«Корея күндерінің» қызықтары

«Корея күндерінің» қызықтары

«Корея күндерінің» қызықтары
ашық дереккөзі
338

Жақында Қазақстан-Корея орталығы мен Т.Рысқұлов атындағы Қазақ Экономикалық Университеті «Халықаралық білім беру бағдарламасы» факультеті және TWO қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Корея күндері» болып өтті.

Мерекелік шара Корея мәдениеті мен рухани мұрасын таныстырудан басталды. Жаңа технология жағынан жыл са-йын қарыштап дамып жатқан мемлекеттің экономикалық жетістіктері туралы бейне түсірілім де көрсетілді. Әуелгі сөзді алған Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Серік Аманжолұлы Қазақстан мен Корея арасындағы мызғымас татулықты дәріптеді. «Біздің оқу орны үшін студенттермен ашық әңгіме өткізу өте маңызды. Оқу орнымызда Корея күні алғаш рет аталып өтуде. Биыл Оңтүстік Корея университетімен келісім-шартқа қол қойғанымызға 7 жылдан асты. Нәтижесінде студенттер Оңтүстік Кореяның белді оқу орындарында білімін жетілдіріп, бәсекеге қабілеттілігін арттырып жүр. Сондықтан мұндай шараның жұмыс беруші компаниялармен тығыз байланыс орнататындығына сенімдімін», – деді ол.

Ал Қазақстандағы Кореяның Бас консулы Сон Чхи Кын: «Корея күндерін өткізіп отырған оқу орнына алғыс айтамын. Қазақстан мен Корея ынтымақтастығы жылдан жылға артып келеді. Біз қашан да қазақ елінің саясатын қолдаймыз. Президент Н.Назарбаевтың жолдауы Қазақстанның дамыған мемлекеттер қатарына қосылуына жол ашады. Қазақстан табиғи ресурстарымен ғана емес, білімді жастарымен де алға шықты. Бүгінде қазақ жастары Кореяның компанияларында біліктілігін арттырып, сенімді серіктесіне айналды», – дегенді жеткізді.

Сондай-ақ, мерекеге қатысушылар кәрістердің ұлттық киімдерін киюге, ұлттық ойындарын ойнауға мүмкіндік алды. Шара барысында қонақтар кәріс ұлттық тағамдарынан дәм татып, «Корея ұлттық музыкасының» тұсаукесеріне куә болды. Оларға «Самульнори» ансамблі өнер көрсетіп, би мен әннен шашу шашты.

Динара ДҮРМӘН

Серіктес жаңалықтары