Қырандай қырағы «Жағалау күзеті»
Қырандай қырағы «Жағалау күзеті»
«Жастық-ай шіркін деп,
Жүрегім лүпілдеп,Аңсаймын сол күнді әлі,Каспийдің толқындары-ай!» – деп ақын жүрегін елжіретіп, жыр жаздырған қарт Каспий. Аялай соққан желмен бірге шапшыған толқындары Құрманғазы мен Динаға күй төктірген бұл Каспий! Бұйрат-бұйрат толқынын шапшыта жағаға ұрған теңіз қойнауына қазынаны да толтыра тығыпты-ау. Жаратқан ие берген осынау байлықты қорғау біздің басты міндетіміз, басты парызымыз. Бүгінде бұл міндетке «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасына қарасты әскери бөлімдер сызат түсірген емес.
Тарихқа жүгінсек, орта ғасырларда Каспий өңірі халықаралық сауда-дипломатиялық қатынастар торабы болған. Ал Шыңғыс хан империясы құрылғаннан кейін теңіздің солтүстік, солтүстік-шығыс бөлігі Алтын Орда иелігіне көшіпті. Алтын Орда ыдырағаннан кейін, оның орнында пайда болған Қырым хандығы, Ноғай Ордасы, Астрахан (Қажы Тархан) хандықтарын жаулап алған Ресей империясы Каспий өңірін өз иеліктеріне ала бастайды. Ресей мен Парсы елдері арасындағы алғашқы келісім – Решт келісімі болды. Ондағы келісімде Каспий теңізіне және Кура мен Аракс өзендерінде Ресей еркін сауда және кеме қатынасын қолдануына мүмкіндік алды. Кейін теңіз айдыны демаркацияланып, біраз бөлігі Ресейге қарады. Гүлстан келісімінде, одан кейін Түркменшай келісімінде Ресейге Каспий теңізінде толық әскери флот құруына рұқсат берілді. Бірақ, Кеңес Одағы Каспий теңізіндегі монополиялық құқықтан бас тартты. Осыған байланысты 1921, 1935 және 1940 жылдары Кеңес – Иран келісімінде Каспий теңізінде кеме қатынасын жүзеге асыруға екі ел тең құқықты деп саналды. Ал Кеңес Одағының қабырғасы сөгілгеннен кейін теңіз жағалауындағы Қазақстан, Ресей, Түркіменстан, Иран және Әзірбайжан – бес мемлекет Каспий теңізінің аумағын өзара келісе отырып, теңіздегі шекарасын бекітті. Міне, содан бері көк айдында жүзген мамандық иелерін кітаптардан оқып білетін қазақ баласы, сол көк айдында қалауынша жүзіп, ел аумағын қорғап келеді. 1993 жылдың 2 сәуірінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Әскери-теңіз күштерін құру туралы» Жарлығы шықты. Бұл Қазақстанның құрлықта, әуеде және теңізде қарулы құрылымдары бар тәуелсіз мемлекет екендігін тағы бір қырынан көрсетті. Бұрын әскери-теңіз флоты ешқашан болмаған Қазақстанға алдымен Каспий жағасынан теңіз базасын салу керек болды. Әскери кемелерін сатып алу, теңізші маманданған кадрлар дайындау сияқты ұйымдастыру жұмыстарына Жарлыққа қол қойылғаннан кейін екі жылдан астам уақыт өтті. Сәл кейінірек Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі алғаш рет теңіз бөлімдерінің туын көтерді.
Өткен 20 жыл ішінде барлық деңгейде ауқымды шаралар атқарылды. Ескере кететін жайт, егер құрлық әскерлері мен Әуе-қорғаныс Күштері бұған дейін де қалыптасқан Орталық Азиялық әскери округының базасында құрылса, Әскери-теңіз Күштері Кеңестер Одағы тұсында Қазақстанда болған жоқ. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстардың бәрін басынан бастауға тура келді. Бірінші кезекте Кеңес Одағының Әскери-теңіз Күштерінде қызмет атқарған, Әскери-теңіз Күштері әскери білім мекемелерін аяқтаған офицерлер бір жерге топтастырылды. Бұдан кейін Әскери-теңіз Күштерін жаңғырту үшін арнайы техникалар, оның ішінде әскери кемелер мен теңіз катерлері алынды. Қазақстан Республикасының Президенті, Жоғарғы Бас Қолбасшы Н.Назарбаевтың «Каспий бейбітшілік теңізі болуы керек» деген мәлімдемесінен кейін, әсіресе әскери Күштер Каспий теңізінің бейбітшілік ошағы болуына әбден мүдделіміз. Уақыт алға озған са-йын дамып отырған теңізші шекарашылар бүгінгі таңда ел экономикасының көтерілуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Теңіз қойнауындағы байлықтарымыздың жат қолында кетуіне жол бермеді. Мәселен, соңғы төрт жылдың өзінде теңізші шекарашылар жауынгерлік тапсырмамен шекаралық кемелер мен катерлер теңіз бетіне 1500 рет шықты. Былайша айтқанда, жалпы шекаралық кемелердің теңіз бетінде жүрген уақыты 6000 тәулікке тең келді. Бұл күндерде 4000 астам жат пиғылды азаматтардың жолына тосқауыл қойылып, «казанка», «байдарка» және желім қайықтар секілді 700-ден астам шағын жүзу құралдары, жүзу жылдамдығы жоғары «Байда» шағын жүзу құралының 300-ден астам және 30-дан астам балық аулап жүрген броконьерлердің кемелері тәркіленген. 1000 шақырым тор, 2000 шақырым каллада іспеттес балық аулайтын құрал тәркіленді. Бұған 40 000 дана бекіре тұқымдас балықты, 6 000 дана сирек кездесетін балықты қосыңыз. Әрине мұның барлығын ауызбен айтқанға оңай секілді көрінеді. Шынтуайтына келгенде, бұл – маңдайдан сорғалата төккен тердің арқасы.
Өткен жылы теңізші шекарашылардың тыныс-тіршілігімен таныса барған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары теңізшілердің қызметіне жоғары баға берген болатын. Сондай-ақ, халық қалаулылары теңізші шекарашылардың қызметіне қолбайлау болып отырған біршама мәселелерді Үкімет алдында да көтерді. Бірақ теңізші шекарашылар кез келген қиындықты жеңе білетінін уақыт өзі дәлелдеді. Олай болса, мерейлі мереке құтты болсын теңіздің қырандары!