ЖАН ЖАБЫРҚАТАР ЖАРНАМАЛАР

ЖАН ЖАБЫРҚАТАР ЖАРНАМАЛАР

ЖАН  ЖАБЫРҚАТАР  ЖАРНАМАЛАР
ашық дереккөзі
340

Халық арасында хабарды жылдам тарататын телеарналардағы әріптестеріміздің тәрбие мәселесін мүлдем ескермейтіні үндемей қалуға болмайтын жағдайға жеткізді. Тәлім-тәрбиенің құралына айналуға тиіс экраннан беріліп жататын жат елдің анайы фильмдерін былай қойғанда, отандық тұтыну тауарларын жарнамалауда санаға сыймайтын сөз тіркестері өріп жүр.

«Қазақстанның болашағы бүгінгі жас­тар. Сіздер оларға қалай білім берсеңіздер, тәлім-тәрбие берсеңіздер, Қазақстан да сол деңгейде болады», – деп Елбасы өзінің Назарбаев Университетіндегі «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты интерактивті дәрісінде айтқан болатын.

Қазақ халқының болашағы үшін, еліміздің келешегі үшін сан ойланып, толғанып, жастар саясатына аса жауапкершілікпен қарауды бүгінгі күн­нің бас­ты мақсатына айналдыруды көздегенімізге көпшілік енді қуанып жүргенде электронды ақпарат құралдарының қызметтеріне біраз сын айтуға тура келіп тұр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл бірінші рет емес, талай жазылып та, ел аузында айтылып та келе жатқан түйткіл. Басқа басқа, әсіресе телеарналардың бұл ретте аса жауапты болғандары қажет-ақ. Кино көрген құрлы сәт сайын телеарналардан беріліп жататын жарнамалар балаларымыздың күндіз түгілі түнде түсіне енетінін жасыруға болмас. Әсіресе, батыс елдерінде тыйым салына бастаған қару-жарақтарды жарнамалау кімге, не үшін керек болғанын түсіну қиын. Мәселен, қаламыздағы «Алпамыс» қару-жарақ сататын дүкені жайлы жарнаманы көргеніңіз бар шығар. Әрине, көріп жүрсіз. Егер көрсеңіз, қандай қаруды қай жас мөлшеріне байланысты сатып алуға болатынын, оны қалай ұстап, қалай атуға дейін қадап-қадап түсіндіруге тырысатын жарнамалау­шылар даусы санамызды улағаны сонша, құлағымызда күңгірлеп тұратын болды. Күніне сан рет қайталанып көрсетілетін осындай әбес жарнамалар балаларымыз түгілі, немерелерімізге де жетті. Ойыншық қару алып бермесең де, «Әже, олай емес, былай ату керек»,– деп тіпті қолындағы қасығымен көздеп атуға ыңғайланатын болды. Сол дүкендегі аңшы мылтығынан бас­тап, ең жақын жерден атылатын газды пис­толеттерге дейін түсін түстеп, сайрап бергенде жағаңды ұстайсың. Күн сайын емес, сағат сайын көз алдарында көлбең қағып жататын осындай тележарнамалардың санаға тез сіңетінінің дәлелі осы болса керек.

Осы ретте, балаларға арналған бағ­дарламалардағы қазақтың халық ер­тегілерінің кейіпкерлерінен бала түгілі, ересектер шошиды. Жаудың бетін қайтарып, елді бірлікке-ынтымаққа шақырған батыр-билеріміз неге қарындары қабақтай, мұрттары едірейіп, ауыздары салпиып, жүріс-тұрыстары ебедейсіз. Ұзын бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей биік, зор тұлғалы ата-бабаларымызды неге насихаттамасқа?! Қазақ халқының тарихында ауыз әдебиетінің алар орны ерекше болса, сол ауыз әдебиетінің аңыз кейіпкерлері, біздің бала көңілімізде қалып қойған алып тұлғалар қайда? Жағымды-жағымсыздығына қарамай-ақ, көңілге қонымды шығармалар кейіпкерлері әлі есімізде. Ер Төстік, Тазша балалар қайда? Ал, бүгінгі көрсетілімдердің кейіпкерлерінен еріксіз шошисың. Ол балаларға арналған мультфильмдер түсіретін шығармашылық топтарға қатысты дейік, дегенмен телеарналардағы әріптестердің осындай жәйттарға жауапты болғандары, талғаммен қарағандары қажет-ақ. Ұлттық тәрбие беретін анимациялық шығармалар кемшін. Экранды онсыз да жаулап алған өзге елдің өнімдерін және идеологиясын қашанғы насихаттай береміз? Өйткені, олардың өнімдері белгілі бір мақсатқа, ойға құралады. Мәселен, көрші ресейлік телеарналардың тәрбиелік мәнге ие кинолары түгілі, балаларға арналған көрсетілімдері, ертегілері жып-жинақы, жатық, түсінікті. Кейбір отбасыларда таза қазақша тәрбие алатын кішкентай бүлдіршіндердің өзі осы бір телекөрсетілімдерден үйреніп, тілдерін бұрап, орысша сөйлейтіні неге бізді ойландырмайды? Балабақшаға бармайтын, ата-әжесінің тәрбиесіндегі таза қазақи баланың өзі шүлдірлеп орысша сайрай бастайды. Әрине, әлгі экрандағы қызықты картиналардан, солардың кейіпкерлерінен үйренгені. Біздің отандық балалар бағдарламасын америкалық «Николодеон», «Тиджи», «Cartoоn Network» телеарналардағы бағдарламалармен салыстыруға келе ме?! Жасөспірімдердің сауатын ашатын танымдық үлгідегі көрсетілімдер балалар түгілі ересектердің өзі қызығып қарайтын туындылар. Ал, «Балапандағы» қазақша нұсқадағы «Спайдермэн» атты мульт­фильмдер жиынтығындағы тек ұрыс-төбелес, түрлі бүлдіргі апат, жол апаттары, бірін-бірі тонап, өлтіріп жатқан теміркейіпкерлер бала санасына қандай тәлім-тәрбие береді? Шетелдік балалар көрсетілімдері мен олардың кейіпкерлерінің отандық туындылардан артықшылығы кейіпкерлері сүп-сүйкімді, сөздері де, жүріс-тұрыстары да әдемі. Ал олардың киімдері тіпті керемет! Бесіктен белі шықпаған немерелеріміздің мейрам сайын солардың мерекелік көйлектерін кигісі келетінін, соларға еліктейтінін байқаймыз.

Онсыз да шетелдің жеңіл әуендері мен анайы фильмдері жайлаған мына қоғамда балаларымыздың көңіл ауанын ұлттық үрдіске, ұлттық тәлім-тәрбиеге аударуға күш жұмсау қажет-ақ. Ақырзаман болады екен дегеннен гөрі қарапайым халықтың болашағы жайлы ойлау керек сияқты. Ал жүйелі бірыңғай ұлттық саясат, идеология жоқ жерде қоғамды түрлі қорқыныштың жайлауы әбден мүмкін. Сондықтан да әртүрлі жыныстық қатынасқа байланыс­ты көрсетілімдер, ерлі-зайыптылардың арасындағы қарым-қатынасқа, белсенділікті арттыратын түрлі дәрі-дәрмектерді, қыз-келіншектердің ай сайынғы етеккір кезінде пайдалантын төсеніштерін әрбір бес минут сайын жарнамалау қоғамды қиын тығырыққа тіреп отыр.

Көршілес Ресейде қырыққа тарта емдеу-сауықтыру орталықтарында ұлттық сусынымыз – қымыз дәрі-дәрмектің орнына қолданылса, оны өндіретін 50-ден астам фирма бар екен. Ал ғұмыр бойы қымыздың Отаны, отауы болған біздің елімізде, Қазақстанда қымыздың қадір-қасиетін бірде білсек, бірде біле бермейміз. Ұлттық сусындарды, салт-дәстүрді, тіпті қазақ балаларының ежелден келе жатқан ойындарын неге насихаттамасқа?! Шынтуайтына келгенде, бүгінгі жедел ақпараттандырылған заманда ұлттық тәрбиенің мықты құралы ретінде телеарналардағы әріптестер әсіресе жарнамаларға аса сақ болғанын қалар едік…

“Келінде” кемшілік көп

Бүгінде көп уақытын «көк сандыққа» телмірумен өткізетін жас жеткіншектер тәрбиесінде телеарнаның алатын орны бөлек. Таңнан кешке дейін күн көрістің қамымен жүрген ата-ана көбіне балаларының күнделікті не көріп, қандай ақпарат алып жатқандарын қадағаламайтыны анық. Осы тұрғыда балалар мен жасөспірімдердің «тәрбиешісіне» айналған көгілдір экраннан көрсетілетін телехикаяларға үңіліп көрсек…

Есімізді жиып, ел болдық дегенде, арналарымызда түрлі бразилиялық, мексикалық және латынамерикалық телехикаялардың қаптап кеткендігі барлығымызға мәлім. 90-жылдар ағымында қай арнаны қосып қалсақ та, аталмыш елдердің мәдениеті мен тұрмысын айқын көрсететін хикаяларды көретінбіз. Соңғы онжылдықта бұл сериалдардың орнын түрік және кәріс телехикаялары басты. Алғашқыда қазаққа мүлдем жат бразилия телехикаяларының азайып, түбіміз, дініміз бір түрік елі туындылары көрсетіле бастағанда көпшіліктің қуанғаны рас. Бірақ бұл қуанышымыз көпке созылмаған сияқты.

«Саны бар, сапасы жоқтың» кезі бас­талды ма, әйтеуір, бүгінгі түрік хикаялары тәрбиеге кері әсерін тигізердей оғаш, анайы көріністер көрсете бастады. Соның бір мысалы, «Қазақстан» Ұлттық арнасында үш жылдан бері жалғасып келе жатқан түріктің «Денизі». Әзіл-сықақ театр­лары сағыздай созылып кеткен телехикаяны келемеждеп, күлкіге айналдырып үлгерді де. Әзілдің де астары, айтары бар. Аталмыш телехикаяда медицина университетінің студенттері зертханалық жұмыстармен айналысудың орнына біріне бірі ор қазумен, адам өміріне араша түсіп, жақсы іспен айналысудың орнына алдау, арбау, ұрлық, түрлі қылмыстық әрекеттерге баратындығы көрсетілуде. Көрерменге жол тартпас бұрын, туындының мән-мазмұнына, рухани болмысына, берер тәрбиесіне сатып алушылардың назар аудармағаны ма сонда? Сонымен қатар, кейбір хикаяларда бір жігіт не ағасының сүйіктісімен, болмаса бойжеткен қыз өзінің жездесімен жақындасып, «болымсыз махаббаттың» күйін көрсетеді. Ал, шындығында бұл махаббат па? Осыны көріп жүрген біздің жастарымыз қандай үлгі алады?

Сағыздай созылған телехикаялар тізімін жақында үндінің «Келіні» толықтырды. Интернет парақшаларын ақтарып отырсам, бұл телехикая әрқайсысы 20 минутқа созылатын 1119 сериядан тұрады екен. Келесі бір деректерде хикая әлі де түсірілуде делінген. 12 жастан қыздарын тұрмысқа беріп, олардың түрлі қорлық көруі, бай мен кедей арасындағы қатынас Үндістанда көруге үйреншікті жағдай шығар. Алайда, бізге бұл туындының қаншалықты пайдасы бар? Атағанымыз тек екі хикая. Ал барлық арналардағы осындай телехикаяларды тізер болсақ, олардың саны қаншама?!

Шетел телехикаяларын біздің арналарда көрсету үшін авторларға ақы төленетіні сөзсіз. Басқаға емес, неге сол қаржыны өзімізде жаңа туынды жасауға жаратпасқа? Біз өзгенің мәдениетіне ақша құйып қана қоймай, олардың дәстүрлерін, өмір сүру салттарын бойымызға сіңіріп жатқандаймыз.

Отандық телехикаялар топтамасы «Тоғысқан тағдырлар» («Перекресток»), «Шегіртке» («Саранча») сынды туындылардан бастау алған еді. Бүгінде ұлттық арнадан көрерменге жол тартқан бірнеше туындыларға куә болдық. Атап айтсақ, «Ағайындылар», «Әке серті», «Парыз», «Елім-ай», «Көк тарландары», «Еларнадағы» «Ғашық жүрек», Астана арнасындағы «Тағдыр» телехикаялары. Өкініштісі сол, олардың саны саусақпен санарлық. Қазақ телевизиясында түрік және кәріс телехикаяларының үлесі әлдеқайда басым.

2000 жылдары көршілес Ресейде отандық телехикаялар эфир уақытының 10 пайызын ғана алса, бүгінгі таңда 95 пайызға дейін жетіпті. Мақтануға тұрарлық жәйт. «Көш жүре келе түзеледі» демекші, біздің де арналарда тек отандық телехикаялар берілетін күн туар. Тек оған дейін, түріктің «Денизі» мен үндінің «Келіні» жастарымыздың санасын улап бітпесе игі еді.

Назгүл ӘБУШӘРІПҚЫЗЫ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУнің студенті

Таңсұлу Алдабергенқызы

Серіктес жаңалықтары