ҚЫРҒЫЗ ПАРЛАМЕНТІ «Құмтөрді» қолға алды

ҚЫРҒЫЗ ПАРЛАМЕНТІ «Құмтөрді» қолға алды

ҚЫРҒЫЗ  ПАРЛАМЕНТІ «Құмтөрді» қолға алды
ашық дереккөзі
297

Жылан жылы қырғызстандықтарға жайлы басталған жоқ

3 қаңтарда қырғыз-өзбек шекарасында өзбек шекарашыларының оғынан бір қырғыз ұланы оққа ұшқан еді. 5 қаңтарда Өзбекстанның Сох анклавының жүз шақты адамы шекарашылардың тосқауылын бұзып өтіп, қырғыздардың Шарбақ ауылына шабуыл жасаған, қырықтай адамын барымталап алып кеткен. Аз ғана шекарашылар аспанға оқ атқаннан артыққа бара алмай, жағдайды бақылауға алуға күштері жетпеді. Өзбек тұрғындары қырғыз шекара қызметінің тапсырысымен электр бағандарының орнатылып жатқандығына қарсылық көрсеткен. Олардың айтуынша, қырғыздар шекара белгісінен өтіп кеткенге ұқсайды.

Атап айтсақ, шекара дейтіндей шекара жоқ, кейбір жолдардың бір беті Қырғызстанға қараса, екінші беті Өзбекстанға қарайды. Қырғызстанның Бәткен облысында облыстық газетте істеген әріптесіміз, «Оқиға болған жерге бара жатқанда, машинамыздың оң жақ қапталындағы дөңгелектері Өзбекстан территориясымен, сол жақтағы дөңгелектері Қырғыз Республикасының жерімен жүріп бара жатты», – деп күлдіргені бар.

Содан бері екі айға жуық уақыт өтті. Шекараны бойлай тұрып жатқан екі елдің халқы жарасып, жағдай сәл түзеліп қалғандай. Жоғарыдағы оқиға қырғыз Үкіметінің шекара мәселесіне бұрынғыдан гөрі көбірек көңіл бөлуіне мұрындық болды. Таяуда республиканың Жоғарғы Кеңеші қауіпсіздік, шекара, қорғаныс салаларына жетекшілік жасаған арнайы вице-премьер-министр қызметін белгілеу жөнінде шешім қабылдады. Мемлекеттік шекара қызметінің басшылығына бұл саланың жай-жапсарын жақсы білген, бұған дейін Жоғарғы Кеңештің депутаты болып отырған Тоқон Мамытов тағайындалды. Атқарылатын істер көп. Бүгінгі күнде қырғыз-өзбек шекарасының 40 пайызы заңдастырылған жоқ.

Шекара мәмілелерінде анклав мәселесі Орта Азиядағы үш мемлекеттің – Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның көкейіне қадалған көк тікендей болып тұр. Анклав – бір мемлекеттің басқа елдің аумағында, қоршауда қалған бөлігі. Қырғызстанда Өзбекстанның Сох, Шахимардан және Шоң Гара деген үш анклавы, Тәжікстанның Ворух деген бір анклавы, ал енді Өзбекстанда Қырғызстанның Барак деген бір анклавы бар. Бұл анклавтарда, әсіресе Кеңес Одағы ыдырағаннан бері, жанжалдар жиі-жиі қайталануда.

Шекара мәселесі сабасына түскендей болғанда, 4 ақпанда Ішкі істер министрлігінің № 702 әскер бөлімінен 39 жауынгердің қашып кеткені хабарланды. Бұлар жай ғана жауынгерлер емес, Қырғыз Республикасы Президентінің резиденция­сын күзеткен әскерлер екені мәлім болғанда, елдегі сардарлар жерге қарады. Бұл оқиға бірқатар ішкі әскер шенеуніктерінің қызметі төмендетілуімен және сөгіс алуымен «жабулы қазан жабулы» күйінде қалды. Дегенмен, 22 ақпанда ішкі істер министрі Шамиль Атаханов қызметтен алынып, орнына Абдулда Сұранчиев министрдің міндетін атқарушы болып тағайындалды. Сірә, Атахановтың қызметінен шеттетілуіне 4 ақпандағы оқиға емес, ішкі істер саласындағы моральдық жағдай себеп болған сияқты. Өткен аптада Бішкектегі жезөкшелер притондарын әшкерелеу бойынша арнайы рейд жүргізілгенде, ішкі істер қызметінің кейбір офицерлері олармен сыбайлас екен деген сөз елге тарап кеткен болатын.

Ақпанның 13-інде Бішкекте «Ақ Үйдің» (Президент және Жоғарғы Кеңеш ғимараты) жанына шаңқай түсте «Ата Мекен» партиясының туларын көтерген 2 мыңдай адам жиналып, шеру өткізді. Шеруге қатысушылар қаланың бас көшелерінің бірі – Шу даңғылын жауып тастады. Бұл күні Жоғарғы Кеңеште «Ата Мекен» партиясының қазіргі төрт депутатының 2010 жылғы сәуір төңкерісі күндерінде нысандарды басып алуға қатысы бар ма, жоқ па?» деген мәселе қаралып жатқан. Ереуілді саясатшылар партияның лидері, Жоғарғы Кеңештің депутаты Өмірбек Текебаевтың әріптестеріне қысым көрсетуі деп бағалады. Жоғарғы Кеңештің 19 қаңтарда қабылдаған «Қырғыз Республикасының әкімшілік жауапкершілік жөніндегі Кодексіне толықтырулар енгізу туралы» Заңға Президент Алмазбек Атамбаевтың қол қойғаны 15 ақпанда ресми түрде жарияланып, күшіне енді. Оған сәйкес, жолды заңсыз жапқан жеке тұлғаларға 3 мың сом, заңды тұлғаларға 50 мың сом айыппұл салынады. Егер көшелерге кедергілер қойылса, тиісінше 5 мың сом және 70 мың сом төлейтін болады. Бірақ, Қырғызстанның жаңа Конституциясының «атасы», Заңның қабылдануын қолдап дауыс берген Өмірбек Текебаев әкімшілік жауапкершілікке тартылған жоқ. Оған шерудің екі күн ертерек ұйымдастырылғаны себеп болса керек. «Атамекеншілерге» тағылған айыптауларға байланысты тексерулер одан әрі жалғасатын болды.

Ақпан айында елдің көңілін өзіне бұрған елеулі оқиғалардың тағы бірі – парламентте Қырғызстандағы ең ірі кәсіпорын «Құмтөр» алтын кені ісінің қаралуы болды. Парламент «Құмтөр Оперейтинг Компани» жабық акционерлік қоғамының жұмыстарын тексерген экономика министрі Темір Сариев бастаған мемлекеттік комиссияның есебін төрт күн қызу талқыға салып, 21 ақпанда қаулы қабылдады. Онда Үкіметке «Құмтөр» кенінде компанияның үзіліссіз істей беруін қамтамасыз ету; экологиялық және техникалық қауіпсіздік бойынша мемлекеттік комиссияның компания келтірген экологиялық зияндардың (6,7 миллиард сом) орнын толтыруды талап етуі; Канада үкіметімен бірге келісімдерге қол қойған тұлғалардың қылмысқа қатыстылығының бар-жоғын анықтауды және басқа да міндеттер жүктелген. Сондай-ақ, республиканың бас прокуратурасына және ұлттық қауіпсіздіктің мемлекеттік комитетіне (ҰҚМК) тиесілі тапсырмалар берілген. Үкімет, Бас прокуратура және ҰҚМК 2013 жылдың 1 маусымына дейін Жоғарғы Кеңешке тапсырмалардың орындалуы бойынша есеп беруге тиіс.

Өз кезегінде, мемлекеттік комиссия «Центерра» компаниясына бір қатар талаптар қойды, атап айтсақ, бұлар: «Құмтөр Голд компани» мен «Құмтөр Оперейтинг Компаниді» біріктіріп, жаңа басқарушы компанияны құру; «Центеррадағы» акциялардың ара салмағына орай Директорлар кеңесіндегі 12 адамның төртеуін қырғыз жақтан сайлау; 2013-2014 жылдары «Құмтөр Голд компанидің» вице-президенті Қырғызстанның азаматы болуы, 2015 жылдан бастап компанияның атқарушы органының басшысы Қырғызстанның азаматы болуы; қоршаған ортаны ластауына байланысты компанияның Қырғызстанға жыл сайын 310 мың доллар өтемақы төлеуі.

Комиссия 2012 жылдың 25 желтоқсанында өткен қорытынды мәжілісінде Бас прокуратураға «Құмтөр» жобасын іске асыруда Қырғызстанға зиян келтірілген А.Ақаев, Қ.Бакиев, Т.Чыңғышев, Д.Сарығұлов, Б.Силаев, Қ.Құдайбергенов, А.Жақыпов, Н.Танаев, И.Чудинов, Д.Үсенов, А.Елисеев, М.Бакиев, Қ.Құрманалиев және басқа да атқамінерлердің ісіне құқықтық баға беріп, оларды жауапқа тарту жолдарын анықтау туралы ұсыныс жасаған да болатын.

Экономистердің есептеулеріне қарағанда, 1997 жылдан 2012 жылға дейін «Құмтөр» кенінен канадалықтар 5 миллиард долларға жуық, ал Қырғызстан болса олардан он есе аз, 0,5 миллиард доллардай таза пайда көрген. Негізі, «Құмтөрде» жыл сайын 20 тоннадай алтын өндіріліп, оның 17 тоннасының пайдасын шетелдік инвес­торлар көруде. Кеннен әлі де 700 тонна алтын өндіруге болады.

«Құмтөр» мәселесі парламентте қаралып жатқан кезде “Ар-Намыс” фракциясының депутаты Қаныбек Иманалиев парламенттің мінберінен канадалық «Centerra gold.ink.» компаниясының президентінің бір айлық еңбекақысы 3 млн. доллар екендігін жария етті. Ол компанияның Директорлар кеңесіне Қырғызстанның атынан мүше болған 3 адамның бір жылдық еңбекақысы Жоғарғы Кеңештің 90 депутатының бір жылдық еңбекақысынан да жоғары екендігін де қосымша айтып өтті.

Жоғарғы Кеңештің сарапшысы Исақбек Торғоевтың айтуынша, «Құмтөр» кені өнімін шығара бастағанға дейін сол жердегі Давыдов мұздығының көлемі 780 млн. текше метр болса, компанияның мәліметіне қарағанда, қазіргі кезде оның 100 млн. текше метрі жойылып кеткен. Ал сарапшылардың мәліметі бойынша, Давыдов мұздығы толық дерлік жойылып, оның шошайған төбесі ғана қалған.

Бұдан тысқары, жер қыртысын зерттеуші мамандар «Құмтөр» кенінің улы қалдықтарын көмген қырқалар кез келген уақытта жылжып, Нарын өзенінің саласына түсіп кетуін де жоққа шығармайды.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның»

Қырғызстандағы тілшісі

Серіктес жаңалықтары