Қайынатаға деген құрмет той бастатты, – дейді «Дариға» орталығының басшысы Дариға РАХИМОВА

Қайынатаға деген құрмет той бастатты, – дейді «Дариға» орталығының басшысы Дариға РАХИМОВА

Қайынатаға  деген  құрмет той бастатты, – дейді «Дариға» орталығының басшысы Дариға РАХИМОВА
ашық дереккөзі
215

Республикамыздың оңтүстік өңірлері жайлы жақсы пікірлер көп. Оңтүстік – ең алдымен қазақтың ана тілінің қадір-қасиетін білетін, сол арқылы қазақтың салт-дәстүріне, ұлттық үрдіске шаң жұқтыра қоймайтын өңір. Сондықтан да болар, оңтүстіктен шыққан өнер адамдары да аз емес. Жетісай ауданынан шығып, бүгінде республика көлемінде таныла бастаған өнерпаздармен той үстінде танысқанымыз бар-ды. Әңгімелесе келе, бұл топтың өмірге келуі тіпті қызықтыра түсті.

– Қайынатама деген құрметтен, сый­ластықтан десем болады, – деп қызықтыра түсті Дариға Рахимова одан сайын.

– Дариға ханым, бұл сөзің құ­лаққа жағымды естіле бастады. Оңтүстіктің келіндерінің аса ибалы, инабатты, тәрбиелері ерекше болып келетіні баршаға аян. Дегенмен, мына сөзіңізді тарқатып айтып берсеңіз?

– Иә, өнерді насихаттаудың осынау жолына түсуіме шын мәнінде, қайынатам себепші болды. Қазақ халқы қыз балаға қонақ ре­тінде қарап, туған босағасынан аттап ұшып кеткенше бұлаңдатып, ерке өсіреді. Әу бастан қыз тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қараған. Мен де әке-шешенің рұқсатымен, бойжеткен бұлаң күйімде осы бір көпбалалы отбасына келін боп түстім. Үш келіннің ортаншысымын.

Өзім өнерге жақын, шығар­ма­шыл адамдардың көркем дүние­лерін жатқа оқып, ән салып, домбыра тартушы едім. Келін болып түс­кен әулет те бұл өнерден кенде­ емес екен. Қайынатам Ержігіт Ендібаев Жетісай аудандық өнер мектебінің директоры болып шықты. Өнер десе ішкен асын жерге қоятындар қатарынан. Өнерлі-ақ. Мені де жылы қабылдағаны содан болар. Бірде кешкі ас үстінде атамыз сөз бастады:

– Жастайымнан жетім қалып, ағайын-туыс, қала берді үкіметтің қарауында өскен ұрпақтың өкілімін. Құдайға шүкір, жеті перзентім бар, өстім, өндім. Таяуда Пайғамбар жасы 63-ке толады екенмін. Осынау ғұмырымда өздеріңнен басқа көрген қуаныш-жақсылығым да болмапты. Сендер мақұлдасаңдар, көз көргендердің басын біріктіріп, бір той жасасам ба деген ойым бар, қалай қарайсыңдар, – деп бәрімізді мейірімді жылы жанарымен сүзіп өтті. Әрине, балалары келісті. Ал, мен…

Иә, мен сол күннен бастап қалың ойға баттым. Шынында да, осы тойды естен кетпейтіндей, әдемі әсер қалдыратындай не істеуге болады?.. Өзім тумысымнан бірбеткей, ойға алған дүниені тындырғанша жаным тыным таппайтын мазасыздау жанмын. Оның үстіне, бір кісідей-ақ өнерім бар, сөйтіп, жатпай-тұрмай атам жайлы мағлұматтар жинай бастадым. Ол кісінің өмірге келген кезінен, жетімдіктің азабы мен жігіттіктің қызығы, әкеліктен ақсақалдыққа дейінгі кезеңдерден жақсы бір пікірлер, фотосуреттер жинап, сценарий жаздым да, қызу дайындала бастадым. Ол той бұрынғыларға ұқсамайтын, ұлттық үрдісте, қазақша тәлім-тәрбиеге құралған жаңаша сипатта болуы керек деп түйдім.

Не керек, тойға жиналғандар ерекше тәнті болды. Ата-енемнің, қайынаға, қайынсіңлілердің де қуаныштарында шек жоқ. Әсіресе, жесірлік пен жетімдіктің азабын басынан кешірген атамның ризашылығы жанарындағы мөп-мөлдір тамшыларынан-ақ көрініп тұр. Той дүрілдеп өтіп жатты. Сол той үстінде өзім қызмет атқаратын қаладағы гуманитарлық колледжде бірге жұмыс істейтін Бекжан есімді ағай: «Дариға, жақында қызымды ұзатамын, соған мықты сценарий жазып шық, дәл осындай ұлттық нақышта болсын»,– деген ұсыныс жасады.

Міне, 2005 жылдан бері осындай тірлікпен айналысып келемін. Сонау ауыз әдебиетінен бастап, жазба әдебиетке дейінгі аралықтағы қазақтың жыр-дастандарын, аңыздарын, махаббат туралы хикаяттарын, ол шығармалардағы ұлттық тәлім-тәрбиеге, салт-дәстүрге байланысты дүниелерді терең зерттей бас­тадым. Қазақтың батырлар жырларын парақтадым. Оқыған сайын қызықтыра түсті. Әр тойда келесі бір тапсырыстар түсе бастады. Осылай ұлтымыздың ұлттық ойындарына да қызығушылық пайда болды. Ешкімнен идея ұрлағаным жоқ. Оңтүстік өңірде алғашқылардың бірі болып той өткізудің жаңаша сипатын ойластырып, ұйымдастырушылардың бірімін. Кез келген тойға той иесімен келісе отырып, сценарийді де өзім жазып шығатын халге жеттім. Біріншіден, өнерге деген құштарлық, екіншіден, қазақтың салт-дәстүрін, қазақи дүниетаным, қазақтың пәлсафалық жора-жоралғысына деген қызығушылықтан туған идея осылай жалғасып келеді. Қазір қазақтың қыздары бұрынғыдай қашып кетпейді, қыз алып қашу азайды. Қайта, оң босағасында бұлаңдап өскен бойжеткен қызын керуендетіп, сән-салтанатымен той жасап ұзатып салу үрдіске айналды. Ол жақсы, жастарымызға тәрбиелік мәні де зор. Ұзатылып бара жатқан қызға қарап, кез келген құрбының осылай той жасатып ұзатылу арманына айналады. Қызығады. Қыз қиялы деген жүйрік қой. Бәріміз де солай армандап, бой түзеп, бойжеткенбіз.

Қыз бала отау құрып, жар сүйіп, ана атанған соң дүниеге келген перзентінің тәрбиесімен айналысуы керек. Осындай бала, отбасы қамымен үйде отырып қалған кезімде, атам:

«Балам, құдайға шүкір, күн көре алмай отырған жағдайымыз жоқ, дегенмен нота деген қиын нәрсе, өнеріңді жалғастыр, балаға шешең қарайласады», – деген соң, үйде де отыра алмай қызметіме кірісіп кеттім. Сөйтіп, өмірге әкелген үш баламды да енем бағып, тәрбиеледі. Сондықтан да, қазақтың салтын, үрдісін дәріптеу жолында келе жатырмын. Өзім Жетісай мәдени-ағарту колледжінің хоррежиссура бөлімін бітіргенмін. Қазір сонда сабақ беріп жүрмін.

– Дариға, топты қаржыланды­ра­тын кім және қанша мүшесі бар? Олардың қаражат жағына кім жауапты?

– Қаржымен, көлікпен қамтамасыз ететін демеушім де, кеңесшім де жолдасым – Марат. Мінезі өте қатал, бірбеткей. Бірақ жүрегі нәзік, өнерге үлкен сүйіспеншілікпен, тіпті жауапкершілікпен қарағанды ұнатады. Өзінің жеке шаруа қожалығы бар.

Ал «Дариға» салт-дәстүрді дәріптеуші-насихаттаушы тобында 15 көмекші қыз-келіншектер мен 6 қыздан тұратын би тобы және батырлар кейпіндегі төрт жігітіміз бар. Оның бірі ұлым Нұрсұлтан мен Нүркен, Бейімбет, Бауыржан атты кезінде өзім тәрбиелеп, дәріс берген шәкірттерім, бүгінде Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенттері. Жалпы санымыз 20-ға жуықтап қаламыз. Ал, тойдан түскен қаражат бәріне теңдей бөлінеді.

– Киім мәселесі аса қиын, сәнді киімдеріңізді қайда тікті­ре­сіздер?

– Шымкент қаласының орта­лығында қазақтың ұлттық киімдерімен айналысатын «Салтанат» сән үйі бар. Сондағы Салтанат атты модельер келіншекпен ақылдаса отырып, тапсырыс береміз. Жетісайда Нұржамал Шойнахиева атты замандасымыз бар. Осы екі сән үйінің ұлттық өнімдері ұнайды. Оңтүстікте ағаштан түйін түйген ұсталар көп. Шаңырақ пен батырлардың құрал-саймандарын соларға арнайы тапсырыспен жасатамыз.

– Дариға, ұлтымыздың баға жетпес байлығы да – оның тілі мен салт-дәстүрі. Ұлттық өнердің жанашыры ретінде, ұлттық нақыштағы той-томалақтардан көңіл қалған кездерің бар ма?

– Әрине, ұлттың тілі – ұлттың салт-дәстүрі арқылы жалғасып келе жатыр. Таяуда ата-анасының қалауымен тойға әзірлік жасап, сценарий дайындалып, қызу кірісіп кеттік. Үйлену тойы болатын. Қалыңдық жағы қазақшасы жоқ, орысша тәрбиеленген, шала қазақтар болып шықты. Ел жиналып, беташарға кезек келгенде әлгі келінсымақ «сәлем салмаймын» деп қырсықсын… О заман да бұ заман, жаңа түсіп жатқан келінді сәлем сал деп үгіттеу деген не сұмдық?!.

Тағы бір тойда ұзатылып жатқан қызға той басталар кезінде мейрамханаға қалай кіріп, қалай жүру керектігін қазақша түсіндіре алмай қатты сасқанымыз бар. Жасыратыны жоқ, оңтүстік таза қазақи облыс, орысшаға шорқақпыз. Жастарымызға өздерінің ана тілінде не істеу керек екенін ұғындыра алмау, масқарашылық қой! Қалыңдық пен күйеу жігіттің үстіндегі қазақша той үлгісіндегі киімдері жарасымды-ақ. Бірақ, оның түп тамырын, тәлімдік, тәрбиелік қасиеті саналарына жетпей жатқаны жанымызды ауыртқаны бар. Той болған соң, жиын болған соң ондай-ондай кемшіліктер болып тұратын шығар. Дегенмен, өзіміздің мәдениетімізден, әдебиетімізден алшақ жатқан осындай тойлардан шаршап, жүйкеңіз тозып қайтатын жағдайлар кездеседі. «Көш жүре түзеледі» дейміз де, басқа не айта аларсың?.. Балаларымыздың ел көргені, шетелде оқып-білім алғаны, әрине, жақсы-ақ. Бірақ, ұлттық мәдениеттен, тәлім-тәрбиеден алшақтамай, өздерінің ата-баба тілін, үрдісінен хабардар болғаны нұр үстіне нұр емес пе?!

Сұхбаттасқан

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары