ТАСТЫ ТАЛҚАНДАП, ТАБИҒАТТЫ ОЙРАНДАП...

ТАСТЫ ТАЛҚАНДАП, ТАБИҒАТТЫ ОЙРАНДАП...

ТАСТЫ ТАЛҚАНДАП, ТАБИҒАТТЫ ОЙРАНДАП...
ашық дереккөзі
224

Қоршаған ортаға қиянат жасаушылар неге жазаланбайды?

Өндірісті өркендетіп, кәсіпкерлікті дамытамыз деп, кейде табиғатты естен шығарып жіберетініміз бар. Пайданың соңынан алаөкпе боп қуып жүргенімізде қоршаған ортаның тепе-теңдігі бұзылып, соның кесірінен мыңдаған жылдар бойы жасалған әсем ландшафт жойылып жатады.

Әңгімені бұлай бастауымыздың себебі бар. Таяуда Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков бастаған облыс басшыларына еріп бір топ журналистермен бірге Ордабасы ауданына барып қайтқанбыз. Қонақтарды Темірланға кіре берістен қарсы алған аудан әкімі Данияр Тілеубергенов заңсыз жұмыс істеп, табиғатқа залалын тигізіп жатқандарды өз қолымен көрсетіп беруді ұйғарыпты.

Ордабасы ауданының орталығы Темірланның маңынан өтетін Арыс өзенінің атырабы бір кездері ну тоғай болатын. Облысқа ғана емес бүкіл елге танымал еді. Өтіп бара жатқан жолаушы болсын, шетелден келген туристер болсын өзен суына шомылып, қалың тоғай өзен бойының таза ауа­сымен еркін демалушы еді. Бүгінде өзен маңындағы қалың тоғай селдіреп қалыпты. Әкімнің айтуынша, заңсыз табыс тапқысы келетіндер Арыстың жағасынан кішігірім карьерлер ашып, тас өндіретін болған. Өзен бойын қуалай орналасқан карьерлердің кесірінен тоғайдағы ағаштар жойылудың сәл ғана алдында тұр. Өзен арнасы да кеңи бастапты. Тиісінше судың тереңдігі мен ағысы азайған.

Арыс өзені осы маңда тіршілік ететін ондаған елді мекеннің егістік, суармалы жерлерін сумен қамтамасыз етіп отырған жалғыз су көзі. Оның үстіне жағасын бойлай өскен жасыл желек сол маңның экологиялық ахуалын бірқалыпты ұстап тұруға да септігі мол. Ал әлгіндей карьерлер сол тепе-теңдікті бұза бастаған. Ирелеңдеген, көрер көзге әдемі өзен арнасы да қалыпты бейнесін жоғалтыпты. Қазылған жерлер суға толып, өзен арнасының ұсқынын қашырып тұр.

Аудан басшысы заң шеңберінде тіркеліп, салығын төлеп жұмыс істеп жатқан мекеменің өзі заңсыз әрекеттер жасап, өзен фаунасы мен флорасына, маңындағы тоғайға үлкен зиянын тигізіп жатқанын айтты. «Қуан» деп аталатын серіктестік Арыс өзенінің оң жағалауынан 2-3 жылдан бері тас өндіріп, пайда тауып жүр екен. Заң шеңберінен шықпай, адал жолмен ақша тапса мейлі ғой, жұмыс жүргізуге деп берілген он шақты гектар жерді місе тұтпаған олар 50-60 гектар аймақты тас өндіремін деп әбден бүлдіріп тастапты. Ағаштарды тамырымен қопарып, өзен табанында жатқан тас­ты қомағайлана қазып алған. Әр-әр жері шұңқыр болып жатыр. Тап бір бомбалаудан кейінгі көріністі көз алдыңызға елестетеді.

Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков мырза осындай бейберекет әрекеттің салдарынан, заңсыз тас өндіруші каръерлердің кесірінен бірнеше ауыл су астында қалуы да мүмкін деген ой айтты. Өйткені он шақты жылдан бері тас пен құм өндірісінің салдарынан ғасырлар бойы қалыптасқан су арнасы өзгере бастаған. Өзен жағасы жайылып, тоғайлар оталып кеткен.

Сәкен Қаныбеков бұл әрекеттерге тосқауыл қою керектігін шегелеп айтты. Құр сөзбен шектеліп, кейінге қалдыруға болмайтынын, мүмкіндік болса қылмыстық жазаға тарту жағын қарастыру керек екенін меңзеді. Облыс әкімінің орынбасары ордабасылық басшыларға өзен жағасына дереу арнайы күзет қойыңдар деген тапсырма берді.

Ал енді тас пен құмның қайда сатылып жатқанына келер болсақ, бұдан барлығы бейхабар болып шықты. Белгілісі – табиғатқа қиянат жасау тоқтар емес. Ал аудан әкімі бұлармен күресуге дәрменсізбіз дегенді алға тартады. Тиісті мекемелерге, табиғат қорғау прокуратурасына бірнеше мәрте хат жібердік, ешқандай нәтиже жоқ дейді Данияр Тілеубергенов. Аудандық табиғат қорғау бөлімінің бастығы болса, өзен маңындағы осы жағдайды енді көріп отыр екен. Ол да негізсіз тексере беруге құзыретінің жоқтығын айтады. Тек жобалық тексеріс кезінде ғана ақ-қарасын айыруға мүмкіншілігіміз бар дейді. Қарапайым ауыл тұрғындары тоғайға кіріп, амалының жоқтығынынан отын қылсам деп бір тал кессе айыппұл төлетпей қоймайтын табиғат қорғаушыларының мыңдаған талды кесіп жатқан, өзеннің маңын полигонға айналдырып жіберген заңсыз кәсіпкерлерді неге дәл солай жазалмайтындарына таң қалдық.

Жалпы еліміздегі қадағалау, бақылау жұмыстарының жетілмегендігі, жауапты кісілердің өз ісіне жүрдім-бардым қарауы үйреншікті жағдайға айналып кеткен. Әйтпесе бес-алты жылдан бері тас аламын деп табиғатты ойрандап жатқандарды байқамау мүмкін емес. Өзен маңындағы сұмдықты табиғат қорғаушылары тұрмақ соқыр адам көреді. Көріп те жүр. Айналып келгенде осы жағдайдың барлығы табиғат қорғаушылардың, тиісті мекемелердің енжарлығы мен жауапсыздығынан, әлгі карьер ашып, тас сатып пайдаға малшынып жатқан заңбұзарлардың ақшаға құнығуынан орын алып отыр.

Табиғатты ойсыраттық екен, енді қал­пына келтіру ләзім. Ол үшін тағы да қыруар ақша мен қыруар күш қажет. Оның үстіне егілген шыбық бір жылда үлкен талға айнала қоймас. Арнасы ауыса бастаған өзеннің де баяғы арнасын қалпына келтіру тау тұрғызғанмен бірдей жұмыс. Қалай десек те табиғат-анаға өлшеусіз нұқсан келтіргендер мен осыған жол бергендердің, көзді жұмып, «енді көріп тұрмын» дейтін марғау басшылар мен жауапты шенеуніктер тұмса табиғатқа келтірген шығындарын өтеуге тиіс. Таяуда облыстан арнайы комиссия құрылып, тас тасушылардың жолын кеспек. Бүгіннен бастап, іске көшпесе, жағалау жайылып, көлшіктер көбейеді.

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Данияр Тілеубергенов,

Ордабасы ауданының әкімі:

«Мен жалғыз күресе алмаймын. Себебі бұлардың ішкі тірліктеріне араласуға мүмкіндігіміз жоқ. Бірақ, құзырлы органдарға, экологиялық прокуратураға ұсыныс хат, қызметтік хат жазғанбыз, жазып та жатырмыз. Мұнымен қоғам болып күресу керек».

Сакен Қаныбеков,

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

«Бұл түнде жасалатын тірлік емес. Бұл күні-түні жасалған. Арнайы жол да салып алған. Ал бүгін біздің келетініміз туралы біреу хабар берген. Сондықтан да көліктерін тығып қойған. Қазір біз кете салысымен, бір сағаттан кейін қайта шығады. Бұған тоқтау қою керек, ертең олар қазған жерді қайта көмеміз, жағалаудан аққан су көлшік болады, көлшіктен тасыған су ауылды алады. Қалай дегенмен аудан әкімшілігі осының барлығын қадағалауы керек, бір сөзбен айтқанда, осыған жауапты. Заңсыз жұмыс істеп жатқандардың бәрін қуамыз. Мүмкіндік болса, қылмыстық жауапкершілікке тарту керек».

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары