ҚР Президенті Н.Назарбаев: КӘСІПКЕРЛІК — ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ ҚУАТЫ
ҚР Президенті Н.Назарбаев: КӘСІПКЕРЛІК — ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ ҚУАТЫ
Өткен аптада ҚР Президенті Н.Назарбаев отандық кәсіпкерлер қауымымен кездесті. Жүздесу барысында Кәсіпкерлер одағының отырысы «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасынан кейін алғаш рет өткізіліп отырғанын ескерте келе: «Біз алдымызға орасан зор мақсат қойдық – экономикасы дамыған 30 елдің қатарына ену. Күшті экономика дегеніміз – күшті кәсіпкерлік, отандық кәсіпорындардың жоғары деңгейдегі бәсекеге төтеп беретін қабілеті, олардың кооперациясы. Отандық бизнесті қолдау мен үшін саяси бағыттан кейінгі екінші орында тұр», – деді.
«Біріншіден, қазақстандық кәсіпкерлік ұлттық экономиканы алға сүйрейтін негізгі күшке айналуы тиіс. Шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін кем дегенде екі есеге дейін ұлғайту керек. Екіншіден, жекешелендірудің екінші толқыны жүргізілмек. Оған еліміздегі қабілетті де тиімді жұмыс істей алатын кәсіпкерлер түгел қамтылуы тиіс. Үшіншіден, ұсақ және жеке кәсіпкерлердің орташа бизнеске өтуіне ықпал ететін шараларды тез арада қабылдау қажет», – деп мәлімдеген Елбасы отандық кәсіпкерлікті дамытуға қатысты басқа да бірқатар міндетті атап айтты.
Бүгінгі таңда республика бойынша жүзеге асырылып жатқан «Бизнестің жол картасы» шеңберінде 3 мыңға жуық кәсіпкерлік субъект қаржыландырылуда. Сонымен қатар 409 кәсіпорынға инженерлік инфрақұрылым орнатылып, бұл жұмыс үшін бюджеттен 78 млрд. теңге бөлінген. Президенттің жарлығымен, кәсіпкерлік құрылымдарды алғашқы үш жылда тексеруге тыйым салынған. Бұл жаңадан құрылған мекеменің аяқтан тік тұрып кетуіне сеп болуы тиіс. Жеке бизнеспен айналысқысы келетін кез келген азаматтың 1-ақ күнде үйде отырып-ақ тіркеле алатынын айтқан Елбасы салықтық есеп берулердің саны азайтылғанын және есеп берулердің электронды нұсқасы енгізілгенін жеткізді. Осының арқасында қазақстандық бизнес жылына кем дегенде 5 млрд. теңгесін үнемдейді екен.
Отырыс барысында Н.Назарбаев отандық кәсіпкерлерден табиғи монополистермен өзара іс-қимылы мәселелерін жүйелі түрде шешуді талап етті: «Мен қазірдің өзінде бизнестің дамуына елеулі кедергіні әрбір монополистің өз қызметіне тарту ісін өзінің ішкі құжатымен реттейтіндігінен көріп отырмын. Оның үстіне, бәрі де бизнес үшін қосымша қаржылық және басқа да шығындар жүктеуге тырысады. Ал біздің Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік осы мәселемен айналысты ма? 2005 жылдың өзінде бекітілген Жылу энергиясын пайдалану қағидасы мен Электр энергиясын пайдалану қағидасын қолға алыңыздаршы. Жұмыс істеп жатқан кәсіпорынға немесе цехқа меншік иесі ауысқан кезде инженерлік жүйелерге қосылу үшін жаңадан техникалық шарттар иелену неге қажет екенін маған кім түсіндіріп бере алады? Немесе кәсіпкерді жаңғырту жүргізу және энергия үнемдеу технологиясын енгізу нәтижесіне қарай энергияны тұтынуды төмендету барысында монополистің алдына барып иілуге мәжбүрлеуіміз керек пе? Сіздер тереңірек ойлаңыздар: бұл ойдан шығарылған тәртіп шындығында энергия үнемдеу және жаңа технологиялар енгізу мәселелерінде бизнестегі жігерсіздікке жол ашады». Осылайша ойын ашық айтқан Елбасы монополистерді де сын тезіне алды: «Қазір табиғи монополистер, цитата келтіре кетейін, «жаңа тұтынушылардың пайда болуына байланысты қолданыстағы желіні күшейту жөніндегі негізделген талаптарды» ұсынып отыр. Былайша айтқанда, өздерінің қырсыздығын бүркемелеу үшін бизнестен алым өндірудің жаңа формасын ойлап тапқан. Үкіметке «Атамекен Одағымен» бірлесіп, осы мәселелерді жете анықтап, бір ай мерзімде келісілген ұсынысты енгізуді тапсырамын».
Кәсіпкерлерге ішкі инвестицияны дамыту керектігін ескерткен Президент: «Мемлекет барлығына тексеру жүргізуді азайтуы керек. Мемлекет тарапынан қадағаланатын нәрсе – өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі және заңдардың сақталуы «Шағын және орта бизнес үлесі мен Қазақстан экономикасы 2030 жылға қарай екі есе артуы тиіс. Ал 2050 жылы экономиканың осы саласының үлесі басым болады. Шетелдік және жеке өзіміздің тәжірибеміз көрсетіп отырғандай, кәсіпкерлер палатасында бизнестің тіл табысуы – экономиканы дамытудың маңызды факторы болып табылады. Отандық бизнесмендерді жаңа ұлттық кәсіпкерлер палатасына міндетті түрде мүшелікке тарту шарттарын енгізу қажет, ол өз кезегінде үкіметтің сенімді, өкілетті серіктесіне айналады. Бұл экономиканы дамытудың стратегиялық міндеттерін жүзеге асыру жұмыстарына қазақстандық бизнестің, оның ішінде шағын және орта бизнестің кеңінен атсалысуын қамтамасыз етеді», – деді.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ