Арқаның асқақ әуен, салқын сазы

Арқаның асқақ әуен, салқын сазы

Арқаның асқақ әуен,  салқын сазы
ашық дереккөзі
492
Шертпе күйдің шебері Дәулетбек Сәдуақасұлы туралы сөз

“Егіз шектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра, нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра”. Қадыр ақынның осы өлеңі қазақ пен қазақтың киелі қара домбырасына берілген анықтама дерсің. Көздің сұғындай ғып айтқан ақынның бұл ойын ғылым да растайды. Қазба жұмыстарын жүргізген археолог-ғалымдар біздің жыл санауымыздан төрт мың жыл бұрын тасқа қашалған домбыраның бейнесін тапты. Біздің дәуірімізге дейінгі ІV-VІІ ғасырларда Қазақстан территориясында өмір сүрген сақ тайпаларының “Шыңырау”, “Аққу” атты ежелгі күйлері сақталыпты. Әлемдегі ішекті музыкалық аспаптардың арғы атасы қазақтың қара домбырасы екені дәлелденді.

Көне заманнан бүгінге жеткен қоңыр үнді күйлерді ғасырдан ғасыр асырып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші – күйшілер. Күй – өнер. Өнер болғанда да өзгеше мөлдір өнер. Сол мөлдір өнердің тірегі де, жүрегі де – рух десек, осындай өлмес өнер қонған күйшінің болмыс-бітімі де бөлекше ұлғаусар құбылыс екені даусыз. Бармағынан алуан түрлі күй төккен дәулескер күйшілердің тұманың тұнығындай, шұғаның қиығындай болып бізге жеткен күйлерін тамсанбай тыңдау мүмкін емес. Егіз ішектен төгілген толғауы тоқсан, сырлы да нұрлы қоңыр үннің әлдиі әсем. Ұлы Мұхтар Әуезов: “Қазақ өнерінің ішіндегі ең күрделісі, толғаулысы, сырлысы, ол – күй өнері”, – дейді. Ал, Арқаның шертпе күй өнері хақында: “Арқаның асқақ әуен, салқын сазы”,– деп баға береді тағы да ұлы Мұхаң.

Арқаның күй өнерін тәпсірлегенде шертпе күйдің Тәттімбет, Қыздарбек, Әбди, Мақаш, Сембек, Әбікен сынды арқалы күйшілері тілімізге бірінші оралады. Шертпе күйдің үлгісі мен үрдісі үзілуге шақ қалған кезде осынау өнер тұлғаларының дәмді дәстүр, сарқынды салтын жалғастырған дәулескер күйші Дәулетбек Сәдуақасұлы еді. Дәулетбек Сәдуақасұлы 1938 жылдың 10 наурызында Шет ауданына қарасты “Жас терек” колхозында дүниеге келген. Домбыраға үйірсек бала Дәукең жеті жасқа келгенде анасы Дәнәпияға:” Маған домбыра керек!” деп шорт кесіпті. Жалғызының айтқанын екі етпейтін анасы Айғыржал колхозында тұратын Әбдіғалиға баласына домбыра керек екенін айтады. Дәукеңдерге жезде болып келетін Әбдіғали да күйші еді. Бір домбыра тауып беріп жіберіпті. Бұл – 1945 жыл болатын. Қолына домбыра тиген ойын баласының ендігі ермегі осы болып, ауылды адақтай күй үйренуге кіріседі. Бірақ ауылда күй тарта қоятын ешкім жоқ. Анарбек молда ғана домбыра тартатын. Ол кісінің де тартатыны сол кезде ел арасына кең тараған әндер ғана болатын. Алғашқы әндерді домбыраға салуды сол кісіден үйренді. Қолы жаттығып, домбырға әбден машықтанып алған бала Дәукең бірте-бірте естігенін қолма-қол қағып алып, домбырға салып шертетін “құймақұлақ” болып қалыптаса бастаған. Нотаның не екенін білмейтін қазақы ауылда құймақұлақтық та екінің бірінде бола бермейтін қасиет еді. Есейе келе Шырын деген әкелерінен күй тартуды үйрене бастаған. Жылына бір ауылға келіп, ағайын-туысты аралап, айлап жатып қайтатын Шырын да “жә” деген күйшілердің бірі болатын. Шырын әкесінің соңынан қалмай ере жүріп, тартқан күйлерін көкірегіне қондыра беретін. Үйге келген соң оңашада естігендерін домбыраға салып, әуреленер еді. Әбдіғали жездесінен де көп күйлер үйренді. Мұның бәрі дәулескер күйшінің ауылдағы алғашқы мектептері еді. 1950 жылдары ауылға атақты күйші Әбікен Хасенов келеді. Ауылдың үлкендеріне сәлем бере келген Әбікеннің жанында шәкірті Бегімсал Орынбеков те бар екен. Біраз күн елді аралап, күй тартады. Екеуінің кезектесе тарт- қан күйлерін тыңдап, зердесіне тоқыған он екі, он үштердегі жасөспірім Дәукең алғаш рет Қыздарбек, Әбди, Мақаш, Сембек деген күйшілердің аттарын осы кісілерден естіп, күйлерін осы кісілерден тыңдайды. Ал, Шырын мен Әбікен Қыздарбектің тікелей өзінен күй үйренген тарландар болатын. Әбікендей күйшінің жанында аз уақыт болса да бірге жүріп, күйін тыңдау, домбыра шертісін көру Дәулетбек Сәдуақасұлына үлкен мектеп болғаны даусыз. Егіз ішектен төгілген күй құдіреті болмысын жау­лап алғаны сондай, бала Дәукең қазақы қоңыр үнге, оның ішінде шертпе күйге шындап ден қоя бас­тайды. Заманының мұңы мен зарын, арзу арманын егіз ішектен күй қылып сөйлеткен Арқадағы шертпе күй шеберлерінің бір мектебі Қыздарбек күйші мектебі болатын. Үзілуге шақ қалған шертпе күйдің үлгісі мен үрдісін кейінгі ұрпаққа жеткізуші де, дәріптеуші де ендігі жерде осы Дәукең болды. 1988 жылы “Ақсу-Аюлы” ән-би ансамблінің құрамында Алматыға өнер көрсете барған Дәукең көгілдір экран алдында тұңғыш рет Қыздарбектің “Өткінші”, “Мұң қосбасарын”, Әбдидің “Тәуба қосбасары” мен “Қосбасарын”, Сембектің “Наз қосбасарын” орындап, қазақ музыкасының алтын қорына жаздырады. Осы сапарында Қазақ радиосында болып, Тәттімбеттің “Көкейкестісін”, “Сарыжайлауын”, Тоқаның “Саржайлауын” таспаға жаздырған дәулескер күйшінің бұл шертпе күйді республика көлемінде насихаттаудағы алғашқы қадамдары болатын. Жезқазған қаласында сол тұстары жыл сайын өткізілетін облыстық өнер фестиваліне әлденеше рет қатысып, шертпе күйдің кең көлемде насихатталуына ерен еңбек сіңірген күйшінің тікелей атсалысуының нәтижесінде 1998 жылы Әбікен Хасеновтің туғанына 100 жыл толуына орай Ақадыр кентінде өткен республикалық күйшілер жарысы, 2000 жылы Қыздарбектің туғанына 150 жыл толуына орай өткізілген шертпе күй шеберлерінің облыстық байқауы Арқадағы шертпе күй мектебінің дәмді дәстүр, сарқынды салтының жалғасындай болып көпшілік көңілінде қалды. Бұл өнер байқауларының екеуінде де бас жүлдені дәулескер күйші Дәулетбек иеленді. Күйші үшін жүлде емес, үрдісі үзілуге шақ қалған күй өнерінің, оның ішінде шертпе күйдің кейінгі ұрпақ игілігіне айналуы жеңіс әрі қуаныш болғаны анық. Сол жылы республикалық “Қазақстан-1” телеарнасынан Қыздарбек, Әбди, Сембектің күйлерін орындаған дәулескер күйшінің өнеріне дүйім жұрт және куә болды. Өзінен бұрын өткен өнер саңлақтарының өлмес мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізудегі Дәукеңнің елеулі еңбегі 2005 жылы жарқ етіп тағы бір биіктен көрінді. Көне заманнан бүгінге жеткен қасиетті қазақ домбырасының қоңыр үнін кең көлемде насихаттауға арналған мемлекеттік деңгейдегі кешенді бағдарлама – “Мәңгілік сарын” байқауына қатысып, Арқаның жоғарыдағы айтылған өнер саңлақтарының күйлерін орындап, үнтаспаға жаздыртады. “Қазақтың 100 күйі” телебағдарламасында үш мәрте Қыздарбек, Әбди, Сембек, Тоқаның күйлерін орындайды. Ал, 2006 жылы Алматыда өткен “Күй-керуен” бағдарламасына қатысып, бірнеше күй орындайды. Бұл бағдарламаның барлығына мұрындық болып, байқауларды ұйымдастырушы”EL” продюсерлік орталығының жетекшісі, белгілі журналист Ғалым Доскен болатын. Арқа өңірінің күйлерін еліміз-ге ғана емес, алыс шет елдерге де таныстырып жүрген бұл орталық “Арқа күйлері” деген атпен арнайы тапсырыспен Жапонияда күйтабақ жаздырған. Сапасы аса жоғары осы күйтабаққа Дәукеңнің орындауында жиырмадан астам Арқа күйлері жазылады. Өнерге, әсіресе күй өнеріне ерекше ықылас танытқан орталық жетекшісі Ғалым Доскеннің тікелей басшылығымен 2007 жылы шертпе күйдің Арқадағы шебері Дәулетбек Сәдуақасұлы мен төкпе күйдің батыстағы бүгінде көзі тірі дәулескер күйшісі, маңғыстаулық Сержан Шәкірат жайлы “Телағыс” атты фильм түсіріліп, сол жылы көктемде фильмнің тұсаукесері Астана жұртшылығы алдында өткізіліп, елордалықтардың көзайымына айналған еді. Өнердің қос тарланына арналған “Телағыс” фильмін бүгінде Түркия тәрізді алыс шет елдердің көрермендері қызыға тамашалап, жоғары баға беруде. Домбыраның қос ішегіндей өнердегі екі алыптың шертпе күй мен төкпе күйді келер ұрпаққа жеткізудегі шеберліктері ерекше көрініс тапқан бұл фильм “ EL” продюсерлік орталығының елеулі еңбегі. 2009 жылы Ғалым Доскен бастаған “ EL”продюсерлік орталығы Дәулетбек Сәдуақасұлы жайлы тағы бір фильм түсіруге ниеттенген. Науқастанып жүргеніне қарамастан өзінің өнеріне ерекше ықылас танытып, алыстан арнайы іздеп келген орталық қызметкерлеріне ризашылығын төгілдіре шерткен күйімен жеткізгендей рай танытып еді Дәукең сонда. Аюлының жотасында күңіренте күй шертіп тұрып айналасына бөлекше бір ынтызар көңілмен тамсана, ақ дала-айқай дүниеге көзі жасаурай ұзақ қараған. Егіз ішектен саулаған сол күйлердің күмбірінде жүректі дір еткізер белгісіз мұң мен сағыныш, жұмбақ бір әдемі әлемге жетелер сұлу сезім, өмірге деген шексіз іңкәрлік жатқандай көрінген. Өзі де сырбаз, сұңғақ бойлы күйші жота басында тіпті еңселеніп, ерекше сұлу қалыбында есте қалды. Шертпе күйдің кешеден бүгінге жеткен мол мұрасын насихаттаушы, Әбікен, Шырын сынды өнер саңлақтарының көзін көріп, күй шертісін зердесіне сіңірген дәулескер күйшінің бұл соңғы рет күй шертуі еді… Дәулетбек Сәдуақасұлының шертпе күйдің шебері ғана емес, өзі де күй шығарған сазгерлігін, жауырыны жерге тимеген балуандығын біреу білсе, біреу біле бермес. Балуандығы өз алдына бөлек әңгіме. Ал, дәулескер күйшінің “Аралбай баба”, “Бірінші толғау”, “Екінші толғау”, “Қуаныш” атты күйлері көңіл тереңінен шымырлап шыққан толғанысқа толы күйлер. Дәулескер күйші өзі дәнекер болған шертпе күйдің үзіліп қалмауын ойлап, арнайы класс ашып, жастарға дәріс беріп еді. Бір өкініштісі, сол кластың жұмысын жолға қоюға қазір ешкім ықылас танытпай отырғаны. Шертпе күйдің келешегін ойлаған, Арқадағы Қыздарбек мектебінің соңғы тұяғындай болған дәулескер күйшінің күніне жүз ойланып, мың толғанған игі ниеті нәтижесіз емес. Дәукеңнен дәріс алып, шертпе күйдің қыр-сырына қаныққан шәкірттері баршылық. Өнерге, мәйекті мәдениетіміз-ге ерекше ықылас бөлетін аудан әкімі Р.Әбдікеровтің тікелей басшылығымен 2012-2014 жылдарға арналған “Мәдени мұра” бағдарламасы жасалып, тарихи-мәдени құндылықтарымызды кеңінен насихаттау қолға алынып, жүзеге асырылуда. Осы бағдарлама шеңберінде биыл туғанына 75 жыл толатын шертпе күйдің шебері Дәулетбек Сәдуақасұлын еске алуға арналған күйшілер байқауын жазда өткізу жоспарланған. “Қоңыр жел есіп тау жақтан, Қоңырша бұлтты аунатқан. Көңілді тербеп қоңыр күй, Қоңыр үн жеткен аулақтан”. Дәукең шерткен күйдің қоңыр үні алыстан талып естілетіндей…
Серғазы ҚАБЫЛДАҰЛЫ Қарағанды облысы, Шет ауданы

Серіктес жаңалықтары