Наурызды біз де атап өтеміз

Наурызды біз де атап өтеміз

Наурызды  біз  де  атап  өтеміз
ашық дереккөзі
268

Тазагүл ЕРБЕК, Измир қаласы, Түркия:

– Наурыз мерекесін біз Қазақ мәдени орталығында тойлаймыз. Орталықтың жанынан ашылған қолөнершілердің ұйымы бар. Солар дайындаған текемет, киіз үй мен оның керекті жабдықтары т.б. қолөнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастырамыз. Қазақша «Өмір» деген кітаптың тұсаукесері болады. Измир қаласында білім алып жатқан Қазақстан жастарының қатысуымен қаладағы Кемал Паша ауданында мерекелік концерт ұйымдастырылады. Жастарымыз «Қара жорғаны» билеп, қазақтың халық әндерін көрерменге ұсынбақ. Сонымен қатар Қазақ мәдени орталығы Маниса қаласында да қазақтың ұлттық бұйымдарының көрмесін ұйымдастырмақпыз. Наурыз мерекесіндегі дәстүрлі үрдіс – Наурыз көже пісіру. Наурыз көжені біздің Орталық мүшелері сенбі күні пісіріп, 100 шақты қазақ құттықтап келмек. Бүгінде Қазақ мәдени орталығына келіп, бізбен араласып жүрген қазақтардың саны 50-ге жуық. Бірақ Измир қаласында 150 қазақ түтіні бар. Әр отбасында кем дегенде 3-4 қазақ бар деп есептесек, қандастар саны кәдімгідей баршылық. Басқа мейрамдардан Наурыз мерекесінің ерекшелігі сол, қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қазақы мәдениет пен өнерді насихаттауға зор мүмкіндік бар.

Бекир ЗЕНГИН, Амстердам қаласы, Голландия:

– Бұған дейін наурыз мерекесін голландиялық қазақтар тойламайтын. Тек бір-біріне ұялы телефон арқылы хабарласып немесе хаттар жіберіп, құттықтаумен, тілек айтумен шектелетін. Өйткені Батыс Еуропада киіз үй тігіп, қазақы салт-жоралғыларды жасап, кең көлемде тойлау қиын. Бірақ биылдан бастап Қазақстанның Голландиядағы елшілігінің бастамасымен, Наурыз тойы сәуір айында аталып өткелі отыр. Егер қазақы үй тігу, наурыз көже пісіріліп, алтыбақан тебу сияқты қызықты шараларды елшілік ұйымдастырса, қуана қабылдаймыз. Естуімше, Қазақстан елшілігі осындағы кинотеатрдың бір залын жалға алып, бізге арнайы фильм көрсетіледі екен. Өкінішке қарай, көркем туындының не туралы болатынын анық білмеймін. Бірақ Атажұртқа қатысы бар рухани дүние болатынына сенімдімін.

Махмут БАШТАШ, Осло қаласы, Норвегия:

– Норвегиядағы қазақтар қазір Қазақстанның сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов келеді деп үлкен дайындық жұмыстарын жүргізуде. Ол кісі Финляндияда жүр. Негізі Наурыз мерекесіне байланысты бұл елде ұзақ демалыс болмайды. Бір-бірімен араласып-құраласатын қазақ отбасылары, Норвегияда оқып немесе жұмыс істеп жатқан қазақ жастары мен азаматтары өзара тойлаймыз. Мерекелік дастарқан басында емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, Атажұртқа қатысты ойларымызбен, жоспарларымызбен бөлісеміз. Ослодағы Қазақстан консулдығының Наурыз мерекесіне орай қандай жоспар құрғанынан хабарым жоқ. Бірақ бұған дейін арнайы дастарқан жайып, кездесуді дәстүрге айналдырған. Бірақ дәл 22 наурыз күні емес, ол күні Еуропадағы қазақтардың бәрінің жұмысы болғандықтан, апта соңында, яғни, демалыс күндері тойлаймыз.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары