ГОЛЛАНДИЯҒА ҰЗАТЫЛҒАН ҚЫЗҒАЛДАҚ

ГОЛЛАНДИЯҒА ҰЗАТЫЛҒАН ҚЫЗҒАЛДАҚ

ГОЛЛАНДИЯҒА ҰЗАТЫЛҒАН ҚЫЗҒАЛДАҚ
ашық дереккөзі
619

Елбасы сонау 2002 жылы Нидерланды корольдігіне жасаған ресми сапары кезінде сол елдің ханшайымы Беатрикс ханым Президентімізге қызғалдақ жайында ағынан жарылып, былай депті: «Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен, сондай-ақ Қазақстанды Нидерландымен байланыстырып тұрды. Осы байланыстар біздің елімізге қызғалдақ гүлін әкелді. Бұл гүл осылайша Нидерландыға кең тарады. Саудада ол ең өтімді өнімге айналды. Қазіргі кезде қызғалдақ гүлі нидерландықтардың нөмірі бірінші экспорттық тауары. Сол үшін де сіздің елге қарыздармыз».

Ақиқаттың негізінде өрбитін аңыз-әңгі­мелер жаугершілік замандарда бабала­рымыздың қаны тамған жерлерге араға бірнеше жылдар салып, алқызыл қызғалдақтар жайқалып шыққан дейді. Осылайша, қан майданнан қалған қызғылт дақтар уақыт өте келе гүл падишасы – қызғалдаққа айналыпты. Аңыздың түбінде әйтеуір бір шындықтың жататыны рас емес пе? Олай болса, қызғалдақтың отаны деген мәртебелі атаққа қазақ жері талассыз ие бола алады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын қыз­ғалдақтың отаны Қазақстан екенін ғылыми тұр­ғыдан жан-жақты дәлелдейтін жаңа ту­ынды жарыққа шыққан болатын. Орыс ғалымы Анна Иващенконың «Қазақстанның қыз­ғал­дақтары және өзге де жуа тұқымдас өсімдіктер» атты бұл кітабы базбіреулер үшін анау айтқан жаңалық болмас, әрине. Алайда онда бізге таныс һәм бейтаныс қызғалдақтың тарихы мен өсу процесі, кө­­беюі секілді жайлар талданып жа­зылған.

– Менің қызғалдақтар табиғатын зерт­тегеніме қырық жылдай уақыт болды. Қа­зақ халқы ежелгі дәуірден бері дала гүлі қыз­ғалдақты құрметтейді және оның көр­кіне қызығып қана қоймайды. Шипалы қасиеті бар өсімдік әсіресе оңтүстік өңірде емдік мақ­саттарға кеңі­нен пай­да­ланылады, – дейді ғалым Анна Ан­дре­евна.

Ғалымның айтуынша, қызғал­дақтың тұқымы Ұлы Жібек жолы арқылы Қазақстаннан – Түркияға, одан әрі Голландияға жеткен көрінеді. Дала қызғалдақтары еліміздің барлық об­лыстары мен аудандарында баршылық. Алайда мамандарды бұл күндері қыз­ғалдақтың келешек тағдыры қатты алаңдатуда. 1981 жылы «Қызыл кітапқа» қыз­ғалдақтың 13 түрі енгізілген екен. Өкі­нішке қарай, тізім мұнымен бітер емес. Сон­дықтан да дала гүлдерін жүйелі түрде қорғау бүгінгі таңдағы басты мәселе бо­лып тұр. Қызғалдақтың кешегісі бәрі­мізге белгілі ғой, ал енді бүгінгі хал-жағдайына мамандар қатты алаңдаулы. Қызғалдақ гүлі «Қызыл кітапқа» енгендіктен, ерекше қорғауға алынған. Жоғалып, құрып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарларды қалай қорғау керектігін үйретіп жатудың өзі тым артық дейді олар. Десек те біздің елде экологиялық сауат ашуды қажет ететін жағдайлар өте көп. Егер азамат қызғалдақты жұлу кезінде қолға түссе, онда ҚР Қылмыстық кодексінің 290-бабымен оның үстінен қылмыстық іс қоз­ғалады екен. ОҚО Ішкі істер басқармасындағылар Түлкібас ауданына қа­расты Қызыл төбешік дейтін жердегі грейг қызғалдағы ерекше қорғауды қажет ететіндігін айтады. Және сол төбеден өзге аймақтан бұл гүлді кездестіре алмайсыз. Ерте көктемде осы жерде сұқ көз бен сұғанақ қолдар кө­бейетін көрінеді. Және осындай фактілер саны жыл сайын артуда. Әсіресе, мейрамдар қарсаңында қыз­ғал­дақтың «жаулары» күрт көбейеді екен. «Аяусыз жұлу­дың ке­сірі бірнеше жылдардан кейін қыз­ғалдақтардың жаппай жойылуына алып келе ме деген қауіп бар. Осы жағдайды бол­дырмау үшін тырысып-ақ жатырмыз. Заң бойынша, бір дана қызғалдақты жұ­луда келтірілген залалды өндіру үшін 360 теңге айыппұл төленеді. Шындығында браконьерлікпен күресу үшін бұл айыппұлдың көлемі өте аз. Ер­теңгі күні өкініп қалмас үшін сұғанақ қолдарға қатысты қатаң шара­лар қолдануымыз қажет сияқты»,–дейді табиғат қорғаушы полицейлер.

Ал Оңтүстік Қазақстан Облыстық «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің эколог-маманы Әмірбек Сиқымбаев табиғи парк аймағында қызғалдақтың бір­неше түрі кездесетінін айтты. Олар грейг, кауфман, шымған, түркістан, жалғантүкті, жалған қосгүлді, кү­мән­ді деп ата­латын қызғалдақтар. «Мен эколог-маман ретінде мерзімді басылымдар арқылы оқырмандарға «қыз­ғалдақты жұл­маңыздар» деп әрдайым айтып жү­ремін. Өйткені олардың пиязшығына зиян келетін бол­са, ол жерден дала гүлі қайтіп шықпайтынын біреу білсе, біреу білмейді. Тіпті қызғалдақ ұрығын қайта шашқан күннің өзінде оның өсіп-жетілуі үшін кем де­генде 10 жыл керек болады»,–дейді қызғалдақтың жойылып бара жатқанына алаңдаулы эколог.

Егер қызғалдақты гүл падишасы дейтін болсақ, грейг қызғалдағын қызғалдақ падишасы деу әбден жа­расымды болар еді. Өйткені грейг – қызғалдақтың ең әдемі және табиғатта ең аз кездесетін түрі екен. Оның қалың көкшіл жапырақтары мен 12-15 см.-ге дейін жететін бокал тәріз­дес гүліне сұқтанбайтын жан кемде-кем. Қызғал­дақ­тың бұл түрі тек өзінің әсемдігімен ғана емес, емдік қасиеттерімен де ерекшеленеді. Мәселен, гүлдің пиязшығының құрамында 40-60 пайыз крахмал мен қант бар. Оның кей бөліктерін жергілікті халық бас ауруы, бауыр ауруларын емдеуге де пайдала­натын көрінеді. Өкінішке қарай, оның сұлулығы өзіне сор болып жабысқан сыңайлы. Себебі өте сирек кездесетін жағдайға жетіпті.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Серіктес жаңалықтары