РЕСЕЙ БАЙҚОҢЫРДАН КЕТПЕЙТІН БОЛДЫ

РЕСЕЙ БАЙҚОҢЫРДАН КЕТПЕЙТІН БОЛДЫ

РЕСЕЙ БАЙҚОҢЫРДАН  КЕТПЕЙТІН БОЛДЫ
ашық дереккөзі
273

Үкіметаралық комиссияның нақты шешімі мамырда екі ел Президенттеріне ұсынылады
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

28-29 наурызда Байқоңыр қаласында ҚР бірінші вице-премьері Қайрат Келімбетов пен РФ І вице-премьері Игорь Шуваловтың төрағалық етуімен «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының бірінші отырысы болып өтті. Шараға ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Т.Мұсабаев, РФ Федералдық ғарыш агенттігінің жетекшісі В.Поповкин, Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі өкілі Р.Нұртаев, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы А.Мезенцев және де екі елдің мүдделі органдары мен министрліктер өкілдері, сарапшылары қатысты.

Жиын барысында «Байқоңыр» кешенінің бұдан былайғы тағдыры тілге тиек етілді. Ресей Байқоңырды бұрынғыша өзі жеке иелігінде яки өз уысында ұстай алмайды. Бұдан былай «Байқоңыр» кешені екі елдің де игілігіне жұмыс істеуі тиіс. Сол себептен екі тарап та кешенді бірге пайдалану жөніндегі Жол картасын жасау, кешенді пайдалану жөніндегі мемлекетаралық жаңа Келісімнің жобасын дайындау, «Бәйтерек» жобасын іске асыру, ғарыш айлағынан «Протон-М» зымыран-тасығыштарын ұшыру мәселелеріне көбірек ойысты.

«ПРОТОНДАР» ӘЛІ 7 ЖЫЛ ҰШЫРЫЛАДЫ

Байқоңыр проблемасындағы ең түйткілді мәселелердің бірі – улы гептилі бар «Протон-М» зымыран тасығыштарының «Байқоңыр» кешенінен ұшырылуы. Былтырдан бергі екі ел қарым-қатынасына сызат түсіруге дейін барған да осы мәселе. Алдын-ала келісімдер бойынша Ресей 2013 жылы 17 «Протон-М» зымыран тасығыштарын ұшыруды көздеген. Қазақстан тарапы оның Қазақстан аумағындағы зияны мен залалын ескере отырып, улы гептилдер төгілетін аймақтардың экологиясына келтірілер нұқсанын бағамдап, олардың санын – 13-ке дейін төмендететіндіктерін сөз еткен. Даудың соңы Ресейдің улы гептил үшін – әрбір «Протон-М» зымыран тасығышына 360 миллион АҚШ долларын төлеуімен Қазақстанның 17 зымыран-тасығышты ұшыруына көнуімен аяқталған сыңайлы болған. Бұл жиын барысында «Протон-М» зымыран тасығыштарының «Байқоңыр» ғарыш айлағынан әлі 7 жыл ұшырылатыны мәлім болды.

– Біз зымыран ғарыштық «Бәйтерек» кешені мәселелері жөнінде ой бөлістік. Бұл кешен болашақта «Ангара» зымыран-тасығышы негізінде жүзеге асырылады деп жоспарланған еді. Қазіргі келісім бойынша, «Зенит» зымыран-тасығышының негізінде кезең-кезеңмен жүзеге асыратын боламыз. Бұдан гөрі қуатты және шығыны мол «Ангараны» ресейліктер Амур облысындағы «Восточный» ғарыш айлағында ұшыратын болады. Олар 7 жылдан кейін аса улы гептил отынымен ұшырылатын «Протон» зымыран тасығышын ұшырмауға уәде беріп отыр. Өйткені, Байқоңыр тек қана ғарыш айлағы емес, сондай-ақ, әлеуметтік, тұрмыстық проблемалары бастан асатын 70 мың тұрғыны бар қала екенін естен шығармаған абзал», – деді жиын барысында ҚР І вице-премьері Қайрат Келімбетов.

Ресей тарапы «Протон-М» зымыран тасығыштарының ұшырылу санын бірнеше жыл бұрын анықтап, алдын ала келісілген межені өзгертпеуін өтінді.

Ресейлік сарапшылар «Ангараның» «Протонды» алмастыра алатынына күмәнді. Ресейде салынып жатқан «Восточный» ғарыш айлағынан «Ангара» зымыран тасығышын ұшыру туралы әңгіме бұған дейін қозғалмаған еді. «Бәйтерек» жобасының әлі күнге дейін алға жылжымауы себепті екі тарап «Ангараның» «Восточный» ғарыш айлағынан ұшырылуын жөн көреді. Алайда сарапшылар «Ангараның» «Протонның» деңгейіне жетуі үшін 20 жылдай уақыттың қажет екенін айтады. «Байқоңыр» ғарыш айлағы «Протондарды» ұшыру жағынан әлемде І орынды иеленеді. Сол арқылы Ресейді жетекші ғарыш державасына айналдырып отыр.

БАЙҚОҢЫРДЫҢ ЗАҢДЫҚ ДӘРЕЖЕСІ АНЫҚТАЛАДЫ

Байқоңырда 70 мың тұрғын бар. Оның 50 мыңы – Қазақстан, 20 мыңы – Ресей азаматы. Кезіндегі екі елдің өзара келісілген келісімдері негізінде қала толықтай Ресейдің құзырында. Онда Ресей заңдары үстемдік етеді. Мектептерде сабақ РФ стандарттары негізінде жүргізіледі. Қазақстан азаматтарының жалақысы Ресей азаматтарының жалақысынан төмен. Алайда қаладағы коммуналдық төлемдер, азық-түлік бағасы ресейлік межемен тоқтатылған. Ол қазақстандық бағамен салыстырғанда 2-3 есеге қымбат. Сондай-ақ, халықтың көбі жұмыссыз. Үкіметаралық комиссияның назарын қаладағы әлеуметтік проблемалар да тыс қалдырмады.

– Қалада шоғырланған проблемалар аса көп: тұрғын үй қоры өте ескі, мектепке дейін білім берудің заманауи мекемелері жетіспейді. Біз Қайрат Нематұлы екеуміз Байқоңыр қаласының дәрежесіне қатысты жаңа келісімге қол қойылғанға дейін екі ел үкіметтерінің Байқоңыр қаласына жаңа тыныс және серпіліс бере алатындай амал табуға келістік, – деді РФ І вице-премьері Игорь Шувалов.

Жалпы, Байқоңыр қаласының Ресей иелігінен шығарылуы жөніндегі әңгіме былтыр жыл соңындағы «Қазғарыш» ұлттық агенттігінің төрағасы Т.Мұсабаевтың ҚР Парламентіндегі үкімет сағатында сөз болған еді. Қазіргі дайындалып жатқан келісімдердің бір парасы – қаланың ресми статусына арналады. Қаланы қайта қалпына келтіру, қала статусы жөніндегі келісімге толықтырулар мен өзгертулер енгізу жөніндегі Хаттама жобасын қол қоюға дайындау жиын барысында әңгіме өзегіне айналды. Ондағы негізгі мәселелердің бірі – қаланың ішкі өміріне Қазақстан үкіметінің араласуы және тікелей өз басшылығына алуы қарастырылмақ.

– Келісім бойынша, Байқоңыр қаласының құқықтық статусының өзгертілуі жөніндегі нақты мәселелер және осындағы барлық мүліктің құқықтық дәрежесі айқындалатын болады, – деді Ресей І вице-премьері Игорь Шувалов.

Байқоңыр қаласының әлеуметтік нысандарын, инфрақұрылымдарын қаржыландыруды Қазақстан тарапы өз мойнына алмақ.

Серіктес жаңалықтары