КІМ ЖЕҢЕДІ?
КІМ ЖЕҢЕДІ?
Жемқорлықпен күрес:
Таяуда Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өткен болатын. Жиынға индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев, денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова мен мұнай және газ министрі С.Мыңбаев мырзалар қатысты. Елімізде жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шаралар қаржыны қымқыратындарға әзірге түк әсер етпей келеді, сондықтан қоғамда жемқорлықтың өршуіне алаңдаушылық өсе түсуде.
Денсаулық сақтау саласы әлемде ең қымбат сала болып есептеледі, сондықтан Қазақстанда да жыл сайын қазынадан медицина саласына қомақты қаражат бөлінеді. Бірақ қаржының жұмсалған есебі бар да, нәтижесі аздау. Дәрі-дәрмек жетіспеушілігі, медициналық қызмет, маман дайындау мәселелері әлі де ақсап тұр. Бұдан шығатын бір ғана қорытынды – бөлінген қаржы көбіне тиісті межеге жетпейді, жарты жолдан қысқарып, кейбір жемқорлардың жемсауына түсіп кетеді. Осы келеңсіздіктерді атап көрсеткен комиссия болашақта жемқорлардың тұсауын кесу керек дегенді әңгіме арқауына айналдырды.
Жалпы елімізде әлеуметтік, мәдени және өндірістік салаларға қомақты қаржы бөлініп келеді. Тағы да қағаз жүзінде есеп бар да, іс жүзінде нәтиже жоқ. Солардың бірі – жер қойнауын пайдалану саласы. Комиссия жер қойнауын пайдалану мәселелеріне байланысты бірқатар түйткілдерде атап көрсетті. Келісімшарттарды жасау және рәсімдеу тәртібі өте күрделі, өз кезегінде бұл көбіне сыбайлас жемқорлық фактілерінің орын алуына итермелейді. Мемлекеттік салық пен баж салығын төлеуден жалтаруға жол бермеу үшін шикі мұнайды өндіру, тасымалды бақылауды және есеп жүргізуді қатайта түсу қажет. Отырыс қорытындысы бойынша, комиссия тарапынан мемлекеттік органдарға нақты ұсыныстар мен тапсырмалар берілді.
Жемқорлықты кім жасайды? Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің мәліметінше, алаяқтық әрекетке баратындардың көпшілігі – мемлекеттік қызметтегі шенеуніктер. Бұл мәселе таяуда Мәжіліс отырысында да қаралып, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы-экономикалық қылмыстарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын бірінші оқылымда-ақ мақұлданды. Әдетте заң жобасы бірнеше рет қаралады, болмаса кері қайтарылып жатады. Бірақ бұл жолы сыбайлас жемқорлар үшін заңды жеңілдіктер жасалыпты. Заң жобасы бойынша Қылмыстық Кодекстің 10-шы бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мәселен, заңсыз жолмен алынған қаржыны немесе өзге мүлікті заңдастыру үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген баптың қолдану аясы тарылады. Яғни, заң жобасы арқылы қылмыстық жолмен жасалған заңдастыруға ғана жауапкершілік жүктейді деген өзгеріс енгізіледі. Әділет министрі Берік Имашев құжатқа қандай өзгерістер кіргелі отырғанын айтты: «Жалған мәлімет бергендерді бас бостандығынан айыру туралы 2-бапқа өзгеріс енгізіледі. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығару тәртібін бұзғандар мен өзін жалған түрде банкротпын деп жариялағандардың жазасын жеңілдету көзделген. Сондай-ақ Заңсыз кәсіпкерлікпен және заңсыз банктік қызметпен айналысқандарды, сондай-ақ акцизделетін тауарларды акциздік маркалармен таңбалаудың тәртібі мен ережелерін бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту жазасы балама жазалармен, яғни түзету жұмыстары немесе бас бостандығын шектеу жазаларымен алмастырылады», – деді. Заңды талқылауға көшкен депуттар арасынан тек «Азат» партиясының басшысы Азат Перуашев қана заңды екінші оқылымға қалдырып, тағы талқыға салу керектігін айтты. «Егер біз жалған кәсіпкерлікті Қылмыстық кодексте сақтасақ, бұл қайтадан қазіргі жағдайды жалғастырады. Яғни, қашқан қылмыскерлер жауапкершіліктен қаша береді. Ал ісін адал, ашық істейтін кәсіпкерлер айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Біз қылмыстық жаупкершілікті адал істейтін кәсіпкерлерге жүктеп отырмыз. Ол дұрыс емес», – деді ол. Перуашевтің уәжі осы. «Атамекен» ұлттық палатасын басқарған кезінде ол осы мәселені бірнеше рет көтеріп, аталған бапты Қылмыстық кодекстен алып тастауды сұраған. Ал әріптесі Нұртай Сабильянов: «Қылмыстық жауапкершілікке тартатын бапты қалдырған дұрыс. Меніңше, жалған кәсіпкерлікке міндетті түрде қылмыстық жауапкершілік қарастырылу керек және бұл экономикалық қылмыстың ішіндегі өте өршіп тұрған ауыр қылмыс болып есептеледі. Өйткені осы жалған кәсіпкерлікпен айналысу арқылы көптеген азаматтар салық төлемейді, мемлекеттік бюджетке орасан зор зиян әкелуде, яғни бюджетке де түсім азаяды», – деп отыр.
Қылмыстық кодексті ізгілендіруден жеңілдік күтетін кәсіпкерлер де аз емес. Кәсіпкерлердің жолын кес-кестейтін көптеген әкімшілік кедергілер бар. Ал ҚР Бас прокурорының орынбасары Нұрмаханбет Исаев: «Біз дәл қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстен бұл бапты алып тастай алмаймыз. Дәл осы баппен қылмыстық жауапкершілікке тартылатындар қатарында бір емес, он емес, жүздеген кінәлі адам бар. Олар мемлекетке миллиондап зиян келтіруде. Біз жаңа заң жобасына 192 және 191-баптарды біріктіретін 215-бап енгізбекпіз», – деді. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин болса, бұл заң жобасы тек бизнес-қауымдастықтың табысты жұмыс істеуіне емес, жалпы елімізде экономиканың дамуына өз үлесін қосатынын атап өтті. Бірінші оқылымда мақұлданған маңызды құжат енді екінші оқылымға жіберілді.
Сонда жоғарыдағы топ жемқорлықпен күресті қатайту керек десе, депутаттар керісінше жазасын жұмсартып жатыр. Бұл қарама-қайшылық жемқорлардың пайдасына шешіліп тұр емес пе?