ҰЯДА НЕ КӨРСЕҢ...

ҰЯДА НЕ КӨРСЕҢ...

ҰЯДА НЕ  КӨРСЕҢ...
ашық дереккөзі
295

Ұрлық түбі – қорлық

Жуырда кәмелетке толмаған жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері жөнінде Алматы қалалық сотында брифинг өтті. Оған сот төрағалары қатысып, бүгінгі жастардың тәрбиесі мен қылмысқа бару жолдарын атап көрсетті.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қағида тегінде тура айтылған дейді сот төрағалары. Өйткені бүгінде жасалатын қылмыстың барлығы отбасындағы ұсақ-түйектен басталады. Әлеуметтік-психологиялық зерттеулердің нәтижесінде кәмелетке толмаған балалардың ұядағы кикілжіңнің кесірінен қылмысқа баратыны белгілі болды. Сондай-ақ әке-шеше дұрыс көңіл бөлмей, баланың қолы бос болып, айналысатын ештеңесі болмағандықтан қылмысқа барады екен. Ал жасөспірімдер қылмысының 80 пайызы ұрлық, оның ішінде – тонау, қарақшылық, ашық тонау, ұрлық түнгі уақытта жасалады екен.

2008 жылдан бастап Алматы және Астана қаласында ювеналды сот құрылды, біртіндеп тиімділігіне қарай республиканың барлық қалаларын қамтып отыр. Аталмыш жүйе баланың бостандығы мен құқықтарын сақтауға, баланы қорғауға қатысты, атап айтқанда баланың тұрғылықты жерін анықтау туралы, ата-аналық құқығынан айыру (шектеу) және қалпына келтіру туралы, баланы асырап алу туралы, кәмелетке толмағандарды арнайы білім беру ұйымдарына немесе ерекше режимде ұстау ұйымдарына жіберу туралы даулар бойынша азаматтық істерді қарайды.

Гүлнар Қонақбаева, Ал­маты қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы:

– 1994 жылы Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып «Бала құқықтары туралы» конвенцияны қабылдады. Бала құқықтары мен қылмыстың алдын алу туралы заңдар қарастырылған. Кез келген қылмыстық іс бір-біріне ұқсай бермейді, әрқайсысын жекелей қараймыз. Өйткені әрбір істе баланың тағдыры тұр. Баланың тұрғылықты жерін анықтауда талас туып жатады. Әке-шешесі ажырасқанда, екі тарап та бала менің жанымда тұруы керек деген уәж айтады, дәлелдер келтіреді. Осының бәрін негізге ала отырып, ювеналды сот баланың кіммен тұрғаны абзал екенін анықтайды. Жақында біз болашақ заңгерлермен кездестік. Олардың көпшілігін толғандырған да осы сұрақ болды. Әкімшілік істерде жаңа баптар енгізілді. Оған сәйкес, кәмелетке толмаған балалар түнгі сағат 10-нан бастап таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болмауы тиіс. Статистикаға көз жүгіртсек, қылмыстардың басым көпшілігі түнде жасалады. Сондықтан баланы кіргізген мекеменің басшылығын жауапқа тартып, айыппұл салуға құқымыз бар.

Елімізде қылмыстық заңнаманың барлық саласында ізгілендіру процесі жүріп жатыр. Егер де ауыр қылмыс жасалса, екі тарап татуласып, келтірілген залал мүлкінің орны толтырылған жағдайда кешірім беріліп, жауаптан босатылады. Бірақ сот оны жай жібере салмайды, ата-анасының қатаң бақылауы, жеке өміріндегі жүріс-тұрысын шектеу (кешке үйден шықпау, ойын-сауық мекемесіне бармау) сияқты үкімдер шығарады. 2011 жылы – 190 іс түскен, 180 іс қаралып, оның 105-не үкім шығарылды, бас бостандығынан 18 азамат айрылған. 2012 жылы – 164 іс түскен, 155-і қаралды. Оның ішінде – 6 кәмелетке толмаған бала бас бостандығынан айрылды. Осыған қарап-ақ жасөспірімдер қылмысының азайғанын байқауға болады. Осы балалардың дені отбасылық жағдайының нашарлығынан қылмысқа барады. Әсіресе ата-анасы ажырасқан немесе біреуі ішімдікке салынған, баласы қараусыз қалған, ата-анасы ауылда, өзі оқуда жүрген балалар қылмыс жасайды. Олардың көпшілігі – ұялы телефон ұрлайды. Өкінішке қарай, сол балалардың барлығының өз телефоны бар, бірақ Iphone, Ipod сияқты қымбат телефондарды ұстағысы келеді. Сонда олардың ақталатыны «Мен ол үшін қылмыстық жаза қолданады деп ойламадым, мен қасында тұрдым» деп құқықтық сана, құқықтық білімнің төмендігін танытады. Расында, біздің мектептер мен жоғарғы оқу орындарында білім алатын жастарға қылмыстық кодексті біліп жүру артық етпейді. Біз осы мақсатта Алматыдағы мектептерде лекция оқимыз.

Мәселен, бүгін мен бір істі өткіздім. Кәмелетке толмаған бала қоғамдық мекемеге баса-көктеп кірген, қару қолданған және тонаған. Дүкенге кіріп, тонау мақсатында сатушының мойны мен басын пышақпен жарақаттаған. Сатушы «не алсаң да ал, жөніңе кет, маған тиме» деп айттым дейді. Ертесінде тағы бір дүкенге барып, тура солай тонап кеткен. Бұл жағдайлардың алдында сатушының сұрауы бойынша біз оны кешіргенбіз. Бірақ ол қылмысын қайталады, сондықтан 5 жылға бас бостандығынан айрылды. Бесіктен белі шықпаған баланың болашағына балта шабылды, тәрбиелеу мекемелеріне жібермесе тағы болмайды. Ол қылмысты әрекетін ертең тағы қайталайды.

Шолпан Құрманбекова, Алматы қалалық сотының кассациялық сот алқасының судьясы:

– Құқық бұзған жасөспірімнің үлкен­дердің қамқорлығынсыз қалып қоюы ювеналды сот құрылған сәттен бас­тап жиі көтерілетін мәселе. Өйткені ауыр немесе аса ауыр қылмыс түрлері бойынша істер қарал­ып, жасөспірімге шартты жаза түрлері белгіленіп жатса, баланың одан кейінгі тағдыры белгісіз, ол өз бетімен қалып қояды. Біздің мақсатымыз – үлкендерден көмек күтетін баланы жалғыз қалдырмай, онымен ты­ғыз қарым-қатынаста жұмыс жасау. Біз баланы 18 жасқа жет­кенге дейін қолтығынан демеп, адам қатарына қосуға талпынып жатсақ, шетелдерде ұрпағын 21 жасқа жеткенше өзінің қамқорлығында ұстайды. Неліктен? Жас жеткіншек қай уақытта да көмекке зәру, ол өзіне ерекше көңіл бөлгенді қалайды. Мас күйінде қоғамдық орындарда болған, есірткі заттарды қолданған, түнгі уақытта заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде болған кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтары туралы әкімшілік істер бізге түседі. Осы балалардың білім алуы мен тәрбиесіне ата-анасы дұрыс көңіл бөлсе екен дейміз. Көбіне қылмыс жасаған жасөспірімдердің ата-анасы баласының қайда жүргенін білмейді.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары