Шыңғыстайдағы үй иесіз қалды. «Жалғыз қалды деген осы», – деп мұңайғаны әлі көз алдымда. Бұл екі-үш жылда жазу мәнері де ауырлады. Содан бір күні «Жұлдыздың» проза бөліміндегі өзінің орнында отырған маған келді де: «Мынаның жазылуы үш жылға созылып кетті. Қатаң қарап оқышы», – деп «Атау кере» хикаятын ұсынды. Алғашқы аты басқашалау болатын. Дереу оқуға отырдым. Анда-санда дәлізден ары-бері өтеді. Түскі үзіліске таяу оқып бітіріп, қолымды қойдым. Сол кезде өзі келе қалды: «Иә, қандай екен?», – деді. Бұл – бұрынғы Оралханның мәнерімен жазылған, бірақ тереңдігі мен ой салмағы жаңа Оралханды танытатын шығарма екен. Ұрпақтың азуы, некелі-некесіз туған тұқымдардың қатыгездігі. Қазаққа тиген орыс қызының шау тартқандағы психологиясы. Менің ойыма Гүлия шешей үйлендірмеген Мәрусәнің тағдыры түсті. Бұл барынша қатыгез тағдырды барынша батыл жазған шығарма еді. Тек: «Ор-аға! Бір ұсынысым бар. Ана орыс кемпірі өлгенде жастығының астынан крест шықса қайтеді? Оқиға соны сұрап тұр», – дедім. «Ойланайын» – деді. Мені қарауылдап жүргендегі жоспары басқа болса да, аялдамай бірден үйіне кетті. Айман жеңешеммен ақылдасқан шығар, кім біледі. Түс қайта келді де өзінің жаңадан қосқан үш сөйлемін көрсетті. «Атау керенің» жариялануы қазақ көркем ойына жаңа бетбұрыс әкелді. Әлгі үш сөйлемді кітаптағы басылымдарына кейін қосты ма, алып тастады ма, білмеймін. Шығарманың ауыр жазылуына бірінен кейін бірі жалғасқан ауыр қазалардың зықысын шығаруы себеп болғаны анық. Мәншүк қандай өмірге құштар еді. Кейде тіксіне сөйлесе де еркешоралығы білініп тұратын. Ор-ағаңның өзінен айнымайтын. Сөйтсек, бұл үлкен қасіреттің басы екен.

Сол жылдары Ор-ағаңның кеудесіндегі дімкәсі белгі берді де, алғашында үш ай, одан соң жарты жылдай емханалатып, ауруханалатып жүрді. Демалыс үйлеріне, соның ішінде «Түрксибке» алған жолдамасының мерзімі де әдеттегіден ұзағырақ созылып жүрді. Мен жазушылар одағынан ғылым академиясына ауысқандықтан кездесу де сиреген кез. Қырымға кеткенін білемін. Әлдебір жұмыспен бірінші мамыр мерекесі қарсаңында одаққа кіріп бара жатқанымда қарсы алдымнан Айман жеңешем шыға келді. Қуана амандасып ем: «Мына кісі менің папам. Соны дәрігерге қаратып жүрмін. Кіре кетейінші деп келіп ем…» – деді де, кенет үлкен жанары жасқа емес, сондай бір өкінішті мұңға толып кетті. Үлкен кісінің жағдайы үмітсіз болды ма екен деген оймен: «Жазылып кетеді. Алаңдамаңыз. Аға келген соң бәрі де реттеледі», – дедім албырап. «Ағаңды енді көрмеймін… Қош», – деді де әкесін қолтықтап сыртқа беттеді. Төбе құйқам шымырлап кетті. Әлібектен, Дидахметтен мардымды жауап алмадым. Тек Қуанышбай аға ғана: «Қиын боп тұрғаны рас. Оралхан ағаңның өзі демалысын бітірмей, мерекеден соң келеді. Соған дейін шыда…», – деді телефоннан. Шынымен, ақсақал үмітсіз бе, әлде… Бір тікеннің жүрекке қадалғаны рас еді.

Тағы да таңертең, тағы да сол дауыс: «Одаққа тез жет. Айман жеңешең оқыс қазаға ұшырапты», – деді. Қуанышбай ағаның: «Екі-үш күн болды, Айманның қасындамыз», – деген дауысы қатты алаңдатып еді. Мерекеден соң Айман жеңешем қызметке, ол кісі үйіне кеткен. Содан кейін Айман жеңешем пайғамбардың ақ жолынан адасып, ажал баспалдағын аттапты… Қалихан ағаның бөлмесіне кірсем, Қал-ағаң, Әлібек, Дидахмет, Несіпбек төртеуі үрпиісіп отыр: «Үйдің есігі берік. Сені күтіп отырмыз інісі деп. Есігін ашайық…», – деді Қал-ағаң. Несіпбек одақта қалды. Төртеумізді көршісі Сайымжан Еркебаев қарсы алды. Кілтті менің қолыма берді. Бөлме сол қалпы. Жүгіріп Ор-ағаңның жазу бөлмесіне бардым. Ашық ақ қағаздың бетіне: «Ораш! Қош бол, Ораш! Бақыт тілеймін. Мен саған толық бақыт сыйлай алмадым. Ораш! Не істедің? Рас па? Қош, Ораш. Енді мен саған жоқпын. Қош. Айман», – деген мазмұндағы жазуды оқыдым. Қал-ағаңды, Әлібекті, Дидахметті сол бөлмеге шақырып оқып бердім де, хатты Қалихан ағаға ұсындым (Ол хат кейін прокурордың тергеу ісіне тіркеліпті). Төртеуіміз сол бетінде Ленинград көшесінің бойындағы №4 емхананың мәйітханасына бардық. Қайран аймаңдайлы Айман жеңеше! Кезекші хирургке жолығып едік: «Емханаға келгенде есі кірді. «Бәріне де өзім жазықтымын. Ешкімді кінәламаңдар», – депті. Аман алып қалудың мүмкіндігі болмапты. Ертеңінде еңіреп Оралхан ағаның өзі жетті. Мұны көріп, дауысын естіген адам, оны жеткізуге «ботадай боздады» деген сөздің аздық етерін мойындар еді. Айман апайдың бауыры Кенжехан да келді үнсіз жылап. Нұрсара апай бастатқан ауылдастары бар істі қолына алып, ауыртпалықты көтеріп әкетті… Жалбыз әкелдік… Күн, түн көз ілмедік: «Шын жалғыздық енді орнады. Айман менің шешем де, әкем де, апа-йым да, қарындасым да еді. Сендерсіз мен сол Айманды жерлей де алмас едім», – деп Нұрсара бастатқан ауылдастарына рахметін айтты. Жерлеген күннің ертеңінде мен де үйге қайттым. Айманның қазасын Одесса қаласында Анатолий Кимге айтқанымда, екі өкпесін ұстап дем ала алмай, көшеде отыра кетіп еді. Айманның қырқына мен бара алмадым… Ол бір тылсымдау күйде өтіпті.

Содан бастап Ор-ағаң қабақ көтеріп қана амандасып, жақын сырласуға бармай, мені шеттете бергендей болды. Бастапқыда түсінбедім. Соңынан естідім. Үйленіпті. Айхан келді дүниеге, Айжан келді дүниеге… Кеңсесіне барғанымда әйнектің астынан Айман жеңешемнің суретін көретінмін. Шығармашылық туралы айтсақ та ашылып кетпей, тұйықталып жүрді. Сөйтіп жүргенде Қал-ағаңның үйіндегі қонақта қайтадан сондай бір ыстық бауырмалдықпен табысқандай болып едік.

Делиге ұшарда …көңілсіздеу күйде аттанып еді. Енді міне, табытын түнетіп отырмыз. От басындағылардың бәрі де көзіне шық тұнып, өз естеліктерін айтты. От өшті. Таң атты. Бұл енді қайтып Оралхан көрмейтін дүние жарығы еді.

ІІ.

Оралхан да өтті өмірден. Сол кезде етбауырындай жабысып үйренген жалғыз мен ғана емес, бүкіл қазақ даласы өксіп тұрғандай сезілді. Екінші өмірі ешкімге салмақ түсірместен тілеулестерінің арқасында мәңгілік жолға түсті. Шындығын айтсам, Оралханның балалары Айхан мен Айжан бізді жатырқап өседі-ау деген ой ешкімнің қаперіне кірмеп еді. Сағыныш пен мұңға аңсары басылмаған ғұмырдың іңкәрінің нысанасындай болып олар да ер жетті. Ұзақ ғұмыр, толық бақыт берсін. Ғалия қарындасыммен жақын араласа бастағаннан кейін сол өксігім жеңілдегендей болды. Жиырма жыл бойы сан оқталып жаза алмаған естелікті де жаздырған сол басылмаған өксік.

Серіктес жаңалықтары