Жаңа жобада жарық көрген журнал

Жаңа жобада жарық көрген журнал

Жаңа жобада жарық көрген журнал
ашық дереккөзі
228

«Ақ желкен» журна­лының биылғы екінші саны көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің балалық шағы туралы естелік әңгімемен ашылыпты: «Шұбартаудан Чехияға дейін», «Бақанаста шортандай тулап өскен», «Он жасында Янның Шың­ғысхан туралы романын тауысқан», «Жас кезінен тәкаппарлау еді» деген тақырыпшалары бар естелік «Ізінен аңыз ерген» айдарымен берілген екен.

«Менің кумирім» айдары осы жолы «Адам өміріндегі ең қиын кезеңде ата-анасы жанында болуы керек» атты тақырыппен, халыққа дене шынықтыру мен салауаттылық істері арқылы кең танымал болған Аружан Саинмен сырласуға арналса, Абылайхан мен Нұрсұлтан Назарбаевтың балауыз мүсіндерін жасаған сирек мамандық иесі, гиперреалист Айдос Есмағамбетовтің қызғылықты жұмыстары жайындағы мақала оқырманға «Өнертапқыш» айдары бойынша жол тартыпты. Ал, «Ақ желкеннің» дәстүрлі жүздесуінде журналдың жер-жерден жиналған жас тілшілері талантты жазушы Дидахмет Әшімханұлын ортаға алып, бұл ашық әңгіме «Мектеп бітіру кешіне керзі етікпен барғанмын», «Оралханның маңдайы суық еді», «Шын жазушы ең керемет дүниесін қырыққа дейін жазып тастайды», «Кеңшіліктің 18 жасында жазған өлеңі бейітінің басында жазулы тұр», «Джек Лондонды аударуға 1 миллион теңгеге шартқа отырдым», «Аңыздың ақыры» керемет роман болмаса, немістер қайта-қайта баспас еді» деген тақырыпшалармен түзіліпті. «Талапкер – 2013» айдары шығармашылыққа қатысы бар оқу орындарын қамтып, әдеттегідей қабылдау шарттары туралы түсініктеме беріп, басшыларын сөйлетсе, «Балаңыз тақпақ біле ме?» атты зерттеу мақалада соңғы кезде балалар тез жаттап ала қоятын өлеңдердің азайып кеткені туралы мәселе кешегі мен бүгінгіні салыстыра отырып көтерілген. Журналдың «Ержеттім, бойжеттім» атты тұрақты айдары бойынша маман дәрігерлер жасөспірімдерге өтпелі кезеңдегі құпия жайттар жайында кеңес айтса, «Үш қыздың әңгімесі»: «Ата-бабаларымыз ағайынды Краустардың мультфильмдеріндегідей ажарсыз болмаған», «Мейрамбек Шымкентті шарлап кетті», «Маралтай бренд болып танылды» деген сияқты қызықты тақырыптар төңірегінде шоғырланған. «Ақ желкеннің поштасы» да осы жолы жасөспірім қыз-жігіттер жазған хат-хабарлар топтамасымен оқылымды шығыпты. Прозадан Мәди Алжанбайдың үш әңгімесі, поэзиядан Алмас Темірбайдың жаңа жырлары жарық көріпті. «Ақ желкенді» жаңа жобада дайындаған Жүсіпбек Қорғасбек, Жұлдыз Әбділда, Жадыра Нармаханова, Қарлыға Ибрагимова, Балжан Мұратқызы және жас тілшілер биыл журналдың таралымы көбейгенін, қызығушылар болатын болса жазылу орындарының барлығында қосымша жазылу жүріп жатқанын хабарлайды. Электрондық нұсқаны www.zhasorken.kz сайтынан оқуға болады.

Ж.Баққондыұлы

Серіктес жаңалықтары