ОҚЫМАСА, ОЙ ТОҚЫРАЙДЫ

ОҚЫМАСА, ОЙ ТОҚЫРАЙДЫ

ОҚЫМАСА, ОЙ ТОҚЫРАЙДЫ
ашық дереккөзі
385

Ата-аналарымыздан естігеніміздей олар бұрын кітапты таласып оқыған екен. Тығылып әке-шешесі ұрыспас үшін жасырынуға мәжбүр болған. Бірі қызықты кітапқа қолы жетіп оқыса, басқалары да таласа-тармаса ұмтылып, қолға түсіргенше тыным таппаған. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ ой ойлаудан тыйылар едік» – деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, алдыңғы буынның бізге қалдырған асыл дүниелері аз емес. Алайда оны оқитын оқырманның саны көңілге демеу бола алмай отыр. Егер кітапта жан болса сөз жоқ ол егіліп жылар еді. өткенін аңсап бұрынғы күндерін сағынар еді-ау.

Кітап – оқырман азығы. Баға жетпес байлық, адамзатпен қатар өмір сүріп келе жатқан құнды дүние. «Оқымаса ой тоқырайды» дейді дана халқымыз. Оқу арқылы біз ой-санамызды қалыптастырамыз, сөйлеу мәдениетін үйреніп, тіл шеберлігін арттырамыз. Әр түрлі кітап оқыған сайын алдымыздан жаңа, таңғажайып әлемнің есігі ашылмақ. Ал қазіргі таңда жас буын неге кітап оқымайды? Не себепті өз ойларын еркін жеткізе алмайды деген сұрақ төңірегінде әңгіме өрбітпес бұрын жалпы кітап қашан пайда болғаны туралы аз-кем айта кету керек сияқты. Кітаптың алғашқы түрлері ежелгі Грекия­да, Римде қыш текшелерге, тақта тастарға жазу арқылы пайда болған. Біздің заманымыздан бұрын VII ғасырда қамысқа кітап жазу ісі қалыптасты. Қытай шебері Цай Лунь қағазды ойлап тауып XIII ғасырда қағаз жасау өнері Шығыстан Батысқа қарай тарай бастады. Осыдан барып Еуропада кітап қауырт өркендеп, кітап мұқабалары алтын, күміс және басқа да металлдармен өрнектеліп жасалынды. XV ғасырдың ортасында неміс өнертапқышы Иоганн Гутенберг баспа қалыбын ойлап тапты. ең алғашқы кітапхана осыдан сегіз мың жыл бұрын пайда болған. Египеттегі атақты Александрия кітапханасында папирус қағаздарға жазылған кітаптар сақталып келген. Көпшілік білетіндей кітап деген сөздің өзі араб тілінен аударғанда «жазба» деген мағынаға ие. Тарихы тереңде жатқан адамзаттың рухани байлығын қалыптастыратын сол кітапқа бүгінде қызыға қарайтын оқушы жоқтың қасы. Иә, кітапты алмастыратын дүние көп, әрине. Ғаламтор, теледидар мен ұялы телефон, компьютер сынды техникаға барынша көңілдері ауған жастар кітап туралы мүлдем ұмытқандай. Сондай-ақ, технологияның тағы бір жаңалығы букридердің дүниеге келуі. Яғни, кітапты электронды түрде оқуға арналған құрал. Техника күннен күнге қарыштап дамуда. Адам қиялы шексіз болғандықтан әлі талай таңдай қағып таң қалатын техника талай заттың орнын басар. Бірақ біз одан дәл кітап оқығандай әсер аламыз ба? Қолың қалт етіп босағанда күншуақта болмаса тыныш қана бөлмеде сүйікті кітабыңды оқып кейіпкерлерімен бірге күй кешкенге не жетсін. Шығармадағы жағдай шиеленіскен сайын, солармен бірге шарықтап, бірге құлдырап қызыға оқып, парақтар сырғып таусылғанын да байқамай қаласың. Иә, кітап оқымағаннан ой таяздығы пайда болады. Көңілінде сайрап тұрғанын өзгелерге жеткізе алмай, жеткізсе де әр нәрсенің басын бір шалып жатады. Ал енді сол күйіне намыс­танып, өзін дұрыс жолға қойғысы келетін адам алдымен ең жақын досынан көмек сұрауы керек. Ол дос – кітап. Бірақ қандай кітап оқу керек? Кітап көп. Тамыры терең тарихымызды, салт-дәстүрімізді дәріптейтін, ең ұлы сезім – махаббаттың қуанышы мен қайғысын бейнелейтін, түрлі сырға, мұңға, қуанышқа толы тағдырлар мен оның кейіпкерлерімен таныстыратын кітаптар баршылық. Осы тұста «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шығарылған кітаптардың бір-екеуіне тоқталып өтер болсақ, «Бабалар сөзі» 80 томдық. Оның ішіне, батырлар жыры, хикаялық дастандар, ғашықтық жырлар, тарихи жырлар кірген. «Қазақ халқының философиялық мұрасы»: Фарабитану, Тәуелсіз Қазақстанның философиясы, Таным теориясы секілді кітаптар. Халқымыздың талай ғасырдан бері басынан өткерген қиыншылықтарын, елін жаудан аман алып қалған батырлары турасында ой қозғайтын әдеби шығармаларымыз баршылық. Өткен тарихты білмеу кез-келген азамат үшін үлкен сын, кейінгі ұрпақ алдында ұятты болу. Тарих тақырыбына терең үңілген шығармалар қатарына Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын ауыз толтырып айта аламыз. Оны оқыған оқырман қазақтың әр ханымен, ел қорғаған батырларымен таныса алар еді. Жас буынның кітап оқымауы – қоғамды ойландыратын мәселе. Онымен күресу үшін түрлі іс-шаралар да ұйымдастырылып келеді. Мәселен Қазақстанда жыл сайын «Бір ел – бір кітап» акциясы өткізіліп отыр. Оқырман қауым 2007 жылы ұлы Абайдың «Қара сөздерін» оқыса, 2008 жылы М.Әуезовтің «Қилы заман» шығармасын, 2009 Мағжан Жұмабаевтың махаббат жырларын оқыды. 2010 жылы «Бір ел — бір кітап» акциясы қазақтың ақиық ақыны Жұбан Молдағалиевтың «Мен – Қазақпын» өлеңіне арналды. Ал енді аталмыш акция осы жылы Ф.Оңғарсынованың «Дауа» шығармасына арналмақ. Адам өз ойын толық жеткізе алмауы үлкен кемшілік. Тілдің шұбарлануына жол беру, жаргон сөздерді қолдану біздің бай, қасиетті қазақ тілімізді қорлау. Ана тілімізде жазылған құнды дүниелерімізді жас жеткіншек оқып қадірлесе, мақсатымызға жеткеніміз. Сәбилер бесік жырын тыңдап, балалар батырлар жырын оқып, жастарымыз ақын-жазушыларымыздың жазған дүниелерін біліп өссе болашағымыз да жарқын болмақ. Тәлімі, тәрбиесі мол ұрпақ жамандыққа да бармайды.
Гүлбақыт Берікқызы
Тараз қаласы

Серіктес жаңалықтары