Байқау мәреге жетті

Байқау мәреге жетті

Байқау  мәреге  жетті
ашық дереккөзі
460

Еліміздегі ең ірі мыс өндіруші «Қазақмыс» компаниясы түрлі әлеуметтік, рухани шараларға мұрындық болып келеді. Алып компанияның Балқашта шығарылған алғашқы мыстың 75 жылдық мерейтойына байланысты арнайы байқау жариялағаны қоғамда қолдау тапқан еді.

Ал таяуда «Қазақмыс» компаниясы Балқаш қаласында мерейтойлық нышанды ойлап табуға жариялаған қалалық ашық байқауды қорытындылады. 1 ақпан мен 25 ақпан аралығында өткізілген байқауға қатысқан үміткерлер саны мол. Байқауды өткізудегі мақсат пен міндет – мерейтойлық нышанның үздік үлігісін анықтау, шығармашылық жағынан дарынды жандарға қолдау көрсету, сондай-ақ Балқаш өндірістік алаңының тарихы, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми, мәдени жағынан маңыздылығын көрнекі көркем құралдар арқылы паш ету.

Байқауға Балқаш қаласының 7 дизайнері мен әуесқой суретшілері қатысты. Олар байқау шартына сай бірнеше нұсқадағы 14 жұмыс ұсынған. Әрине, шын өнерге баға беру де оңай емес. Сол себептен құрамына өндірістік кәсіпорындардың жұмыскерлері, «Қазақмыс» тобындағы кәсіподақ комитеттерінің және де жастар одағының өкілдері кірген әділқазылардың біраз тер төгуіне тура келді. ҚР Еңбек сіңірген суретшісі, Суретшілер одағының мүшесі Өміркелді Әбеуов басшылық еткен әділқазылар жұмыстарды 10 ұпайлық жүйемен бағалады. Оның мерейтойлық тақырыпқа сәйкестілігі, мәнерлілігі, дизайнның құрылымдық біркелкілігі және түстерінің өзгешелігі мен көркемдік тәсілдерін шығармашылық тұрғыдан саралады.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 4 наурызда «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауытында болып өтті. Сонымен, байқау нәтижесі қандай? Көптің көңіліне қуаныш сыйлаған байқауда шығармашылық еңбегіне 186 балл берілген дизайнер Елена Меркулова оқ бойы озық шықты. Диплом мен ақшалай сыйлыққа ие болған ол Балқаш қаласындағы Қазіргі заманғы гуманитарлық университетінің информатика факультетінің түлегі. Жоғары оқу орнын тәмамдаған түлек қаладағы фотостудиялар мен жарнама агенттіктерінде еңбек еткен.

Сондай-ақ, «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС директоры Гәкім Ахбетов компания және байқау комиссиясы мүшелерінің атынан байқаудағы ең жас қатысушылардың өнеріне ризашылығын білдіріп, 7-сынып оқушысы Анастасия Свешникова мен 6-сынып оқушысы Дарья Александроваға ақшалай сыйақы табыс етті.

Динара Дүрмән

Серіктес жаңалықтары