ҚЫРҒИҚАБАҚ ҚОС КОРЕЯ

ҚЫРҒИҚАБАҚ ҚОС КОРЕЯ

ҚЫРҒИҚАБАҚ ҚОС КОРЕЯ
ашық дереккөзі
350

Корея – бір түбекте орналасқан екі мемлекет. Ұлты бір, діні бір, тарихы бір, бірақ президенттері басқа, қақ ортадан шекара сызылған. Шекарадан аттаса, өзге мемлекеттің аумағына өткені. 1945 жылы бір бүтін мемлекет қақ бөлінді, сөйтіп Солтүстік және Оңтүстік Корея атанды. Осыдан отыз жыл бұрын қосылмаққа ниет танытты, бірақ сөз күйінше қалды. Ол ол ма, қос мемлекет қазіргі күйіне де зар боп қалуы мүмкін. Солтүстік Корея, яки Корей Демократиялық Республикасы «соғысамыз» деп аттан салуда.

Оңтүстік халқы мұндай қоқан-лоқыға еті әбден үйренген. Сеул тұрғындары бұл сесті бірінші рет естіп жүрген жоқ. USA Today газеті де «Оңтүстік Корея Солтүстіктің төндіретін үздіксіз бопсалауына үйренген» деп жазды. Бұрынғы басшы Ким Ир Ченнен бастап, оның баласы Ким Чен Ын да таққа отырғалы бері осы мәселеге ғана мән береді. Солтүстік Кореяның әлеуметтік жағдайы, елдің экономикалық табысы, экспорт пен өндіріс, өнеркәсіп, білім салалары диктаторды қызықтырмайды. Сондықтан да оңтүстіктің экономикасы ілгерілеп, көршілерін артта қалдырғалы қашан… КХДР-ның басшысының онымен жұмысы жоқ. Билік тек әскерилердің қару-жарағы мен дайындығын тексеріп әлек. Жуырда осындай дайындықтарды тексеруге келген Ким Чен Ын артиллерияны қарап шығып: «Бұйрық берілген сәтте ессіз жаудың мойнын жұлып, денесін қақ жару арқылы нағыз соғыстың қандай болатынын көрсетіңіз», – депті бас қолбасшыға ЦТАК ақпараттық агенттігінің мәлімдемесінде.

Солтүстік Корея президентінің сес көрсетуіне не себеп? Солтүстік Кореяда ядролық қару бар деген сыбыстың гулеп жүргеніне біраз жыл. Бірақ ешқандай дәлел жоқ, сонда да олар үшінші ядролық сынақты өткізді деген мәлімдеме жасалды. The New York Times газеті КХДР-ын Азиядағы ең тылсым мемлекет деп жазады, сондай-ақ Иран мен Солтүстік Кореяның өзара сыбайлас болуы да ғажап емес дейді. Даудың басы – ядролық қару. Жуырда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкциясына КХДР қол қойған жоқ, одан бас тартты. Әуелде Ким Чен Ын егер де Қауіпсіздік кеңесіне қол қоятын болсаңдар, «біз шабуылдаймыз» деп сес көрсеткен еді. Бірақ дәл осы «соғыс ашпаймыз» деген санкцияға оңтүстік, яғни Корей Республикасы қол қойды. Сол-ақ екен БҰҰ қолдап отырған бірнеше мемлекет пен АҚШ Сеулде әскери дайындық жүргізе бастады. Әскери жаттығу 10 күнге созылады және тек ойын түрінде ғана. АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің өкілі Виктория Нуланд Корей Республикасының қауіпсіздігін АҚШ қамтамасыз ететінін растады. Сондай-ақ жыл сайынғы корей-американдық әскери жаттығуларды тәжірибе шыңдап, қорғанысты арттыруға бағытталған дайындық деді. Алайда Пхеньян бұл әрекеттің тегін еместігін айтып, өз әскерін түгендеп жатыр. Қайткен күнде де оңтүстікке АҚШ пен Жапонияның қол ұшын созатыны анық. Ал солтүстікке Ираннан басқа ешкім жақтаспайтын сияқты. Кезінде Пхеньянға КСРО мен Қытай болысқан, бірақ бүгін Қытайдың саясаты басқа.

Солтүстік Корея бейбітшілік пен татулық туралы келісімшарттардың күшін жойды, жоққа шығарды. Қазіргі таңда бір түбектегі екі мемлекет байланысқа зәру. Тура мағынасында көршілес елдер тікелей телефон байланысын да үзді. Нақты соғыс басталмаса да, ақпараттық соғыс басталып кеткен. Дәл осы ақпараттық соғыстың ақыры үлкен соғысқа ұласпаса игі. Белді бекем буынып түбекке тұмсығын сұққан АҚШ Ким Чен Ынның қалтасын санап әлек. Қытай банктерінде оның ондаған есепшоттары бар екені анықталды. Онда миллиардтаған доллар қаражат болуы мүмкін дейді Vesti.ru ақпараттық порталы. Оған жауап ретінде Ким Чен Ын: «Сеул мен Вашингтонды от құрсауына орап, күл паршасын шығарамын», – деп уәде берді. Корей түбегіндегі шиеленіскен жағдайға бүкіл әлем алаңдаулы. Корей коммунистік газеті былай деп жазады: «КХДР-ға қарсы санкция – соғыстың басталғаны деген сөз».

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін түбек кеңестік және американдық болып екіге бөлінді. Қазір оңтүстіктегі демократиялық кәрістер дамыған мемлекетке айналған, ал кеңестік ұстанымдағы солтүстік өкпелеген баланың кейпін танытады. Ал ерке бала Ким Чен Ын ойыншық әскерді шайқастыратындай соғысты асыға күтуде.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары