Алдыңыз жарық, артыңыз қуаныш болсын, ағасы!

Алдыңыз жарық, артыңыз қуаныш болсын, ағасы!

Алдыңыз жарық, артыңыз қуаныш болсын, ағасы!
ашық дереккөзі
450

О сұм ажал, саған дауа жоқ екен. Ұлы әдебиетіміздің тағы бір тұғырлы тірегін сұлатып кеттің. Іш тарта айтсам Сыр өңірінің Тереңөзек топырағынан үздік шыққан бес бірдей тұлғаның ең соңғысы еді. Атап айтар болсақ лирикалық жырдың Пайғамбарындай – Әбділда Тәжібаев, сатираның дара сардары – Асқар Тоқмағамбетов, кешегі Кеңес үкіметі тұсындағы жаңа драматургияның комедиялық бетін айқара ашқан – Қалтай Мұхамеджан, Шығыс білгірі – Әбіраш Жәмішев, содан кейінгі Қазақ әдебиетіің сүбелі бөлігі аударма саласында талмай ерен еңбек етіп үлкен күш жұмсап өнеге көрсеткен жан сіз едіңіз. Біз сізді әлі де алдымызда жүре тұрар деп едік. Ол дәмеміз күйреп түсті.

Аударма демекші, біз мектепті бітіріп шыққанда орыс әдебиетінен, қала берді әлем әдебиетінен толық хабардар болып келіп едік осында. Ол өздеріңіздей алдыңғы толқын ағаларымыздың арқасы еді. Тіпті әр-бірден соң өзі аз аударғанмен қазақша жаңа сөздік жасаған, керек десе орыс сөздігінің өзіне түзету енгізетін және осы аудармашылық жолға үлкен ұстаздық ұлағат тастаған ұлы ағамыз Ісләм Жарылғапов (иманы кәміл болсын) салған өнегелі биік соқпақ өз өресін осалдатқан жоқ еді. Сол жолда аянбай еңбек еткен Жұмағали Смағұлов, Нияз Сыздықов және Әбеке, мына өзіңізбен үш таған мектеп орнатып едіңіздер. Ол мектептеріңіз ешқашан да өшпейді, өздеріңіздің тәжірибелеріңізді ұстап қалған кейінгі толқын бұл Қазақ әдебиетінің сүбелі соқпағын ешқашанда осалдатпасы анық. Оған әрине сіздердің тірліктеріңіз де керек еді. Бір өкініштісі сол, ол жағынан…

Тағы бір айтарым, үнемі Қал-ағаң сізді қалжыңға айналдырып отырушы еді. Сондай қалжыңының бірінде:

– Сейфолла, мына жұдырықтай ағаңның білмейтіні жоқ. Алты қат аспан мен жеті қат жердің арасындағы бәленің бәрін біледі. Бірақ бізге ұқсап, жұртқа шашылып айтуға әдеттенбеген. Неде болса ішіңде жатады, бұл сабазың соншама қазынаны ішке сақтағанда не ұтады екен. Білмедім, – деп еді. Қал-ағаң дөп басқан сол бағаңызбен қалың еліңнің ортасынан оралмас ұлы көшке аттанып бара жатсыз. Амал не, өзіңіз аңсаған арманыңыз ендігі жерде ұрпақтарыңызға қонсын. Кешегі күнге дейін алақанына салып аялап келген Роза жеңгемізге жүрім берсін. Өзіңіз ырза болсаңыз, оқырмандарыңыз да ырза сізге.

Басқа не дейміз алдыңыз жарық, артыңыз қуаныш болсын.

Ініңіз Сейфолла

Серіктес жаңалықтары