«ҮЙ АРТЫНДАҒЫ» ДАҒДАРЫС
«ҮЙ АРТЫНДАҒЫ» ДАҒДАРЫС
Мемлекеттің экономикалық дамуы бірқалыпты деңгейде жүзеге асып келеді. Бірақ дағдарыс туралы естен шығаруға болмайды. Бұл дағдарыстың қашанда «үй артында…» екенін аңдатса керек. Одан ат құйрығын кесісіп, біржола қашып кете алмайсың.
Bloomberg агенттігі 2013 жылы әлем елдерінің экономикасы тұрақты дамиды дейді. Алайда бұл жорамалдың орындалуы неғайбыл. Шығыс пен батыс елдерінің дамуы ай сайын өзгеріп отырады, тіпті дамуы тұрақты деп баға берілген Қытайдың өзінде де дағдарысты болдырмау үшін бірқатар шаралар қарастырып отыр. Десе де Қытайдың дағдарыстан қорқа қояр түрі жоқ. Агенттіктің мәліметінше, халықаралық алтын резерві бойынша Қытай бірінші орында тұр. Жалпы дүниежүзінің дағдарыс туралы қайтадан ауызға ала бастауы тегін емес сияқты. Бұл жолы қаржы дағдарысынан бұрын «ресурс» жетіспеушілігі орын алса, биржалардың абдырап қалары анық. Шикізат тапшылығы қымбатшылыққа соқтырса, ол өз кезегінде қаражаттың құнсыздануына әкеледі.
Қазақстанның бұл ретте қорқатын дәнеңесі жоқ дейді халықаралық сарапшылар. Дегенмен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев алдын-ала қамданып, шара қолданудың артықтығы жоқ деген пікірде. Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қолға алды. Бұл ретте Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұрақты экономикалық өсуді және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін дағдарысқа ден қою шаралары» талқыға салынды. Бірінші мәселе, әрине – теңге бағамының тұрақтылығы, мызғымастығы. Ол үшін Ұлттық банкке иек артатыны белгілі, өйткені еліміздегі бірден-бір қаржы нарығын реттеу институты осы. Мұндай ірі банк шетелдердегі Орталық банк жүйесінен алынған. Бұл жолы да аталмыш министрлік Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың сөздерін айна-қатесіз қайталап берді. «Теңге бағамының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк алтын-валюта резервтерін пайдаланатын болады. Қолайлы деңгейден төмен резервті қысқарту барысында капиталдың елден кетуін шектеу үшін валюталық реттеу шаралары қарастырылады. Екінші деңгейлі банктердің несиені өтеуін жетілдіру үшін кепілді қамтамасыз ету тізбелерін кеңейту арқылы қайта қаржыландырмақшы», – деді Ерболат Досаев. Сондай-ақ қарызды өсірмеу үшін мемлекет тарапынан бақылау жасалады. Бұл мәселе әсіресе екінші деңгейлі банктерге қатысты.
Негізінен несиенің шетел банктерінен алынатыны белгілі. Ендеше сол жақта қалыптасқан саяси және экономикалық, әлеуметтік жағдайлардың тікелей әсері бар. Министр Ерболат Досаевтың айтуынша, дамыған елдерде орын алған дағдарыстың кесірінен дамушы мемлекеттердің өсім қарқыны баяулайды. Еуроаймақта соңғы үш тоқсанда жалпы ішкі өнімнің өсімі төмен болған. Мәселен, екінші тоқсанда – 0,2 пайыз, үшінші тоқсанда – 0,1 пайыз, ал төртінші тоқсанда – 0,6 пайызға жеткен. Қатаң үнемдеудің нәтижесінде жұмыссыздық күрт өсіп, 18 миллионнан астам адамды құрап отыр. «2013 жылы АҚШ-тың соңғы төрт жыл ішіндегі 1 трлн. доллардан асатын, 2012 жылдың жалпы ішкі өнімінің 7 пайызға дейін қысқаруы келеңсіз мәселелерге соқтыруы мүмкін. Ең алдымен бюджет шығыстарының қысқаруы АҚШ экономикасына теріс әсер етеді», – дейді Ерболат Досаев. Қытайдың да жалпы ішкі өнімі 7,9 пайыз деңгейіне тұрақтаған. Бұл соңғы он үш жылдағы ең төменгі көрсеткіш болып отыр. Қытайлық иенаның және жұмыс күшінің өсуі нәтижесінде таяу уақытта Қытай экспортының бәсекеге қабілеттілігі төмендеуі мүмкін. Осыған орай бірқатар беделді халықаралық ұйымдар таяу жылдарға өздерінің болжамдарын төмендетті. Халықаралық валюта қоры қаңтар айында 2013 жылға арналған әлемдік экономиканың өсу болжамын тағы да 3,5 пайызға азайтты. Бұның өзі қазан айындағы болжамнан 0,1 пайызға кем екен. Олай болса, әлемді аузына қаратқан Қытайдың халі бұдан былай да төмен деңгейде дамымақшы. Сондай-ақ халықаралық сарапшылар Қытай мен Шығыс елдерінің экономикалық өсімі Еуропаны артта қалдырады дейді нық сеніммен, дегенмен енді ғана гүлденіп келе жатқан Азия елдерінің дамуы әлі де болса батысқа тікелей байланысты болып тұр.
Ел экономикасын дамытудың негізгі факторы сыртқы және ішкі инвестицияларды өсіру деп көп айтылады. Сондай-ақ шикізаттық емес секторларға инвестиция салу да тиімді шара. Бірақ «шикізаттық емес секторлар экономиканы дамытудың негізгі факторына айналады», – дейді министр. Оның айтуынша, ішкі сұраныстың артуы ЖІӨ өсімінің негізгі көзі болмақ. Осыны есепке ала отырып, жылына орта есеппен 6,5-6,8 пайыз қарқынмен өсетіні болжанады. Әрине, көршілес Күншығыс елімен тайталаса алмаспыз, бірақ әлемдік тәжірибе бойынша ЖІӨ-ді 3 пайыздан төмен түсірмей ұстап отыру тұрақты дамудың көрсеткіші. Үкімет тұрақты түрде әлемдік экономикалық ахуалға жүйелі мониторинг жүргізеді және Қазақстан экономикасына әлемдік ықпалды бағалауды назарда ұстайды. 2012 жылдың өзінде осындай жедел жүйе құрылып, ел Үкіметі елдегі макроэкономикалық тұрақтылықты және экономика өсімінің жоспарлы қарқынын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап келеді.
Болашақта жаңа тікелей инвестицияларды тарту және капиталды сыртқы нарықтардан іздеу – экономикалық саясаттың басымдылығы болмақ. «Инвесторлар үшін Қазақстанның тартымдылығын арттыру мақсатында Экономикалық даму жөніндегі ынтымақтастық ұйымының өзіндік стандарттары негізінде инвестициялық ахуалды жақсарту жұмыстары жүргізілетін болады», – дейді Ерболат Досаев. Алдағы 5 жылда еліміздің өңдеу өнеркәсібі 40 пайызға артады. Жалпы, елімізде өңдеу өнеркәсібінің өсімі де алыс емес. Мәселен, 5 жылда өңдеу өнеркәсібі 40 пайызға, тау-кен өнеркәсібі 20 пайызға артуы тиіс. Мұндай болжамдардың неше түрі айтылды, бірақ осы уақытқа дейін өңдеу өнеркәсібінің жемісін кім көріп келеді? «Жоспарланған өсім қарқындарын қамтамасыз ету және сыртқы тәуекелдердің Қазақстан экономикасына жағымсыз ықпалын төмендету мақсатында, сондай-ақ тұрақты макроэкономикалық жағдайды қамтамасыз ету, экономика өсімін сақтау үшін 2013-2015 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы жоспар әзірленгені белгілі. Ақпан айының басында бұл жоспар жаңартылып, әлемдік экономика және мұнай мен металлургияның әлемдік бағасына байланысты ықтимал даму сценарийлері ескерілді», – деді Ерболат Досаев.
Кейбір салаларда төмен базаның және мұнай өндірісі көлемінің күтілетін өсімін ескере отырып, ағымдағы жылы ішкі жалпы өнімнің өсімі 6 пайыздық деңгейде сақталады. Орта мерзімді кезеңге арналған болжам бо-йынша алдағы жылдары экономиканың нақты өсімі 6-7,6 пайыздық мөлшерде болады. Бұл жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің өсімін 20 мың АҚШ доллары көлемінде жоспарлауға мүмкіндік береді.
Ақниет ОСПАНБАЙ