Өзгеге де, өзіне де қатал адам

Өзгеге де, өзіне де қатал адам

Өзгеге  де,  өзіне  де  қатал  адам
ашық дереккөзі
758

«Бірақ мінезім бар. Ашумен қатты айтқан тұстарым болды. Бұл менің мінезім. Жұмыс барысында ашуланып, қатты айтқаныммен, қайтымым жылдам. Ешуақытта кек сақтап жүрген емеспін», – дейді белгілі қоғам қайраткері Амалбек Тшанов. Рас, Амалбек Тшанов туралы айтыла қалса, жұртшылық ол кісінің әуелі қаталдығын еске алады. Амалбек Тшанов қала әкімі болды, облысты басқарды. Парламентте біраз жыл депутаттық қызмет атқарды. Сол жылдар ішінде қоғам қайраткері атқарған елеулі іс болса, оның бәрі ол кісінің табанды шешімінің арқасында іске асты. Қайтпас қайсар мінезімен ұлт үшін қыруар шаруа атқарған Амалбек Тшановтың қазақ жастарына әлі де үйретері көп. Бүгінде спорт колледжінде директорлық қызмет атқарып отырған Амалбек ағаның шәкірттері де қазақ спортының дамуына елеулі үлес қосуда. Қоғам қайраткерімен қазақ спорты жайлы, ұлт жайлы, ұлттық мүдде туралы кеңінен әңгімелескен едік.

– Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұралап тұрған сәтте әкімдік қызмет атқарғаныңызды білеміз. Сол уақытпен бүгінгі кезеңді қалай салыстырар едіңіз? Неден ұттық, неден ұтылдық?

– Тәуелсіздіктің қалай басталғаны бәрімізге де белгілі. Үлкен экономикалық дағдарыстардан өттік. Осыған байланыс­ты әлеуметтік қиындықтарды да бастан кештік. Елдегі қиын жағдайларды пайдаланып қалғысы келгендер де болды. Бірақ сол қиындықтарға қарамастан, біздің саяси бағытымыз дұрыс басталды деп ойлаймын. 90-шы жылдары «Югстройконструкция» бірлестігінің бас директоры болып қызмет атқарып жүрген кезімде Жоғары кеңеске депутат болып сайландым. Бұл тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен тұспа-тұс келді. Кеңес үкіметі келмеске кеткен. Бағыт-бағдарсыз қалғандай күй кештік. Төл теңгеміз де болған жоқ. Ресейдің рублімен жүрдік. Оның да құны түсіп кеткен кез. Мұның бәрі елді экономикалық дағдарысқа алып келді. Біртіндеп алғашқы қадамымызды бастадық. Президенттің ұсынуымен өз ақшамызды енгіздік. Төл теңгемізді енгізуіміздің арқасында жағдайымыз да біртіндеп тұрақтала бастады. Себебі, әуелі ішкі жағдайымызды түзеп алу басты мақсатымыз болды. Сол жылдары қиындықтың бәрі Жоғары Кеңестің депутаттарына түсті. Елбасы күнара Мәскеуге ұшып баратын. Тәуелсіздік алуға қажетті құжаттардың бәрін дайындап, Жоғарғы кеңесте талқылаймыз. Жоғарғы Кеңес бекітеді. Сол кездегі ұйқысыз күндердің бәрі есте. Қаншама қиындықтарды бастан өткердік. Қаланы басқаруым да сол кездермен тұспа-тұс келді. 1992 жылдың ақпан айында Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалдым. Ең қиын күндер сол кездері басталды. Мектептерде балалар сабақта аш-жалаңаш жүрді. Тақта алдында тұрып, құлап қалған кездері де жоқ емес. Экономиканың қиындығына қарамастан, бірінші сынып пен төртінші сынып арасында оқушыларға бір мезгіл тегін тамақ беруге ақша бөлгізуге шешім шығардым. Қала әкімі ретінде өзімнің қызметімді қалыптастыруымдағы көп шаруаның бір белгісі осы деп айтар ем. «Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпейді» демей ме, сондай заманда күндіз-түні жұмыс істедік. Таң сәрісінен жұмысқа келетін едік. Шымкент қаласында әкім болған күндерім туралы жиі әңгімелер де айтылады. Аңыздар да баршылық. Тіпті, біреулер «суды қымбатқа сатқаны үшін біреулерді ұрыпты, соғыпты» деген әңгімелер де айтып жүрді. Су сату демекші, Сайрам ауданының қасынан су құбырын тарттық қалаға. Бесінші қабатқа су көтерілмей жатқан кез. Қаланың негізгі жерлеріне қырық жеті нүктеге су бұрқақтарын қойдық. Қалада газды су сататын дүңгіршектер жұмыс істейді. Стакандап су сатады. Былайша айтқанда, біздің су құбырлары оларға бәсекелес болып қалды. Студент кезімдегі есімде қалып қойған нәрселерді кейін тәжірибе жүзінде іске асырдым. Жұрттар ақшасыз су ішіп жатты. Қызметтен кеткеннен кейін, жарты жылдың ішінде су құбырлары ізім-ғайым жоқ. Оның неге жоғалғанын жақсы білем? Қалада тәртіп орнату, аялдамалар салу сияқты қыруар шаруалар атқарылды. Шымкент қаласы сол жылдары ТМД бойынша ең таза қаланың бірі болып есептелетін. Оны мен мақтанышпен айта аламын. Шымкентте су ағатын арықтар өте көп. Бірақ көше шаң болып жатады. Мен арнайы жаңбыр жауған кезде көшені шайдыратын едім. «Тшанов ақша жоқ кезде ақшаны ысырап етіп жатыр» дегендер де болды. Оның құпиясы мүлдем бөлек. Жаңбыр жауған кезде көшедегі жатқан лас дүниелердің бәрі жібиді. Сол кездері сумен шайсаңыз, көше тап-таза болып шығады. Мұның бәрін кімге түсіндіріп айтасыз? – Сіз туралы айтылар аңыз көп. Оның бәрі қаншалықты шындыққа жанасады? – Менің айналамда аңыздың көп болуының да өзіндік сыры бар. Өйткені, мен ешқашан өзімнің жоспарымды біреумен бөліскен адам емеспін. Қалай шешім қабылдаймын, солай болады. Жауапкершілікті үнемі өз мойныма алатын едім. Шымкенттегі ең үлкен көшелердің бірі саналатын Ленин көшесіндегі талдарды қалай қырықтырғаным да үлкен әңгіменің өзегіне айналды. Оған себеп болған нәрсе мынау. Бірде Сыпатаев атындағы мектептің директоры маған келіп: «Ленин көшесінің бойында жыл сайын бес-алты бала апатқа ұшырап, қайтыс болады. Осы көшені кеңейтіп, бірдеңе жасауға болмай ма?» деді. Маған бұл түрткі болды. Өйткені бұл көше өте тар болатын. Екі машина қатар әзер жүреді. Көшенің ортасында өңшең қарағаштар отырғызылған. Әлгі қарағаштың бәрін қырықтырып тастауға шешім шығардым. Өзім іс-сапармен Англияға кетіп қалған едім. Он екі күннен кейін келсем, ағаш жоқ. Көше тып-типыл болып қалған. Өзім шошып кеттім. Марқұм Марс Фазылович сол кездегі облыс басшысы еді. Менің орынбасарларымды шақырып, әбден тоқпақтап, менің келуімді күтіп отыр екен. «Тшанов ағаштың бәрін құртты» деген әңгіме теледидар мен газеттерде өріп жүр екен. – Облыс әкіміне не деп ақталдыңыз? – Облыс әкімі «сол ағаштың бәрін студент кезімізде еккен едік» деп, біраз ренжіді. Облыс басшысына: «Он күннің ішінде осы көшені ретке келтіреміз» деп уәде бердім. Ақшаның жоқтығына қарамастан, тек гүл егетін үш метрдей жерді қалдырдық та, жолды кеңейттік. Қылқан жапырақты ағаштар ектік және гүл отырғызғаннан кейін, көше тіптен құлпырып шыға келді. Қазір сол көшені көрсеңіз, Шымкент қаласындағы ең әдемі көшелердің бірі болып саналады. Кейбіреулер әзілдеп, «Тшановтың көшесі» деп айтады екен. Оның өзі қанша айғаймен жасалды. Мұндай шаруаларды Жамбыл облысына келгеннен кейін де жасадым. Кейбір газеттер істің мән-жайын түсінбей, «тапсырыспен» жарыса сынап жатты. Мен бала кезімнен, әкемнің қасында жүріп, бағбаншылықтың қыр-сырын меңгердім. Біздің үйдің бау-бақшасы үлкен болды. Бір алманың басына үш-төрт алманың түрлерін будандастырып шығаратын еді әкем марқұм. «Балам, ағаш та адамның шашы сияқты. Шашыңды қидырып тұрмасаң, не болатынын өзің де білесің», – дейтін еді. Ағаштардың арасындағы бір-бірімен айқасып тұрған бұталарын қырқып отырсаңыз, ағаш әдемі болып өседі. Соны айтумен-ақ шаршадым. Сол үшін талай сөз де естідім. Қазір ойлап қарасам, қай жерде болса да, менің қызметім өте қысқа болған екен. Шымкент қаласында бір жыл он-ақ ай әкімдік қызмет атқардым. Сол бір жыл он ай менің өміріме үлкен азық болды. Өзімді де аямай, өзгені де аямай жасаған еңбегім халықтың аузында қалды. Аңыз деген қайдан шығады? Жұмысыңа, өзіңе қатал болып, жоспарыңды ешкіммен бөліспей атқарсаң, сол кезде пайда болады. Ол аңыздың бәрін тізе берсек, бір кітаптың жүгі болары сөзсіз. Өмірде адамды екі категорияға бөлуге болады: қатыгез және қатал. Мәселен, мен қызметке келгенде өте қатал адаммын. Ең бірінші, өзіме қаталмын. Өзіме қатал болмасам, таңғы алтыдан жұмысқа келер ме едім. Жамбылда жүргенде де солай. Не жарық жоқ, не газ жоқ кезең. Май шаммен отырып, жиналыс өткізген кездеріміз де болды. Мұның бәрі екі ай ғана болды. Содан кейін Жамбыл облысында жарық үзілген жоқ. Шымкентте не газ жоқ, не жарық жоқ. Оның құпиясын мен ғана білем. Шымкенттен бұрып, жарық не газ әкелген ештеңем жоқ. – Оның не құпиясы болды? – Жамбыл облысында Өзбекстанның алдында атқарылар біраз міндеттері бар екен. Олар бізге газ береді. Біз оларға оның орнына қажетті техникалар жібереміз. Мамандығым инженер-құрылысшы болған соң, келісім-шарттың орындалуын өзім реттеп, қадағалап отырдым. Әр жеті са­йын қызметкерлерім есеп беріп отырды. Өзбекстанның Хокулов деген премьер-министрінің орынбасары болды. Ол кісі тікелей газға жауап береді. Хокуловпен кездесіп, нақты шешімдер жасадық. Әрі «бәрін уақтылы орындап отырса, газды тоқтатпаңдар» деген өзбек президентінің тапсырмасы болды. Әр нәрсенің көзін тауып істеп отырсаңыз, жұмыс істеуге болады. Қандай басшы болмасын, өз басына жауапкершілік алмаса, басшы боп істеудің қажеті жоқ. Сондықтан да, мен қатал шығармын. Жамбыл облысында да бары-жоғы екі жыл үш-ақ ай қызмет істедім. Бұл уақыт бір облыстың экономикасы мен әлеуметтік жағдайын ретке келтіру үшін аз мерзім. Шынын айтсам, облыстың барлық ішкі жағдайын түсініп, енді кіріскен едім. Қысқа уақытта менің қалай жұмыс істегеніме бағаны беретін облыс халқы. – Қатал басшыны кейбіреулердің ұната бермейтіні белгілі. Аяғыңыздан шалушылар көп болды ма? – Әлбетте. Мен өмір бойы соның ортасында жүрмін. Үстіңнен арыз ұйымдастырады. Біз бір нәрсені ұмытамыз өмірде. Балам дүниеден өткеннен кейін Меккеге барып келдім. Құранның хадистерін көп оқыдым. Құранда «бала ананың құрсағында жатқанда, төрт айдан кейін оған жан бітеді. Содан кейін оның өмір кітабы жазылады» деп айтылған. Бірақ біз пендешілікпен көп нәрсені түсіне бермейміз. Мәселен, мен Амалбек Тшановпын. Еш уақытта екінші Тшанов туылмайды. Туылса да, ол менен артық, ақылды, сұлу болуы мүмкін. Ал, мен өзімнің осы болмысыммен қалам. Бірақ қатар жүрген жігіттер осыны басқаша түсінеді. «Кеше ғана бір зауытта директор болып жүрген адам қалай қалаға әкім болып келді» деуі мүмкін. Өмірімде бір адамға қиянат жасаған емеспін. Бірақ мінезім бар. Ашумен қатты айтқан тұстарым болды. Бұл менің мінезім. Жұмыс барысында ашуланып, қатты айтқаныммен, қайтымым жылдам. Ешуақытта кек сақтап жүрген емеспін. Сөз айтып, арыз ұйымдастыру көре алмаушылықтан туады. Біз осы оймен Алланың бар екенін ұмытып кететініміз жаман. Адам тағдыры – бір Алланың қолында. Өмір деген не? Қазақ «қамшының сабындай» деп босқа айтпайды ғой. Түсінгіміз келмейді де. Өмірдің қателігінің бәрі осының айналасында жүреді. Оны басқа түскен адам ғана сезінеді. Сондықтан да, қандай қызмет болмасын, ешкім қолымнан сүйреп, басымнан сипап көтерген жоқ. Егер мен жоғары қызметке көтерілсем, оның бәрі Елбасының көрегенділігінің арқасы деп білем. Мүмкін менің адал қызметімді көрген азаматтар мен туралы жақсы пікірлер айтқан шығар. Алладан қайтсын! Осы уақытқа дейін біреудің жолын кесіп, біреуге қиянат жасаған кезім жоқ. Біреуге жасаған қиянатың түбі ертең алдыңнан шығады. Өзіңнің алдыңнан шықпаса да, ертең бала-шағаңның алдынан шығуы мүмкін. Өз ұрпағыңның тамырын қию керек пе? Түкке керегі жоқ. Біздің сана-сезіміміздің соншалықты төмендігі осында. Қызғаныш, көре алмаушылық басым болып кетеді. Осы әдетіміз жаман… – Мінезіңіздің қатал екенін айтып отырсыз. Кешірімшілсіз бе? – Кешіре аламын. Бірақ уақыт керек. Бәріне уақыт қана төрелік етеді.   «Бізде мықты жаттықтырушылар жетіспейді»

– Әкім болдыңыз. Депутат болдыңыз. Қазір колледж директоры болып қызмет атқарасыз? Қазіргі қызметіңізді қалай бағалайсыз?

– Қазір мен зейнеттегі адаммын. Мені әке-шешем «әкім немесе министр болсын» деп туған жоқ қой. Қалада жас­тарды тәрбиелейтін жұмыстың бар екенін білгенімде, кейінгі Мәжілісте бос отырғанша, осы жерге жұмысқа сұранар едім. Парламенттің екі шақырылымына депутат болдым. Алғашқы шақырылымында бірқатар мәселелерді көтердік. Ол кездегі депутаттардың белсенділігі де жоғары болды. Екінші рет депутат болған кезімде, құр отырдық десек, қателеспеймін. Қандай мәселе көтергеніңмен ешкім қолдамайды. Төрт жылдың орнында, осы жерде қызмет істесем, қаншама шаруа бітірер едім. Жалпы, менің он жылдан астам уақытым босқа өтіпті. Жұмыс істейтін кезімде, Парламентте отырдым. Парламентке қол жеткізу үшін де жанталасып жүргендер көп қой. Олар мені кешірсін. Жалпы, депутаттарды кінәлап отырғам жоқ. Әркімнің өз орны бар. Менің ұйымдастыру қабілетім жоғары болғандықтан мен үшін жауапкершілігі жоғары тиянақты жұмыс атқарған ыңғайлы. – «Колледжді мектеп-интернатқа ауыс­тырам» деп ұсыныс көтеріп жүрген едіңіз. Колледждің бүгінгі жайы не болды? – Ауыстырдық. Биыл жетінші сыныптан бастап, оқушылар қабылдайтын боламыз. – Лондон олимпиадасындағы жетістіктеріміз бізді қуантып тастады. Бірақ бұл олимпиада бізде әлі көптеген спорт түрлерінің «ұйқыда» жатқанын дәлелдегендей болды. Осы тұрғыдан келгенде, колледжде қандай жұмыстар атқарылуда? –Тәуелсіз болғанымызға жиырма жылдан асты. Бірақ біз әлі жаспыз. Жас бала сияқты қадам басып келеміз. Сол себепті де, өзіміз көтере алатындай, спорт түрлеріне негізгі күшті салуымыз керек. Жалпылама спорт түрлері көп. Олардың көбі бізге бір медаль алып келген жоқ. Бірақ ақшаның көбі соларға кетіп жатады. Былтыр Ирина Роднина дейтін атақты коньки тебуші Ресейдің бір газетіне сұхбат беріпті. Өз сұхбатында Ресейдің жарты бюджеті футболға кететінін айтқан екен. Одан басқа да топ болып ойнайтын ойындар бар. Олар, әлбетте болу керек. Бірақ олар үшін бүкіл бюджетті шығындамай, қажетті байланыстар жасап, жайлап көтеруіміз қажет. Елбасы спортқа үлкен мақсат қойды. Спортты жетілдіру үшін мемлекеттік бағдарлама бар. Бірақ оны іске асыру үшін көптеген шаралар атқарылу керек. Оның бірі – ауылдарда спорт кешендерін көптеп ашу. Қазақ халқы жақсы көретін спорт түрлеріне бірде-бір қала баласын тарта алмайсыз. Себебі, олар туар-тумастан компьютерде отырады. Ал ауылдың баласы көшеде жалаңаяқ жүгіріп, қара жұмыста жүреді. Сондықтан да, спортқа сол ауылдың қара домалақтарын тартуымыз қажет. «Жүз мектеп, жүз аурухана» сияқты бағдарламалар жасалар болса, спорт көтерілер еді. Қазақ жастары өте талантты. Алла Тағаламыз берген күш те бар, ақыл да бар. Қазіргі спортқа бөлініп жатқан қаражат та, көзқарас та өте жоғары. Бұрынғы уақытпен салыстыруға келмейді. Сондықтан да бізде спорт бар, болады да. Кемшіліктер жоқ емес, бар. Ең үлкен кемшілік, жаттықтырушылардың жетіспеушілігі. Кезінде Кеңес Одағы тарқағаннан кейін, күн көру қиын кезде, жаттықтырушылардың көбі бизнеске кетіп қалды. Әжептеуір бизнес жасап жүргендер оны тастамайды. Шешуі қиын мәселенің бірі осы. Ал боксты алар болсақ, Тимур Құлыбаев келгелі бері көп дүние шешімін табуда. Талғар ауданында арнайы қаражат бөлініп, халықаралық деңгейдегі спорт академиясы салынуда. Онда боксшылар дайындайды. Бұл – бұрын-соңды болмаған жаңалық. – Лондон олимпиадасында алтын алып келген қыз-жігіттердің көбі шет елден келгені белгілі. Легионерлерді алып келу қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз? – Легионерлердің келуіне мен де қосылмаймын. Медаль алып келді. Шын мәнінде, жергілікті жұрт оларды қабылдай алмайды. Мұның бәрі мемлекеттің атын шығару үшін жасалып жатқан әрекеттер ғой. Болашақ біздің өзіміздің қолымызда. Келешекте спорт кешендері жасақталып, жұмыс атқарар болса, қаракөздеріміз көк байрақты желбірететініне сенімім мол. Біздің жастар өте талантты. Олардың бойында бәрі бар. Тек, оларға мүмкіндік жасауымыз қажет. Қаланың бір-екі жерлерінде спорт сарайларын ашып, спорт көтеріледі деп ойлауға болмайды. Спорт үйірмелері әрбір үйдің жанында болуы қажет. Сіз қай мөлтек ауданнан спорт кешенін көріп отырсыз? Қай жерде бар? Қазір артық бір метр жер болса, соны сатып, үй тұрғызады. Өйткені, бизнес. Елбасының өзі де сынаған жоқ па? Астанада екі-үш спорт сарайын салдырды. Неге олар бос тұр? Әлі сол жалғасып жатыр. – Спорт үйірмелерінің көбі ақылы болғаннан кейін де, балалар көптеп бара алмайды. Өйткені қарапайым шаруаның баласын спорт үйірмесіне беруіне қалтасы көтермейді емес пе? – Қазір көбісі ақылы. Сол себепті, қаражаттың тапшылығынан спорт үйірмелеріне жаттығуға келмейді. Біздің колледжде төрт жүзге тарта бала оқиды. Ол көп емес. – «Спортта тамыр-таныстық белең алып барады» деген әңгімелер жиі айтылады. Қаншалықты рас сөз? – Қазақ болған жерде тамыр-таныстық болады. – Бұл баланың талантын шектеу емес пе? – Бұл өте келеңсіз мәселе. Қазақтың қанына сіңіп кеткен нәрсе. Барлық жерде тамыр-таныстықпен шешіледі деп айтуға болмас. Бірен-саран ондай оқиғалар кездеседі.   «Кез келген адам саясаткер болуы қажет»

– Өзіңіздің ұстанатын қағидаңыз қандай?

– Менің ұстанатын қағидам – тазалық. Әрбір іске жауапкершілікпен қарау. – Хадистерді көп оқиды екенсіз. Бес парызыңызды орындап жүрсіз бе? – Намаз оқымаймын. Уақыт келеді оған. Балалардың титтейінен бастап, намаз оқығанына қарсымын. Себебі, намаз ойыншық емес. Дін деген өте нәзік әңгіме. Ол баланың ақыл-есі тоқтай қоймаған. Бала әлі ештеңеге жауап бере алмайды. Жас балалардан бірен-сараны ғана дінге бар ынта-шынтасымен берілуі мүмкін. Қазір жаппай дінге бет бұрып, намаз оқу да «сәнге» айналып барады. Менің бұл пікірімді дұрыс түсінеді деп ойлаймын көпшілік. Дін деген ойыншық емес. Сәждеге жығылу үшін соған жетуіңіз керек. Сіздің ақыл-ойыңыз жетуі қажет. Ата–аналар балаларын ертіп маған келеді. «Балам жақсы, намаз оқиды» деп айтады. «Намаз бен спорттың қаншалықты айырмашылығы бар екенін білесіз бе?» деп айтамын. Олар жарыс кезінде түнгі төрттен тұрып, намаз оқиды. Ол бала жарысты ойлап, дұрыс ұйықтамайды. Ұйқы болмаған соң, жарысқа дұрыс қатыса алмайды. Үлкенді сыйлау, құрметтеу, дұрыс жүріп-тұру, дұрыс сөйлеудің өзі жастар үшін жеткілікті. Осы тұрғыдан келгенде балаға дұрыс тәрбие бергеніміз жөн. Олардың сана-сезімін өсіргеніміз абзал. Ұлттық негізде тәрбиелеуге күш салсақ, ары қарай уақыты келгенде, намазға өзі-ақ жығылады. Намаз дегеніміздің өзі адамның ішкі дүниесін Алла Тағалаға жақындату. Кейбір жастарды көрсеңіз, «Біз намаз оқимыз. Бізге ештеңе керек емес», – деп жүреді. Алла Тағала адамға сана-сезімді не үшін берді? Ғарышқа ұшып жатырмыз. Алла Тағала қолдамаса, олар қалай ғарышқа ұшады?! Өнертапқыштарды алайық. Оларға Алла Тағала сана-сезім бермесе, олар оны қалай ойлап табады? Тек қана Құдайға жалынып, басқа ештеңе керек емес десек, онда басқа дүниенің не қажеті бар? Дін тақырыбы – үлкен ауқымды нәзік тақырып. Оның түбіне терең бойлау өте қиын. Бірақ менің ойым, қандай нәрсе болсын, оған саналы түрде үлкен түсінікпен келу керек. Ұлтымызға, болмысымызға лайықты мәдениетімізді көтергеніміз абзал. Нағыз қазақ болсақ, онда талай нәрсеге қол жеткізе аламыз. Қалғанының бәрі өз-өзінен реттеледі. – Биылғы жылы ауыл әкімдерін мәслихат сайлайтын болды. Әрі бұл сайлау демократиялы түрде жүзеге асады деп отырмыз. – Мәслихаттың өзін кім сайлайды? Мәслихат дұрыс сайланса, әкім де дұрыс сайланады. – Сіз қазір саясатпен айналысасыз ба? – Саясат өмір бойы менімен айналысып келеді. Бірақ маған кейбіреулер: «Телеарналардан көп көрінбейсіз» деп айтады. Телеарнаға барып, «мен көрінгім келеді» деп айтуым керек пе? Бұрын арнайы бағдарламалар болатын. Сол бағдарламаларға қонақ ретінде шақыратын еді. Қазір көшеге шығып: «Мен саясатпен айналысып жүрмін» деп айғайлауым қажет пе? Кез келген санасы бар адам саясаткер болуы қажет. Ол өмірдің негізі. Саясат дұрыс болса, өмір дұрыс болады. Саясат дұрыс болмаса, өмір дұрыс болмайды. Сол себепті де, әрбір адам саясаткер. – Ұлтшылдықты қалай түсінесіз? – Бірбеткей ұлтшылдық дегенге қарсымын. Өз ұлтымыздың жоғары деңгейде тұруы, қазақтың атымен аталғаннан кейін біздің орнымыз шамалы бөлектеу болу керек. Арабтың елі араб. Бізде қазақтар солай ма? Қазақ халқы соншалықты қонақжаймыз. Барлығын мойнымызға мінгізіп алғанбыз, өзіміз ішпеген асты қонаққа береміз. Ол да ойланатын нәрсе. Әлбетте, өзге ұлтты құрметтеу керек. – Ұлттың тағдыры дауға түсіп жатса, үйде отырар ма едіңіз? – Әлбетте, жоқ. Ұлтын қорғау, елін-жерін қорғау – әрбір азаматтың парызы. Мен де қазақтың бір баласымын. Қазақтың басына қиын іс түссе, бұғып отыра алмаймын. Өйткені, менің қаным қазақ. Барлығы адам баласына қанмен келеді. Ешкім оны өзгерте алмайды. Қазақ болып қалғым келеді. Менің ең үлкен арманым – баяғы атадан балаға мұра болып қалған салт-дәстүрдің бәрін қайтарып, қазақ болғым келеді. Біз одан неге кемиміз? Қазақ болуда не кемшілік бар? Біз тіпті қазақша сөйлеуге намыстанамыз. Түркімендерді қараңызшы. Бәрі ұлттық киімімен жүріп жатыр. Ол не кемшілік? Біз неге еуропалық болуымыз қажет? Білім алғанымыз дұрыс. Бірақ ұлт деген сөздің негізі бөлек. Неге біз Қазақ болғымыз келмейді? Неге өзгеге еліктейміз? Сонда келешекте кім боламыз? Біздің осы осалдығымызды өзгелер жақсы біледі. Сондықтан пайдаланғысы келеді.   «Сана-сезіміміз өспей, ешуақытта өмірге көзқарас өзгермейді»

– Өзіңіз айтқан «ұлт» деп шырылдап жүрген зиялылардың кейбірінің баласы қазақ тілін білмейді. Неге?

– Менің балаларым қазақша біледі. Бірақ олар да орысша тәрбиеленіп келеді. Қазақ мектебіне бердім. Үйге орысша сөйлеп келеді. Қазақ балабақшасы, қазақ тәрбиешісі. Бірақ орысша сөйлеп келеді. Міне, қоғамның соншалықты төмендеп кеткені. Неге солай? Мен қазақпын, қазақ болып өстім. Жүрегім қазақ деп соғады. Біз қазақтың ұғымын, қазақтың болмысын енгізуіміз керек. Тіл үйренгеннің бәрі қазақ болмайды. Қазақ болу үшін ол қазақша ойлап, қазақша түс көруі қажет. Қазақтың ішкі жан-дүниесін түсінгені абзал. Біреуге дөрекі болып көрінгенімен, ол біздің ұлттық менталитетіміз. Біріккен Ислам конференциясы деген ұйым бар. Оған елу төрт мұсылман мемлекеттері кіреді. Мұсылмандар үш аймақтан тұрады. Африкалық мұсылмандар, азиялық мұсылмандар, сосын араб мұсылмандары. Мен жеті жыл бойы сол ұйымға парламенттің мүшесі ретінде жұмыс атқардым. Африка, араб елдеріне көп бардым. Барлығы жиналысқа ұлттық киімдерімен келеді. Қара нәсілділердің өзі де солай. Ұлттық киіммен келгендеріне ешқайсысы ұялып жатқан жоқ. Біз болсақ, галстук тағынып, қақиып барамыз. Кейінгі кезде ұлттық нақышта кос­тюм тіккіздім. Біз шапан киюге ұяламыз. Неге? «Сіз неге киінбейсіз?» деп сауал тас­тауы мүмкін. Жалпылама, барлығы киіп жүрсе, оны неге кимеске?! Ресми кездесуге барғанда жарайды. Галстуксіз кездесулерге ұлттық нақыштағы киіммен баруға болады ғой. Біздің ұлттық киімдеріміз басқа ұлттың киімдеріне қарағанда, өте сәнді. Оны көп жылтырата бермей, ұлттық мәнермен тігетін болсақ, ол бойы қысқаға да, ұзынға да, арық немесе толыққа да жарасар еді. Кейінгі ұрпақ ұлттық нақыштағы киімге оралатын болар, бәлкім?! Біз онсыз да тарихтан әбден кенде болған ұлтпыз. Себебі, бізде жазба тарих болған емес. Тарихтың бәрі ауызекі сөзбен, құр аңыздармен жетті. Бұл тарихи шындық. Онсыз да біздің қазақты құдай тарихтан қысып тастаған. Бұны реттеуге уақыт керек шығар. – Қалтаңызда ақшаңыз көп болып, шет елде тұруға мүмкіндік туса, елді тас­тап кетер ме едіңіз? – Ондай ой болады кейде. Қатты қиналып жатқан кезде, осылай ойлайсың. Өмір бойы осы елде тұрған, осы елдің ауа­сын жұтып келе жатқан, осы топырақта өскен адамда да ондай ой болады екен. Өйткені әрбір адам тыныш өмір сүргісі келеді. Өмір деген бір-ақ рет берілетін нәрсе. Дүниені арқалап кетемін деу бекершілік. Бізге сана-сезімді көтеру керек. Сіз ауылға барып, ауылдағы ағайынмен сөйлессеңіз, қарныңыз ашады. Күнделікті тұрмыстағы күйбең тірліктен басқаны әңгіме ете алмайды. Көпшілігі солай. Жиырма жылдан асты тәуелсіз ел болғанымызға. Сана-сезіміміз өспей, ешуақытта тұрмыс та, өмірге көзқарас та өзгермейді. – Сіз жастарға сенесіз бе? – Әлбетте, сенем. Жастар орысша ойлап, орысша сөйлегенімен, олардың патриоттық сезімі жоғары. Керісінше, олар орысша сөйлегеннен кейін, қазақ болмай қалады-ау деген қауіп басым. Уақыт әлі келмей жатқан болар. Келешектен бәрібір бір жақсылық күтемін. Осы жолы Лондон олимпиадасына барғанымда, үлкен оймен қайттым. Үлкен оймен қайтқаным, сол жақтағы қазақтармен кездестім. Ол жақта тұрмыс мүлдем басқа. Әрбір тұрғын заңның шеңберінде мемлекеттің идеология­сымен өмір сүреді. Ешкім біреудің сыртынан әңгіме айтпайды. Біреулер туралы ғайбат сөйлемейді. Әркім өзі істеген ісіне жауапты болса болды. Ұлыбритания деген сөзге бұрын мән бермеген екенмін. Мәселен, Лондонда олимпиада өтуде. Бүкіл әлемнің назары сонда. Бірақ қаладан соның бір белгілерін байқамайсың. Қала алаңсыз күнделікті тіршілігімен айналысуда. Сіз Олимпиада ойындарына қатысқыңыз келсе, ол орталыққа метромен немесе такси жалдап барасыз. Бір таңданарлығы, олимпиада өтіп жатқан жерден қырық-елу метрдей алыстау тоқтайды. Ары қарай, құжатыңызды көрсетесіз де, кіре бересіз. Қаптаған тексеру мұнда байқалмайды. Бізде “Азия дауысы” атты фестиваль болатын бұрын. Көп болса, шетелдерден ешкім танымайтын жиырма әнші келетін шығар. Медеуде соны өткізу үшін Қажымұқан көшесінен бастап, жолды жабады. Медеуге жеткенше, бес-алты рет тексеруден өтесіз. Лондонда жүз мыңдаған әншілер қатысқан концерт өтіп тұрады. Әрі ол концерттің ешкімге зияны тиіп жатқан жоқ. Ұлыбританияны ұлы деуінің негізі осында жатқан сияқты. – Өткен күндеріңізді таразыға тартар болсаңыз, қайсысы басымырақ болар еді? Қуанғаныңыз ба, әлде өкінішті сәттеріңіз бе? – Жақсы күндерім көп болды деп айтар едім. Бірақ бәрі адамның өз қолында емес қой. Екінші рет қайта өмір сүрер болсам, онда менің өмірім басқаша болады деп ойламас едім. Барлық нәрсені өлшеп, тура осылай болады десек, өмір қызық болар ма еді. Өмір өзінің қателігіменен, өзінің кемшілігіменен, күтпеген сәттерімен, көз жасыменен, қуанышымен қызық шығар. Алла Тағала адамды солай жаратады. Әлбетте, өз басымда өкінішті сәттер көп болды. Қызметке де кеш келдім. Алдыма қойған талай мақсаттарым бар еді, қол жеткізе алмадым. Бірақ барлық өткен өміріме тәубе етем. Елдің менің еңбегімді бағалағанына шүкірлік етем. Аянбай еткен еңбегіңді қарапайым халық ұмытпайды. Мен де періште емеспін. Бірақ адам өзінің қатесін сезіне білуі қажет. Адам жасы ұлғайған сайын өзгереді. Көңілі де өзгереді. Мұның бәрі – айналып келгенде, өмір. Тек, бір нәрсе ақиқат – әрбір адам өз ісіне өзі жауапты…
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары