БАНКТЕРДЕ ЖАНАШЫРЛЫҚ БОЛМАЙДЫ

БАНКТЕРДЕ ЖАНАШЫРЛЫҚ БОЛМАЙДЫ

БАНКТЕРДЕ ЖАНАШЫРЛЫҚ БОЛМАЙДЫ
ашық дереккөзі
174

Еліміз банкке кенде емес. Қазақстанда үлкені бар, кішісі бар 37 коммерциялық банк жұмыс істейді екен. Оған үлкен қалалардан бастап шағын қыстақтарға дейін шашылған бөлімдерін қоссаңыз, халықты ақшамен алдап-арбайтын, соңынан өктем-өктем мінез көрсетуге көшетін ауқымды жүйені көресіз. Банктердің басты пайда көзі несие. Халыққа, кәсіпкерлерге өзінен несие алдыру үшін қаржы ұйымдары неге болса да барады. Әртүрлі жеңілдіктерді, бонустарды, төменгі пайыздарды айтып алдап, жарнамалап, елдің миын улап жіберген. Қитұрқылықтың неше атасын меңгерген олар нанын әзер тауып жүрген кедейді де, ақшасын қайда шашарын білмей жүрген байды да аямайды. Аяушылық былай тұрсын шамасы келсе соттатып жібергісі келеді. Қарызын бергісі келмейтіндерге сабақ болсын деп.

Осы мақаланы жазбас бұрын түрлі банктердің веб-сайттарына кіріп, несиелерінің пайыздық үстемесіне аз-кем шолу жасап, сараптап көргенбіз. Қалың ойға қалдық. Мәселен БТА банкінің «Жедел жалақылық» деп аталатын несие бағдарламасының жылдық үстемесі 24 пайыздан асса, «Жедел баламалы» деп аталатын түрі 29 пайыздық үстемеден басталады екен. Бір сөзбен айтқанда, БТА-ның несиелік бағдарламаларының көпшілігінде пайыздық ставка 20 пайыздан төмен емес. Кейбір бағдарламасы ғана 5 пайыздық үстемеден басталған. Өз кедергіңізді жеткізу үшін банктің www.bta.kz сайтына кіріп көрулеріңізге болады.

Одан өзге «Банк Центр Кредитті» алып қарайық. (Веб сайты www.bcc.kz) Онда да жетісіп тұрған жоқ. «Жеке қолма-қол» аталатын несие бағдарламасының пайыздық ставкасы 23-25%, «Оңай экспресс» бағдарламасы арқылы несие алсаңыз жылына кем дегенде 17-18 пайыз аралығында үстеме қосып бересіз. Автокөлік алам дегендерге үстеме 13-15 пайыз аралағында. Ал «Альянс банктің» (веб-сайты www.alb.kz) «кезек күттірмейтін қажеттіліктерге» деп айдар таққан несие бағдарламасы 13 пайыздан бастап 23 пайызға дейінгі үстемені құрайды. Аталмыш банктің «Корпоративтік» несиесін алам деушілер 23 %-дан асатын үстеме төлеуге дайын болуы шарт.

Бұдан өзге «Еуразиялық», «Халық» банктерінің де несие шарттарын зерттеп көрдік. Барлығының пайыздық үстемесі жоғары. Тіпті 30 пайыздан да асып кететін несие бағдарламалары бар болып шықты. Мұның барлығы тек қана жеке тұлғаларға берілетін, шағын және орта сомадағы экспресс несиелер екенін айта кетейік. Ал енді осы екінші деңгейлі банктердің ипотекалық несие шарттары өз алдына бөлек әңгіме. Әрқайсысының талабы бойынша сатып алатын үйіңнің кем дегенде 15 пайыздан асатын алдын-ала төлемін жасауың керек, одан қалса банктің көрсеткен қызметіне комиссиялық төлем жасайсың, сосын саған банк қажет деп тапса қалған бөлігін береді. Пайыздық ставкалары қайсысына барсаң да ең кем дегенде 12 пайыздан асып жығылатынын айта кетейік. Төлем қабілетіңді тексереді, сосын алатын үйіңді кепілге қоясың. Алда-жалда төлей алмай қалсаң ары кетсе 1-2 ай күтуі мүмкін, сосын баспанаңды сот арқылы тартып алады. Оны басқа бір клиентке сатады. Ол да төлемнен қиналып жатса, кезекті мәрте тартып алу банк үшін сөз емес. Егер ипотекалық несиені 10 жылға алсаңыз сол уақыт аралығында үйіңіздің бастапқы құнындай мөлшерде яғни 100 пайыздан астам үстеме төлейсіз. 20 жылға алсаңыз тіпті көп.

Тағы бір айта кететін жайт, Еуропаға қарағанда біздер ипотекалық несиеге 4–5 есе көп төлейді екенбіз. Еуроодақ елдерінің көпшілігінде жылдық өсім 3,5 пайыздан бас­талады. Мысалы, испандықтар ипотекалық несиені 4,25-4,5 пайыз жылдық өсіммен алады. Кипрдің гректер жағында шамамен 7 пайыз кипр фунты және 5 пайыз еуро. Өмір сүру өте қымбат Ұлыбританияның өзінде ипотека – 5,7-ден 6,9 пайыз фунт стерлинг, Болгарияда – 8,9 пайыз доллар, Әмірлікте – 6,7 пайызды құрайды екен. Екінші деңгейлі банктерінің өзінде осындай. Ал біздегі жағдай бәріңізге таныс.

Жалпы, еліміздегі банктердің жылдық пайыздық ставкаларының тым жоғары екендігі жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Әсіресе шет елдердегі банктермен салыс­тырып, зығырданымыз қайнап жатады. Расымен де, көптеген мемлекеттердегі банк­тер біздікілер сияқты құнығып, ақшаның соңынан алаөкпе боп қуып жүрген жоқ. Лажы болса, халыққа ыңғайлы жағын іздеп әуе. Пайыздық үстемелері де ары кетсе 4-5 па-йыз. Ал біздікілер солардан 4-5 пайызға несие алып, халыққа 20-30 пайыздан таратып отыр. Ашкөзденіп тұрып. Мұның барлығын заң шығарып отырған депутаттар, Үкіметтегілер көрмей, білмей отыр дей алмайсың. Біледі. Білгенімен солардың ығына жығыла береді. Елдегі қаржы тұрақтылығын сақтаймыз, шағын және орта бизнесті дамытамыз деген желеумен осы уақытқа дейін банктердің ұсынған шарттарының барлығын мақұлдап келеді. Жоғары жақтан жасыл шам жанған соң қаржы ұйымдары елді қанаудың «крест жорығына» алаңсыз кіріседі.

Соңғы кездері елімізде ауыл шаруа­шы­лығын дамыту мақсатына бағытталған несиелік ұйымдар құрылып, ауыл шаруа­шы­лығының әртүрлі салалары бойынша несие беруді көбейтті. Соның арқасында біраз шаруашылықтардың аяқтан тұрып жатқанын да айтпай кетуге болмас. Дегенмен бұл бағыттағы несиелердің де әділ түрде үлестірілмей жатқанын байқау қиын емес.

Мәселен Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар, жеке кәсіп­керлерге етті, тұқымды мал басын көбейтуге, аг­роөнеркәсіп кешені субъектілерін ірі қара малдың аналық басын және бұқа-өндірушілерін сатып алуға бағытталған «Сыбаға» атты несиелік бағдарламасы бар. Бұл бағдарламаның шарты бойынша несие алуға өтініш берген адамның малды ұстау үшін жайылымдық жерінің болуы, жалпы ірі қара малдың яғни өзінің және сатып алынатын ІҚМ ішінде 25%-ы көлемінде өз ірі қара малының, сол малы сиятын қора-жайдың болуы шарт. Сосын алатын несиенің көлемінен асатын жылжымайтын не жылжымалы мүлкі болуы керек. Мұның бәрі болмаса несие берілмейді. Бағдарлама тек жағдайы жақсы шаруа қожалығына, мыңғырған малы, кең қора-қопсысы, үлкен жайылымды жері бар, алатын несиесіне кепілге қояр қымбат мүлкі барларға ғана арналып жасалған. Сол баяғы «бай байға, сай сайға құятын» ескі жүйе. Бұл несиелік бағдарламадан қарапайым халық пәлендей пайда көріп отырған жоқ. Ал жағдайымды түзейін, іспен айналысайын деп несие алуға өтініш білдірсе, «сізге бере алмайды екенбіз» деп сыпайы шығарып салады.

Әділін айтсақ, елдегі ірі шаруа қожа­лық­тары мен фермерлердің дені сонау кеңес үкіметі кезінен қалған мем­лекеттің қойын, сиырды жекешелендіріп, тәуелсіздік алған тұста үлкен-үлкен жайылымдар мен қора-жайларға иелік етіп қалғандар еді. Бұлардың банк қызығатындай жағдайлары бар. Одан қалса кепілге қоятын мүлкі де қомақты. Сосын несиені осыларға бермегенде кімге бере қойсын?!

Бұдан шығар қорытынды – мемлекет кедейлердің аяқтан тұруына әлі де болса қол үшін бере алмай келеді. Ал банктерге кедейден гөрі дәулеттілермен жұмыс істеген әлдеқайда тиімді. Сол себепті де шарттарын өздеріне барынша ыңғайлы етіп, кедейдің қолы жетпейтін, байдың бағын одан әрі аша түсетіндей етіп жасап алған. Осыдан кейін ауылдағы қара халық әлгі байшыкештерге жалданып, бәз-баяғы бір сиыр, екі ешкісін бағып, бірде аш, бірде тоқ тіршілігін жалғастыруда.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары