Қос қолынан айрылса да...

Қос қолынан айрылса да...

Қос қолынан айрылса да...
ашық дереккөзі
246

Зейнеткер-ұстаз Марфуға ОРЫНБАЕВАНЫҢ ерекше өмір жолы туралы

Тағдырдың талай қиын сынағына жанкештілікпен бой бермей, ерекше ерік күшінің арқасында Адам деген ардақты атты абыроймен алып жүрген қайсар жан Марфуға Әбдірайымқызы Орынбаева жайында сөз қозғағанда, еріксіз қалың ойдың орманында қаласың.

…1952 жылдың шілде айы. Төртінші сыныпты жаңа ғана бітірген, тұлымшағы желбіреген он жастағы кіп-кішкентай қыз екі қолынан бірдей айырылды. Анасымен бірге мінген пойыз апатқа ұшырап, сол алапат ауыр шақта екі қолының кесіліп қалғанын ауруханада есін жинағанда бір-ақ білді. Көрер жарығы бар екен, дәрігерлердің көмегімен ғана аман қалған көрінеді. Сол қолынан мүлдем айырылыпты, оң қолы одан гөрі «тәуірірек» болып шықты, яғни, иықтан біраз төменіректен қиылыпты…

Сол кезде, расын айту керек, өрімдей қыз өмірінің осы бір қаралы сәті өзінің келешегіне келтірер кесір-кесапатын толық түсініп-түйсінген де жоқ еді. Осы апаттан кейін өзін шын мәнінде әлсіз, әрекеті аз, қорғанышсыз жанды қуыршаққа ілезде-ақ айналып кеткендей сезінгені бар. Бірақ мүгедектігіне қарамастан мектепті тастаған жоқ. Бұл бір жағынан ардақты әкесі Әбдірайымның ұрпағына ұғындырған ұлағатты істері мен аяулы анасы Тынышбаланың тәлім–тәрбиесінің әсер-ықпалынан болғаны айдан анық еді. Мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ үздіктер қатарынан көрініп келе жатқан ол, екі қолының жоқтығынан жаза алмайтыны болмаса, мына жағдайдан кейін де барлық пәнді жақсы игеріп жүрді.

1958 жылы Марфуға Көктерек (бүгінгі Мойынқұм) ауданы Бірлік ауылындағы Киров орта мектебін (қазіргі Қайрат Рысқұлбековтің атындағы) алтын медальмен аяқтап, айды аспанға шығарды!

Сол жылы ол Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсіп талайды таңдай қақтырды.

Марфуға мен Мархаба: Крукенберг операциясын қайталау

Сонымен, қайта айналып келмейтін қызықтарға толы студенттік күндер басталды. Марфуға жатақханада тұрады. Алғашында бөлмелерінде 16 қыз болса, жоғарғы курста төртеуі ғана қалды. Бәрі де жәрдем беріп, көп көмектесетін. Бірақ, өз басының жай-жағдайы үнемі мазалайтын. Ол, әрине, өзін өзгелерден төмен санайтын кемдігі, яғни, басқалардың көзіне бірден түсетін мүгедектігі. Онысын өзгеге сыр қылып айтпаса да, ұзақ таңға көз ілмей ойлайтын түндері де аз емес еді. Сондайда кітаптан оқып, жадында жатталып қалған Эрнест Тельманның «Өмір адамдарды жеңілу үшін емес, жеңу үшін күресуге міндеттейді» деген сөзін жиі есіне алатын. Есіне алатын да, мен неге күреспеймін деген ойға берік берілетін.

Әне-мінемен уақыт та өтіп жатты. Екінші курсты да орталап қалған. Бір күні берік шешімге бел буып, қаладағы 2-ші емханаға келді. Одан бұрын деканатпен келісіп, емтиханды ерте тапсырып та қойған болатын.

Бұл 1960 жылдың наурыз айы еді. Сол күн бүгінгідей жадында жатталып қалыпты. Алматы көшелеріндегі ағаштардың бүршік жарып, көктемге тән көк иісі мұрын қытықтаған кезі еді.

Дәрігер апайға мән-жайды түсіндірген. Дәрігер оның кесілген қос қолын мұқият қарап, бұрын-соңды мұндай операцияның Алматыда жасалмағанын ашып айтты. Қаладағы №4 ауруханада әскери хирург-травматолог болып қызмет атқаратын Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген дәрігер Мархаба Файзырахманқызы Түкібаева түсі игі адам екен.

Мархаба Файзырахманқызы 1942 жылы дәрігерлік дипломын ала салысымен сұрапыл соғысқа аттанып, Волхов майданынан бір-ақ шыққан қазақтың қаһарман майдангер қыздарының бірі. Ленинград қоршауы бұзылғаннан кейін оқ бораған, отқа оранған жорық жолдарымен жүріп, Берлинге дейін жеткен. Жеткенімен қоймай, Рейхстаг қабырғасына қолын қойған жеңімпаз жауынгер.

Ал осы Мархаба апасы өмірге деген махаббаты шексіз Марфуғаны көзімен көргенде, оның жай-күйін жанымен түсінгенде, нар тәуекелге бел буып, үлкен іске бекінді. Қанша жерден тәжірибелі болса да осы жолы ұзақ ойланып, біраз қобалжыды да. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Крукенбергте алғаш рет неміс хирургтері техникалық жағынан өте күрделі операция жасап, жарамсыз қолдың қозғалыс функциясын қалпына келтіргенін білетін. Марфуғаға тек сондай ота жолымен ғана көмек беруге болады. Яғни, иығынан төмендеу қиылған жерінен екі үлкен «саусақ» жасау керек еді…

«Ота жасауды мойныма алсам да, жүрексініп қатты толғандым. Жеке өзім мұндай операция жасаған емеспін. Бірақ Москвада бір-екі рет ассистент ретінде қатысып көргенмін. Алайда, тек осы жолмен ғана 18 жастағы өрімдей қызға көмек беруге болатынын түйсіндім. Мені, әсіресе, сенің мына жарық дүниеге деген құштарлығың, көпшілігімізде кездесе бермейтін ерекше жігер күшің тәнті етті, айналайын!» – деген еді Мархаба апасы ағынан жарылып.

Үш сағатқа созылған операция сәтті аяқталып, Мархаба да, оның ассистенті, профессор Григорий Львович Эдельштейн де бойжеткен қыздың өміріне үлкен бетбұрыс жасағандары көңілдеріне қуаныш әкеліп, кеуделерін кере тыныстап еді сонда. Оңаша қалған тағы бір сәтте Мархабаның шын көңілімен жымиып тұрып:

«Нәзік жанды қыз болсаң да сенің төзімділігің, қайрат-жігерің сонау соғыста қан кешіп келген менің де жүрегімді елжіретті ғой, қарағым. Өмірге ғашықтығың, үлгілі ғұмыр кешуге ынтықтығың айрықша екен. Бұл да, шын мәнінде, ерлік, ерлік қой!» – дегені де әлі күнге құлағында.

Сол жыл ол үшін аса ауыртпашылығы көп жыл болды. Әкесі төсек тартып жатты, әжесінің көзі көрмей қалды. Бір сіңлісі өзенге ағып, мына дүниеден ерте өтті. Бірақ бірінен соң бірі жағадан алған жамандық қайғының қара бұлтын қанша төндірсе де, бәрібір Марфуғаны мойыта алмады. Оған себепші, әрине өмірдегі ең қымбат адамының бірі Мархаба апасы еді. Иә, дәл сол Мархаба апасының арқасында Марфуға бірталай іс атқара алатын дәрежеге жетті. Жаза да алады, кітап пен дәптер бетін аударыстыра алады… Ал, 1978 жылы Ленинградтағы әлемге әйгілі протез салу жөніндегі ғылыми-зерттеу институтына да Мархаба Файзырахманқызы өзі апарып орналастырды. Сөйтіп, протез киетін болды.

Еліне еңбегі сіңген мұғалім

Марфуға әпкеміз қайда, қай жерде жүрсе де үнемі ақпейіл адамдардың арасына түстім деп есептейді. Солардың көмегі мен жанына қуат, бойына күш берген сенімінің арқасында құрметке бөленіп, абырой-атақ иеленді.

1963 жылы университетті бітіріп, туған ауылына оралғанда да жақсы адамдардың ортасына түсті. Бұрын өзін оқытқан Ұлы Отан соғысының ардагері Тәжібай Сүйкімбеков, Лида Павловна Сорокина (Ленинградтан алыс қиырдағы Мойынқұмға жолдамамен келіп, осында тұрақтап қалған ұстаз), сөзі мірдің оғындай Боранқұл Арғынбеков, талапшыл ұстаз Ақбала Баданова, салмақты да сабырлы Виктория Августовна Нусс тәрізді тәжірибелі ұстаздар оған іш тартып, өнеге көрсетті, білгендерін жалықпай үйретті. Ал мектеп директоры Иген Ақылбаев өте білікті, білімді, әділ әрі адал педагог еді.

Марфуға Әбдірайымқызы өмірден орнықты орнын тапты. Ғибратты ғұмырында адам деген атына қылаудай дақ түсірмеді, әрдайым «әпкелеп, тәтелеп» тұратын інілері мен сіңлілері жанында жүр, ерлігін бағалап, еңбегін қадірлеп-қастерлейтін елі бар.

Әрбір ұстаз алдымен шәкірттерін мақтаныш етеді. Бұл жөнінде де Марфуға Орынбаева қалай мақтанса да болады. Мәселен, егемен еліміздегі ең алғашқы жеке жоғарғы оқу орны – «Тұран» университетінің ректоры, экономика ғылымының докторы, профессор, республика жоғарғы оқу орындары қауымдастығының төрағасы Рахман Алшанов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің белді қызметкері, генерал-майор Шаймұрат Отарбаев Марфуға апайдан тәлім алған шәкірттер.

«Өмір дегеніміз – күрес» деп кезінде Карл Маркстің айтып кеткені мәлім. Иә, қандай жағдайда да, қандай қиындық пен ауыртпалық басына түссе де еңсесін төмендетпей, талмай күресіп жүрген Марфуға апайдай асыл жанды көргенде жаның сүйсініп, жүрегіңе жылы шуақ құйылады, көңілің көгілдір көктемнің көгіндей көтеріледі. Оны дана қазақтың дара да қайсар қызының бірі десек, артық айтқандық бола қоймас, ағайын!

Берікбай ҚАДЫҚОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Серіктес жаңалықтары