«ШЕВРОН»: Ынтымақтастыққа – 20 жыл

«ШЕВРОН»: Ынтымақтастыққа – 20 жыл

«ШЕВРОН»: Ынтымақтастыққа – 20 жыл
ашық дереккөзі
190

Жиырма жыл бойы еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына үлес қосып келе жатқан «Шевронның» отандық мамандарды дайындауға қосқан үлесі де қомақты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Конституциясы да түзіліп үлгермеген Қазақ еліне ірі көлемде инвестиция салған алып кәсіпорын талай инвесторға үлгі болды.

Президентке сенген «Шеврон»

Ел егемендігін енді алған 1993 жыл. Дербес шаңырақ құрып, КСРО құрамынан бөлініп шыққан Қазақстанның алдында атқаратын қыруар тірлік тұрды. Жетпіс жылдан астам Мәскеуге бағынып келген мемлекеттің банк және қаржы жүйесі әлсіз, ал заң жүйесі әлі қалыптасып үлгермеген еді. Орталықпен тығыз байланысты болған он бес одақтас республика арасындағы шаруашылық байланыстар үзіліп қалғандықтан басқа да түйткілдер туындады. Қордаланған қиындықтарды шешудің жолы қиындаған сәтте «Теңіз» кен орнын игеру үшін Қазақстанға америкалық «Шеврон» мұнай компаниясы келеді екен» деген хабар талай көңілді бір серпілтіп тастағаны анық. ҚР Президенті Н.Назарбаев «Қазақстандық жол» кітабында: «…Қазақстанның мұнай саласын одан ары дамытуға ықпал еткен ең басты жетістігі «Шеврон» компаниясымен жасаған келісімшарты еді. Дәл осы құжат кейінірек келген инвесторларға қамшы болды. Аталған келісімшарт шынында да ел тәуелсіздігінің экономикалық іргетасын қалаған «ғасыр келісімшартына» айналды», – деп жазды. Жиырма жыл бойы қазақстандық мұнай саласының ғана емес, ел экономикасының дамуына қомақты үлес қосқан «Шеврон» отандық нарыққа енген өзге шетелдік инвесторларға үлгі болды. Алып кәсіпорынның өткеніне көз жүгірте отырып, ой толғаған «Шеврон» корпорациясы Директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Джон Уотсон: «Біздің серіктестік қатынастарымыз Қазақстанның ежелден келе жатқан дәстүрі – Батыс пен Шығыс арасындағы алтын көпірге айналуды көздеген мақсатымен астасқан еді. Президент Н.Назарбаев жиырма жыл бұрын бабалары салған сара жолды таңдады. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның мемлекет ретінде енді қалыптасып жатқанына қарамастан, «Теңізшевройл» компаниясының құрылуына ықпал етті. Мұндай біріккен мемлекеттік-жекеменшік кәсіпорындардың жұмысы табысты болады дегенге екінің бірі сене бермейтін. Мен сол кездері «Шевронға» сенім артқан Президент Назарбаевқа ерекше алғыс айтқым келеді», – деді. 1993 жылдың 6 сәуірінде Қазақстан «Шеврон» компаниясымен келісімшартқа қол қойды.

Кәсіби мамандарға тәжірибе керек

1979 жылы ашылған Теңіз кен орны – геологиялық құрылымы күрделі, әлемдегі мұнайға бай коллекторлардың бірі. Өндірілетін мұнай көлемі 750 млн. тоннадан 1,1 млрд. тоннаға дейін (6-9 млрд). Коллектордың ені 19 шақырымға, ал ұзындығы 21 шақырымға тең. Бүгінде «Теңізшевройл» еліміздің мұнай саласындағы жетекші кәсіпорынға айналған. Қазақстанда өндірілетін 30 пайыз көмірсутегі «ТШО»-ның үлесінде. Сондай-ақ, еуропалық сапаға ие сығымдалған газды өндіріп, алыс-жақын шет мемлекеттерге тасымалдайды. Теңіз кен орнын игеру бізге орасан зор көлемде кіріс кіргізді. Кеніштің арқасында 1993-2012 жылдар аралығында Қазақстан түрлі төлемдер бойынша 72 млрд. АҚШ доллары көлемінде пайда тапқан. Жергілікті кәсіпорындардың 13 млрд. АҚШ долларына тең келетін келісімшарттар жасауына ықпал етіп, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз еткен, компаниядағы 4 мыңнан астам еңбеккеріне жағдай жасаған. Кәсіпорындағы жұмыскерлердің басым бөлігі – Қазақстан азаматтары. Бұрнағы жылы Ақордада Елбасымен кездескен «Шеврон» корпорациясы   директорлар кеңесінің  төрағасы  және бас атқарушы  директоры Джон  Уотсон «Шеврон» кәсіпорнында жұмыс істейтін қызметкерлердің көбі отандақ мамандар екенін айтқан еді: «Қазіргі таңда біздің қызметкерлеріміздің 87 пайызын қазақстандықтар құрайды. Біз сонымен қатар ТШО мен «Шевронның» қазақстандық қамтуды дамытуға қосқан үлесін талқыладық. Біз Қазақстанды үде-мелі индустриялық-инновациялық дамыту  жөніндегі Мемлекет басшысының бастамасын толық қолдаймыз», –деп мәлімдеген.

Сонымен қатар республикамызда отандық мамандар дайындау ісіне де баса назар аударады. Мәселен, «Шеврон» компаниясының қолдауымен Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті мен Колорадо тау-кен университетінің (АҚШ) студенттері, магистранттары мен оқытушылары екі мәрте геологиялық құрылымы жағынан Теңіз кен орнының резервуарына ұқсас Кіші Қаратауда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тәжірибелерімен бөлісіп қайтты. Бұл шара мұнай-газ бағытында мамандар дайындау шеңберінде халықаралық ынтымақтастықты дамыту, студенттермен тәжірибе алмасу және оқыту бағдарламаларын халықаралық мамандарды дайындау стандарттарына сәйкес жақсартуды мақсат еткен. Жастардың кәсіби біліктілігін жақсартуға арналған тәжірибе туралы пікір білдірген Колорадо Тау-кен университеті Геология және геологиялық инженерия факультетінің деканы Джон Хамфри тәжірибе алмасуда студенттерге еңбектің нәтижелілігі мен тиімділігін арттыратын командалық жұмыстың дағдыларын үйрету аса маңызды дейді Яғни, шынайы өндірістік жұмыста мұнайшылар мен геологтар бірлесіп жұмыс істеудің арқасында олар резервуардың моделін жасап, мұнайшыларға осы үлгіні тиімді түрде пайдалануға мүмкіндік беруі тиіс. Жас мамандарға кәсіби біліктілікті арттыруға үлкен мүмкінідк беретін бұл шараны «Шеврон» Жер шарындағы жетекші жоғары оқу орындарымен, оның ішінде Қазақстан мен АҚШ-тың ең ірі техникалық жоғарғы оқу орындары ҚазҰТУ мен Колорадо тау-кен университеті арасында серіктестікті дамыту ретінде қолға алған.

Жас мамандарға тамаша мүмкіндік

Дүние жүзіндегі 16 университетпен серіктестік қатынастағы «Шеврон» осы бағдарлама шеңберінде жыл сайын ҚазҰТУ-дың үздік студенттері мен магистранттарына стипендиялар тапсырып, халықаралық мұнайшы-инженерлер қоғамының студенттік бөлімшесінің жұмысына қолдау көрсетіп келеді. Сонымен бірге, университеттің материалдық-техникалық базасының дамуына да сүбелі үлес қосуда. Бұл орайда аталған университеттің бірнеше тілді еркін меңгерген, алдына қойған мақсат-мұраттары айқын, болашағынан көп үміт күттіретін студенттері туралы айтқан жөн. «ҚазҰТУ студенттері туралы айтсақ, олар тілдерді жетік меңгерген және көбі бірнеше тілде сөйлей алады. Бұл олардың болашақ мансаптарына көмегін тигізеді. Сонымен қатар олар ғылым негіздері мен математиканы жақсы біледі. ҚазҰТУ факультеті мен әкімшілігі кен орнында жұмыс істеуге, геологиялық және инженерлік тұрғыдан бірігіп жұмыс істеуге болашақта да көп назар аударады деп сенеміз» (Джон Хамфри).

Джон Хамфридің айтуынша, екі елдің білім беру жүйесінің арасындағы айырмашылықтардың бірі – кен орнында өткізген жұмыстарының деңгейі: «КТУ-дың геология мамандығы бойынша жоғарғы курс студенттері үшінші курстан кейінгі алты апталық жаздық нысандағы курстарына қоса әр семестр сайын осындай нысандарда сабақтар өткізіп тұрады. КТУ-дың мұнай мамандығы бойынша жоғарғы курс студенттері жұмыс істеп тұрған бұрғылау мұнарасына барады және үш міндетті сабақ ретінде кен орындарға геологиялық сапар шегеді. Біздің түлектеріміздің кен орнында алған тәжірибелері өндіріс үшін өте маңызды. ҚазҰТУ және КТУ студенттері Амангелді газ кен орнына барып, сол жерден көп нәрсені үйренді. Егер біз тағы практика өткізетін болсақ, біз осы сапарды тағы да бір қайталар едік». Деканның пікірінше, тағы бір айырмашылық, ол – факультет пен студенттер арасындағы қарым-қатынас деңгейі. Америкалық білім жүйесі тек «оқытушыдан – студентке» деген оқу тәсіліне негізделмеген, керісінше олар студенттерді оқу процесіне белсене араластырып, пікір бөлісуге тартады.

Сонымен, «Шеврон» компаниясының толыққанды қолдауымен жүзеге асырылып жатқан осы ерекше жоба еліміздің мұнай-газ саласындағы білікті де білімді мамандарды дайындау жолында қомақты үлес қосып жатқан бастама деп айтуға болады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары