«Балаусада» топ жарғандар
«Балаусада» топ жарғандар
Гүлзина БЕКТАС
«Балалар әдебиеті дамымай қалды» деген пікірлерді жиі еститін болып алдық. Балалар әдебиеті десе, есімізге 60-70 жылдары жазылған қаламгерлеріміздің шығармалары еске түсетіні анық. Одан өзге, балалар әдебиетінің көшіне ілескен тың дүниені табу қиын. Әрине, қазақ поэзиясында балаларға арналған өлең-жырлар, тақпақтар жетерлік. Есесіне, қара сөзбен жазылған көркем дүниелер азайып кетті.
Осы орайда, Қазақмыс Тобы мен Жазушылар Одағы 2 мен 8 жас аралығындағы балаларға арналған үздік әдеби шығармалардың «Балауса» атты бәйгесін жариялады. Өткен жылдың 2 сәуірінен бастап, биылғы жылдың 2 сәуіріне дейін жалғасқан бәйге өз мәресіне жетті.«Балалар әдебиеті кешеуілдеп қалды» деген бекер сөз екен. Ұйымдастырушылардың сөздеріне құлақ түрсек, бұл бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық шығарма келіп түсіпті. Бәйгеге 150-ден астам авторлар қатысып, бақ сынаған екен. Олардың арасында кәсіпқой жазушы да, әуесқой қаламгерлер де жетерлік.
Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, әділқазылар алқасының төрағасы Ғалым Жайлыбай еліміздің кітап нарығының 80 пайызын ресейлік шығармалардың құрап отырғанын айтады. «Балалар әдебиетіне деген көзқарас – қазақтың тілі, діні, ұрпағына деген көзқарас деп қабылдаймыз. Бір жылдың ішінде 150 автордан 200-ге жуық шығарма келіп түсті. Ірі балалар жазушылары мен жас қаламгерлерден құралған комиссия жұмыстарды қабылдап, мұқият қарап шықты. Баланың ұғымындағы Қазақстан, қасиетті рәміздеріміз балалардың санасында жоқ сияқты. Шарт бойынша 7 бәйге берілді. 200 шығарманың 30-ы ақтық мәреге жетсе, соның жетеуі үздік деп танылды. Үздіктердің қатарында жаңа есімдер, балалар әдебиетіндегі классиктер де бар. «Қазақмыс» сынды ірі компанияның балаларға, қазақ әдебиетіне мойын бұруы – тілге, дінге, ұлтқа деген құрметтің кішкентай ғана тамшысы деп есептеймін», – дейді.
Әділқазылар алқасының құрамында болған белгілі балалар жазушысы Сұлтан Қалиев: «Үлкендер қабылдаған дүниені балалардың да санасына сіңіру керек. Кішкентай сәбидің тіліне икемдеп, шығарма жазу – қиынның қиыны. Сондықтан көптеген жазушылар балалар әдебиетіне бойлай бермейді. Тілі жаңадан шыққан балаға тақпақ айтуды үйрету, ертегі айтқызу қиын ғой. Ал әдебиет арқылы бұл іс жеңілдей түседі. Болашақта мұндай бәйгелер жалғасса, балалар әдебиеті жаңғыра түседі»,– дейді.Қаламгердің сөзінің де жаны бар. Бала тіліне ыңғайлы, балалардың таным-түсінігіне қолайлы шығармаларды жазу қиын екені рас. Балалардың санасы кез келген шығарманы қабылдай бермейді. Әрі балаларға арналған шығармаларды күрделендірудің де қажеті жоқ. Жадыға оңай, тез жатталатын дүниелерді ұсынғанымыз абзал. Ал «Қазақмыс» корпорациясының вице-президенті Асқар Маткеновтың пікіріне сүйенсек, «Балауса» бәйгесі көпшіліктің балалар әдебиетіне деген қызығушылығын арттырып, ұлттық мәдениетті дамытуға, келешек ұрпақты тәрбиелеуге және қазақ тілін одан әрі өркендетуге қомақты үлес қоспақ.Осылайша, бір жыл бойы созылған бәйгенің қорытындысы жарияланып, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жастар театрының сахнасында ресми түрде марапатталды. Үздіктер ақшалай сыйлықпен марапатталды. Шарт бойынша үш ІІІ орын, екі ІІ орын және бір І орын мен бас жүлде тағайындалған. Жүлделі үшінші орынды Ділдар Мамырбаева, Байбота Қошым-Ноғай және жас жазушы Ернұр Сейдахмет иеленді. Олардың арасындағы Ернұр Сейдахмет өте жас, дарынды қаламгерлердің бірі. Ернұрдың қызметі – инженер. Ол Жезқазған мыс қорыту зауытында қызмет етеді. Өмірін өндіріске арнап келе жатқан «Қалам мен өндірісті қатар алып жүру қиын емес пе?» деген сауалымызға, Ернұр: «Өндірісте жүріп, шығармашылық жұмыспен айналысу қиын. Дегенмен, өндірісте еңбек адамдарымен көбірек араласып, жеңістің, жетістіктің қандай күшпен келетінін көресің. Мыс сапырған қолдар, адамдардың еңбекке деген құлшынысын шабыттандырады. Бұл жолы «Еңбек шынықтырады» деген өлеңдер жинағым жүлделі орынға ие болып отыр», – деп жауап қайтарды.
Жүлделі екінші орындарға Шәкен Күмісбайұлы мен Ертай Ашықбаев ие болса, бірінші орын жазушы Думан Рамазанұлына бұйырды. Бас бәйгенің иесі – Қастек Баянбай. Ұзақ жылдар бойы баспа саласында өнімді еңбек етіп келе жатқан қаламгер: «Менің әдебиетке әуестігім мектептен басталды. Алдымен жазғандарым қабырға газетіне басылып, одан кейін аудандық, облыстық газетке шыға бастады. 24 жыл ғұмырым балдалар кітаптарын шығаруға арналған екен. Бұған дейін де түрлі әдебиет байқауларына қатыстым. Бұл бәйгеге «Жак пен Кай» деген әңгімемді ұсынғам. Балалар әдебиетінің қазіргі жағдайы жанымызды ауыртады. Онда бұрынғы тәртіптің бәрі жойылды, қазір талғам, сын, рецензияның бірі де жоқ. Баспалар кім ақшасын төлесе соның кітабын басып шығарып, оны күнкөріс көзіне айналдырды», – дейді.Қазақмыс Тобының өкілдері «Балауса» мұнымен шектеліп қалмайды, Алла бұйыртса, балалар әдебиетіне арналған бәйге биыл да жалғасын табады дейді. Озық шыққан жеті шығармадан өзгесі баспасөз беттерінде жарияланатын болады. Сан болған жерде, сапа болары белгілі. Келешекте де балалар әдебиетінің көркеюіне үлес қосатын жақсы шығармалар туады деген сеніміміз мол.