ҰЛТЫМЫЗДЫ ҰЛЫҚТАЙ БІЛЕЙІК

ҰЛТЫМЫЗДЫ ҰЛЫҚТАЙ БІЛЕЙІК

ҰЛТЫМЫЗДЫ ҰЛЫҚТАЙ БІЛЕЙІК
ашық дереккөзі
355

>«Фолиант» баспасының бұл туындысына өткен жылдың аяғында қол қойылып, оқырмандар енді ғана таныса бастады. Шығарманың аты: «Ұлттық идея: тарихи тағдыры мен болашағы». Авторлары – Ақселеу Сейдімбек, Ханкелді Әбжанов, Қойшығара Салғараұлы.

Ұлттық идея мәселесінің мәні ұлттың тілегі, ниеті, ойы деп қабылдасақ, алда тұрған тиянақты мақсат-мүддесін анықтай алмаған халықтың ұлт болып қалыптасуы да, сақталып қалуы да мүмкін емес екендігі белгілі. Олай болса, кітапта қазақ даласындағы осыдан жүздеген жыл бұрын өмір есігін ашқан ұлттық идеяның тууы мен даму белестері кешенді түрде сараланып, кеңінен тілге тиек етілуі құптарлық-ақ іс.

«…Қазақстандағы ұлттық идеяның жасы – қазақ этносымен түйдей құрдас. Ол қазақтармен бірге дүниеге келді әрі тарих сахнасына да қазақтармен қол ұстаса көтерілді. Мұратсыз ұлттың ұлт болып қалыптасуы да мүмкін емес. Ендеше ұлттық идеямыздың бес ғасырдан астам тарихы бар екен. Оның өзі бірнеше дәуірден тұрады», – дей келіп, авторлар бұдан соң Қазақ хандығы тұсындағы, Ресей отаршылдығы кезіндегі, кеңес заманындағы рухани хал-ахуалдарға түсінік береді, сараптама жасайды.

Кітап екі бөлімнен тұрады. «Елдік және ұлттық идея негіздері: методологиялық пайым» деген бірінші жартысында қазіргі ахуал; қазақы болмыс, қазақшылдық және ұлт; ұлттық сана, мүдде, мінез; дәстүр, ұлттық мәдениет пен өркениет деген сияқты проблемалар талданып, талқыға түскен.

Осы туындының «Ұлттық идеяны зерттеу ұстанымдары» деген екінші бөлімі бірнеше тақырыпшалардан құралады. Олар: «Мұрағат деректері және ұлттық идея»; «Ұлттық идея: мәні және эволюциясы; «Қазақ хандығы: елдік идеология және ұлттық идея»; «Қазақ халқының ру-тайпалық құрылымы», «Енші институты», «ХХ ғасыр басындағы ұлттық идея мәселелері»; «Астана – қазіргі ұлттық идея ұйытқысы».

Кітапты жазған қаламгерлер ұлттық идея туралы проблемаға қатысты ой-пікірлердің негізгі бағытын осылай тиянақтап алады да сөз болып отырған мәселенің мән-маңызына үңіледі, сыр шертеді. Осы үш автордың – А. Сейдімбек, Х. Әбжанов, Қ. Салғараұлы – қайсысы болса да тәуелсіздікке байланысты ой-тұжырымдарын үнемі айтып-жазып жүрген зиялы қауым өкілдері. Мәселен, марқұм Ақселеу Сейдімбек осыдан он жыл бұрын «Қазақстан үшін іргетас болатын жалғыз ғана идея бар. Ол – Қазақ идеясы. Қазақ идеясы ғана Қазақстанды дербес мемлекет ретінде даралап, жалпы қазақстандықтардың бүгінгі және тарихи перспективадағы мақсат-мүдделеріне іргетас бола алады. Бұл тұрғыда, қазақ идеясын қазақстандық идея немесе ұлттық идея деп атауға болады», – деп жазған еді («Қазақ әдебиеті», № 33, 15 тамыз 2003 ж.). Ханкелді мен Қойшығараның да бұған ұқсас, осымен үндес тұрғыда жазған дүниелері аз емес. Міне, енді солардың бірсыпырасы бір ізге, бір жүйеге келтіріліп, бір кітапқа топтастырылған.

Ұлттық идеология, ұлттық идея, ұлттық мүдде тағы басқа құндылықтар туралы айтылып, жазылып жатқан пікірлер бұл шынайы қоғамдық өмірге қатысы шамалы қайдағы бір абстракты дүние десек, сөз жоқ, қателесеміз. Айталық, еліміз бүгін, ертең қалай дамуы керек, оның ішінде мемлекет құраушы негізгі ұлттың – қазақ халқының – орнын дұрыс анықтап алуымыз керек пе, жоқ па? Қалай десек те, қазақтың ұлттық мүдделері – тілі, діні, мәдениеті, салт-дәстүрі дамып өркендеуіне, оған билік, қоғам тарапынан жүйелі түрде қамқорлық көрсетіліп, басымдық беріліп отыруы – тәуелсіздігімізді нығайта беруіміздің қажеттігінен туындаған игілікті шараның бірі екендігін түсінгеніміз жөн.

Қазір еліміздегі қазақтың саны 11 миллионға жетіп, 65%-дан асыппыз. Халықаралық тәжірибеде мемлекет құрайтын ұлттың саны халық санының үштен екі бөлігінен асса, ол моноұлтты мемлекет болып саналады. Біз болсақ, елімізде осыншама ұлт өкілдері бар деп ұрандатып жүрміз. Мұның өзі халықаралық заңдар талабына сай келе қояр ма екен? Ұлт пен диаспораны дұрыс ажыратып жүрміз бе? Соңғысы ұлттың атажұрты болып табылатын елден тысқары өмір сүретін бір бөлігі. Демек, олардың басқа жерде өз Отаны бар. Ал ұлт дегеніміз ортақ тілі, қалыптасқан мәдениеті, біріктіруші салт-дәстүрлері мен діні бір адамдардың әлеуметтік бірлестігі. Олардың ортақ территориясы, ортақ экономикасы, сол ұлт өкілдерін біріктіретін мемлекеті болуы тиіс. Біздің атамекеніміз біреу – Қазақстан.

Теориялық тұрғыдан келсек, әлемдегі белгілі ұлттың ішіндегі халық саны 0,01% — дан аспайтын топ ұлт өкілі болып саналмайтындығын ескергеніміз жөн. Мұндай халықтар үлкен ұлтқа сіңісіп кетуі керек екен.

Қазақстанда 140-тан астам ұлт өкілдері бар деп шулап жүрміз. Сөйтсек, бізде халықтың 0,5%-дан жоғары құрай алатын этнотоптың саны 8-ден аспайды екен. Олар: орыстар – 22 %, өзбектер – 3 %, украиндықтар – 1,8 %, ұйғырлар – 1,4%, немістер – 1,1 %, татарлар – 1,2%, кәрістер – 0,7%, белорустар – 0,6%. ҚР Статистика басқармасының төрағасы Алдан Смайыловтың газет тілшісіне берген сұхбатында осындай цифрлар келтіріледі («Аргументы и факты Казахстан», 2012, №47).

Тағы бір деректерге сүйенсек, әзірбайжан, түркілер осы деңгейге жақын екен. Қалғандары барлығы бірігіп халық санының 2,7%-ын құрайды. Ал 0,1% болатындары – 28. Бұлардың ішінде бар-жоғы 22 шуаш, 24 чукча, 14 сали, 9 юкагир, 5 эскимос, 2 энет және жалғыз жапон студенті ұлт өкілі болып тіркелген («Ақиқат», 2013 ж., № 2, 14-б.).

Демек, 0,01 % құрай алмайтындар этнотопқа жатпайтындығын еске алсақ, асырып айтқанның өзінде елімізде 140 емес, 70 этнотоп қана бар.

Америкада 200-ден, ал Ресейде 170-тен астам ұлт өкілдері болса да (Франция, Германия, Италия, Испания сияқты т. б. іргелі елдердегі жағдай да осындай емес пе?) олар бізде осыншама ұлт өкілдері бар екен деп әлемге жар салмайды.

Ұлттық идея мәселесі Елбасы Н. Назарбаевтың халыққа биылғы Жолдауында да айтылды. Мұнда болашақта Қазақ мемлекетін құру, біртұтас ұлтты қалыптастыру проблемалары сөз болып отыр. Олай болса, қазақ мәселесі көтерілген сәтте Қазақстанның бүкіл халқы біртұтастық танытуы тиіс. Президент: «Бәріміздің туған жеріміз біреу. Ол – қасиетті қазақ даласы», – дейді.

Ұлттың, елдің тұтастығы деген осы емес пе? Қайталап айтамыз: біздің бір ғана Отанымыз бар – тәуелсіз Қазақстан. Демек, барлық ұлт пен ұлыс өкілдері Қазақ ұлты деген идеяның төңірегінде топталуы қажет.

Бұл ойымызды қолдап отырған зиялы қауым өкілдері аз емес. Мәселен, белгілі қоғам қайраткері, қаламгер Герольд Бельгерді тыңдап көріңіз.

Ол былай дейді: «Мен көптен бері барлық түбегейлі мәселелерді шешкенде соның ұшар басында негізінен: бұл қазаққа керек пе, жоқ па; бұл қазаққа тиімді ме, тиімді емес пе; мұның қазақ үшін келешегі бар ма, жоқ па деген ең басты идея тұруы қажет деген пікірдемін. Қорытындысы осындай болуы керек. Басқа диаспоралар мұнымен келісуі тиіс, өйткені Қазақстан – қазақ елі. Ал қазақ болса – мемлекет құрушы ұлт. Бұдан басқа пікір таласына орын жоқ. Бұған қарсы шығу орынсыз.

Осы тұрғыдан келгенде бұдан екінші мәселе туындайды. Яғни мұндай басыңқылық басқаларға зиянды болмас па екен? Күндердің күнінде шатақ шығып жүрмей ме? Ал қазақтарға у-шудың керегі жоқ. Жалпы, қазақтар даукес халық емес. Мен білемін ғой. Демек, қазақтардың жақсылығы ешкімге теріс болмауы қажет. Мәселен, немістердің қазаққа ешқандай дау-дамайы жоқ. Басқалардың да оларға пәлендей талабы болмауы тиіс. Бірақ бәріміз бірігіп қазақтың көркейе түсуін ойлауымыз керек. Қазаққа жасалған жақсылық бәріміздің ортақ ізгілігімізге айналады» («Общественная позиция», №9, 3 марта 2010 г.).

Сөйтіп, Герольд ағамыз елдің қоғамдық өмірінде қазақ халқының алатын орнын және бұл мәселені қалай шешуге болатындығы жөніндегі ой-өрімін осылай тұжырымдайды. Түптеп келгенде, біз сөз етіп отырған үш автордың жуырда жарық көрген туындысы да, белгілі жазушы Г.Бельгердің қазақтар туралы жазған пікірі де Елбасының биылғы Жолдауымен үндес, пікірлес екендігін атап кеткеніміз орынды.

>

Амантай КӘКЕН

Астана

>

Серіктес жаңалықтары