ҒАЛАМТОР – ЕРІККЕННІҢ ЕРМЕГІ ЕМЕС

ҒАЛАМТОР – ЕРІККЕННІҢ ЕРМЕГІ ЕМЕС

ҒАЛАМТОР – ЕРІККЕННІҢ ЕРМЕГІ ЕМЕС
ашық дереккөзі
257

Ақытбек Шеризатұлы, «Сен – қазақ» сайтының жетекшісі:

Бейресми деректерге сүйенсек, бұл күнде Қытайдағы қазақтілді сайттардың саны 100-ден асқан. Олар негізінен Байтұрсынов әліпбиін негіз еткен төте жазу нұсқасында ақпарат таратады. Соның ішінде тек «Сен-Қазақ» сайты ғана төте және кирилл әріптерін қолданады екен. Қытайдағы алғаш құрылған қазақ сайттарының қатарында 2005 жылы өз жұмысын бастаған «Сен-Қазақтың» жетекшісі Ақытбек Шеризатұлымен ғаламтор ғаламаты жайында өрбіткен әңгімемізді оқырманға ұсынамыз.

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚ САЙТТАРЫНЫҢ ҚАРҚЫНЫ КҮШТІ

– Қытайдағы қазақ сайты жетекшілерінң бірі ретінде ондағы қазақ сайттарының дамуына тоқталсаңыз жөн болар еді…

– Артық айтқандық емес, Қытайдағы қазақ тіліндегі сайттардың дамуы талай әңгімеге арқау болуға жарайды. Өйткені біздегі сайттар web 1,0 дәуірі кезінде өмірге келіп, тәй-тәй басса, web 2,0 дәуірінде толысып, сенімді әрі нық қадаммен дәуірмен бірге алға басты. Ал кісіні тәтті қиял мен табысқа жетелейтін web 3,0 заманына әлем елдерімен бірге жол алуда. Болашақ web 3,0-дің қуаты мен қабілеттерін пайдалана отырып, халыққа тіпті де көп игілік жасайды деп сенемін.

Мен ішкі Қытайға 2000 жылы оқуға барғаннан кейін ғана ғаламтормен таныс­тым. Ең алғаш досым екеуіміз интернет клубқа барып, Қытайдың маңдайалды жоғары оқу орны Чиң Хуа университетінде оқитын Әсет есімді азамат құрған «Ауыл» сайтымен танысқаным әлі есімде. 1998 жылы құрылған Қытайдағы осы қазақ сайты белгілі ғалым Сұлтан Жанболатовтың сол кездегі жасаған латын жобасын пайдаланған болатын. Ол кезде ғаламтор әлі web 1,0 дәуірінде, яғни пайдаланушылар тек қана HTML беттеріндегі мазмұндардың «өлі» оқырмандары болатын. Қуаты шамалы болса да web 1,0 адамзатты ғаламтор әлеміне алып кірді. Қытайдағы қазақ сайттарының алғашқы құрушылары мен жауап­тылары сол дәуірден енші алды. Ең алғаш өз ауылымыздың «қара қосын» осынау жаңа «құрлықтың» бір бұрышына апарып тіккен болдық.

Интернет тарих парақшасында 2004 жылдан кейінгі кезеңді web 2,0 дәуірі деп атайды. Қытайдағы қазақтілді сайттар дәл осы кезде ерекше қарқын алды. Себебі ғаламтор пайдаланушылар енді тек «өлі» оқырман ғана емес, қатысушы, үлес қосушы, пікір білдіруші ретінде жаңа міндеттерді арқалай алатын мүмкіндікке қол жеткізді. Қытайдағы қазақ сайттары енді өздері қолданатын А.Байтұрсынов әліпбиінде техниканың тілін икемдей алды. Төте жазу оңнан солға қарай жазылады және кез-келген орында дұрыс көріне бермейді. Міне, бұл біз бастан өткерген қиындықтарымыздың кішкене ғана бөлігі болатын.

2004 жылдан кейін қазақ сайттары жауыннан кейінгі жауқазындай көбейе бастады. «Парасат», «Мереке», «Жұңғар», «Тамшы», «Азаматтар», «Тұлпар» сияқты сайттар дүниеге келді. Осылардың қатарында 2005 жылы «Сен-Қазақ» та өз жұмысын бастады.

– Қытайдағы қазақ сайттарын қалай сараптап, саралар едіңіз?

– Қытайдағы қазақ сайттары сан алуан салалар бойынша жұмыс жүргізуде. Оларды негізінен үкімет сайттары және үкіметтік емес сайттар деп екіге бөлуге болады. Бірінші топқа жататын ресми ақпарат тарататын мемлекеттік ақпарат агенттігінің сайты мен теле, радио, газет, журналдардың және мекеме, органдардың сайттары қазақ шоғырланып қоныстанған аймақтарда арнайы қазақ тілді нұсқасын да жүргізіп отыр. Ал жеке иеліктегі сайттар мен блогтардың қатарына «Сен-Қазақ» сияқты дербес түрде ақпарат тарататын, өзін-өзі қаржыландыратын порталдарды жатқызуға болады. Қазіргі таңда «Сен-Қазақ» порталының орта есеппен күніне Қытайдағы және алыс-жақын шетелдердегі қандастарымыздан құралған 100 000-нан астам PV қараушылары бар. Соңғы топтағы сайттарға 10-нан астам форумдарды және интернет дүкендерін қамтыған сауда сайттарын, ойын-сауық порталдарын да жатқызамыз. Электронды кітаптар сайты, компьютерлік техникаларды үйрететін және компьютерлік бағдарламаларды түсіруге арналған сайттар да бар. Қазақстандық белгілі электронды БАҚ-ты төте жазуға автоматты сәйкестендіріп, сіздермен қатар ақпарат таратып отыратын «Еларна» сайтын қарамайтындар кемде-кем. Бұдан өзге біз жақында ғана құрған, тек қана латын әріптерін қолданған «Титтей» деп аталатын микроблог сервисі сәтті жұмыс жасауда. Сондықтан да қыруар қызмет жасап жатқан Қытай қазақ сайттарын Қазақ интернет әлемінің бір бөлігі деп айтар едім. Қытайда интернетке қолжетімділік өте жоғары деңгейде. Сайт серверлерімен қамдайтын серіктестіктер әлемдік озық техникамен жабдықталған болып, олар 24 сағат бойы қызмет көрсетеді. Кейде Қытай компаниялары біздің жазуымызды түсінбегендіктен көп қызмет түрлерінен қазақ сайттарын қағыс қалдырып отырады. Сол кезде өз қарашаңырағымыз Қазақстанды ойламай қалмаймыз. Қазақтың мықты серверлері болса деген ой мазалайды.

ҚАЗАҚТЫҢ ОРТАҚ ИДЕОЛОГИЯСЫ ИНТЕРНЕТТЕ ЖАСАЛУДА

– Өзіңіз басқарып отырған «Сен-Қазақ» сайтына тереңірек тоқталсаңыз…

– «Сен-Қазақ» сайты 2005 жылдары web 2,0-мен қатар қазақ ғаламтор әлеміне есік ашып кіргенін айтып өттім. Ең алғаш «Қытай қазақтары сұхбаты» деген атпен Шыңжаңның Алтай аймағына қарасты Жеменей ауданындағы Уатқан Ырысұлы алғаш тіркеуге алдырған. Кейін Уатқан ініміз мемлекеттік қызметтің қарбаластығынан қолы босамағандықтан, сайт жүргізу жұмысын 2009 жылы өз мойныма алдым.

Қытайдағы қазақ сайттарының басым көпшілігі форум формасында қалыптасқан. «Сен-Қазақ» сайтында сіз әрі оқырман, әрі сайттың жүргізушісі бола аласыз. Материалыңызды тіркелгеннен кейін сәйкес келетін айдарлар бойынша өзіңіз жариялай аласыз. Біз «Сен – Қазақсың, саналысың, сабырлысың, азатсың!» деген ұранмен өз логотипімізді де белгілегенбіз. Яғни, біздің белгімізде senkazakh.com әріптері маңына шаңырақ пен күн бейнеленген. Сайт дизайны ұлттық құндылықтарға барынша жақын жобаланған. Біздің сайтқа «Тірнек» дәрежесімен тіркелген алғаш оқырман «теңге» жинап, өз бағасын көтеріп, «Жастүлек», «Тастүлек», «Мұзбалақ», «Қыран», «Саятшы», «Құсбегі» дәрежесіне дейін көтеріле алады. Бұл бағалар қатысушының сайтқа қосқан материалының мәні мен маңызына және ұтымды пікір айтып, пікірталасқа белсенді қатысқаны үшін беріліп отырады.

Сайтты жүргізіп, басқаратындар «Асаба» атын еншілеген. Біздің «Асабалар» штаттағы журналистер емес. Өз еріктерімен сайт мазмұнын байытуға және сапасын арттыруға тұрақты атсалысып жүрген зиялы жастар. Сіз тіркелмей-ақ сайттың материалдарын пайдалана аласыз. Осыған қарамастан біздің 34 мыңнан аса тұрақты қатысушымыз бар. 40-тан астам айдар оқырманға жол тартқан. Елеулі оқиғалар кезінде жаңа айдарлар қосып отырамыз. Мысалы, қысқы Азиада кезінде «Астана-Алматы – 2011» деген айдарымыз өте қызықты тақырыптарды қамти білді.

Біз шетелде жүрсек те әрқашан құлағымыз атажұрт – Қазақстанға түрулі еді. Қазақ сайттарын күніне сүзіп қарап отырамыз. Жаңалықтарды дер кезінде Қытай қазақтарына жеткізуге тырысып келеміз. Бұл да болса ортақ ақпараттық кеңістік орнату, ортақ ұлттық сезімді қалыптастыру үшін жасаған әрекеттеріміз.2012 жылдың ортасынан бастап, төте-кирилл екі жазуда автоматты сәйкестіргішті сайтымызға қостық. Ол Қазақстан, Моңғолия сияқты кирилл қарпін қолданатын оқырмандарды өзімізге тарту мақсатында жасалып отыр.

– «Сен-Қазақ» сайтының алдағы жос­­парлары қандай?

– «Сен-Қазақ» сайты бұрындары тек Қытайдағы қазақтардың сайты болса, кирилл қарпін қосқаннан бері әлем қазақтарының ортақ пікір-талас алаңына айналуда. Қазақ елі латын әліпбиінің нұсқасын қабылдағанға дейін кирилл нұсқасын дамыта түсуді қолға алудамыз. Латын графикасына көше қалған жағдайда біздің сайт та сол жазуға ауысуға дайын отыр. Бұдан өзге, Твиттерге ұқсас латын қарпін қолдайтын «Титтей» атты микроблогымызды дамыта береміз.

– Жақында ғана Қытайдағы қазақ сайттарының тұңғыш құрылтайын өткізгелі жатқандығыңыз туралы хабар тарады. Осы жайлы айтып өтсеңіз екен.

– Қазақтілді сайттар Қытайдағы қазақ қоғамынан өзіндік орнын ала бастады. Қытай қазақ сайттарының қазіргі жай-күйін бағамдау, сақталып отырған мәселелерді талқыға салу және өзара байланыс пен ынтымақтастықты нығайту мақсатымен үлкен бас қосу өткізуді жоспарлағанымыз рас. Алайда, сайт жүргізуді қосымша жұмысына айналдырып, қазақ сайтына елеулі үлес қосып жүрген алыс аймақтардағы көп азаматтардың уақыты біз белгілеген уақытқа сәйкес келмейтін болғандықтан құрылтайды кейінге шегердік. Алдағы уақытта жағымды жаңалықтарымызбен бөлісетін боламыз деп уәде беремін.

– Қазақстандағы қазақ сайтына да назар аударып отыратындықтарыңызды сайттарыңыздан байқаймыз. Қазақ интернетін дамытушы ретінде қазақстандық қазақтілді сайттарға қандай баға берер едіңіз?

– Менің байқауымша, Қазақстанда қазақтілді сайттар республикалық деңгейде биік өреге ұмтылып келеді. Біз сүйсіне қарап, қызығып отырамыз. Әрине, миллиардты құрайтын елдің сайттарындай оқырман құрай алмаса да, өз деңгейінде дамып келеді. Алайда, қазақ интернеті ғаламтор көшінен қалмай тез қарқынмен дамымаса, жас ұрпақ интернеттен өзге ұлттың идеологиясын қабылдап өсетін болады. Қазақ сайттарының бүгінгі мәселесі жақында Астанада өткен қазақ сайттары редакторларының конференциясында жан-жақты айтылды ғой. Ең бастысы, қол қусырып қарап отырмай, сол мәселелерді тез шешуге талпыну. Менің бір әріптесім: «Ғаламторды алып өзен десек, көз алдыма сол өзеннің жағалауында шөлден өлгелі жатқан қандастарым елестейді» деген еді. Бүгінгі таңда қазақ интернет әлемінде ортақ мұрат жоқ. Біз тек қана ғаламтордан пайдаланып қана тарыдай шашылып жүрген талантты қазақтардың басын қоса аламыз. Бұл көші-қоннан әлдеқайда оңай. Қазақтілді сайт қолданушылар санын арттыру үшін терминалдардан тартып компьютерлік ойындар тілін де ана тілінде сөйлетуіміз керек деп есептеймін. Ғаламтор осыған дейін «ойын баласының ермегі» ұғымында ғана болып келсе, қазіргі таңда оның идеология кеңістігі екенін, «ақпараттық соғыс» дейтін оқсыз күрестің алаңы екенін дәлелдей түсуде. Қысқасы, ұлттық, ықпалды, алып, жүйелі порталымызды жасаудың тарихи кезеңі келді.

– Жақында ғана Астанада өткен қазақ сайттары редакторларының тұңғыш конференциясына Skype арқылы қатысып, ондағы өзекті мәселелермен ой ортақтасқаныңызға куә болдық. Қазақстандағы қазақ сайттары мен Қытайдағы қазақ сайттарын қалай салыс­тырар едіңіз?

– Қазақтілді сайттардың конференциясы өте маңызды кезеңде өтті. Бұлай дейтінім, «төте», «кирилл», «латын» деп үшке бөлшектенген қазақ ғаламтор кеңістігінің толық денесін қалыптастыратын латын әліпбиін қабылдаймыз деп жатқан тұсқа тура келді. Қытайдағы қазақ интернет қолданушысының 60 пайызға жуығы Қазақстандағы қазақ сайттарын қарап отырады. Пікірталасқа араласып кететін кездеріміз де болады. Алайда атажұрттағы ағайын біздің төте жазудағы сайттарымызды оқи алмайды.

Біз қашанғы өзгенің әлеуметтік желілерін қолдана бермекпіз? Өзіміздің іздеу сайттарымыз да жоқ. Интернеттің бүгінгі қолайлылықтарынан бүкіл қазақ пайдалана білетін деңгейге тез жеткеніміз жөн. Қазақтілді интернет дүкендері мен кез-келген төлемді интернет арқылы төлеу сияқты интернет күнделікті тұрмысымыздың әр саласына дейін қызмет атқарса, міне нағыз ұлттық ғаламтордың қалыптасқаны деп мақтанар едік қой. Қазақ сайттары редакторларының алқалы жиыны қазақ ғаламтор кеңістігінде қордаланған мәселелер аяқ алып жүргісіз екенін көрсеткендей болды. Бұл мәселе аз санды адамдардың күн демей, түн демей жұмыс жасауымен шешілмейді. Сол үшін осы сала бойынша мамандарды көптеп дайындау керек деп есептеймін. Қазақстанда болсын, Қытайда болсын арнайы мамандардың жетіспейтінін бәріміз байқап жүрміз.

ҚАЗАҚ ИНТЕРНЕТІ ХАКЕРЛЕР СОҒЫСЫНА ДАЙЫН БА?

– Web 3,0 туралы айтып жатырсыз. Сіздіңше, болашақта ғаламтор әлемін қандай жаңалықтар күтіп тұр?

– Болашақта web 3,0 дәуірі жетіп келеді. Web 3,0 келсе, қандай болады деген тұрақты теория қазірге жоқ. Десе де, болашақта таң қаларлық өзгерістер мен бағыттар пайда болары даусыз.

Олар:

1. Ғаламтор пайдаланушылар қазіргіден көбейе түседі. National Science Foundation-ның статистикасына сүйенсек, 2010 жылы интернет қолданушылары 5 миллиардтан асқан екен.

2. Әлемде ғаламторға қолжетімділік күн санап арта береді. Internet World қоғамының 2010 жылдардағы статистикасы бойынша, Африка елдерінде халықтың 7 пайызы ғана интернетке қолы жетсе, бұл көрсеткіш Азия елдерінде 20 пайызға жақындаған. Ал Америкада 80 пайызға жетіп үлгерген. Жаһандануға ілесіп жанталаса даму үшін әр қазақ отбасына интернет жеткізілуі керек.

3. Компьютер ендігәрі интернетке қосылатын жалғыз құрал болудан қалады. iPhobe, iPad сияқты бұдан да жаңа технология жарыққа шығады. Ықшам да, қызметі мол микро құрылғылар болашақ ғаламторының айқын белгісі.4. Интернет жылдамдығы Exabyte-тан да асып Zettabyte-қа дейін жетеді. Интернет үшін қиял-ғажайып кинодағыдай дәуір келеді. 2012 жылғы мәліметтерге негізделсек, әлемде интернеттегі жүктеу ай сайын 1 миллиард GB-тан қуат қосуда екен.

5. Болашақта 3GWiMAX заманына толықтай қадам басамыз. Қазір бұлардың техникалық негізі қаланып болды.

6. Болашағы ең қызықты болатын ғаламтор кез – нағыз хакерлер дәуірі болады. Бұл туралы қызықты The Matrix фильмі бар. Бізше «Хакерлер империясы» деп аталады. Ол дәуір келуден бұрын біз қазақ ұлтын да осы бір көрінбейтін соғыс алаңында батырлықпен шайқасуға тәрбиелеуіміз керек. Себебі, Symantec компаниясының мәліметіне сүйенсек, 2008 жылы әлемде 1 миллион 600 компьютер вирусы өріп жүр екен. 2020 жылдарға таяу хакерлер техникасы өте жоғары өреге көтеріледі екен. Бұл үшін дайын болуымыз керек екенін ертерек ескергеніміз жөн.

Ал, қызығын көзге де елестете алмайтын web 4,0 заманын тілмен бейнелеп беруді болашақтың еншісіне қалдырайық.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан

Майгүл СҰЛТАН

Серіктес жаңалықтары