Бір ел, бір тіл үшін

Бір ел, бір тіл үшін

Бір ел, бір тіл үшін
ашық дереккөзі
265

Наурыздың 29-ында Астанада

ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен этникааралық қарым-қатынастар жөнінде республикалық жиын болып өтті. Жиынға республикалық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.М.Тәжин мырза баса назар аударған басты мәселелер қатарында мемлекеттік тілдің пәрменділігінарттыру бар.

ҰЛТ ПЕН ҰЛЫСТЫ ҰЙЫСТЫРУШЫ ФАКТОР – ҚАЗАҚ ТІЛІ

Үйіріліп соққан құйындай қазақ билігі жылында бір-екі рет мемлекеттік тілдің жағдайына оралып қояды. Содан кейін бұл мәселе ұмыт қалады. Мемлекеттік тілді мемлекеттік дәргейге көтереміз деп бөркімізді аспанға атқан қуанышымыз көп ұзамай аяқасты болады. Аталған жиын барысында Мемлекеттік хатшы қазақ тілінің бүгінгі ахуалына арнайы тоқталып, оның Қазақстандағы рөлін айқындап берді. Марат Тәжиннің айтуынша, қазақ тілі – елдегі ұлттар мен ұлыс өкілдерінің басын қосушы, ұйыстырушы, халықаралық терминмен өрнектесек, интеграциялық рөлді атқарушы құрал. Демек, бұдан былай ол тек мемлекеттік деп үкіленіп, тасада қалып қоймайды, ұлтаралық қарым-қатынас құралына, бір ел – бір тіл принципіне бастаушы күшке айналады. Батыстың демократиялық мемлекеттерінің өзі осы принципті ұстанады. Мультикультурализмнің күлі көкке ұшқандығын Германия мен Ресейдегі қазіргі тілдік ахуал дәлелдеп отыр. Мемлекеттік хатшы бұл ретте батыстағы қазіргі ахуалды тілге тиек етті. 2011-2012 жылдары Ұлыбританияның премьер-министрі, Франция президенті, Германия канцлерінің «Еуропадағы – мультикультурализмнің күлі көкке ұшты» деген мәлімдемелерін көлденең тарта отырып, қазір әлем бойынша ұлтаралық қарым-қатынасты реттеуші және оған үлгі боларлықтай модельдің жоқ екенін сөз қылды. Әрине, М.Тәжин мырза Қазақстандағы 21 жыл бойы қалыптасқан ұлтаралық қарым-қатынастың өзгеше даму жолы бар екендігіне тоқталып, оның өзге емес, орыс мәдениетінің төңірегінде ұйысып отырғандығын жасырмады.

Мемлекеттік хатшы өз сөзінде:– Жан-жақта не болып жатқанына көз жүгіртіп көріңіздерші. Дамыған елдер қатарындағы көптеген мемлекеттер жан-жақтан ағылып келіп жатқан нөпірдің астында қалды. Бұған дейін либералдық көзқарастарды ұстанып келген елдердің өзі этникалық қарым-қатынастарда өте қатал нормативтерге иек сүйей бастады. Ол – мемлекеттік тілді меңгеру талабы. Ондай номартивтер Германия мен Ресейде қатаң қолданылады, – деді.

Бұл ретте Қазақстанның ұстанған бағыты өзгелермен салыстырғанда өте демократиялы және либералды екендігін Мемлекеттік хатшы мойындады. Мойындай отырып, елдегі этносаралық қарым-қатынастар саласындағы жұмыстарды қайта қарау және қайта құру қажеттігін сөз етті:– Ұлтаралық қарым-қатынастағы біздің саясатта қазақ тілінің интеграциялық рөлі тәжірибелік факторға айналуы тиіс. Бұл қазіргі замандағы бүкіләлемдік тәжірибе. Болашаққа байланысты біздің өз пайымымыз бар, оны қалай жүзеге асырамыз, бұны біз өзіміз үшін ашық түрде іске асыруымыз керек, – деді ол.

Кеңестер одағы құлағаннан кейін тәуелсіздігін жариялаған мемлекеттер ішінде Қазақстан, Қырғызстан және Белоруссиядағы мемлекеттік тілдің ахуалы бүгінгідей пұшайман хал кешіп отыр. Қалған мемлекеттер орыс тілінің ықпалынан құтылудың айла-шарғыларын баяғыда-ақ ойлап тапты және оны жүзеге асыра білді. Қазақстанда қазақ тілін жүзеге асырудың нақты механизмдері жасалынбаған. Конституция бойынша орыс тілінің статусы – қазақ тілімен тең дәрежеде делінгенімен, шын мәнісінде, мемлекеттік органдарда, күштік құрылымдарда, Парламент пен Үкіметте, Президент әкімшілігінде орыс тілінің үстемдігі жүріп тұрғаны мәлім.

Қазақ тілінің ахуалына Мемлекеттік хатшы, Үкімет басшыларының алаңдаушылық білдіруі бірінші рет емес. Бұған дейін талай рет билік эшелонында мемлекеттік тілді алға оздыру жайында жиындар болғаны мәлім. Айталық, 2003 жылы Мемлекеттік хатшы қызметін атқарған, бүгінде Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов республикалық жиын ашып, мемлекеттік тілді ары қарай дамыту үшін не істеу қажеттігін ойласқан еді. Сол жиында 2008 жылы еліміздегі барлық облыстардың іс-қағаздары қазақшаланады деген нақты міндеттеме қойылған болатын. Содан бергі он жыл ішінде айтарлықтай өзгеріс бола қоймағанын көзіміз көрді. Үкімет тізгінін 5 жыл 5 ай ұстаған К. Мәсімов те Премьер тағына жайғаса салысымен, бұдан былайғы мемлекеттік деңгейдегі жиындар мемлекеттік тілде өтеді деп қуантты. Алайда оның өзі екі жиынын қазақша өткізді де, кейін өз сөзіне өзі қайшы келіп, бәрін ұмыт қалдырды. С. Ахметов Үкімет басына келгеннен кейін үкіметтік отырыстарды қазақша өткізуді қолға алды.Неге екенін лауазымдылардың халықтың жанды жері – тіл проблемасына соқпай кетпейтіндері жоқ. Алайда, мемлекеттік тіл мәртебесіне қол жеткізгеніне 24 жылға аяқ басқан қазақ тілінің жағдайы адам қызығарлықтай емес. Бүгінде халқымыздың 95 пайызы 2020 жылы қазақша сөйлейтін болады деген меже қойылды. Алайда, ол межеге қалай жетеміз? Бұл жағы нақтыланбады. Ең бастысы, тілді үйренуге деген қажеттілік те, мәжбүрлік те туындамай отыр. «2013 жылдан мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілден емтихан тапсырсын» деген бапты тілдер туралы заңға енгізу үшін туындаған қоғамдық пікірде билік бұған қарсылардың ығына жығылып, қазақ тілінің туын тағы да жыққаны мәлім. Егер ешқандай заңдық механизмдер туындамаса, мемлекеттік тілді білмей-ақ, билік эшелонынан орын табылатынын білсе, кімнің оны үйренуге құлқы бола қояр дейсіз. Сол себепті де, бұған дейін жағымыз талмай айтып келе жатқан сөзімізді тағы да қайталауға мәжбүрміз. Билік иесі, шенеуніктердің барлығына бірдей мемлекеттік тілді білу талабы қойылуы тиіс. Іс-қағаздары қазақшаға жаппай көшкені абзал. Онсыз 2020 жылы да осы кепті киіп отырмасымызға кім кепіл?!

ҚЫРҒЫЗСТАН СӨЗДЕН ІСКЕ КӨШТІ

Қырғызстанның Конституциясында орыс тілінің мәртебесі – ресми тіл ретінде бекітілген. Жалпы, заңдық терминдер тұрғысынан келетін болсақ, «ресми және мемлекеттік» тілдердің дәрежесі бірдей. Сол себепті де орыс тілі мен қырғыз тілінің дәргейі тең деген сөз. Қырғыздар да 20 жылдан астам уақытта қырғыз тілінің мәртебесін есіктен төрге оздыра алмаған ел. Бірнеше билік ауысып, естерін енді жия бастаған ел лауазымдылары қырғыз тілінің ахуалына алаңдай бастады. Алаңдап қана қойған жоқ, сөзден іске кірісуде. Наурыздың орта шенінде Қырғыз үкіметі шенеуніктерді қырғыз тіліне үйрету жөнінде бағдарлама дайындап ұсынды. Қырғыз Премьері Жантөрөө Сатыбалдиев «Мемлекеттік және муниципалды қызметкерлерді мемлекеттік тілге және іс-қағаздарын мемлекеттік тілге аударуға үйрету шаралары туралы» Қаулыға қол қойды. Қаулының 2-тармағында «Министрліктерге, мемлекеттік комитеттерге, әкімшілік ведомстволарына, Қырғызстан Республикасының Үкіметінің облыстардағы өкілетті аппараттарына, жергілілікті мемлекеттік әкімшіліктерге 2013 жылдың 15 наурызына дейін мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді үйренуіне және іс-қағаздарын қырғыз тіліне аударуға жаттығуына жасалатын мүмкіндіктердің жоспарын бекіту және мемлекеттік қызметкерлерді мемлекеттік тілге үйретудің бағдарламасын дайындап, қаржыландыру көзі айқындалсын» делінген. Тілді үйренуге 1 жылдық мерзім беріледі. Бір жылдан кейін Қырғызстандағы барлық іс-қағаздары қырғыз тіліне көшірілмек. Қырғыз ақпарат құралдарының мәліметіне сүйенсек, қырғыз айылдарында іс-қағаздардың барлығы қырғыз тіліне баяғыда-ақ көшіп үлгерген. Тек ресми Бішкектегі шенеуніктердің тілді білмейтіндігі салдарынан, заңдық нормативтер, заңдар, қаулылар мен нұсқаулықтар, барлық іс-қағаздар орыс тілінде жүргізіледі. Қырғыз шенеуніктері осыдан былай құжаттардың барлығы бұрынғыша орыс тілінде жазылып, қырғыз тіліне аударылғанын қаламайды. Керісінше құжаттар қырғыз тілінде жасалып, қажет болған жағдайда орыс тіліне аударылғаны жөн дейді. Бүгінде аталған Қаулы қызу пікірталас тудырып, «Қырғыз тілі туралы» жаңа заңның қабылдануына қарсы болушылар табылуда. Және ондағы орыстілділердің уәжі біреу. Біздегідей – қырғыз тілінің сөздік қоры кедей, ол техниканың, ғылымның және технологияның тілі бола алмайды деп жікжапар болуда. Алайда, қырғыз тілінің мамандары бұл уәжбен келіспейді. Қырғыз тілінің материалдық-техникалық базасы жеткілікті және терминдер сөздігінің дайын болғандығы айтылуда. Қырғыз телеарналарынан аталған мәселеге орай сөз сөйлеген Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев: «Бұл жұртқа ұнай ма, ұнамай ма оны білмеймін, алайда бізге мемлекеттік тілді дамыту қажет. Тілді үйренбеудің сылтауларын іздемеу керек, керісінше, тілді үйрену қажет» деген оның сөзін 24.kg ақпарат агенттігі таратқан. Демек Қырғыздың ең жоғары билігі қырғыз тілін дамыту үшін жасалып жатқан бұл қадамдарды қолдап отыр. Бізге де осындай нақты қадамдар жасау қажет. Онсыз тілдің төрге озуы екіталай.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары