Ағылшындардан аларымыз мол
Ағылшындардан аларымыз мол
Кәсіпкерлікті жете меңгеруге құлшынған бір топ қазақ кәсіпкері ағылшындар еліне аттанбақ. Екіжақты ынтымақтастық орнатуда Қазақстанға басымдық беретін Британиядан жастардың үйренері көп.
Еліміздегі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына мемлекет тарапынан үлкен мүмкіндіктер жасалуда. Ресми деректерге сүйенсек, соңғы 4 жылда Қазақстан Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінде 14 сатыға жоғарылап, 49-орынды иемденді. Бүгінде жастардың кәсіпкерлікті меңгерсем деген құлшынысы да жоғары. Өйткені алған білімдерін әлеуметтік ахуалды жақсарту жолында жұмсауға мүдделі. Осы мақсатта, жуырда Алматыда «Британдық кәсіпкерлік және өзара әрекеттестік шеңберін кеңейту» тақырыбында конференция өтті. Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі мен «Даму» қоры бірігіп ұйымдастырған бұл шараға еліміздегі 50-ден астам жас кәсіпкер, ағылшын бизнесмендері, ірі компания өкілдері шақырылыпты. Конференцияның мақсаты – британдық компаниялар, қазақ бизнесі, Ұлыбритания университеттерінің түлектері және Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы кәсіпкерлікті қолдаушылар арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Кез келген мәселені меңгеруде тәжірибесі мол елдердің экономикасы мен тарихына иек артқан пайдалы. Мамандар пікірінше, Ұлыбритания тәжірибесі біздің жас кәсіпкерлерге пайдалы көрінеді. «Британияда жастар кәсіпкерлігін дамытуда үлкен тәжірибесі бар. Біріккен корольдіктер бағдарламасын зерттей келе, біріккен жобаларды жүзеге асыруда ортақ мүдделерді қарастырудамыз. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы-2020» дамытуда және жастар саласын дамытудағы арнайы тетіктерді енгізуді көздеп отырмыз», – деп мәлімдеген «Даму» қорының жетекшісі Ләззат Ибрагимова
Ұлыбританиядағы жастар кәсіпкерлігінің қалай дамытылып жатқаны туралы қазақ кәсіпкерлерімен ой бөліскен Уэльс ханзада қорының Ресейдегі филиалының (Youth Business Russia) басқарушысы Борис Ткаченко, The Yong Foundation британдық даму институтының жетекшісі Стюарт Томассон ағылшындар еліндегі басты талаптарға тоқталды. Ең маңыздысы, британдық тәсіл – тиімді бастамаларды тезірек іске асырып, кәсіпкерлік мәдениетін дамыту. Бұл орайда, Борис Ткаченко халықаралық гранттарды жастар жобасын қаржыландыруға жұмсаудың тетіктерін айтса, Стюарт Томассон соңғы жылдары кеңінен қолданысқа енген әлеуметтік кәсіпкерлік жайлы әңгімеледі.
Ұлыбританияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісінің орынбасары Грег Куинн британдық ұлттың кәсіпкерлікпен тығыз байланысты екенін жеткізді. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан бизнесмендерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, іскер адамдардың жұмыстарын жақсартудың жолдарын үнемі іздестіруден тынбайды. Қазақстанда жеке бизнесті дөңгелетуге орасан зор мүмкіндік барын көлденең тартқан Куинн: «Біз әлем бойынша үздіксіз өсіп келе жатқан экономикалар арасында жетінші орындамыз. Әлбетте, Қазақстан экономикасы сияқты ерекше қарқынмен ілгерілеп жатқан жоқпыз», – деді.
Кәсіпкерлікті енді бастаған жас мамандарға ұстаздық ететін құрылымдар қажет. Бұл – Жер шарының бүкіл мемлекеті сүйенетін әлемдік тәжірибе. Яғни, ірі компаниялар шағын және орта кәсіпкерліктің қалыптасуына ықпал етеді. Дәл осы тәсілді көптеген батыстық мемлекеттермен қатар ағылшындар да кеңінен қолданады. «Қазақстанда кәсіпкерлік саласында үлкен өзгерістер жасауға құлшынған талаптары таудай жастар көп. Әрине, бірден нәтиже береді деу артық. Ұлыбританияда көзделген мақсатқа 15-20 жылда қол жеткізілді», – деген Грег Куинн табысқа қол жеткізуде шыдамдылық керектігін ескертті.
Конференцияның «Ынтымақтастық шеңберін кеңейту» тақырыбындағы екінші сессияда британдық университеттердің түлектері мен британдық бизнес топтар арасындағы серіктестікті дамытуға назар аударылды. Осы бөлімде ағылшындардың әлемге танымал ірі компанияларының өкілдері тәжірибелерімен бөлісіп, жас кәсіпкерлерге пайдалы кеңестер берді. Л.Ибрагимованың айтуынша, былтыр Оңтүстік Қазақстан облысында «Жас кәсіпкер мектебі» деген білім беру жобасы жүзеге асырылған. Осы мектепте оқыған 400-ден астам жасқа тәжірибелі кәсіпкерлер мен бизнес-тренерлер сабақ беріпті. Оқу соңында төрт рет «Бизнес бастама» жәрмеңкесі ұйымдастырылған.
Конференция соңында жас қазақ кәсіпкерлердің Ұлыбританияда кәсіпкерлік саласында білімдерін жеткізу мақсатында арнайы бағдарламалар мен біріккен жобалар түзілді.
Жуырда Ұлыбритания Қазақстанды өзара сауда және инвестиция салалары бойынша басымдық берілетін мемлекеттер тізіміне қосты. Ерекше көңіл бөлінетін 14 ел қатарындағы Қазақстан ағылшындармен екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынасын дамытуды қолға алады. Әлемдік саяси сахнада Қазақстанға қолдау көрсетуде аса белсенді Британия былтыр «EXPO-2017» көрмесіне үміткер болған Қазақстанға дауыс берген еді. Екі ел арасындағы сауда айналымы 2011 жылы 124 пайызға өсіп, экспорт – 530 млн.-ға, ал импорт көлемі 459 млн. фунт стерлингке жеткен. 1991 жылдан бері елімізге Британия тарапынан 50 млрд. фунт стерлингке инвестиция тартылған. Ресми деректерге сүйенсек, Ұлыбритания Қазақстан экономикасына салынған инвестициялар арасында екінші орында тұр. Яғни, жалпы инвестицияның 14 пайызы ағылшындар үлесінде. Сонымен қатар елімізде британдықтардың 100-ден астам компаниясы тіркелген. Сауда мәселесіне келсек, Британия үшінші орында. Ең басты салалар қатарында мұнай-газ саласы тұр. Мәселен, «Бритиш Газ», «Бритиш Петролеум» мен «Шелл» компаниялары мен басқа да көптеген ірі қызмет көрсету кәсіпорындары, тасымалдаушылар т.б. Еліміздегі ағылшын компанияларының басым бөлігі консалтингтік, банк, заң саласы сияқты қызмет көрсету саласында тер төгуде. Сонымен қатар отандық азаматтық авиация саласында да ағылшындардың үлесі мол: British Airspace компаниясы Air Astana компаниясының 40 пайыздық акциясына ие. Ұлыбританиялық кәсіпорындар темекі өндірісі, түрлі-түсті металл, білім беру және т.б. салаларда да серіктестік орнатқан.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ