ТОҒЫЗ КҮНДЕ ТОҒЫЗ ТҮРЛІ ІС-ШАРА

ТОҒЫЗ КҮНДЕ ТОҒЫЗ ТҮРЛІ ІС-ШАРА

ТОҒЫЗ  КҮНДЕ ТОҒЫЗ ТҮРЛІ ІС-ШАРА
ашық дереккөзі
463

Әз Наурыз – түбі бір түркі жұртына ғана емес, күллі шығыс елдеріне ортақ мереке. Жаңғыру мен жаңарудың, бақ пен берекенің бастауы саналатын бұл мейрамды тойлау елімізде жыл сайын қарқын алып келеді. Жыл сайын мереке 21-23 наурыз күндері республикалық деңгейде атап өтілері белгілі. Дегенмен Наурыз мерекесін жалпыхалықтық сипатқа, өзінің төл бейнесіне қайта қауыштыру өмір талабы. Осы орайда, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі биылғы Наурызға ерекше сипат беруді көздеп отыр. Оңтүстікте 14-нен басталған мереке-думан 23 наурызға дейін жалғасын таппақ.

Жаңаша бастамамен басталатын мерекені заманауи үлгіде қайта жаңғырту көзделіп отыр. Тоғыз күн бойы ойын, тоғыз күн тойын өткізетін Наурыздың тоғыз түрлі атауы бар. Әр күн өзіндік сипатқа, өзіндік ерекшелікке ие.

Оңүтүстіктегілер алғашқы күнді «Көктем шуағы» деп атап­ты. Бұл күні облыс әкімі ар­да­герлерді көктемнің келуімен құт­тықт­амақ. Дәл осы күні жастарымыз қарияларға қолғабыс жасап, түрлі қайырымдылық шараларын өткізетін болады. Әрі бұл күнді «көрісу» дәстүрін жаңғырту десек те болады.

15 наурыз – «Тағзым күні». Бұл күні Шымкент қаласында Төле бидің 350 жылдығына, Абылай ханның 300 жылдығына ар­налған республикалық ақындар айтысы өтсе, мешіттерде ата-бабалар рухына арналып Құран бағышталмақ. Қаза болған шекарашылар рухына да Құран оқылып, шекарашылар ескерткішіне гүл шоқтары қойылады.

16 наурыз «Алас күні» атауымен жалпыхалықтық сенбілік өткізілмек. «Аластау» ұғымы «тазару, тазалану» дегенді білдіреді. Облыс аумағында бертінге дейін Наурыз мерекесі қарсаңында арықтарды тазалау, ағаш отырғызу дәстүрі болған. Бұл дәстүр соңғы кездері сиреп кетті. Наурыз айын жаңарудың басы десек, бұл күні тазалық жұмыстарын өткізудің де артығы жоқ. 17 наурыз – «Береке күні» болмақ. Дәл осы күні әркім қолдарынан келгенше, балалар үйіне, қарттар үйіне жәрдемдесіп, қайырымдылық шараларын өткізетін болады.

18 наурыз – «Өніс күні». Өңіс күнінде дүниеге келген сәбилерге сыйлықтар жасалып, аналары да сый-сияпаттан құр қалмайды. Наурыз мерекесінде егілетін әрбір тал дүние есігін ашқан сәбилерімізге арналмақ. Осы күні мол өнім жинаған ауыл еңбеккерлері де сыйлықтарға ие болады.

Оңтүстіктегілер 19 наурызды «Жайнау күні» деп атапты. Бұл күні барлық көшелер мен аулалар Ұлыстың ұлы күніне орай безендіріліп, түрлі көрмелер өтеді. 20 наурыз – «Шаттық күні» болса, 21 наурыз – «Үйлесім күні». Шаттық күнінде облыс басшылары зиялы қауым өкілдерімен кездесулер өткізеді. Ал Үйлесім күнінде Алтыбақан тігіліп, түрлі ойын-сауықтық бағдарламалар ұйымдастырылады. Түрлі этно-мәдени орталықтардың концерттік бағдарламалары ұсынылады. Бұл күні кешкілік жастарымыз Ордабасы алаңына жиналып, эстрада әншілерімен бірге Жаңа жыл таңын қарсы алады. Облыс әкімі тұрғындарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтайды.

Тоғызыншы күні, яғни 22 наурыз «Ұлыс күні» аталып, мерекенің негізгі шаралары өткізілмек. Бұл күні концерттік бағдарламалар, спорттық жарыстар ұйымдастырылады.

Облыстық телеарналар әрбір күннің мән-маңызын сипаттайтын негіздегі түрлі бағдарламаларды көрсетуді де жоспарға алып отыр. Тоғыз күнге созылатын Наурыз тойы оңтүстік жұртшылығын ән мен жырға бөлемек.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары