ҰРАҒА АЙНАЛҒАН КҮРЕ ЖОЛДАР

ҰРАҒА АЙНАЛҒАН КҮРЕ ЖОЛДАР

ҰРАҒА АЙНАЛҒАН КҮРЕ ЖОЛДАР
ашық дереккөзі
430

Әз Наурызға арналған демалыс күндерін пайдаланып Талдықорғанға сапар шегіп қайтқан едік. Республикалық маңызы бар Алматы – Өскемен күре жолының шұрқ-шұрқ тесікке, ұра, шұңқырға айналғанының куәсі болып оралдық. Бүгінде күре жолдағы жол апатының алдыңғы жылдармен салыстырғанда 3 есеге артқанын айтып, Ішкі істер министрлігіндегілер дабыл қағуда.

Алайда оның себебін анықтап, салдарына үңіліп жатқан ешкім жоқ. Көбінде авто-көлік жүргізушілерінің салғырттығынан жол көлік апаты жиі қайталанатындығын айтамыз. Ал Республикалық маңызы бар күре жолдардың қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайтындығымыз қаперге алынбайды. Алматы мен Талдықорған арасы 270 шақырым. Егер жолыңыз айнадай тегіс болса, бұл аралықты кәнігі жүргізушілер 3-3,5 сағатта-ақ жүріп өтеді. Өкінішке қарай, мың шұңқыр, қырық тесікті санап жүріп, Талдықорғанға бес сағатта әзер жетеді екенсің. Әсіресе жолдың Алматы-Қапшағай арасы мүлдем бүлінген. Анда-мұнда тесіктерді жамаған қып қойған. Алайда белгілі бір участоктар ғана жамалған. Көп уақыт өтпей-ақ, қуанышың су сепкендей басылады. Таз кебін киген қырық шұқанақ алдыңнан қайта шығады. Тіпті айнадай жарқырап жататын Қапшағайдағы МАИ бекетінің айналасының өзі тозып кетіпті. Күніне сан мыңдаған көлік иелерін өткізетін бекеттің осы маңайды жөндеп алуына шамасы жетпей отырғанына еріксіз қынжыласың.

Жалпы, жол – экономиканың басты көрсеткіші. Кезінде жолдың өзі саясат деп ұрандатқанымыз мәлім. Бірақ жол салу жағынан Қазақстан кеудесін керіп мақтанарлық деңгейге жете алмай келеді. Дамыған 50 елден өтіп, алдыңғы отыздықтан үміткер біз үшін жолдың бүгінгі аянышты халі жұмған аузымызды ашуға мүмкіндік берер емес. Дамыған, өркениетті Еуропаны ауызға алмай-ақ қояйық. Кезінде даму индексі жағынан үшінші елдер қатарына жататын, ең кедей елдердің бірі – Египетке сапар шеккенімізде жолдарының тақтайдай тегіс, айнадай жарқырап жатқанының куәсі болып, таңдайымызды қағып оралған едік. Сол секілді іргеміздегі Қытайдың Қорғас шекарасынан өткеннен кейін – Үрімжіге дейінгі жолдың ешбір мінсіз салынғандығын көріп таң қалыстық. Даму индексі жағынан аталған мемлекеттердің Қазақстаннан қара үзіп кете қоймағаны анық. Алайда олар жолдарымен мақтана алады. Сөйтіп туризм ота­нына айналып отыр.

Бүкіләлемдік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингісі бойынша Қазақстанның жолдары 144 елдің ішінде 117-ші орынды иеленген. Кейбір ақпарат құралдары аталған рейтингіде 136 орынды иеленген Ресейдің алдына түскенін мақтан көріп, бөріктерін аспанға атыпты. Сол Ресейдің Алтай Республикасының территориясымен де жүрудің сәті түскен еді. Алматы-Өскемен күре жолында азапты бек тартқан біздерге Ресей жолдары әжептәуір жақсы салынған сыңайлы болған.

Алматы-Өскемен күре жолының апатты жағдайы туралы талай дабыл қағып жазғанымызбен, оған көңіл тек биыл ғана бөлінгелі отыр. ҚР Коммуникация және көлік министрлігінің баспасөз-қызметінің хабарлауы бойынша, 2013 жылы жаңа 3 жолдың құрылысы басталатыны мәлім болды. Соның бірі осы Алматы-Өскемен тас жолы. Қазіргі сәтте министрлік Алматы-Қапшағай және Астана-Теміртау жолдарының жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуде. Аталған баспасөз-мәліметінде:

«Алматы облысы бойынша Қапшағай мен Талдықорған арасында жол учаскесін реконструкциялау жоспарланып отыр. Бұл қосымша жұмыс орындарын ашатын болады, сонымен қатар биыл «Сарқанда қаласын айналып өту» учаскесі пайдаға берілмек» делінген.

Қазақстандық рейтингі бойынша Алматы облысының жолдары аса қауіпті жолдар қатарына енгізілген. Соңғы бір жыл ішінде Алматы облысында 634 жол көлік апаты тіркелсе, 310 адам осы жол бойында ажал құшқан, 717-сі түрлі жарақаттар алған.

Алматы облысындағы жалпы жолдың ұзындығы 9 472 шақырым. Оның 2 519 шақырымы Республикалық маңызы бар жол. Көлік инфроқұрылымын дамыту комитеті төрағасының бұйрығы бойынша елдік маңызы бар тас жолдың жылына орта есеппен 587 шақырымы жөнделуі тиіс. Ал бұл өңірде соңғы бес жылда орта есеппен 200 шақырымнан артық жол жөнделген емес. 2011-15 жылдарға межеленген Үкімет жос­пары бойынша Алматы облысында бар болғаны 756 шақырым тас жол түзелмек. «Бұл жөнделуі тиіс күре жолдың бар болғаны 35 пайызын құрайды», – дейді Прокуратура есебі.

2013 жылы Көлік жолдарын дамытуға бюджеттен 300 миллиардқа жуық теңге бөлініп отыр. Жалпы 5500 шақырымдай жол жөндеу қарастырылған, соның – 2200 шақырымы республикалық және 3300 шақырымы жергілікті жолдар. Алайда осы қаржының межелеген мақсатқа жетпеуі ықтимал. Суб-мердігерлерге қойылатын бақылаудың жоқтығынан қаржының жұмсалуын қадағалау мүмкін болмай отыр. Сол себепті де болар жыл сайын жамалып, жөнделіп жатқан жолдардың қайтадан астаңы-кестеңі шығып, бір жауған қалың қарды көтере алмай жатқаны. Алматы облысы түгілі Алматы қаласының жолдары да, іске алғысыз күйге енген. Қазіргі таңда талапқа сай жолдар барлық жолдың 11 пайызын құрайды екен. Бұл жөнінде «Қазақстан жолдары» ғылыми зерттеу институтының президенті Бағдат Телтаев мәлімдеді. «Зерттеу нәтижелері бойынша авто жолдардың 68 пайызы капиталды жөндеуді талап етеді. Яғни апатты жағдайда. Қанағаттанарлық жағдайда, яғни талапқа сай келетіні – 11 пайыз ғана. 21 пайызы – талапқа сай емес», – дейді ол.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары