Генерал Ертаевтың ерлігі
Генерал Ертаевтың ерлігі
1979 жылы Кеңес әскері ауған жеріне басып кірді. Басқыншылардың көпшілігі не үшін келгенін, кім үшін, қандай мүдде үшін соғысып, кім үшін құрбандық болатынынан бейхабар еді. Бар білгені – жергілікті халық пен тауға жасырынған тәліптермен айқасу керек. Осы беймезгіл қырғыннан қаншама қазақ жігіті қыршын кетті. «Генерал Ертаев» деректі фильмі өрімдей сарбаздарды қазақ генералы қанатының астына алып, еліне аман әкелуге ант еткен Бақытжан Ертаев туралы сыр шертеді.
Фильм ер тұлғалы Баукеңнің, Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоғын қойып, тағзым етуден басталады. Бақытжан Ертаев та – Жуалы өңірінің тумасы. Әскери қызметке тұру оның бала күнгі арманы еді. Сөйтіп жаяу әскер әскери институтында тәлім алды, кейіннен осы мамандық бойынша білімін Мәскеуде жалғастырды. 1980 жылы Бақытжан Ертаев Ауғанстан соғысына аттандырылды. Деректі фильм осы оқиғалар желісімен түсірілген. Онда генералдың майдандас достары мен қызметтес әріптестері, жұбайы мен жақындары жылы лебізін білдіріп, кейіпкердің образын аша түседі. Фильмнің режиссері Сатыпалды Текеев Ертаевпен бірнеше жыл таныс екенін айта келіп, оның ерлігі мен еңбегін осы фильмге сыйғызуға тырыстық дейді. «Бұл фильм 40 минуттан тұрады. Біз атақты генералды көзінің тірісінде ұрпаққа үлгі етіп көрсеттік. Мемлекеттің қолдауымен түсірілген деректі фильмде бұл кісінің ерекше адам екенін, батылдығын білдік. Түсірілімдер де өз аузынан айтылған әңгіме бойынша қойылды. Бұл фильмде Ертаевтың балалық шағынан осы жасқа келгенге дейінгі уақыттың бәрі қамтылды. Картинаны түсіру үшін өткен жылы жеті ай тынбай еңбектендік. Түсіру жұмыстары Қазақстанның түрлі аймақтарында жүрді. Мұрағаттан да кейбір кадрларды іздеп тауып алдық. Жалпы фильм 8 миллион теңгеге түсірілді», – деді.
Генерал десе әдетте мінезі тік, сұсты, өркөкірек адамды елестетуші едік. Бірақ Бақытжан ағаның қарапайымдылығы талайды таңғалдырады. Тіпті кезінде ауғандықтар Б.Ертаевтың мінезіне тәнті болып, ауыл-ауылдан «бастық» деп іздеп келетін көрінеді. Елге оралғаннан кейін Бақытжан Ертаев 1997-2000 жылдары Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабының бастығы болып қызмет атқарды. Осы тұста Кореяға тікұшақ сатылып, Бас штабтың бастығы қызметін босатсын делінді. Алайда Б.Ертаев «Мен кінәлі болмасам, қызметімнен неге кетемін» деп әділдікке қол жеткізіп, ақталып шықты. Бұл да қайсарлық пен табандылықтың белгісі.
Деректі фильм жалғыз Ертаевтың ерлігі емес, бүкіл ауған соғысына қатысқан жастарымыздың көзсіз ерлігін паш етті. Мұны генерал да қоштап отыр: «Маған берілген сый, құрмет, атақ пен абырой бүкіл ауған соғысына қатысқан сарбаздарға көрсетілген құрмет деп білемін. Біз – батыр халықпыз. Біздің тарихымыз кең. Біз – тарихын сыйлаған халықпыз. Сондықтан, осындай киноға тек Бақытжан емес, басқа да батырларды түсіретін шығар. Бұл бастамасы болсын деп тілеймін», – деді. Сондай-ақ жас ұрпақ тәрбиесінде өнегелі азаматтарымыз бен ерлеріміздің ерлігін насихаттау жауапты іс. Осы тұрғыда «Фильм көңіліңізден шықты ма? Образды ашып, ойыңыздағыны жеткізе алды ма?» деген сауалымызға даңқты генерал былай деп жауап берді: «Әрине, айтылатын нәрсе әлі көп. Жастарға үлгі көрсетіп, Отан қорғаудың маңыздылығын түсіндіре алсақ, міне нағыз ерлік сол».