«Болашағы жоқ» ауыл бола ма?
«Болашағы жоқ» ауыл бола ма?
Биылдан бастап Қазақстанда іргелі ауылдарды дамыту бойынша жобаны жүзеге асыру басталады. Аймақтағы ауылдардың халі мүшкіл. Республиканың шалғай өңірлерінде тас жолы тозған, ауыз суы мен жарығы нашар ауылдар бар. Кезінде осы елді мекендерде жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтыған кем дегенде бір немесе екі кәсіпорын, цех, зауыттар жұмыс істеп тұрды. Қазір осы кәсіпорындардың қаңқасы ғана қалып, ауыл тұрғындары қолындағы азын-аулақ малға қарап отырған жайы бар.
Апта басында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясындағы облыстар, Астана мен Алматы қалалары мәслихаттарының хатшылары мен аппарат жетекшілері үшін ұйымдастырылған семинарда ҚР Өңірлік даму вице-министрі Серік Жұманғарин негізгі ауылдарды дамыту қолға алынады деп қадап айтты. «Қазіргі кезде біз ауылдарды әлеуеті бойынша бөліп, негізгі тіректі елді мекендерді анықтадық және биылдан бастап іргелі ауылдарды дамыту бойынша жобаны іске асырамыз», – деді вице-министр. Бірақ бұл жаңалануға барлық ауыл кірмейді, әр өңірден бір елді мекен іріктеліп алынады. Тегінде ауданға бір-екі кәсіпорын салынса маңайдағы ауылдардың тұрғыны жұмыспен қамтылар еді. Ауылды көркейту жергілікті халыққа жұмыс тауып беруден басталса… Қайбір жыл «Ауыл» жылы деп айдарланды. Бірақ сол жыл не өзгертті? мен ауылда мектепте оқып жүрген едім. Қазір де ауылдың жағдайы дәл бұрынғыдай, өзгерген дәнеңе жоқ. 2004-2010 жылдары «Ауылдық аумақтарды дамыту» бағдарламасы аяқталды деп аттан салды. Осы бағдарлама бойынша аталмыш жылдар ішінде 766 миллиард теңге жұмсалған. Нәтижесі қайда? Әлі де ауыз су мен газ тартылмаған ауылдар жетіп артылады. Тіпті даму көрсеткіші жоғары Алматы облысының аудандарына табиғи газ тартылмаған, басқасын айтпағанда.Жұманғарин мырза «Ауылда инфрақұрылымды дамытамыз, яғни біз бүгінде ауылды дамытудың кешенді жоспарын жасаудамыз», – деп түйді. Ауылдардың бүгінгі жай-күйі мәз емес, оны ауыл тұрғындары ғана білетін сияқты. Ауылда мектеп, емхана және әкімшілік қана жұмыс беруші орган. Ал балабақша, мәдениет үйі, мал өсіру кешені сияқты ғимараттар істен шыққалы қашан… Елімізде 7000-нан астам ауыл болса, соның үштен бірі өмір сүруге жарамсыздың қатарына жатады екен. Ол дегеніміз – егін салатын алқаптар сортаңданып, суармалы жерлердің көлемі азайып барады деген сөз. Ауылдағы халықтың кішкене сүті мен есігінің алдына салған бақшасының жемісін сыртқа сата алмайды. Нарыққа шығара алмайды. Ендеше өз күнін өзі көріп келген ауыл халқына Үкімет қолдау көрсету керек, әйтпесе осы азық-түлікті жыл сайын сырттан 3-4 миллиард долларға таситын еді. инфрақұрылым жоқ, техника тапшы, ауыз су мен егін суы санаулы, жұмыс жоқ айдалада бес ешкіге қарап күн көріп отырған халықтың жағдайын жасау енді ғана қаперге алынса керек.
Өңірлік даму комитетінің төрағасы Серік Жұманғариннің айтуынша, ешбір ауыл ұмыт қалмайды. Еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылым туралы заңға сәйкес жұмыс орындары бар жерлерге көшіріледі, я болмаса жақын маңдағы елді мекенге қосылады. Сарапшы мамандардың айтуынша, шаруашылығы мен өндірісі, суы мен газы, инфрақұрылымы жоқ ауылдарды көшіру, басқа ауылға қосу дұрыс шара. Себебі мұндай ауылдарға инфрақұрылым жүргізу, қаржы бөлу өзін-өзі ақтамайды. Айтуға оңай болғанмен, іс жүзінде ауылдарды көшіру оңтайлы шешім емес-ау. Өйткені үй-жайы, қоныстанған мекені бар, түтеткен шаңырағы бар ағайынды орнынан қозғап, басқа ауылға көшіре салу оңай емес. Әрине, егер баспана мен қорасын салып беріп жатса, ұсақ ауылдарды азайтуға болар еді. Бұл экономикалық тиімді шара. Республика халқының 47 пайызы ауылда тұрады, олардың 99 пайызы қазақтар. Былтыр «болашағы жоқ ауыл» санатына жатқызылған елді мекендерден жас отбасыларға аудан орталығынан пәтер берілді, тегін емес әрине. Ипотекамен рәсімделген пәтерлердің құны – 25-30 мың АҚШ доллары. Осынау пәтер үлестіру жалғаса түссе дейміз.Шағын қалаларды дамыту бағдарламасы былтыр басталған еді. Елордада «Даму» қоры екінші деңгейлі банктер және лизингтік компаниялардың қатысуымен ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды. Оған сәйкес, республиканың 20 моноқаласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге банктерден сыйақы ретінде 10 пайыз көлемінде мемлекеттік субсидия алуларына болады. Келісімді ҚР Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, «Даму» қорының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, 10 облыс әкімдігінің өкілдері, екінші деңгейлі 17 банктің және 10 лизингтік компанияның басшылары рәсімдеді. «Біз екінші деңгейлі 17 банктің және 10 лизингтік компанияның моноқалаларда субсидиялау туралы келісімге қол қоюға ниет танытқандықтарына қуаныштымыз. Айта кетерлігі, кеше ғана 9 лизингтік компания болса, бүгін таңертең тағы бір компания біздің келісімімізге қосылды», – деп атап өтті «Даму» қорының басқарма төрайымы.Аталған банктер моноқалаларда есеп айырысу кассалары бөлімдерімен қатар шағын және орта бизнесті дамытуға арналған орталықтар ашады. Қ.Өскенбаевтың айтуынша, шағын қалаларды дамытуға бөлінетін қаржы жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, өткен жылы республикалық бюджеттен 6 миллиард теңге, биыл 38,2 миллиард теңге бөлінді. Ал келер жылы 43 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр. «Менің ойымша, егер де біздер жұмыстың нәтижесін көрсетер болсақ, онда мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы ресурстары да арта түсетін болады», – деді вице-министр.
Өткен жылы осы салаға бөлінген қаражат толық игерілді. Бұл қаржы инженерлік және коммуникациялық инфрақұрылымды тартуға бағытталды. Бағдарлама кәсіпкерлерге шағын қаладан шықпай-ақ жаһандық әлемде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. «Бұл бағдарлама жалғасын табады. Ол 2012-2020 жылдарға есептелген. Егер өзге мемлекеттік бағдарламалар бойынша біз белгілі бір басымдықтарды анықтасақ, ал моноқалаларды дамытуға келгенде бизнес түрлеріне шектеу қойған жоқпыз», – деді Өскенбаев мырза.
Өркениеттің табысын дардай қылып айтамыз. Ғылыми-техникалық үрдістің дамуын айтып мақтанамыз. Бірақ ауылдағы жағдай 30-40 жылға кейін қалған десек қателеспейміз. Ауылды «болашағы жоқ» деп ысырып тастауға болмас. Қаланың тұрғындары ауылдың халқы бай деп есептейді, ол рас. Бірақ бізде емес, дамыған мемлекеттерде ауыл тұрғындарының бас-басында қоршалған фермасы, ат-көлігі мен техникасы бар. Біздің ауылдарды осындай деңгейге жеткізу қажет…