Отансүйгіштік отбасылық тәрбиеден басталады
Отансүйгіштік отбасылық тәрбиеден басталады
Гүлзина БЕКТАС
Кеше «Нұр Отан» ХДП-сы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Алматыда бір топ жастармен кездесті. Жастарымыздың арасында жастар саясатына араласып жүрген жас қырандар да жоқ емес. Студенттік ұйымдардың басшылары, «Жас отан» жастар қанатының мүшелері де жиылған. Кездесу барысында партия төрағасының бірінші орынбасары жастарымызбен еркін әңгіме өткізіп, алматылық жастар Бауыржан Байбек мырзамен қала жастарын толғандырған мәселелер туралы өз ойларымен бөлісті.
Бауыржан Байбек мырза: «Бүгінгі қоғамда көп дүние қиындап кетті. Білім алу да бұрынғыдай оңай емес. Сабақтар өте қиын. Болашақта өз жолыңды адаспай табу үшін білім сапасы өте жоғары болу керек. Бұл ең алдымен, бүгінгі жастар сіздерге байланысты. Мемлекеттің саясатын дұрыс түсіндіру де сіздердің қолдарыңызда. Елбасы бүгінгі жастардың прагматик болғанын қалайды. Сол себептен билік, мемлекет бүгінгі жастарға қол созып көмектессе, жастарымыз да болашақта бүгінгі бастаған істі жалғастырушы ізбасарларымыз болады. Бүкіл Алматының жастарымен бір мезетте кездесу мүмкін емес. Алматыға әлі де бірнеше рет келетін боламыз. Жақында облыс әкімдерімен сөйлесіп, жастар мәселесін алға қоюды көтеріп отырмын. Кейбір облыстарда жастар жиналатын ұйымдары жоқ екен. Тіпті арнайы ғимараттары да жоқ. Облыс әкімдерімен ақылдасып, осы мәселелерді шешуге тырысудамыз. Алматыда жастар ұйымдары өте көп деп ойлаймын. Сондықтан, өздеріңіздің ойларыңызды, пікірлеріңізді білуге келдім», – деді.
Алматы қалалық «Жас отан» жастар қанатының мүшелері өз кезегінде өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салды. Алматы бүгінде мәдениеттің ғана ортасы емес, жастардың да қаласы. Алатаудың бөктеріндегі әсем қалада бірнеше ЖОО орындары бар. Ол жоғары оқу орындарында мыңдаған студент білім нәрімен сусындап жүр. Мағжан ақын сенетін жастарымыз да солар. Ал жастардың белсенді болмауға құқы жоқ. Кез келген істе белсенділік таныта білу жастарға ғана тән нәрсе. Өйткені жастардың бойында жастық жалын бар.
Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жастар тәрбиесінің жақсы болуы отбасылық тәрбиеден басталатынын айтады. Отбасын сыйлай білген, ата-анасын құрмет тұтқан жастан көп нәрсені күтуге болады. Отбасылық құндылықтарды ардақтаған жастар Отанын сүйеді, патриот болып өседі.
Кездесуге қатысқан журналист Руслан Желдібай мәслихаттарда жастардың аз екенін айта келе, қолжетімді баспанаға жастарымыз қаншалықты қол жеткізіп жүргені туралы сауал тастаған еді. Бұл екі мәселенің де бүгінгі күні өзекті екенін, қазір жергілікті мәслихатта жастарымыздың саны төрт пайызға өскенін тілге тиек етті партия басшысының бірінші орынбасары. Жастардың бойында ерекше қабілеті болса, өзін-өзі көрсете білсе, олардың кез келген қызметке баруына мүмкіндігі бар. Қазір жоғары қызметтерде жастарымыздың белсенділігі артып келе жатқанын да жасыруға болмас.
Кездесуде мәдениет ошақтары, жастар мәдениеті де әңгімеден тыс қалмады. «Қала дегеніміз ғимараттар немесе тұрғын үйлер ғана емес. Ол ең алдымен, мәдениеттің ордасы. Адам құр аспен тамақтанып қана қоймайды. Оған рухани азық керек. Батыстағы көп технологияны алу керек дейміз. Не үшін ағылшын тілін білуіміз қажет? Ағылшын тілі арқылы сол елдердің мәдениетін, технологиясын меңгеретін боламыз. Яғни, «жақсысынан үйренеміз, жаманынан жиренеміз». Мәселен, Қытайдың, Ресейдің жастары ағылшын тілін білуге ұмтылады. Неге? Тіл арқылы солардың озық технологиясын меңгеруді ойлайды. Жалпы, адам баласы қанша тілді біледі, ол соншалықты бай. Қазақ тілі бізге ана сүтімен дариды. Болашақта қанша керемет мемлекет болсақ та, тілімізді, дінімізді, мәдениетімізді ұмытып кетсек, онда біз мықты ел болмаймыз. Сондықтан, Елбасы бұл жайында өзінің «Қазақстан – 2050» стратегиялық Жолда-уында нақты атап айтып өтті», – дейді Бауыржан Байбек.
Кездесу барысында жастарымыз өздерінің көкейінде жүрген, өздерін толғандырып жүрген мәселелеріне жауап тапты деген ойдамыз. Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекпен болған әңгімеден біздің де түйгеніміз осы.