ҚР Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов: Өндіріс қуаты – ірілігінде

ҚР Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов: Өндіріс қуаты – ірілігінде

ҚР Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов: Өндіріс  қуаты – ірілігінде
ашық дереккөзі
166

Мемлекеттік тілдің мұңын мұңдап, қазақша сөйлейтін депутаттар некен-саяқ. Парламенттік отырыстарда өзекті мәселелердің ортасынан табылатын, өзгелерге қазақша білу барлық азаматтың міндеті екенін ескертуден шаршамайтын, жас буыннан ағалық ақыл-кеңесін аямайтын азамат – ҚР Мәжілісінің депутаты Розақұл Халмұрадов мырзамен өткізілген бүгінгі әңгімеде талай түйткіл талқыланған еді.

«Депутаттарға ағалық наз айттым»

– Президент Н.Назарбаевтың біртұтас ұлт идеясы туралы пікіріңіз қандай?

– Бұл мәселе туралы Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиялық жобасында жан-жақсы қарастырылған ғой. Бір елді мекендеп, бір мақсатқа жұмылып, бір тілекпен өмір сүріп жатқаннан кейін біз – біртұтас халықпыз. Демек, «сен ана жақтан келгенсің, сен – мына жақтансың» деп бір-бірімізді көзге шұқу, бөле-жару – жаңсақтық. Меніңше, біз бір ел, біртұтас халық болуымыз үшін тіліміз де бір болуы шарт. Осы себепті Елбасы халыққа Жолдауында біртұтас ұлт идеясын қайталап айтты ғой. «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі, бәріміз қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілін білуіміз керек. Біз соған жетсек, елімізді Қазақ мемлекеті деп атаймыз» деп. Бір кездері Елбасы Қазақстан халықтары ассамблеясының құрылтайында: «Ассамблеяның сессиясына келгенде мен тек қазақша сөйлесем, сол сөзімді этнос өкілдері түгел түсінсе, менде арман болмас еді» деп ағынан жарылған болатын. Сол жиында ол еліміздегі барлық ұлт пен ұлыс өкілдеріне мемлекеттік тілдің маңызын өз араларында кеңінен насихаттауға, қазақша білуге ұйытқы болуға тапсырма берді. Қазақстан азаматтары түгелімен «Қазақстан – менің Отаным, Қазақ жері – менің Туған жерім» деген сезімде болса, патриоттық рухы биік болса, еліміздегі біртұтас ұлттың қалыптасқаны деп білем. Егер бәріміз бір тілде, яғни, мемлекеттік тілде сөйлемесек, әрқайсысымыз әр жаққа тартсақ, «біз біртұтас халықпыз» деу – қисынға келмейтін іс. Өкінішке қарай, әлі күнге сол бір тілде сөйлейтін деңгейге жеткен жоқпыз. Осыған орай, жуырда ғана Мәжілістің жалпы отырысында «Депутаттарға ағалық наз» деген тақырыппен тіл мәселесін көтердім. Заң жобалары талқыланып жатқан сәтте орысша пікір айтуға болады. Бірақ депутаттық сауал дегеніңіз алдын ала дайындалатын, күні бұрын қағазға түсірілетін нәрсе ғой. Осы екіауыз сөзді қазақша жеткізу қиын шаруа емес. Егер төтеннен килігін кететін мәселелер болса, дайындалуға уақыт жетпесе, әңгіме басқа. Ал депутаттық сауалды мемлекеттік тілде жеткізу – өте маңызды шаруа. Біздің мақсат – қазақ тілін насихаттауға шама-шарқымыз жеткенше үлес қоса беру ғой.

– Ағалық назыңызды әріптестеріңіз қалай қабылдады?

– Түсіністікпен қабылдаған сияқты. Бәрінің құлағына кірді. Үйінде де, көшеде де, Парламентте де өмірі қазақша сөйлемегендер қазір қазақша тіл сындыруға көшті. Кейбір әріптес егер күтпеген жерден депутаттық сауал жолдауға мәжбүр болса, «Аға, маған ұрыспаңызшы, мына сауалды қазақша дайындауға уақытым болмай қалды. Бұл енді қайталанбайды, келесіде міндетті түрде қазақшаға аударып әкелем» деп алдымнан өтеді. Осының өзі айтқан ағалық назымды түсінгені ғой. Мәжілісте Коммунистік партия атынан сайланған Өмірзақов Тұрсынбек деген әріптесіміз депутаттық сауалдарын мемлекеттік тілде жолдауға көшті. Әлбетте, бірден қазақша сайрап кету мүмкін емес. Оған араласатын орта мен уақыт керек. Бірақ қазір қазақша білетіні де, білмейтіні де орысша жорғалататын әдет азайды. Меніңше, келешекте халық тек қазақша сөйлейтін болады. Қаласаң да, қаламасаң да, орта соған алып келеді.

– Елбасы халыққа Жолдауында «Қазақстанның келешегі – қазақ тілінде», «2025 жылға қарай Қазақстан халқының 95 пайызы мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс» деді. Мемлекеттік тілді білу – әрбір азаматтың парызы. Неге Президент міндеттеуі керек? 21 жылдың ішінде ақыл-есі түзу кез келген адам бір емес, бірнеше тілді меңгеріп алады ғой? Ал қазақшаға келгенде кейбір отандастың кежегесі неге кері тартып тұрады?

– Мемлекеттік тілге қажеттілік болмай жатыр ғой. Тіл мәселесі Мәжілістің талай отырысында көтерілді, әлі де көтеріліп келеді. Мысалы, ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға «мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілді білетіндер ғана алынуы тиіс» деген талап қосылуы керек. Қазір А корпусына өткізілетін байқауларда мемлекеттік тілді білу міндеттелді. Бұл барлық аудан мен қала әкімдеріне қойылатын талап. Күні кеше ғана Елбасы қол қойған Жарлықта резервті қалыптастыру және мемлекеттік қызметке қабылдау ережесі айқындалып, құжатта мемлекеттік тілді білсе, ол ескеріледі делінген. Бұған дейін осындай қажеттілік болған жоқ. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Норвегияда шетелдік инвесторларға мемлекеттік тілді білмейтіндерді жұмысқа қабылдауға тыйым салған. Сондай-ақ, Ресейде нәпақа табуға келген еңбек мигранттарының өзін орыс тілін қаншалықты білетінін тексереді. Заң бұзған кейбір мигрант «мен орысша білмейтін едім» деп ақталып, заң алдындағы жауапкершіліктен жалтарып шығуға тырысады. Осындай келеңсіздіктер кездеспес үшін Ресей шекарасынан аттаған әр азаматқа орыс тілін білу міндеттелген. Дәл осындай қажеттілік Қазақстанда да болса, еліміздегі әр азамат қазақша үйренуге мәжбүр болады. Мәселен, «егер мемлекеттік тілді білмесең, Үкіметтің мүшесі болмайсың» деген талап қойсыншы, шенеунік біткен 20 жылда емес, жарты-ақ жылда қазақша үйреніп алады. Қазақ – пейілі кең, дархан халық қой. Сол кеңшілігіне салып, «уақыты келгенде қазақша өздері-ақ үйреніп алады. Оларға күштеп таңбай-ақ қояйық» деген қағиданы ұстанды. Енді кеше Елбасы 2025 жыл деп қадап айтты. Қазір мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілге қатысты тиісті шаралар қабылданып жатыр. Меніңше, мемлекеттік тілді терең меңгертуді мектептерден бастау қажет. Ұлттық бірыңғай тестілеуде қазақ тілі пәнінен алатын балына басымдық берілуі тиіс Қазір орыс мектептерінде қазақ тілінен, ал қазақ мектептерінде орыс тілі пәнінен сынақ алынады. Бірақ жиналған балл жалпы санаққа енгізілмейді. Сондықтан орысша оқыған балалардың қазақ тілінен алған бағалары міндетті түрде есепке алынуы қажет. Өйткені, балалар балл ретіне есептелмегеннен кейін қазақ тілін тиіп-қашып оқиды да, басымдық берілетін басқа пәндерге көбірек көңіл аударады. Осындай кемшіліктерге өзіміз жол беріп отырмыз.

– Қазақстандағы біртұтас ұлтты қалыптастыруда мемлекеттік тілмен қатар қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерін білу де маңызды сияқты…

– Қазақтың салт-дәстүрін, тарихын білмей, тілін меңгеру мүмкін емес. Қазақ халқының басқа ұлттардан ерекшелігі бар. Ол – сөзге тоқтау. Төле би, Қазбек би, Әйтеке билер халықты уәж айту арқылы сөзге тоқтата білген. Өзге халықтан мұндай қасиетті табу қиын. Осыны білген адам, білуді қалаған адам Шәкәрім мен Абайды зерттеуге мүдделілік танытады. Кейде мемлекеттік тілді менсінгісі келмейтіндер «қазақшаға техникалық терминдер келмейді» деп сылтауратқысы келеді. Алайда, жуырда мен архивтерді ақтарып жүріп, қазақша үйренген орыстардың түрколог, лингвист ғалымдарының қазақ тілі туралы айтқан сөздерін таптым. Олар: «Қазақ тілі – түркітілдес тілдердің арасындағы ең әуезді, құлаққа жағымды, ең бай тіл. Қазақтар сөйлеп отырғанда бейне ән салып отырған сияқты көрінеді» деген. Мен осы сөзді әдейі жазып алып, қазақшаны бай тіл емес дегендерге «әй, міне, сенің орыс ғалымдарың былай депті ғой» деп уәж айтпақпын. Демек, халықтың салт-дәстүрін, тарихын, мінез-құлқын білу үшін тілін меңгерген жөн. Сондай-ақ, басқа ұлттардың бір де біреуінде кездеспейтін, тек қазақ ұлтына тән айтыс өнерін, қыз қуу мен көкпар тартуды алыңыз. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жиі мақалалар жариялап, кеңінен насихатталса, өзгелердің қазақты тануға, білуге деген қызығушылығы артатыны анық. Басқа мемлекеттер арасында дәл Елбасы сияқты мемлекеттік тілді дамытуға баса назар аударып жатқандары сирек. Мәселен, көршілес Өзбекстанның өзінде өзбек тілін дамытуға қыруар қаражат жұмсап жатқан жоқ.

– Кеңестер Одағы кезінде де Өзбекстандағы орыстар өзбекше сайрады емес пе?

– Енді олар әп-дегеннен өзбек тіліне қажеттілік туғызған. «Егер билік басына келгің келсе, мемлекеттік қызмет атқарам десең, өзбекше біл» деген. Кеңестік үкімет кезінде Өзбекстан азаматтарымен тығыз араластық қой. Сол кезде орыс, еврей, татар, қазақ тағы басқалар өзбекше әдеби тілді өзбектерден артық білетін. Тәшкен, Әндіжан, Вади, Қарақалпақтың өзбекше өз диалектілері бар. Ал ана азаматтар әдеби тілмен керемет көркем сөйлей білген. Бір жағынан, өзбектердің саны басым, көпшілік қой. Бізде кезінде халықтың үштен бірі қазақтар болғаны мәлім. Әрі геосаяси ахуалымыз күрделі. Мемлекеттік тіл мәселесінде, өзге маңызды мәселелерде осының барлығын ескеруге мәжбүр едік. Елбасы тіл саясатында бірнеше жылдан бері «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін, қазақтың қазақтығын білдіретін – тілі» деп келеді. Қазақ тілінің күні бүгінге дейін кенжелеп қалған себебі, қазақтардың өзі қазақша сөйлемейді. Өзіңіз ойлаңызшы, қазақтар Ана тілінде сөйлемей тұрғанда, өзге ұлыс өкілдеріне «сендер неге қазақша сөйлемейсіңдер?» деп тиісу қаншалықты қисынға келеді? Меніңше, егер әр азамат мемлекеттік тілдің мүддесіне қызмет етуді қолға алса, 2025 жылға дейін созудың қажеті де болмай қалуы әбден мүмкін.

– Соңғы кездері Интернетте, әсіресе, әлеуметтік желілерде Қазақстанның мемлекеттік тілін, қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптейтін азаматтарды кейбіреулердің «шовинист», «фашист» деп айыптауы, психологиялық және моральдық тұрғыда қысым жасауға тырысуы белең алып барады. Тіпті, арнайы антифашистік комитет деген құрылды. Айрандай ұйыған елді іркіттей ірітуге тырысқандардың әрекетінің астарында не жатыр?

– «Шовинист», «фашист» деген айыптаулар – өз ұлтын, мемлекеттік тілін, Ана тілін қорғағандарға жат нәрсе. Дұрыс емес нәрсе. Өзіңді, ұлтыңды сыйламай, Ана тіліңді құрметтемесең, сен ешкімді де құрметтей алмайсың. Әр азамат өз Отанының, өз елінің, Туған жерінің, өз халқының патриоты болуға, мүддесін қорғауға міндетті. Бұл – шовинизм емес! Айып таққандар «ұлтты сүю, қадірлеу» деген қастерлі ұғымды түсіне алмаған. Олар қазақша сөйлегісі келмейді, мемлекеттік тілді мойындамайды. Өз аттарынан сөйлеуі мүмкін ондайлардың, бәлкім, басқа арам пиғылдағы мүдделі топтардың сойылын соғуы да ғажап емес. Ұлтты ұлықтағандарды қаралағысы келгендердің арандатушылық әрекеті, меніңше. Шовинизм дегеніміз – Ресейдегі «Россия – только для русских» деп жүрген жалтырбасты скинхедтердің тірлігі. Егер Қазақстанда қазақтар дәл сондай ұранды ұстанса, әңгіме басқа. Ал «Қазақстанның әр азаматы мемлекеттік тілді білуі керек, қазақтың тарихын, салт-дәстүрін меңгеріп, оны сыйлауы тиіс» деген талап қою – шовинизм емес. Мен Ана тілінен бас тартып, өзге тілді қабылдаған қанша адамды білемін. Бұл дұрыс па, бұрыс па – олардың өздері білсін. Бірақ Ананың сүтімен бойға сіңірілетін тілден жеріну – жаңсақтық. Ұлы Абайдың өзі Ана тілін білуді насихаттаған. Неғұрлым көп тіл білсең, соғұрлым бай адам деп санау керек. Бірақ Ана тілінен ешкім бас тартпауы тиіс. Бүгінде байлық дегеніміз – қалтадағы ақша емес, рухани байлық. Кез келген мемлекетке барғанда сол мемлекеттің тілінде сөйлесең, сен құрметті азамат деген атқа лайық боласың, кез келген мәселең шешіледі.

«Облыс әкімдерін сайлауға қарсымын»

– Қазір қоғамда «аймақтық емес, облыс әкімдерін неге халыққа сайлатпайды екен?» деген наразылар тобы бар. Сіздіңше, бұл қаншалықты дұрыс?

– Бір кездері Ресейде губернаторларды сайлағаны белгілі. Саяси науқан кезінде ел ішінде алауыздық туып, сайланғандары ешкімге бой бермей, «әй дер ажа, қой дер қожа» тағы болмады. «Бас басына би болған өңшең қиқымның кебін кигені» белгілі. Осы берекесіздіктен кейін Ресей үкіметі сайлаудан қайта бас тартып, тағайындауға көшті. Қазақстанда осы келеңсіздік қайталанбас үшін сайлауды аймақтық әкімдермен шектеп отыр. Мүмкін келешекте жергілікті атқарушы биліктің барлық деңгейін халық сайлауы арқылы шешетін кез болатын шығар. Бірақ өз басым облыс әкімдерін сайлауға мүлде қарсымын. Қазақстан – унитарлы мемлекет. Демек, басқару жүйесінде де басымдыққа Президент ие болуы тиіс. Қазір 5 мыңға жуық кәсіби білікті мамандар аймақтарға бағытталуда. Сондай-ақ 66 мемлекеттік қызмет көрсету аймақтардың құзырына өткелі жатыр. Қаражат мәселесін де халық өзі шешпек. Кез келген нәрсені ақыл таразысына салып барып, іске асырған абзал. Мақсат – «айттым бітті, кестім үзілді» деп шорт кесіп, асығыс шешім қабылдау емес қой. Бүгінде жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа жобасы да дайындалуда. Ал облыс көлемінде өзін-өзі басқару деген жоқ. Ол шағын қала немесе ауылға тән құбылыс. Кейбір отандас демократияны желеу еткісі келеді. Алайда, демократия дегеніміз – тиімді жүйені таңдап, оны халыққа қызмет ететін деңгейге жеткізу, ұлттық қауіпсіздікке бейімдеу. Мәселен, кезінде діни бірлестіктер туралы заң сөз болғанда заңды ретке келтіруге ұсыныс жасалды. Бірақ талпыныс нәтижесіз болды. Діни мәселелерді реттеуге қатысты қабылданған заңды Конституцияның талаптарына қайшы деп, кері қайтарды. Бәрақ бәрібір арада 4 жыл өткенде сол заңды қайта қабылдадық. Ал елдің іші не болды қазір? Қазақстанға «діни экстремизм» деген ұғым жат еді. Соңғы 2-3 жылда пайда болды. Есікті айқара ашып тастадық. Бәпі жаппай Қазақстанға келіп алды. Олардың біреуі де «Қазақстанның бірлігін, ынтымағын жарастырайық» деген ниетте емес. Әрқайсысының көздеген мақсаты, діттеген мүддесі бар. Соларды іске асыру үшін келді бізге. Тіпті, араларында «керек кезде келеңсіз жағдайларды ұйымдастыру үшін дайын болайық» дейтіндері бар. Сол себепті, елімізде қабылданатын заңдар да, басқару жүйесі де мемлекеттің мүддесіне сай әрекет етуі тиіс. Бекерге демократияны жалаулатып, аттан сала беру – жаңсақтық. Егер халыққа, елге, мемлекетке тиімді болса ғана, жүзеге асырған жөн.

– Сіз тізбелеген келенсіздіктердің барлығы идеологияның ақсап қал­ғандығынан емес пе?

– Кеңестер Одағының кезінде билікті ашық сынау деген мүлде болмаған жайт. Қазір кім қандай БАҚ құрам десе, заңға сәйкес, ешқандай кедергісіз құрып ала береді. КСРО тұсында Оңтүстік Қазақстан облысында «Жануби Қазақстан» деген өзбекше газет болған. Сексенінші жылдардағы оптимизация кезінде жоғары жақтан «Өзбекстанда шығатын өзбекше газет көп. Халық содан оқып алады, мына газет жабылсын» деген бұйрық түсті. Өзбек ұлты жаңалықтарды өз тілінде білуге құқылы ғой. Осы мәселені көтеріп, мен Коммунистік партияның Орталық комитетіне дейін өтініш хатпен бардым. Бірақ олар Өзбекстанды көлденең тартып, газетті қайта ашуға рұхсат етпей қойды. Кейін Тәуелсіздік алардың алдында Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың көмегімен «Жануби Қазақстан» («Оңтүстік Қазақстан») қайта жарыққа шыға бастады. Қазір кедергі жоқ. Меніңше, кейбір мәселелерде демократиялық құндылықтар жағынан алғанда тым алысқа оза шаптық көп елден. Бәлкім, соны шектеу де қажет шығар. Мәселен, дінге, терроризмге, телеарналардан ашықтан ашық көрсетілетін эротикалық не порнографияларға қатысты мәселелерде. Жуырда адамдардың, әсіресе, өскелең ұрпақтың рухани дамуына кері ықпал ететін порнографияға қатысты халықаралық заңға қол қойып, енді бұл мәселеде қатаң қадағалауға көшкелі жатырмыз.

– Қазақстан түрлі халықаралық заңдарға қол қояды. Тек әттең, оларды мүлтіксіз орындауға келгенде кейбіреулердің кежегесі кері тартады. Неліктен?

– Бұл да біздегі басты кемшіліктердің бірінен. Билікке немесе Үкіметке қатысты нәрсе емес. Қоғамдық санаға байланысты мәселе. «Заңды білу керек, орындау керек, бұзбау керек» деген сана-сезім бізде қалыптаспаған. Америкаға, дамыған Батыс елдеріне қызығамыз. Бірақ ол жақтарда заң десе кез келген азамат аяғынан тік тұрады. Ғасырлар бойы бесіктегі балаға дейін бойына сіңіріп өсетін қасиет. Жуырда бір танысымыз Америкадағы туысының үйінде 6 ай тұрып келді. Ол жақта «не істесең де, өз еркің. Бірақ көлікті қалаған жеріңе қаңтарып кетпе, айыппұл төлейсің, көлігіңнен айрыласың, «қара тізімге» ілігесің» дейтін көрінеді. Қазақстан азаматтары да түгел заңды білетін, құрметтейтін деңгейге жеткенде заңдар да орындала бастайды.

«Қыруар қаржы игерілмей қалады»

– Қазіргі қазақ Парламентін сынға алатындар көп: «қалта» Парламент», «қолбала Парламент», «лоббист Парламент» т.б. Парламенттің пәрменділігін арттыру үшін не істемек керек?

– Парламентте жұмыс істеу үшін арнайы уақыт керек. Оның негізгі міндеті – заң шығару. Депутаттардың алдында күн сайын түрлі заң жобалары тау-тау болып үйіліп жатады. Мұндай құжаттардың артықшылығы мен кемшілігін бағамдау үшін көз майыңды тауыса оқып, оны ой елегінен өткізіп, таразы басына тарту шарт. Кейбір әріптестің заң шығару мәселесінен хабары аса жоқ шығар, кейбірінің бұрын-соңды айналысып көрмеген шаруасы болуы мүмкін. Енді бірі «асығып-аптықпа, қалыпқа түсіп ал» деген кеңестерге құлақ асатын шығар бәлкім. Белсенділікке бірден қол жеткізем деу – бос әурешілік. Тәжірибемен, уақытпен келетін дүние ол. Көп нәрсені сырттай бақылап, сарапқа салып, бағамдауды үйренген, үздіксіз көкжиегін кеңейткен депутаттар, әсіресе, жаңадан сайланғандары кейін көсем де шешен боп шығуы ғажап емес. Демек, Парламенттегі отырыстарда белсенділік танытпайтын, суырылып шығып, жиі-жиі депутаттық сауал жолдамайтындарды пәрменсіз деуге келмейді. Сонымен қатар бізге заң жобалары мен Интернеттен басқа да келетін ресми ақпараттардың өзі шаш-етектен. Оларды игеру көп уақытты қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Оларды қағазға жүйелеп түсіру – бөлек әңгіме. Парламентке сайландым деп, келе сала айқайға, аттанға басу – жаңсақтық. Тұшымды ой, тобықтай түйін айту үшін сол көтерген мәселеңді жақсы білуің керек. Ең бастысы, Парламентке бақылау міндеті жүктелмеген. Осы себепті, «мына заң қалай орындалуда?», «мына заң неге орындалмай жатыр?» деп құзырлы органдардан талап ете алмаймыз. Негізгі міндетіміз – заң қабылдау. Республикалық бюджеттің орындалу барысын Есеп комитеті, Үкімет пен министрліктерден Үкіметтік сағат деген отырыстарда сұраймыз. Кейбір мемлекеттерде Парламенттік бақылау функциясы қоса берілген. Ал бізде шектеулі. Тек заң жобаларының төңірегінде қызылкеңірдек болып айтысып жатамыз. Кейде тіпті, айқайласуға дейін барып, бір бірімізге ренжіп теріс айналып кететін кездер де кездеседі. Мұның бәрі халықтың назарынан тыс, елеусіз ғана өтетін жұмыс процесі. БАҚ өкілдері мұндай айтыстарды көрмейтіндіктен, тек депутаттық сауал жолдағандарды, сұхбат бергендерді ғана белсенді деген пікірде қалады. Реформа әлі аяқталған жоқ. Мүмкін келешекте Парламенттің құзіреті кеңитін шығар. Қазір мұнда 7 комитет бар, енді заңның орындалуына мониторинг жүргізетін сегізінші комитет құруға ұсыныс білдірдік.

– Сіз көбінесе қандай заң жобаларын талқылағанда айтысып қаласыз?

– Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет құрамында болғандықтан, ауылға, әсіресе, ауыл шаруашылығына қатысты заң жобаларын, сосын бюджетке қатысты жобаларды талқылау барысында шайқасуға тура келеді. Оның себебі бар, әрине. Мәселен, балабақшамен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, еліміздің солтүстік аймағы 90-95 пайызға балабақшамен қамтылған. Есесіне, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында бұл көрсеткіш 35-40 пайызбен шектеледі. Қазақстан бо­йынша балабақшалар салуға бөлінетін қаржыны бөлуде осы мәселе ескерілуі тиіс қой. Менің талап ететінім де сол. 2013-2015 жылдардағы республикалық бюджетті бекітерде балабақшамен қамтамасыз етуге үкімет қарастырған қаражаттан бөлек қосымша 6 млрд. теңге қостырып, бала бақша тапшы аймақтарға баса назар аударуды ұсындық. Бізде заңның көп нормалары іске асырылмай, қағаз жүзінде қала береді. Мысалы, 6-7 жыл бұрын мақта саласын дамытуға қатысты заң қабылданды. Осы құжаттың бірқатар бабы іске асырылған емес. Мақта өсіруші де, мақтаны өңдейтін зауыттар да осы заңның анаусы жарамайды, мынаусы жарамайды деп шағымданады. Бірақ нақты себебін білмейді. Ол үшін арнайы мониторинг жүргізетін комитет құрған жөн. Бұл басқа заңдарға да тікелей қатысы бар ұйым болмақ. Өкінішке қарай, қазір көп заңдардың баптары мен тармақтары елге түсініксіз. Елбасы да екінші сессияны ашарда халыққа ұғынықты заңдарды ғана қабылдауды тапсырды ғой. Кез келген құжатқа өзгерістер мен толықтыруларды үсті-үстіне енгізіп-енгізіп, соңында ол заңды дайындағандар мен талқылағандар ғана түсінетін жағдайға жетеді. Ол заң сонда кімге керек?

– Бүгінде ауыл шаруашылығымен айналысатын ағайынның мұңы көп. Әсіресе, көктем мен күз айларында қаражат тапшылығы қатты сезіледі. Бір проблеманың жылда қайталануына не себеп?

– Көктемгі егіс жұмыстары мен күзгі жинау науқанына мемлекеттік бюджеттен соңғы үш жылда әр жылға 80 млрд. теңгеден бөлінген. Яғни, «ҚазАгро» Ұлттық холдингі арқылы жыл басында несие ретінде беріледі де, күзде алған борышты қайтарады. Өсім мөлшерлемесі аз, шаруаға тиімді. Биыл сол 80 млрд. теңгені екі есеге дейін қысқартып, 40 млрд. деңгейге бір-ақ төмендетіпті. Себебін сұрасақ, «ҚазАгро» үш жыл бойы 40-45 млрд. теңгені ғана игеруге шамасы жетіпті. Қаражаттың кейбір бөлігін мақсатсыз жұмсаған да жайттар кездесіпті. Биыл қаражаттың қысқаруы сондықтан. Заң жобасын талқылау барысында мен «ауыл шаруашылығына бөлінетін ақшаны тым болмаса 60 млрд. теңгеге жеткізу керек. Егер сол артық 20 млрд. теңгені «ҚазАгро» игере алмаса, облыстық ауыл шаруашылығы департаменттері арқылы жұмсаған жөн» деген ұсынысымды комитет мүшелері мен Парламент депутаттары түгел қостап, 20 млрд. теңге артығымен бөлінетін болды. Міне, осындай мәселелерде табан тіреп тұруға тура келеді. Бұл жеке адамның мәселесі емес, жалпы халықтың мүддесі ғой.

– Соңғы кездері игерілмей қалған қаражаттың «жыры» көбейді? Бюджеттен бөлінген ақшаның игерілмеуіне не себеп?

– Меніңше, бірнеше себебі бар. Кейде жоспарлау дұрыс түзілмейді. Министрліктер «жетпей қалғанша, артылып қалғаны жақсы» деген қағиданы ұстануы мүмкін. Қазақша айтқанда, «түйе сұрасаң, бие береді» дегеннің кері. Кейде қаржылық-сметалық жоспары да­йын емес жобаға ақша сұрап алады да, салам деген мектебі салынбайды, ауруханасының іргетасы қаланбайды, яғни, жоба дер кезінде жүзеге асырылмайтындықтан, ақша кері қайтарылады. Ең бастысы, дұрыс жоспарламау. Осы олқылықтың орны толтырылады келешекте. Өткен жылы бюджеттік кодекске өзгерістер енгізіліп, жобаларды шартты түрде қаржыландыру тәсілі қолданылатын болды. Егер жобаның тиісті құжаттары дер кезінде дайындалмаса, шартты қаржыландыру деп енгізіледі де, бірінші тоқсанда бюджетке келіп түскен қаражаттың көлеміне қарай шешім қабылданады. Яғни, әлгі жобаға ақша бөлінеді немесе қаржыландырылмай қалуы да мүмкін. Бұл қыруар қаражаттың игерілмей қалуына жол бермейді. 2011 жылы бюджеттік талқылау кезінде депутаттар осы жоспарлаудағы кемшіліктерді ашық айтып, сынаған едік. Күні кеше ғана бюджеттік жоспарлау мен мемлекеттік жоспарлауды біріктірдік қой. Бәлкім, жауапкершілік артылған құзырлы орган қаражаттың мақсатты түрде игерілуін қадағалайды деген үміттеміз.

«Науқаншылдық – кластерлік жүйеге кедергі»

– Экономиканы дербестендіруде кластерлік жүйенің орны ерекше. Сіз мақта туралы айттыңыз. Осы мақта өндірісінде неге кластерлік жүйені дамытпасқа?

– Оңтүстік Қазақстан облысында арнайы экономикалық аймақ құрылған. Ондағы мақсат – мақта кластерін дамыту. Жеңіл өнеркәсіп саласының, тоқыма өнеркәсібінің шығыны көп. Оның кіріс кіргізуі өте қиын. Бұл салаға қаражат салуға мүдделі инвесторлар некен-саяқ. Оның үстіне, Қазақстанда өсірілетін мақтаның сапасы Италия, Германия, Испания, Францияда шығарылатын әппақ қардай кіршіксіз ақ көйлектермен салыстыруға келмейді. Отандық мақтаның техникалық табиғатына сүйенсек, ондай өнім шығара алмаймыз. Есесіне, біздің мақтадан тоқыма өнімдері жақсы өндіріледі. Өкінішке қарай, мұндай өнеркәсіппен бұрын-соңды айналысып көрмегендіктен, тоқыма өндірісі дамытылмай қалды. Бүгінде оңтүстікте небары екі зауыт бар. Бірі иірілген жіп шығарады, бірі мақтаның екінші бір жанама өнімі – линттен целлюлоза шығарады. Меніңше, осы саланы үйлестірудің тетіктері қарастырылмаған. Мәселен, мақтаны бірі өндіреді, екіншісі талшығын сатады, ол талшықтан біреулер иірілген жіп шығарса, енді бірі мата өндіреді. Тоқыма өнімдерін жасайтын – бесінші не алтыншы кәсіпорын. Ал түптеп келгенде, олардың барлығы қолдарындағы өнім бағасының өскеніне мүдделі болуы тиіс. Ол үшін халат немесе сүлгі, футболка сатқаннан кейін түсетін кіріс осы процеске қатысатындарға теңдей бөлінуі тиіс. Мәселен, мақтаның шикізатты тоннасын 1500 долларға сатады, ал пайданы дайын өнімнен кейін алса, қолына 3000 доллар тиеді. Өкінішке қарай, бізде мұндай тұтас механизм қалыптаспаған. Әркім өз бетінше әрекет етеді.

– Бұл тек мақтаға емес, теріге де қатысты. Егер теріні өңдеп, өнім шығаруда кластерлік жүйе қалыптасса, отандық экономиканың дамуына сеп болар еді.

– Біз теріге де шикізат ретінде қараумен шектелеміз. Қазақстаннан теріні алып кеткен Қытай, Түркия т.б. сол теріні өңдеп, өнім тігіп, бізге бірнеше есе қымбатқа сатады. Кезінде мұның бәрі Қазақстанда болған. Алматыдағы мақта-мата комбинаты, Шымкенттегі кәсіпорын т.б. «Восход» тіккен киімдерді осы жерден ала алмағандар шет елден әкелген жайттар кездесті. Бірде Польшаға барғанда жанымыздағы бір-екі жігіт дүкеннен костюм-шалбар сатып алып, мақтауын келістірген еді. Мен қай жақта тігілгенін көрейін деп астарын ашып қалсам, «Шымкент, «Восход» деп жазып қойыпты. Бұл сол кездерде шет елдерге шығарылатын сапалы өнім өндіргеніміздің дәлелі. Қазір сондай іргелі кәсіпорындардың көпшілігі жекешеленген, бөлшектелген, құрдымға кеткен. Бір ғана «Восходтың» орнында 4 мекеме бар. Егер экономикалық аймақ шеңберінде осындай кәсіпорындарды қалпына келтірсек, көп іс тындырар едік. Осы мақсатта мемлекеттік бюджеттен 9 млрд. теңге бөлініп, барлық инфрақұрылым дайын тұр. Тек зауыт, фабрикаларды салады да, дайын жол, дайын газ, дайын суды пайдалана береді. Ешқандай басы артық шығын шықпайды. Бірақ қазір Үкімет барлық міндетті облыс әкімдігіне артып отыр.

– Бірақ Назарбаевтың экономиканы дербестендіру, кластерлік жүйені дамыту т.б. тапсырмасы негізінен Үкіметке беріледі. Бұл тек жергілікті атқарушы биліктің құзырындағы шаруа емес қой?

– Ірілі-ұсақты атқарушылық міндеттерді атқарушы органға жүктеуге болады. Бірақ үйлестіру мәселесі Үкіметтің мойнында. Мекемелердің басын қосуға әкімдіктердің шамалары жетпейді. Егер мемлекеттік орган арқылы кластерлік жүйенің жұмыстарын үйлестіріп отырсақ, көп нәрседен ұтатынымыз анық. Өкініштісі, біздің көпшілігіміздің бойымыздағы науқаншылдық дерті дамуға кедергі. «Инновациялық-индустриалдық бағдарлама шеңберінде салынды» деп бірдеңені жылт еткізіп, «міне, мынаны жасадық біз» деп мақтанамыз. Оның қаншалықты ұзақ жұмыс істеп, ел игілігіне қызмет етуіне аса бас қатырмаймыз. Кезінде мен нақты мысалдар да келтіргенмін: линттің 1 тоннасы 90 мың теңге тұрады. Соны целлюлоза түрінде сатса, 1 тоннасы 180 мың теңгеге бағаланады. Егер желім қалпына дейін өңделсе, 520 мың теңгеге көтеріледі. Яғни, өңделген сайын бағасы жоғарылай береді. Қазақстанда қаншама аурухана, қонақүй бар. Олардың барлығына дерлік сүлгі, халат т.б. қажет. Осындай ұсақ-түйек заттарды шекара сыртынан тасымай-ақ, өзімізде өндірсек, қыруар қаржы үнемделіп, қаншама жұмыс орындары ашылар еді. Біз бүгінде Құдайдың қазаққа берген байлығынан түсетін қосымша құн салығын өзге елдерге «сыйлап жатырмыз». Мұнайды, металлды, мақтаны т.б. Енді кварцты алайықшы, 1 тоннасын экспортқа 220 долларға сатамыз. Ал айна, шыныны 3 есе қымбатқа сатып аламыз. Мұның бәрі сол науқаншылдықтың салдарынан. Осы дерттен арылу қажет.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Нәзия Жоямергенқызы

Серіктес жаңалықтары