«Ұлтан» да емес, «сұлтан» да емес...
«Ұлтан» да емес, «сұлтан» да емес...
Бүгінде экономикасы құлдырауға ұшыраған мемлекеттерде жұмыссыздық өршіп тұр. Екі қолға бір күрек таппаған еңбек күші басқа елдерге босып кетуге мәжбүр. Әсіресе, осы күні қайда барсақ та, отбасынан жырақ жүрген өзбек пен қырғыз ағайынды жиі көретін болдық.
Жақында Ресейдің Томск қаласына Мәскеу арқылы жолымыз түскен еді. Алып мегаполистің «Домодедово» әуежайы да құмырсқаның илеуіндей екен. Әрі-бері сапырылысқан, бір жаққа асыққан жұрт. Әуелгіде «Бұл шынында да, Мәскеудің әуежайы ма?» деп іштей ойланып та қалады екенсің. Өйткені, жергілікті тұрғындарды бірен-саран ғана көзіңізге ұшыратқаныңыз болмаса, кілең «қонақтар». Оның ішінде өзбек те, қырғыз да, қарақалпақ та, дұңған да, әзірбайжан да бар. Көбі жастар. 15 млн.-ға жуық халқы бар Мәскеуде діні мен ділі бір, тілі ұқсас елдің азаматын көрудің өзі қуаныш емес пе? Анадай жерден жылы шырай танытып, басын қайта-қайта изей амандасқан өзбек ағайынның жүзінен соны аңғардым. Екеуміздің әңгімеміз де жөн сұрасудан басталып кетті. Өзін Фархат деп таныстырған жас жігіт мектепті бітіре салысымен, алып шаһарға жол тартыпты. «Білім алайын десем, оқитын жағдай болмады. Оның үстіне Ташкенттен ақшасы әжептәуір жұмыс таппадым. Бар болғанның өзінде өте аз. Содан бұрын Мәскеу мен екі ортада қатынап жүрген туысыммен бірге ілесіп келдім. Міне, биыл үш жыл болды. Салыстырмалы түрде айтсам, мұнда айлықты жақсы төлейді. Бірақ Мәскеудегі ең төменгі жалақы біздікі. Пәтерақы мен тамақтан асқанын елге салып жібереміз. Енді қайтеміз, өз елімде бұл ақшаны да таппадық қой…», – деп бір күрсініп алды. Өзбекшесінен гөрі орысшасы жақсы. Ресей федерациясының мигранттарға орыс тілін білуді міндеттегендігінің нәтижесі деп ұқтым. Бір өкініштісі, бүгінде Ресейде туған еңбек мигранттарының баласы орыс балабақшасы мен мектебіне барып, өз тілін ұмытудың аз-ақ алдында тұр екен. Бұл жағынан Ресейдің ұтқаны көп. Сол сияқты алып мемлекеттің ұйқысын бұзып жүрген басты мәселе – демография. Қазір Ресейдің өзі мигранттар ағымының көптеп келуіне мүдделілік танытып отыр. Тез арада оларды жергілікті жерге бейімдеп, интеграциялық тұрғыдан орыс қылу ғана. Ресейде еңбек мигранттарын орыс тілінен сынаққа дайындау үшін 260 арнайы курсы ашылған. Оның жартысы тегін. Ресей миграциялық қызметінің мәліметі бойынша, 2011 жылы 14 млн., 2012 жылы 15 млн. 800 мың адам келіп-кеткен. Бүгінде бұл көрсеткіш артқан. Ал көші-қон заңнамасын бұзғандардың саны шамамен 5 млн.-ға жетіпті.
Тақырыптан ауытқымай тұрғанда, мұндағы халықтың сырттан келген еңбек күшіне деген көзқарасын сұрадым. «Әрине, жергілікті орыс ұлты азиаттықтарды жақтыра бермейді. Бізге екінші сорт деп қарайтын сияқты. Кешкісін көшеде қалмауға тырысамыз. Қазір Ресейдің қайсыбір қаласын алсаңыз да, қара жұмыстың бәрі еңбек мигранттарының арқасында бітіп жатыр ғой. Құрылыс саласы мен кез келген мекемедегі көзге «ұсақ-түйек» болып көрінетін жұмыстың бәрін біз секілді сырттан келгендер істейді», – деп екпінін көтере айтты. Фархаттың ешкімге өкпесі жоқ. Бірақ сонау жақтан қаңғып, нәпақа іздеп келгеніне іштей налитын сияқты.
Шынында да, әуежайдан көзге ұшырасқан түркітілдес ұлт өкілдерінің көбі қара жұмысқа жегіліпті. Ерлер жағы арба сүйресе, әйелдер жағы еден жуып, дәретхана ішін тазалап жүр. Бір таңқалғаным, олар жұмыс талғамайды. Қазақтың «Есектің артын жусаң да, мал тап» деген сөзі дәл осындай еңбекқор жандарға арналғандай әсер қалдырды.
Сөйте тұра, Өзбекстан президенті Ислам Каримов күн сайын Ресейге нәпақа үшін ағылып жатқан өзбек қандастарына наразы екен. Ол бір сөзінде: «Неге олар өз отанынан жұмыс таба алмайды?» депті айды аспанға бір-ақ шығарып. Президенттің осы пікірін естіген өзбек ағайынның бәрі тулады-ай кеп. Себебі, 11 млн. халқы бар Грецияда былтыр жұмыссыздық деңгейі 25,1 пайызға (2011 жылы 17,8 пайыз) артса, тұрғыны 48 млн.-ға жететін Испанияда 25,8 пайыз, ал былтыр 30 млн. халқы бар Өзбекстанда ресми дерек бойынша, жұмыссыздық көрсеткіші 4,8 пайыздан аспапты. Алайда, ресми емес деректің 22-30 пайыз екендігін білетін жұрт жалған мәліметке сенбейтіндігін айтуда. Бүгінде елде кәсібін ашқысы келген азаматтарға да жеңілдік қарастырылмаған. Сондықтан да көбінесе кәсіби біліктілігі жоғары мамандар жаны ашымайтын мемлекетті тастап кетіп жатқан көрінеді. Дәлірегінде, олар 400-600 мың сум шамасындағы орташа жалақыға (150-230 АҚШ доллары) күн көру мүмкін емес дейді. Айта кету керек, Өзбекстан ТМД-ның заңсыз миграцияға қарсы күрес келіссөзіне енді ғана қосылды. 1998 жылы наурызда әріптестік орнату жөніндегі келісімге кірмей қалған Өзбекстанда басқа амал да қалмады.
Ендеше «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақалға да ойлана қарау керек шығар…
Мигранттар
рұқсатсыз кірмейдіДемек, Ресей еңбек мигранттарына деген талапты қатаңдатса да, құшақ жа-йып қарсы алуына тура келеді. Екі жылдай бұрын олардан орыс тілін қаншалықты білетіндігі туралы тест алу шарасы қолға алынған болатын. Ал бізде қалай? Жан-жақтан ағылған еңбек мигранттарына есігін айқара ашқан Қазақстан мемлекеті енді қайтпек? Елімізде түрлі қылмыстың көбейіп кеткенін құқық қорғау органдары мойындап жүр. Ол ол ма, арнайы тіркеу мен құжатты талап етпегендіктен де, жатжұрттықтар да ойына келгенін істеп бағуда. Тәртіп жоқ жерде ештеңе өнбейді. Тіпті, қызмет көрсету сапасы төмен отандық медицина өз тұрғындарымызды былай қойып, жатты жарылқауға көшкен-тұғын.
Қазақстан еңбек мигранттарын сыйдырып отырған он елдің қатарына еніп үлгерді. Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметінше, Қазақстанда мигранттардың саны бір миллионға жетсе, болашақта олардың саны үш миллионға жетіп жығылады деген болжам бар. Ал оның 200-300-і ғана заңды тіркеуден өтуі мүмкін. Бізде оларды тіркейтін заңды органдар тапшы. Бірақ биылдан бастан еңбек мигранттарының бұрынғыдай лек-легімен ағылуына шектеу қойылмақшы. Заңды түрде тіркеліп, салық төлейді.
Жаһандық үдерісті бағамдағандар Орталық Азия аймағында Қазақстанның еңбек мигранттары үшін тартымды ел қатарында қала беретінін алға тартады. Ал мұндай жағдайда халықаралық конвенцияны ұстана отырып, шетелден келетін еңбекшілерге жағдай жасап, Қазақстанның өзіне де тиімді тетікті қалыптастыру аса маңызды болып табылмақ. Ал мұның жолы қайсы? Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеген еді. Заң жобасының басты мақсаты мигранттық қозғалыстардың заңсыздығын төмендету, олардың мақсатын анықтау және адам құқығын бұзбастан мемлекет үшін олардың да қозғалысын тиімді пайдалана білу. Ресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы екі жылда Қазақстанға 2 млн.-нан астам шетелдік азамат келіпті. Оның 1 пайызға жетер-жетпесі ғана Қазақстанға келу мақсатын «еңбекпен айналысу үшін» деп көрсетсе, 96 пайызы «жеке мақсаттарымен» келгенін айтқан. Ал нақты жағдайды саралағандар еңбек мигранттарының елге сіңісіп бара жатқанын айтады. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың сөзіне қарағанда, құжаттың басты мақсаты еліміздегі заңсыз еңбекті жүзеге асыратын шетелдіктердің қызметін заңдастыру болып табылады. «Жеке тұлғаларда еңбек ету үшін шетелдік мигранттарға арнайы рұқсат беру қарастырылады. Ол елімізге үш айға дейін визасыз келе алатын шет ел азаматтарына беріледі. Рұқсат бір айдан үш айға дейін, кейін ұзартылуға жатады. Ең ұзақ мерзім бір жылға жарайды», – дейді Ерболат Досаев. Дегенмен шетелдік еңбек мигранттары Қазақстандағы жеке тұлғалардың қол астында тек еңбектің екі түрімен ғана айналыса алады. Оның бірі – үй шаруашылығындағы жұмыстар болса, екіншісі – жылжымайтын мүлікті жөндеу, оны салу бойынша қызметтер көрсету. Бір сөзбен айтқанда, үй салып, қора-қопсыны жөнге келтіргіңіз келсе, бау-бақшаға еңбек қолы жетіспесе, онда салығын төлейсіз де, шетелдік еңбекші-мигрантты заңды түрде жұмысқа қабылдаған болып аласыз. Сонымен қатар бір жеке тұлғаның қарамағында бір мезгілде еңбек ететін шетелдік мигранттың саны бесеуден аспауы тиіс. Әрине, шетелдікпен еңбек келісімшарты өз алдына жасалады.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі заңсыз миграциямен күресте әлемдік тәжірибені саралап, Ресейде қолданылатын еңбек мигранттарының патенттерін беру жүйесін негізге алыпты. Бұл елдегі тәжірибеге келсек, онда жеке тұлғалар қолында жалданатын шетелдік жұмыс күшіне еңбек патенттері беріледі. Патент алу үшін шетелдік мигрант 1000 рубль төленгені туралы түбіртек көрсетеді. Сол түбіртекті әр үш ай сайын, түптеп келгенде бір жылға дейін ұзартуға құқылы. Бұл еңбек патенті миграциялық бақылаудың тиімділігін арттырып қана қоймай, бюджеттің бүйірін де қампайтуға септігін тигізеді. Мәселен, соңғы екі жылда Ресейде 1 млн. 250 мыңға тарта шетелдік еңбекші мигранттар заңдастырылған. Яғни бюджетке түсетін түсімдер ауқымы да еселенді деген сөз. Дәл осыған ұқсас, елімізде де шетелдік жұмыс күшіне рұқсат беру үшін жеке тұлға әр айға олардың жеке табыс салығы бойынша екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде алдын ала төлем жасайды. Ал олардың табысы 50 мың теңгеден артып кетсе, шетелдік қызметкер Қазақстаннан шыққанға дейінгі айырмашылықты өздері төлейтін болады. Жыл сайын елімізде 100-300 мыңға дейін шетелдіктер заңсыз жұмыс жасайтын көрінеді. Министрлік еңбек мигранттарынан түсетін түсімді 6-10 млрд. теңгенің аралығында болжап отыр.
Қуаныш Сұлтанов, Мәжіліс депутаты:
– Біріншіден, елімізде жаңа өндіріс орындарының ашылуына байланысты кәсібилігі жоғары өз жұмысшыларымызды дайындап, олардың жұмысқа орналасуы жөніндегі Ел басының тапсырмасына атқарушы билік айрықша басымдық беруге міндетті. Екіншіден, еңбек көші-қонының экономикамызға тигізер әсеріне мән бергенде тек жұмыс орнын толтыру ғана емес, олардың заңды салық төлеуін қамту қажет. Үшіншіден, бізде еңбек күшінің жетіспеушілігі, сондай-ақ жұмыссыздықтың арасалмағы бір деңгейде болып тұр. Мұны естен шығармауымыз керек. Ал шетелдік еңбек мигранттарының басым көпшілігі – қара жұмысқа бейімделген халық. Олардың ұйымшылдығы, арзан күші, еңбегі көп жағдайда біздің қазақтың қара жұмысшыларын бәсекелестіктен ысырып жатады. Бәсекелестіктен барып ұлттық қауіпсіздік проблемасы пайда болуы бек мүмкін. Яғни еліміздің еңбек нарығы заңсыз мигранттармен үздіксіз толықса, жергілікті жұртшылықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалына да әсерін тигізіп, әлеуметтік қайшылыққа сылтау туғызуын жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан мұны шетелдіктер шекарадан өткен кезден бастап бақылауда ұстау керек.Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2011 жылы 1 млн. 400 мыңға жуық шетелдік тіркелген. Кейбір жылдары бір реттік акция тұсында немесе 4-5 ай көлемінде 170 мыңға жуық шетелдік заңдастырылған. Мұндай науқандық шара кезінде шетелдіктер үшін де, өзіміз үшін де ыңғайсыз әрі қажетсіз жайттар көп туындайды. Әсіресе, дәл осы науқандар тұсында шақырылатын адаммен сыбайластық байланысқа түсу мүмкіндігі де артатыны белгілі. Бұл ретте жылдан-жылға Қазақстанға шетелден келіп, заңды да, заңсыз да жұмыс істеушілердің саны артып отырғаны, жаһандық үдерістерді ескере отырып, мұндай лектің төмендемейтінін, керісінше өсе түсетінін еске салу керек. Бұл табиғи дүние, өйткені болашақтағы Қазақстан экономикасының өркендей түсуі көршілес жұртты қызықтыра түсуі әбден анық. Алайда мигранттар санының өсуі ел қауіпсіздігі үшін де әжептәуір салмақ салатынын естен шығармауымыз қажет.
Нұртай Сабильянов, Мәжіліс депутаты:
– Шекарадан бастап қатаң ұстанатын үш қағидатқа ерекше мән беру қажет. Жұмыс беруші жеке тұлғаларды табыс декларациясын тапсыруға міндеттеу керек. Олар да мемлекеттік қызметшілер, депутаттар секілді табыс көзін көрсетуі шарт. Екіншіден, шетелден келетін азаматтардың денсаулығын анықтау үшін медициналық тексерістен өткізу қажет. Олар кім? Шетелден жұқпалы ауруды әкеле ме, есірткіге тәуелді адам ба, соны білуіміз, анықтауымыз керек. Бұл Ресейдің заңында бар. Үшіншіден, жұмысқа алмас бұрын біз алдымен өзіміздің ауылдағы, аудандағы жұмыссыз жүрген азаматтарға еңбек қызметін ұсынсақ. Олар келмеген жағдайда ғана шетелдік мигранттарға рұқсат берсек.
P.S.
Мамандар 2050 жылға қарай әлемдегі еңбек мигранттарының санын 405 миллионға жетеді деп болжауда. Мұның басты себептерiнiң бiрi дамушы елдердегi жұмыс күшiнiң шапшаң артуымен түсіндіріледі. Мысалы, 2005 жылы дамушы елдердегі жұмыс күші 2,4 млрд.-қа тең болса, 2040 жылға қарай аталмыш көрсеткіш 3,6 млрд.-тан асуы мүмкін.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ