ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАР ТОЙЛАҒАН ТӨЛ НАУРЫЗ!

ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАР ТОЙЛАҒАН ТӨЛ НАУРЫЗ!

ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАР ТОЙЛАҒАН ТӨЛ НАУРЫЗ!
ашық дереккөзі
240

Наурыз барша түркі жұртының ортақ мерекесі. Наурыз – жаңару мен жаңғыртудың басы. «Отыз күн ойын, қырық күн тойын» тойлайтын мереке деп, осы Ұлыстың Ұлы күнін айтатын болар, бәлкім. Осыған орай, еліміздің түкпір-түкпірінде Наурыз мерекесі ерекше леппен атап өтілуде. Соның бір дәлелі, 22 наурыз күні Қарағанды жұртшылығы атап өткен Наурыз мейрамы.

Қарағанды жұрты бұл мерекеге айрықша дайындалыпты. Бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша мерекелік шаралар сән-салтанаты келіскен шерумен басталды. Оған этномәдени бірлестіктердің мүшелері, Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлері, сонымен бірге, мерекелік көңіл-күйден жүздері бал-бұл жайнаған жастарымыз да қатысты. Тәуелсіздік алаңында ине-шаншар жер жоқ. Тайлы-таяғы қалмай, алаңға жиналған. «Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге» дейін осында.

Қарағанды қаласының қақ төрінде орналасқан Тәуелсіздік алаңында тігілген ақшаңқан киіз үйлер маңында жиылған қала тұрғындары мен қонақтарды облыс әкімі Бауыржан Әбдішев Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтады.

Облыс әкімі Бауыржан Әбдішев өз сөзінде: «Шығыс күнтізбесі бойынша жыл басы болып саналатын Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесімен баршаңызды құттықтаймын. Тарихи тамыры тереңде жатқан Наурыз – көктем мен жаңғыру күні. Кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің мерекесі. Халқымыздың берекесі мен бірлігінің, ынтымақты тірлігінің, өсиеті мен өнегесінің өшпес белгісі. Қанға сіңген қасиетті дәстүріміз. Самарқанның көк тасы жібитін осынау қасиетті күні адамдар бір-біріне деген өкпе-реніштерін кешіріп, тек қана жылылыққа толы тілектер айтады. Игі дәстүрмен қайырымдылық көмек көрсетеді. Ақ жаулықты аналарымыз қазан көтеріп, нау­рыз көжесін пісіреді. Дастарханын жайып, дархан пейілмен дәм береді. Ер – азаматтар ауыл маңайындағы бұлақтардың көзін ашып, ағаш отырғызады. Сөйтіп, желкілдеп өсіп келе жатқан ұл-қызына, ұрпағына ынтымақ пен бірліктің, еңбектің мәнін түсіндіріп, санасына сіңіреді. Әрине, осынау әрбір игі істің, ата дәстүрдің астарында ғасырлар бойы сабақтастығын үзбей жеткен ұлы даланың даналығы, халқымыздың өшпес өсиеті жатыр», – деді

Наурыз мерекесіне арналған мәдени шаралар облыстың барлық қалалары мен аймақтарын түгел қамтыды десе де болады. Өйткені, Ұлыстың ұлы күні – бұл тек жыл басы ғана емес, ырыс пен ынтымақтың, молшылықтың мерекесі.

Ойын-сауықтық бағдарламалардан бөлек, Қарағанды қаласында 21-22 наурыз күндері жәрмеңкелер көрігі қыза түсті. Жәрмеңкеде ауыл шаруашылығының тауар өндірушілері, облыстың өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындары өз өнімдерін қала тұрғындарына ұсынды.

Ал 22 наурызда Қарағанды кәсіпкерлерімен бірге жәрмеңкеге Ақтоғай, Жаңаарқа, Нұра және Шет аудандарынан келген тауар өндірушілер өз өнімдерін саудаға шығарды. Кейбір деректерге сүйенсек, жәрмеңкеде 9,3 тонна ет, 75 мың дана жұмыртқа, 2 тоннадан аса сүт өнімдері, 27 тонна картоп пен көкөніс сатылды.

Жалпы алғанда, екі күннің ішінде 18,9 тонна ет, 150 мың дана жұмыртқа, 68 тонна картоп пен көкөніс өткізілген екен. Мұның бәрі қарапайым жұртшылық үшін жасалып отырған іс-шаралар екені белгілі. Жәрмеңкенің қарағандылықтарға мереке қарсаңында көтеріңкі көңіл-күй сыйлағаны анық. Іздеген өнімін жәрмеңкеден тапқан тұрғындардың да ризашылықтары шексіз, Дүкен бағасынан әлдеқайда төмен бағада ұсынылған ет-сүт өнімдерін сатып алуға ерекше ықылас танытқаны байқалады.

Сондай-ақ, тағы бір атап өтер жайт, Қарағанды облысының аграрлық секторының 10 кәсіпорны 22 наурыз күні Астанада «Қазақ елі» монументінің алдында өткен мерекелік жәрмеңкеге қатысып қайтты.

Олардың арасында Қарағандының 5 өңдеуші кәсіпорны, Бұқар жырау ауданының Майқұдық құс фабрикасы, «Ақнар» құс фабрикасы және «Морская империя» фирмасы, Саран қаласының «Дедов» ЖШС, Абай ауданының «Топарские теплицы» компаниясы бар. Қарағандылықтар ұсынған өнімдер де астана жұртшылығының көңілінен шыққан сыңайлы.

Сонымен бірге, мереке күндері Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында облыс әкімі Бауыржан Әбдішев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10-жылдығы атындағы саябақта ағаш отырғызу шарасына қатысып, өз қолымен ағаш отырғызды. «Бір тал кессең, он тал ек» деген халық даналығын ескерер болсақ, бұндай игілікті істің берері де мол. Ағаш отырғызуға 500-ден астам қала тұрғындары қатысып, 150 ағаш көшеттерін отырғызды. 150 түп ағаштың күні ертең-ақ желкілдеп өсіп шығары белгілі. Ағаш егіп, тал отырғызған тұрғындардың да қуанышында шек жоқ. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген осы!

Г.БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары