Әйел күннің жылуынан жаралған
Әйел күннің жылуынан жаралған
Әйелдің қоғамдағы рөлі қандай? Қазақ қыздарына халқымыздың дәстүрі мен салтына сай тәрбие беру жағы қай деңгейде? Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы, Дін істері агенттігі мен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен «Әйел және дін» тақырыбында халықаралық форум болып өтті.
«Дін, діндегі әйелдің орны – қазіргі кезде барша елдерде қызу талқыланып жүрген тақырып. Өйткені дін адамзат құндылықтарын сақтап, байытуды көздейді. Ал оны бұрмалай түсіндірушілер дінді өзінің қара ниетін жүзеге асыратын қаруға айналдырғысы келеді». Төрайымның айтуынша, Қазақстан Республикасының Ата Заңы діни сенім бостандығына кепілдік береді. Бірақ бостандықты саналы түрде, ақылмен таңдауымыз керек. Өйткені адамның өмірлік салты, тұрмысы, көп жағдайда бүкіл өмірі соған байланысты болады. Біздің халқымыздың өз мәдениеті, өз дәстүрі мен салты бар. Бүкіл шығыс халықтарының ішінде қазақ әйелдері ерекше мәртебеге ие. Тарихқа көз жүгіртсек, ерлермен бірдей мемлекетті басқару ісіне белсене араласқан әйелдер аз емес. Сауатсыздықты жою, мәдениетті, өнер мен ғылымды дамыту сияқты маңызды мәселелерді шешуге қатысқандар жастарға лайықты үлгі-өнеге бола алады.
Ал Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шәріп: «Біз хиджаб мәселесіне қатысты баршаға ортақ ұстаным қалыптастырмасақ, бара-бара қазақтың қыз-келіншектері қоғамдық орындарда ерлермен бірдей жүріп-тұрып, қоғамдық қызметке еркін араласа алмайтын халге жетіп, өзінің тұлға ретіндегі, азамат ретіндегі әлеуетін толық мәнінде жүзеге асыра алмайтын болады. Оның айқын мысалын әйелдердің белсенділігі қашанда төмен болып келетін араб елдерінің жағдайынан аңғаруға болады», – дегенді айтты. Оның айтуынша, қазір араб әлемінің өзінде де әйелдерге хиджаб кигізуге қарсы болып отырған ел бар. Ол – Тунис. Тунис Республикасының негізін қалаған бірінші Президенті Хабиб Бургиба 1981 жылы №108 заң шығарып, қыздарға мектептер мен университеттерде, әйелдерге мемлекеттік мекемелерде хиджаб киюге қатаң тыйым салған. Соның арқасында 30 жылдан бері Тунистің қыз-келіншектері, әйелдері еркектермен тең дәрежеде қызмет атқарып келеді. Қазіргі уақытта Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Кувейт, Оман Сұлтанаты, Ливан, Мароккода хиджаб кию дәстүрі біртіндеп азаюда.
Сондай-ақ, Дін істері агенттігінің төрағасы: «Сауд Арабиясы тұрғындарының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінің жиынтығы қазірге дейін үстірт сипаттауға келмейтін айтарлықтай күрделі әрі көп қырлы болып табылады. Көптеген жергілікті дәстүрлер барлық араб әлемі үшін бірдей, екінші бір дәстүрлер сол өлкенің тарихи және табиғи-климаттық жағдайларына байланысты туындаған, үшінші бөлігі басқарушы биліктің қатаң саясатының жемісі болып табылады. Мысалы, бәдәуилердің әйелдері орамалсыз еркін жүріп, бөтен еркектермен сөйлесе береді. Бұған керісінше қала әйелі көшеге қара жаулық «хумара» мен басынан аяғына дейін жауып тұратын «абая» кимей шыға алмайды», – деп діни тақырыптағы әңгімені әріден қозғады.
Қоғамда ананың рөлі ерекше маңызды. Қазақ халқы: «Әйел күннің шуағынан жаралған» деп дәріптесе, Алла Елшісі: «Жәннат – аналардың аяғының астында» деп аналарды ұлықтаған. Ал Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауында: «Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз. Біз ананы қорғап-қолдауымыз керек. Мені отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету жайттарының көбеюі алаңдатады. Әйелді құрметтемеу деген болмау керек. Бірден айтайын, ондай зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс. Мемлекет әбден асқынған жыныстық құлдыққа, әйелге тауар ретінде қарайтын көзқарасқа айрықша қатаң түрде тыйым салуға тиіс», – деп атап көрсетті.
Ислам еркек пен әйелдің барлық ерекшеліктерін ескере келіп, отбасын басқару рөлін ер азаматқа берген. Құранда: «Ерлер – әйелдердің қамқоршысы, өйткені олар әйелдер үшін өздерінің мал-мүлкін сарп етеді» делінген. Сол сияқты Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с): «Нашар мінез-құлықты адам ең алдымен өзі зардап шегеді. Ең үлкен кемшілік – өз айыбыңды көрмей, біреудің мінін іздеу» деген хадисі бар. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с): «Әйел қисық қабырғадан жаралған, оны түзетем десең, сындырып аласың. Әйелдермен мәмілеге келсеңдер, оны пайдалана аласыңдар», – деген.
Қоғамдық құндылықтар дағдарысы мен жаһанданудың керітартпа қауіптері тұрғысынан алғанда әйелдің рөлі мен орны туралы мәселе айрықша маңызды болып отыр. Жиынға қатысушылар қазақ жеріндегі дәстүрлі ислам құндылықтарын құрметтей, ұлт тарихы мен салт-дәстүрін қастерлей отырып, қазақстандық әйелдің заманауи әрі зайырлы келбетін мақұлдайды. Ислам дінінде әйел мәртебесіне айрықша орын берілгенін тани отырып, ұрпақ тәрбиесі мен қоғам өміріндегі, имандылық ұстанымдары мен отбасылық құндылықтарды сақтаудағы, жас ұрпақ бойына дәстүрлі рухани құндылықтарды сіңіре отырып тәрбиелеудегі әйел-ананың орнына жоғары баға береді.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ