ҚАЗАҚТЫҢ ҮНІ БОЛҒАН «ҚАЗАҚ»
ҚАЗАҚТЫҢ ҮНІ БОЛҒАН «ҚАЗАҚ»
Биыл қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштарының қатарындағы «Қазақ» газетіне бір ғасыр толды. Бүгінде осы мерекеге орай, еліміздің түкпір-түкпірінде салтанатты шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі – Астанадағы Еуразиялық университетте өткізілген ғылыми конференция.
«Қазақстан-2050 стратегиясы: қазақ журналистикасының тарихы, бүгіні мен даму болашағы» деген тақырыпта «Қазақ» газетінің 100 жылдығына арналған республикалық ғылыми-теориялық конференциясы өтті.
Ғылыми конференцияда «Алғашқы қазақ баспасөзі және ұлттық идея» тақырыбындағы баяндамасында Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбжанов Ханкелді Махмұтұлы ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласында жүргізілген отаршылдық саясат, әкімшілік-аумақтық реформалар, сол кезеңдегі Ресейдегі саяси ахуалдың шиеленісуі салдарынан Қазақ қоғамына келген орасан зор көлемдегі зардап, бодандық саясатқа қарсы шыққан алғашқы қазақ баспасөзінің өкілдері жайлы айтты: «Айқаптың» дүниеге келуі және төрт жыл үздіксіз шығып тұруы – ХХ ғасыр басындағы Отан тарихының жарқын беті. Ол кеңестік идеологияның өрескел бұрмалауларын әшкерелеуге, тарихи санамыздағы «ақтаңдақтарды» жоюға шылбыр ұстады. Әңгіме, біріншіден, ғасыр басындағы қазақ халқының сауаттылық деңгейі туралы болмақ. Кеңестік идеологтар дәлелдегісі келгендей, «Айқап» тұсында халқымыздың 2% ғана әліпті таяқ деп білсе, журналды шығаратын да, оқитын да адам табылмас еді. Мұның сыртында революцияға дейінгі мерзімде қазақ тілінде 1000-ға жуық атаумен, қайта басылғандарын есептемегенде, кем дегенде 2 млн. дана кітап шыққанын қаперге алсақ, ғасыр басындағы бабаларымызды жаппай сауатсыз деуге негіз жоқ». Ғалымның пікірінше, Қазақтың тағдыры мен келешегіне алаңдаған ұлттық интеллектуалдық күш сайын даланың барлық аймағында бас көтерген: «Бұларды Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатау арасындағы жер мәселесі, жесір дауы, білім-ғылым жайы, көшпелі өмір салты мен отырықшылық, дін, ұлтаралық қатынас, рушылдық, дамыған елдер қатарына қосылу – бәрі бейжай қалдырмаған…
«Айқап» шыға бастағанша Алаш зиялыларының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан, оның үзеңгілес серіктері Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, ізін басқан інілері Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Ғұмар Қарашев, Қошке Кемеңгеров, тағы басқалар қазақ қандай күйде, қазаққа не керек, қазақтың болашағы үшін не істеу қажет деген сұрақтарға, яғни ұлттық идеяның мәні мен мазмұнын құрайтын тағдыранықтағыш сұрақтарға жауап тауып қойған еді. Әрине, ол заманда «ұлттық идея» термині қолданылған жоқ. Бұл түсінікті де. Әдетте таным баспалдағы функциясын атқаратын термин үдерістен кейінірек қалыптасады».
«Азатшыл рухты асқақтатқан басылым» тақырыбына баяндамасын түйіндеген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы: «Ұлт азаттығына ұмтылған күрескер ұлы ұлттық рухтың жеңісіне санайтын қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы – «Қазақ» газетінің жарыққа шыққанына 100 жыл. Шынын айтсақ, 1913 жылдың 2 ақпаны тарихымызда мәңгілік таңбаланып қалатын, шын мәніндегі айтулы мереке, қасиетті күн. «Қазақ» газеті өзінің бүкіл болмысымен Тәуелсізідктің туын көтерер күнге бір қадам болса да жақындастыра түскен басылым. Сондықтан оянған сананың жаңа бағытқа бет бұрған сәті осы күннен бастау алады», – деді. Оның пікірінше, Алаш зиялылары қазақ баспасөзін қалыптастырып, оны жүйелі түрде жолға қоя білді: «Біздіңше, бұл – ұлттық және рухани сананың, ілгерішіл бағытта дамудың, ағартушылық ұлт-азаттық басылымның нақты көрінісі. Баспасөз – ұлт азаттығы мен бостандығы жолындағы белсенді күрескерліктің айнасы».
«Ұшқын», «Еңбек туы» басылымдарындағы ұлттық мәселелер» атты баяндамасын қысқаша қорытындылаған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев кеңестік үкімет кезіндегі журналистиканың Қазақ қоғамын, Қазақ баспасөзін дамытуда ерекше рөл атқарғанын, демек, кеңестік журналистиканы зерттеуден қашпау керектігін ескертті: «Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы кеңестік журналистика тарихы сол кездегі жүйенің талап-тілегі тұрғысынан ғана қарастырылып келгені баршаға мәлім. Өйткені ол кезде шындықты айту былай тұрсын, ол туралы жақ ашқандарды құртып-жоюға бағытталған кеңестік «алып машинаның» қапысыз қырағылықпен жұмыс істеп тұрған кезі болатын. Сондықтан 20-30 жылдардағы журналистика тарихын қайта қарамай болмайды. Кейде кеңестік журналистиканы зерттеуден ұтарымыз қайсы деген ұшқары пікір айтылып қалады. Ол мүлде дұрыс емес. Өйткені ол ұлттық журналистикамыздың қалыптасуына үлкен үлес қосқан арыстарымыздың жанкешті еңбегін елемеумен бірдей. Кеңестік журналистиканың алғашқы аяқалысында өзіндік ерекшеліктері: ізденістері мен қайшылықтары болды. Сондықтан оны жүйелі түрде зерттеп, әділ бағасын беру парыз. Оған Қазақ радиосының тарихын зерттеген кезде көзім анық жетті. Қазақ жерінде радионың дүниеге келуіне бірден бір себеп болған – алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов екенін құжаттар мен нақты деректер жүзінде дәлелдеп шықтым. Ал, оны кеңестік кезеңде айтуға болмайтын еді. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін тарихи әділеттілік үшін радио тарихын нақты дәлелдермен 10 жылға ұзартып, оның бастауында Ахаңдардың тұрғанын ғылыми айналымға енгіздік». Намазалы Омашұлының айтуынша, қазақ радиосының іргетасын қалауға да Ахмет Байтұрсынұлы қомақты үелс қосқан көрінеді. Бұл Мәскеудегі архивтердің біріндегі құжаттарда көрсетілген. Ғалымның кеңестік журналистика туралы айтқан ойына қатысты пікір білдірген Қайрат Сақ: «Қазақ журналистикасының тарихын түгендеуіміз керек. Ол тарихтан тәжірибе алу үшін және жеткен биігімізді бағалау үшін қажет», – деді.
Конференция барысында үлес қосып, арнайы баяндама дайындаған азаматтардың бірі – ҚР Үкіметі аппаратының өкілі, белгілі жазушы әрі драматург Жолтай Әлмашұлы: «Ұлт үшін ең алдымен керек нәрсе – бірлік. Осы тұрғыдан қарастырсақ, «Қазақ» газеті ұлтымыздың бірлігіне, ауызбіршілігіне қандай қызмет етті? «Қазақ» газетінде Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы сияқты қазақтың мүйізі қарағайдай азаматтардың басы бірігіп, солардың күш-қайратымен, ерік-жігерімен, талантымен биік деңгейге көтерілді. «Қазақ» газеті ұлттың тұлғаларының, Алаш ардақтыларының ой-арманын, мақсатын бір арнаға тоғыстырған. Өз ойларын газет арқылы халқына жеткізіп отырған. Демек, «Қазақ» газетінің ұлт бірлігі үшін еткен қызметі зор. Мамандардың кейбірі бұл басылымның небары 5 жыл шыққанын айтады. Бірақ сол кезеңдердегі аласапыранды, 1913-1918 жылдардағы ел басына күн туған аумалы-төкпелі заманды ескерсек, сол 5 жылдың әр жылы 5 жылға, тіпті, 10 жылға бергісіз болғаны анық. 1916-17 жылдардағы оқиға, 1918 жылы ашаршылықтың басталуы, 1913-1914 жылдардағы Бірінші Дүниежүзілік соғыстың зардабы… Бұлардың барлығы Қазақтың қабырғасын қайыстырып кетті. Меніңше, «Қазақ» газеті шығып тұрған 5 жыл 50 жылға бергісіз», – деді.
«Алаштың ар-ұжданы мен қадір-қасиеті» тақырынбындағы баяндамасында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қырықбай Аллаберген: «Алғашқы санының шыққанына биыл жүз жыл толып отырған «Қазақ» қоғамдық-саяси және әдеби газетін осылай деп атауымызға біздердің толық құқығымыз бар. Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында шығып, бес жыл ішінде басынан небір қиыншылық кезеңді өткізген, ақыр соңында Алашорда партиясының ең басты органына айналған, қазақ қайраткерлерінің басын бір тудың астына қосып қана қоймай, қазақ хандығынан кейінгі ұзақ үзілістен соң Алашорда үкіметін құрып, Алашорда партиясын жариялаған осы «Қазақ» газетінің маңына топтасқан қазақ халқының біртуар дара тұлғалары болатын. «Қазақ» газетінің шығуы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ жерінде болған тарихи, қоғамдық, саяси оқиғалармен тікелей байланысты.1870-1882 жылдары Ташкентте шыққан алғаш қазақ газеті «Түркістан уәлаяты» газетінен бастап, 1888-1902 жылдары Омбыда шыққан «Дала уәлаяты» газеті, 1895-1910 жылдары Орынборда шыққан «Торғай» газеті, 1907 жылы Троицк қаласында шыққан «Қырғыз» газеті, Санкт-Петербургте шыққан «Серке» газеті, Орынборда шыққан «Орал» газеті, Орда мен Орал қаласында 1911-1913 жылдары шыққан «Қазақстан» газеті, Троицк қаласында 1911-1915 жылдары шыққан «Айқап» журналы осы «Қазақ» газетінің тікелей ізашарлары болатын.Сондықтан «Қазақ» газеті тақыр жерден өніп шығып, аяқ астынан пайда болған басылым емес-тін» дейді.
Қырықбай Аллабергеннің айтуынша, «Қазақ» газеті және оны шығарушылар Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхановтар жан-жақты дайындық, үлкен тәжірибеден өтіп келгендер болатын. Ал газетке материалдарын жариялап, оның 265 санын шығаруға белсене атсалысқан авторлар: Бірмұхамет Айбасов, Жүсіпбек Аймауытов, Жақып Ақбаев, Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамбетов, Сәбит Дөнентаев, Әлімхан Ермеков, Ілияс Жансүгіров, Құдайберген Жұбанов, Мағжан Жұмабаев, Ғұмар Қарашев, Шәкәрім Құдайбердиев, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Бейімбет Майлин, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышбаев сынды ақын, жазушы, қоғам қайраткерлері еді. Олар бүгінгі тәуелсіздік үшін, туған елі, жері, халқы, Отаны үшін күресті, бастарын өлімге тікті.
1998 жылы «Қазақ» газетін бүгінгі ұрпақпен таныстырған кітап жарыққа шықты. Сол кезеңнен бері ұлттық басылымды жан-жақты зерттеумен келе жатқан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, Еуразия халықаралық теле-радио және баспасөз академиясының академигі Қайрат Сақ кешегі конференцияда «Он алтының ойраны» туралы шындық айтылатын уақыт жетті» деген баяндамасында сол апталықтың күні кешеге дейін қараланып келуінің бір себебі 1916 жылғы патша жарлығына қатысты көзқарасына байланысты дейді: «1916 жылғы патша жарлығының зорлық-зомбылығына қатысты, оның халқымыздың тарихынан алатын орнын анықтау мақсатында жазылған ең алғашқы туынды болып табылатын осы мақаласында М.Дулатов көтерілістің жылнамасын жасауға ниет танытады. Қалам қайраткерінің оны халқымыз бастан кешірген тарихи кезеңдермен, атап айтқанда, «қазақ қалмақтың жауласқан заманы; ақтабан шұбырынды; Ресейге бағынған шағымыз; Кенесары заманы; Қоқан заманы; 1868-інші жылғы жаңа заңның шығуы» секілді тарихи оқиғалармен тең қойып қарастыруы – оған ерекше маңыз беріп отырғандығының айғағы. Бұдан Ресей патшалығының қоластындағы «бұратана» жұрттардан қара жұмысқа жігіттер алу жөніндегі «25 июнь» жарлығының төтеннен туып, жорта асықтырылып, халықтың апшысын қуыра, жанын ышқынтып, қысымшылықпен орнына келтірілмек болғанын байқаймыз. Десек те, қазақтан солдат алу мәселесі ел үшін жаңалық емес-тұғын. «Қазақ» газеті бұл турасында содан үш жыл бұрын мәселе көтеріп, әсіресе бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына байланысты 1914-1915 жылдары жеріне жеткізе жазып, оқырман талқысына салып келген болатын».
Қайрат Өмірбайұлының айтуынша, ұлт үшін жасалып жатқан тірлікте бірлік болуы шарт: «Бәріміз де Қазақ деген елдің тәуелсіздігінің мәңгілік болуына қызмет етудеміз. Сондықтан бүгінгі ғылыми конференциямыздың бағыты осы тілекпен ұштаса білсе, біздің мақсатымыздың орындалғаны. Конференцияда айтылған ойды шараға қатысқан шәкірттер өздерінен кейінгі буынға жеткізе білсе, Алаш заматттарының идеясы жасай береді. Демек, «Қазақ» газетінің 100 жылдығы емес, Алла жазса, 1000 жылдығы да тойланады деген сенімдемін».