АҚТӨБЕДЕГІ ӘЙЕЛДЕР ФОРУМЫ

АҚТӨБЕДЕГІ ӘЙЕЛДЕР ФОРУМЫ

АҚТӨБЕДЕГІ ӘЙЕЛДЕР ФОРУМЫ
ашық дереккөзі
250

Тағы да көктем келді! Жер бетіне сұлулық пен көркемдікті ала келетін осы бір жаймашуақ көктемнің алғашқы айы онсыз да күннің шуағы мен қызуына құштар нәзік жандарды керемет бір күйге бөлейтіні бар. Еліміздің көптеген өңірлеріне қиыншылығын да ала келген қысқы аяздың беті қайтып, жер көбесі сөгілетін мезгіл де келіп жетті.

Елімізде Қазақстан әйелдерінің кезекті сьезінде саяси мемлекеттік қызметтегі әйелдер өкілдігін 30 пайыздан кем емес деңгейге жоғарылату туралы Елбасының тапсырмасы үнемі назарда болып келе жатыр. Ана мен баланы қорғау, отбасылық-демографиялық саясатты қолдау бойынша жүргізіліп отырған жүйелі жұмыстар өз нәтижелерімен қуантады. Әсіресе, Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған бағдарламалар негізінде әйел кәсіпкерлерді қолдау шараларының аясы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Осы ретте «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы өткен жылы 743 әйелге 3 676 млн. теңге заем беріліп, 194 жұмыс орны ашылды. «Бизнес-кеңесші» бағдарламасы бойынша 43 752 тыңдаушы курстан өтсе, оның 62 пайызы – нәзік жандар екен. «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы бойынша шағын несие алушылардың 40 пайызын тағы да әйелдер құрап отыр. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асыруда еңбек нарығындағы әйел кәсіпкерлер үлесін арттыру жөнінде тиісті ұсыныс-пікірлер үнемі тыңдалып, сараланып отырмақ. Осының арқасында еліміздің барлық аймақтарында әйелдер кәсіпкерлігінің тұрақты өсуі байқалады.

Таяуда Ақтөбе қаласы әкімінің жанын­дағы әйелдер істері және гендерлік саясат бойынша комиссиясы кәсіпкерлік бө­лі­мімен бірлесіп өткізген облыс­ көлеміндегі іскер әйелдердің форумы, қалада өткен республикалық «Қанатты әйел–4» жәрмеңкесі соның айқын дәлелі дер едік. Іскерлік және экономикалық дағдыларын дамыту жолымен әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту, әйелдер кәсіпкерлігін көтермелеу, бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламаларына белсенді қатысуын, қамтамасыз ету, әсіресе, азық-түлік өнеркәсібі, сауда және қызмет көрсету саласында жұмыс істеп жүрген ханымдарға мемлекеттен көмек қолын созып, қолдау көрсету мәселелері кеңінен сөз болды. Қаланың экономикалық өміріне белсенді атсалысып отырған 120-дан астам табысты әйелдер өз пікір-ұсыныстарын ортаға салды. «Шағын және орта бизнесті қолдау: проблемалар мен оларды шешу жолдары» тақырыбында өткен бұл Әйелдер форумы өз кезегінде тәжірибе алмасудың да сәтті қадамы болды десек артық айтпағанымыз. Өйткені Елбасының әйелдердің Ү форумында берген тапсырмасына орай дайындалған Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөнінде 2009-2015 жылдарға арналған бағдарлама барысында тындырылған шаралар кеңінен сөз болды.

Батыс өңірлері, оның ішінде Ақтөбе облысы да өндіріс орындарымен қатар, жекелеген кәсіпкерлердің де айы оңынан туып тұрған өлке. Сол жеке кәсіпкерлердің көпшілігі ханымдар десек, ер-азаматтарына сүйеу бола білген қазақ қыздарының бұл ретте де қайраткерлік танытып жатқаны қуантады-ақ.

Таңсұлу Алдабергенқызы

Серіктес жаңалықтары