Қаза тапқан ПОЛИЦЕЙЛЕРДІ еске алды

Қаза тапқан ПОЛИЦЕЙЛЕРДІ еске алды

Қаза  тапқан  ПОЛИЦЕЙЛЕРДІ еске алды
ашық дереккөзі
232

Соңғы екі жылда қалада лаңкестік әрекеттердің жолын кесу барысында ондаған полиция қызметкері жараланып, 4 тәртіп сақшысы қаза тапқан. Әсіресе, 2011 жылдың қарашасында Алматыда болған қайғылы жағдай ел-жұртты есеңгіретіп тастады. Сол күні Райымбек батыр даңғылы мен Б.Момышұлы көшесі қиылысында «Боран» автопатрулінің қызметкерлері полиция старшинасы Мақсат Дабыл­ов және оның әріптесі Ғалымжан Әбдіров қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан болатын.

Арыстай азаматтарынан айрылып отбасы қалды. Бірінің жары, екіншісінің анасы көзін жасқа бұлады. Шырылдаған балалары үшін де әкенің орны бөлек еді. Әрине, өкініштің орны толмайтыны белгілі. Жақында ғана Алматы қаласының Ішкі істер департаменті қызметтік міндетін атқару кезінде көз жұмған әріптестерін еске алу мақсатында бірқатар шаралар ұйымдастырды. Шара барысында сөз сөйлеген Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Тыныбековтің айтуынша, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда қызметтік тапсырмаларды орындау барысында 47 тәртіп сақшысы қаза тапса, олардың 18-і аса қауіпті қылмыскерлерді ұстау кезінде мерт болған.

«Біз қылмыспен күресуде өмір­лері қиылған, қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза болған Алматы қалалық ішкі істер департаменті күзет по­лиция полкінің қызметкерлері: поли­ция аға сержанты Әбдіров Ғалымжан Әбіш­ұлын, полиция аға сержанты Да­былов Мақсат Ералыұлын, полиция аға лейтенанты Қайрақбаев Ержан Кин­нул­линұлын, полиция лейтенанты Қожах­метов Ерназ Жаманқараұлын еске алу үшін жиналып отырмыз. Олардың бар­лығы Отан алдындағы адал парызын жанқиярлықпен атқарды. Бұлар біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігін қорғауда қаза тапты. Соның нәтижесінде, Ал­матыда екі қылмыстық топ жойылды. Құқық қорғау және заң бұзушылықтың алдын алуды қам­та­масыз етуде көрсеткен ерліктері үшін полиция аға сержанттары Ғалымжан Әбдіров пен Мақсат Дабылов 2011 жыл­дың желтоқсанында Елбасы Жарлығымен III дәрежелі «Айбын» орденімен мара­пат­талды. Қызметтік міндеттерін ат­қаруда батылдық танытып, ерлік жаса­ғандары үшін Күзет полкінің 6-рота инспекторы, полиция аға лейтенанты Ержан Қайрақбаев, полиция лейтенанты Ерназ Қожахметов II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Біздің қаза тапқан жолдастарымыз Отанға және халыққа берген анттарына соңына дейін берік болды. Олардың батырлығы мен ерлігі үлкен құрметке ие, полицейлер үшін үлгі», – деді Алматы қа­лалық Ішкі істер департаментінің бас­тығы, полиция полковнигі Қайрат Ты­ны­беков.

Қаза болған полицейлердің туыстары мен әріптестері Департамент аумағында орналасқан арнайы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Сондай-ақ департамент жыл сайын қызмет бабында көз жұмған қызметкерлерді еске алу аясында түрлі спорттық сайыстарды өткізуді қолға алған. Алғаш өткізілген жарыстың да нәтижесі шығып, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар, ал оққа ұшқан полицейлердің туыстарына тұрмыстых техника табыс етілді. Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданынан келген Мақсат Дабыловтың анасы Хадиша Дабылова: «Мақсат тұңғыш балам еді. Ол жастайынан полицей болуды армандады. Енді өз мақсатына жеттім дегенде, тағдырдың ісі осылай болды. Амал қанша, ұл-қыздары аман болсын деп тілеймін. Еске алып жатқан әріптестеріне көп рахмет айтқым келеді» деген алғысын білдірді.

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары