Маргарет ТЭТЧЕР

Маргарет ТЭТЧЕР

Маргарет ТЭТЧЕР
ашық дереккөзі
509
Әлем таныған тұлғалар Маргарет мектепке дейін музыка мен поэзиямен айналысты. Әкесінен басқа досы да болған жоқ. Қыздарға арналған мектепте оқу үздігі атанып, жарыстарда мектеп құрамасының капитаны болды. Мектепте қатарынан тоғыз рет өлең оқудан жеңімпаз атанған. Алғашқы жеңісінде мектеп директоры: «Сіздің жолыңыз болды, Маргарет» дегенде ол: «Бұл жолы болғандық емес, мадам. Бұл менің еңбегімнің жемісі» – деп жауап берген еді. Маргарет 12 жасында саяси жиналыс­тарға қатысып, 13 жасында әкесінің консерва­торларға іш тартатынына қарамастан лейбористер жағына шыққан. Ол бакалея дүкенінде де жұмыс істейтін уақыт тапты. Әкесі де алға қойған мақсатына жету үшін барынша көп оқып, көп еңбектенудің арқасында кейін Грэнтхемнің мэрі болып сайланды. Ал қызы мектеп бітіруге төрт жыл қалғанда Сомервилдегі қыздарға арналған Оксфорд колледжіне түсуді армандайтын. Ол сол арманына жетіп, стипендия алып тұру үшін оған латын тілін меңгеру де керек болды. Колледжде алған бетінен қайтпайтын өжеттігімен де танылды. Содан бастап оқушылар оны Ежіктегіш деп атап кетті. Барлық қыздар секілді Маргарет те бойжете бастаған шақта алғашқы ғашықтық күйін кешті. Ол қаладағы белгілі графтың ұлын іштей ұнататын. Бірақ ұлдың отбасы Маргаретті қаламады. Жігіт ата-анасы беріп тұрған қаражаттан айрылып қалатын болған соң, амалсыз қыздан бас тартты. Сол күннен бастап Маргарет өзінің бар уақытын оқып-ізденуге жұмсады. Тек саяси айтыстарға қатысу ғана оны кітаптардан көзін уақытша тайдыратын. Сондай жиналыстарға қатысудың арқасында ол шешен сөйлеуге машықтанды, ерлер арасында өз көзқарасын дәлелдейтін шамаға жетті. Кейінірек Оксфорд университетінде жүріп, лейбористер қатарынан шығып, консерваторлар ассоциациясына кірді. Енді ол осы ассоциацияның президенті болуды да армандай бастады. 1947 жылы Маргарет Робертс бакалавр дипломын алып, Мэннингтон зертханасында ғылыми қызметкер болып жұмысқа қабыл­данды. Арада аз уақыт өткен соң Лонданға келіп, химия зертханасында жұмыс істеді. Алайда оның негізгі арманы саясатпен айналысу еді. Сол ой үнемі мазалаумен болды. Ақыры сол ойын жүзеге асыру үшін 1948 Дартфордтағы Консерваторлар партиясы бөлімінің атынан парламентке сайлауға түсті. Ол өзін сайлануға мүмкіндігі болмайтынын білсе де күресуді жөн көрген. Дауыс жинау үшін қалашықтың көпшілік жиналған орындарына, арнайы болып жатқан жиындарға соғып, сөз сөйлеп, үйді-үйді аралайды. Оның мініп жүретін көлігі де жоқ, таксиге төлейтін артық ақшасы да болмаған, сол жылдары көшелерде қатынайтын автобустар да жүрмейтін шақ еді. Сонда да ол қаланың батысы мен шығысындағы шақырған жерге міндетті түрде баратын. Жанында жүрген жақтасы Рей Вулкотт оны түн жарымында үйіне әкеп салушы еді. Сонда Маргарет үстел үстіндегі жұқа консерві қалбырын көрсетіп: «Міне, менің тамағым», – дегенде Рей Волкотт таңданыстан үндемей қалушы еді.. Үйіне келген соң ол әйелі Люсиге: «Бүгін Маргаретті үйіне шығарып салдым. Оның он алты сағат жұмыс күнінен соң үйіне барғанда жейтіні бір ғана жұқа консерві екен», – деп таңдана басын шайқапты. Олар Маргаретті Лондондағы үйінде бірге тұруға шақырады. Маргарет қабыл алып, бір жылдан астам уақыт сонда тұрған. Ол сайлаушылармен кездесуден соң үйіне оралғанда сағат тілі көбіне түнгі 11-ді көрсетіп тұратын. Бір стакан кофе ішіп, кабинетіне кіріп, жан-жаққа хаттар жазып, түнгі сағат екіге дейін газеттерді оқитын. Таңғы сағат 6-да тұрып, жарты сағаттан соң поезд тоқтайтын аялдамаға қарай асығатын. Оның шкафтағы киім түрлері де өте аз еді. Кей күндері түннің бір уағында ас бөлмеге барып, әдеттегідей ертеңгі сайлаушылармен кездесуге киетін қара барқыттан тігілген көйлегін үтіктейді. Тамақ аз жеп, көп жұмыс істеуге әдеттенген Маргарет Дартфордқа қайта қоныстанған кезде де ер адамдарға көңіл аудармайды. Барлық іс-жігерін, уақытын саясатпен айналысуға жұмсады. Әлдекімге көңіл аударып, ғашықтық сезімге бөленуге уақыты да болмады. Ондайға көңілі де соқпаушы еді. Маргарет сайлауда жеңіліс тапты. Алайда сайлау алды кампаниясында партиялас жақтасы, өзінен он жас үлкен Дэнис Тэтчермен танысқан болатын. Ол өндірісші-кәсіпкер еді. Бұрын үйленген. Маргареттің бос уақыты бола қалса, ресторандарға, саябақтарға шақыратын. Оның Маргаретке көңілі кеткені соншалық, жиі-жиі кездесіп тұруды қалап жүрді. Ал Маргаретте оған деген соншалық ынтықтық болмады. Алайда уақыт өте келе өзара түсіністікке құрылған байланыс үдеп, бір-бірімен етене жақындай түсті. «Ол кәсіпорында түрлі бояулар мен басқа да химиялық өнімдер шығарды. Ал менің мамандығым химик қой. Осы жағынан да біз жақындай түстік», – дейді Маргарет. Екі жылдан соң Дэнис Тэтчерге ерге шыққан. Үйлену тойынан кейін-ақ Маргарет заң мектебіне оқуға түсті. Ал 1953 жылы егіз ұл тауып, оларға Кэрол және Марк деп ат қойды. Төрт айдан соң адвокат мамандығы бойынша емтихан тапсырды. Маргарет Тэтчер көпшілік жиындарда кәсіптік және отбасылық міндеттер тақырыбы бойынша жиі-жиі сөйлеп жүрді. Оның пікірі қай кезде де бірмағыналы болды. Ол 1983 жылы Cosmopolitan журналына берген сұхбатында: «Біз келешекте ер адамдар қанша қарсы болса да тұрмысқа шығып, билікке араласқан әйелдер саны көп болатынын көретін боламыз. Мен бұған толық сенемін», – деген. Келесі жылы Маргарет Тэтчер адвокат болып қызмет етті. Көп ұзамай патент пен салық заңдылықтары бойынша тамаша маман иесі атанды. Маргаретке дейін юриспруденцияның бұл саласында әйелдер мүлдем жоқтың қасы еді. Ол сол кезде ақпарат құралдарына берген сұхбатында: «Менің қыздарға арналған оқу орындарында оқығаным қандай жақсы болды. Жас кезімнен-ақ ер балаларға дес берген емеспін. Ал мен бойжеткен кезде бәрі де кеш болды, мырзалар», – деген екен. Маргарет ұлдары өсіп-жетілгенше саясатқа араласуға үзіліс жасады. Маргарет Тэтчердің Дартфордтағы консерватор-сайлаушылар алдындағы беделі уақыт өткен сайын өсіп отырды. Сондықтан да оны сайлаушылар екінші рет депутаттыққа кандидат етіп ұсынған. Сол жылдың жазында Лондондағы Алберт-холлда өткен әйел-консерваторларының жиналысында Маргарет Уинстон Черчилльдің қабылдауына шақырылады. Қысқа кездесуде ол ел экономикасы жөніндегі өз ойын толық жеткізген. Черчилльге оның пікірлері ұнағандықтан кейін тағы да бірнеше рет кездесіп, кеңес құрғаны бар. Маргарет Тэтчер 1959 жылы парламент сайлауына екінші рет бақ сынап көрді. Сол жолы жеңіске де жетті. 33 жасында общин палатасына мүше болды. Содан бастап оның саясаттағы бағы жанып, қызметте үнемі көтеріліп отырды. 1979 жылдың мамырында сайлаушылардың 44 пайыз дауысын жинап, Ұлыбританияның Премьер-министрі тағына отырды. Оның халық арасындағы жанама аттары да көбейе түсті. «Темір ханым», «Қанды Марго», «Лапканың қызы», «Танкідей берік». Солай жалғасып кете береді. Жаңа Премьер-министрге алғашқы жылдар өте ауыр соқты. Өйткені Ұлы­британия экономикалық дағдарыс жағдайында еді. Қазынада қаражат мүлдем аз болды. Мемлекеттік қызметкерлерге жалақы кешік­ті­­ріліп беріліп жатты. Инфляция 20-25 пайызға дейін көтерілген. Алған бетінен қайтпайтын Маргареттің өз дегеніне жету үшін қарсыластарымен батыл күресуіне тура келді. Кейіндеу бұл кезеңді журналистер мен зерттеушілер «Ұлыбритания үшін тарихи күрес» деп бағалады. Ол кәсіподақтармен ымырасыз күресті. Үлкен жиындарда: «Бұл елде біздегі ерікті қоғамның мәні мен маңызын бұзуды армандайтын адамдар көптеп кездеседі. Оларды қоғамды бұзушылар деп атау керек. Өкінішке қарай, олардың қатары кәсіподақтарда да аз емес», – деп айтып та жүрді. Шығынға батқан шахталарды жаптырмау үшін ереуілдеп жатқан шахтер­лермен, жекеменшікке беруде жіберіліп жатқан заңсыздықтармен, жемқорлықпен, салық төлеуден жалтарушылармен күресу оңай болған жоқ. Ол басқарған үкімет ақша шығару мен несие беруді қатаң бақылауға алды. Бір айдан соң-ақ еңбек табысындағы 83 пайыздық салықты 60 пайызға дейін түсірді. Еңбексіз табылған кірістің 90 пайыздық салығын 75-ке дейін кемітті. Ол бағаны үстемелегендерге салықты көтеріп, валюта бақылаудағы шектеулерді алып тастады. Маргарет Тэтчер 1980 жылы «Daily Mirror» журналының тілшісіне: «Мен әрдайым өзімнің әйел заты екенімді ескермеуге тырысамын. Мен өзіме Премьер-министр ретінде қараймын», – деген еді. Ол қатаң түрде қолданған экономикалық дамудың жаңа тәсілдері 1984 жылы инфляцияны 4 пайызға дейін төмендетті. Алайда жапа шеккендер де аз болған жоқ. Мемлекеттің жәрдеміне сүйеніп келген кәсіпорындар банкротқа ұшырады. Жұмыссыздар мәселесі түбегейлі шешілген жоқ. Соған қарамай экономика жағдайын шынайы көрсететін орта буын біртіндеп өсе бастады. Сол жылдан бастап Ұлыбританияның экономикалық көрсеткіші артты. Маргарет Тэтчер жоғарыда аталмыш журналдың тілшісімен тағы бірде кездес­кенде: «Мен тәулігіне төрт, бес сағат қана көз шырымын алып жүрдім. Менің өмірім – менің жұмысым. Біреулер өмір сүру үшін жұмыс істейді. Ал мен жұмыс істеу үшін өмір сүріп келемін», – деді. Ұлыбритания үкіметіне халықаралық мәселелерді шешу де оңайға түскен жоқ. Әсіресе Оңтүстік Америка құрлығына жақын орналасқан Фолкленд аралдарын Аргентина басып алған кезде Маргарет Тэтчер басқарған үкіметтен маза кетті. Оппозиция өкілдері тез шара қолдана қоймадың деп оны сан-саққа жүгіртіп үлгірді. Ақыры әскери күш қолдану арқылы аралдарды Ұлыбританияның иелігіне қайтаруға тура келді. Тэтчер өз орнын үлкен айқай-шумен қалдырды. Оның 1990 жылдардағы эконо­микадағы талас тудырған мәселеде өз ұсынысында табандап тұруы көптеген адам­дарға ұнамады. Өз жағындағылардың біразы да мақұлдай қоймаған. Ол Ұлыбри­танияның Еуропа қаржы-несие жүйесіне мүлдем қарсы болды. Нәтижесінде 1990 жылдың қараша айында отставкаға кетті. Оның орнына қаржы министрі Джон Мэйджер отырды. 1992 жылы Елизавета II демалыстағы Маргарет Тэтчерді барон титулымен марапаттады.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары