«АЛТЫН ШАЛ» ЕДІ...
«АЛТЫН ШАЛ» ЕДІ...
Өткен аптаның қасиетті жұма күні қазақ мәдениеті мен әдебиетіне, журналистикасына еңбек сіңірген қайраткер Әбілмәжін Жұмабаев сексен бес жасқа қараған шағында өмірден озды. Жазушылар одағында қала жұртшылығының қоштасып, ақиреттік сапарға шығарып салу рәсімі болды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен келген өкіл министр Мұхтар Құл-Мұхаммедтің арнайы көңіл айту хатын оқыды. Жазушылар, ғалымдар, ақындар бақұлдасу сөздерін айтты. Академик Серік Қирабаев пен профессор Тұрсынбек Кәкішев жиналған ағайынға, Әбекеңнің отбасына, көңілдерін білдіре келіп, сексен бес жас аз ғұмыр емес екенін, артында мол мұра қалдырғанын, ұл-қызынан немерелер сүйгенін тілге тиек ете келіп, Алланың ісіне мың да бір шүкірлік етуді ауызға алды. Ақын Сейфолла Оспан Әбекеңнің сонау Қызылорда облысының Шаған ауылынан шыққанын, елге танымал марғасқалардың бірі болғанын, әдебиеттің аударма саласына зор үлесін қосып қана қоймай, өзіндік мектеп қалыптастырып кеткеніне тәубе етті. Басқалар да көңілжарды ойларын осы ауанда жеткізді. Әбекең туралы естеліктер айту сол күні берілген астан бастау алды.
***Қазақстанның Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджан Түркия мен Қазақстанның достық көпіріндей болған «Заман-Қазақстан» газетін ашып, «Қазақ әдебиетінен» Дидахмет Әшімханұлы мен мені қызметке шақырған еді. Редакция «Жібек жолы» мен «8 март» көшелері қиылысындағы биік үйдің алтыншы қабатында екен. Мен бір апта кейіндеу бардым. Кабинетінде өзінен басқа ұзын қара шашын артына қарай жатқыза қайырған, қоңырқай өңді Әбіраш Жәмішев пен ашық сары жүзді, көкшіл көзді Әбілмәжін Жұмабаев отыр. Екеуі де зейнеткер. Бұрын баспалар үйінен, Жазушылар одағынан анда-санда көріп қалғаным болмаса, үшеуі де қызметтес болған кісілер емес. Б.Сапаралин редактордың бірінші орынбасары ал Жәмішев жауапты хатшы лауазымдарына тағайындалған екен. Қалағаң маған жауапты хатшының орынбасары қызметін ұсынды. Келісім бердім. Редакцияға Қажығали Мұхамбетқалиев, Нұрқасым Қазыбек, Жұмагүл Солтиева, Сәбит Дүйсенбиев тілшілер болып қабылданған. Сегіз беттік апталық газеттің алғашқы саны екі ел президенттері Тұрғыт Өзал мен Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауларымен жарық көрді. Сыртқы төрт беті қазақша да, ішкі төрт беті түрікше. Қызметте жүріп бір-бірімізді етене тани бастадық.Жәмішевтей өз міндетіне мәттақан кісіні бұрын-соңды кездестірген емеспін. Туа бітті жаухатшы ма дерсің. Қолына түскен мақалаларды мұқият оқиды. Сөйлемдердің стильдік байланыстарына, грамматикалық қателеріне қатаң қарайды әрі талабы да күшті. Мінезінде аздап күйгелектігі де барын кей-кейде тілшілер тапсырманы дер кезінде орындамаған жағдайда сездіріп қалушы еді.
Ал Жұмабаевтың болмысы мүлдем бөлек. Құлағының ауырлау еститіні болмаса, бойынан мін табу қиын. Қашанда қимыл-қозғалысы сабырлы, сөзі салмақты. Алғашқыда газетті тіркеу құжаттарының кейбірін орысша жазуға тура келген. Қалағаң көмекшісі Әбдіхалық Мархабаевқа: «Мына құжаттарды Әбілмәжінге көрсетіп алыңыз. Ол Орталық Комитеттің аппаратында істеген. Орыс тілінде қалай жазу керектігін бізден жақсы біледі», – деп әуелі Әбекеңнің қарауынан өткізіп алып барып, қолын қоятын.
Газет жарық көрген күні әдеттегідей лездеме өтеді. Төрде төбе бидей бурыл шашы ұйпа-тұйпа болып, Қалағаң отырады. Қызметкерлер газеттегі мақалалар туралы өз пікірлерін жарыса айтып жатса, Әбекең оқырмандардың назарына ілінетін мақаладан бас алмайды. Бейне оңаша бөлмеде жалғыз өзі секілді. Қалағаң жымия күліп, әзілге бұрып: «Әй, жігіттер, Әбілмәжін үндемейді ғой. Мұның білмейтіні жоқ. Енді осы данышпанның пікірін тыңдайық», – деп жұрт назарын ағаға аударған. Әбекең үнсіз. Селт етер түрі байқалмаған соң жанындағы Қажығали аузын құлағына тақап, Қалағаңның сөзін жеткізгенде барып ол: «Қалтай-ау, естімеген құлақта жазық бар ма?», – деп ашаң өңі сәл ғана күреңітіп, кінәлі жандай кейіп танытқан. Қалағаң: «Өй, құлағыңа болайын сенің. Ал сөйле!», – дейді езу тартып. Әбекең әлгі оқыған мақала жөнінде аз сөйлеп, көп ой салатын пікірлерін айтқанда, білім-біліктілігінің тереңдігіне, талғамының биіктігіне тәнті болып отырғанымыз күні бүгінге дейін есімде.
Бірде келесі нөмірге материалдар ұсынып жатқанымызда, ол: «Шырақтарым, сендер Шыңғыс ханның батыры Құбылайханның теңізде Жапония әскерлерімен қалай соғысқанын білесіңдер ме?», – деп сауал тастағаны бар. Біз екі иығымызды көтердік. Әбекең өз сауалына өзі жауап берді. Бізге бағзы заман тарихының қалың қатпарынан бимағлұм танымдық оқиғаны жеткізді. Қалағаң қоңқақ мұрнын күректей алақанымен уқалап жіберіп: «Айттым ғой, мұның білмейтіні жоқ деп», – риза болған пішінмен әдеттегісіндей езу тартты. Біз сол айтқандарын келесі нөмірге жазып беруін өтіндік. Тарихи-танымдық мақаласы жарық көрді. Әбекең мұндай тосын ұсыныстарын ара-тұра айтып тұратын. Тағы бірде: «Үндістандағы әлемнің жеті кереметінің бірі Тәж-Маһалды салған түркі шебері», – демесі бар ма. Біз не сенерімізді, не сенбесімізді білмедік. Ертеңіне сол туралы жазған мақаласын алып келді. Тарихи деректеріне қарап, көңілде күдік қалмады. Құнды дүниеге сүйсіндік. Қазір кейбір ақпарат құралдары айтып та, жазып та жүр. Соларды тыңдап, оқып отырып, негізгі деректерді Әбекеңнің сол мақаласынан алғандарын ішіміз сезеді.
Уақыт өте келе бір-бірімізге қалыптасып, сыралғы болып алдық. Қалағаң мені шақырып алып: «Әбекеңе айт, алдағы нөмірге мына тақырыпта мақала жазсын», – деген соң үйіне телефон шаламын. «Әбеке, келесі нөмірге мына тақырыпта материал керек болып тұр. Соны жазуды Қалаға сізге тапсырып жатыр», – дедім. Әбекең бірден жауап бере қоймады. Ілкім сәт үнсіздіктен кейін барып: «Жарайды, ойланып көрейін», – деп селқостау үнмен келісімін берген. Газет жұма күні шығады. Бейсенбі күні бөлмесіне барып, материалды сұрадым. Ол: «Шырағым, дайын болмай қалды. Келесі нөмірге қалдырыңдар», – дей салды. Келесі нөмірге де дайын болмай қалған соң Әбіраш аға: «Осы Әбілмәжіннің кейде өсітетіні бар», – деп күйіп-жанды. Не істеу керек? Дұрысы Әбекеңе материалды уақытында жазып беруі үшін қандай амал қолдансам екен деген ойда жүрдім. Кенет ойыма Қалағаңның Әбекең Орталық Комитетте қызмет істеген дегені орала кетпесі бар ма. Онда іс-қағаздары орыс тілінде жазылады, тәртіп қатал. «Не де болса Қалағаңның тапсырмасын орысша жеткізіп, байқап көрейін». Үйіне телефон шалып, партияның қысқа сөйлеу стиліне салдым. «Әбеке, Қалтай аға мне поручил вам передать, что в следующем номере по такой теме нужен материал. Срок выполнения – среда предстоящей недели», – деймін ғой шала орысшаммен тілім бұратыла сөйлеп. Әбекең: «Хорошо», – деп жауабын қысқа қайырады. Ертеңіне ол: «Шырағым, кешегі сұраған материалың міне», – деп бірнеше бет мақаланы қолыма ұстатпасы бар ма. Ал, енді таңданбай көр! Сонда бұл орыс тілінде не құдірет бар?..
Журналистік әуесқойлықты қойсайшы. Бәрін білгің келеді де тұрады. Кейде жөнсіз сұрақтарыңнан опық жеп те қалатын жайлар болады. Жетпісінші жылдары Әбілмәжін аға «Жазушы» баспасын басқарған. Баспа жоспарын асыра орындаудың арқасында бюджетке қыруар пайда келтіріп жатқан кез. Біз университеттің жоғары курс студенттеріміз. Мәскеуден шығатын «Крокодил» журналы «Жазушы» баспасын екі нөмірінде қатты сынады. Қаладағы ақын-жазушылар арасында неше алуан сөз жүріп жатты. Сынды бірі қолдаса, бірі теріске шығаруда. Әйтсе де жоғары басшылық Әбекеңді орнынан босатқан жоқ. Содан бері де қаншама жылдар өтті. Алайда жазылған жайдың ұмытылуы қиын екен. Бірде редакцияның тілшілер бөліміне барсам, Әбекең жалғыз өзі газет оқып отыр. Көңілде жүрген сұрақты қойғым келіп: «Әбеке, «Жазушы» баспасын басқарып тұрғаныңызда сізді «Крокодил» журналы қатты сынады ғой. Сол туралы не айтасыз?», – дедім дауыстап. Әбекең ләм деп тіс жармады. Алдындағы газет беттерін аударыстырып оқуын жалғастыра берді. Естімей қалды ма деп сұрағымды қайталап қоюға ыңғайлана бергенімде, есіктен Сәбит кіріп келді. Мен тағы бірде реті келер деп бөлмеден шығып кеттім. Арада екі-үш күн өткенде бөлімге барсам Әбекең оңаша отыр екен. Салған жерден қатты дауыстап сұрағымды қойдым. Әбекең төмен салған басын шұғыл көтеріп алды. Сарғыш өңі теңбілдене күреңітіп, көздері ызғар шаша қарап: «Әй, шырағым, сен осымен менен екінші рет…», – дей бергенде, сұрағымның орынсыз болғанын сезе қойдым да, кірген есіктен зып беріп қайта шығып кеттім. Содан үш күндей көзіне түспедім. Төртінші күні шыдамым таусылып, сол бір жөнсіздігім үшін кешірім сұрайын деп бөлімнің есігін аштым. Ақын Абзал Бөкен екеуі әңгімелесіп отыр екен. Сәлем беріп қолымды ұсындым. Жайдары жымиып, көкшіл көздерінен бұрынғыдай шуақ шаша қарап, сәлемімді қабыл алды. Сондағы алақанының жылысын-ай. Бар денемнем ыстық бір леп жүгіріп өткендей болды. «Жақсының ашуы жібек орамал кепкенше» деген осы екен ғой. Өткенді есіне салып, кешірім сұрауды орынсыз көрдім. Әбекең үзілген әңгімесін қайта жалғады. «…Соғыстың қайнап тұрған кезі. Ер азаматтың бәрі майданда. Ауылда шал мен кемпірлер. Жұмыс күші жетпейді. Жеті-сегіз жасар бала болсам да маған жазғы каникулда почта таситын жұмысты мойыныма артып қойды. Майданнан үшбу хат келген үйге кешкісін ауыл адамдары жиналып, бірнеше рет қайталап оқып жатқаны. Майданнан қарақағаздар да келіп жатыр. Соңғы уақытта тым жиілеп те кетті. Соларды ауылдың ақсақалына алып барып беремін. Үш-төрт қария жиналып, әлгі үйді бетке алғаннан-ақ жұрттың үрейі ұша бастайды. Зар жылаған аналар мен жесір қалған әйелдердің ащы дауысынан аза бойың қаза болады. Бір жолы сондай бір қарақағаз келген үйдің тұсынан өтіп бара жатыр едім, әйел жүгіріп шығып, аттың тізгініне жармасты. Мен хат келген жоқ десем де жіберер емес. «Хат алмағанымызға үш айдың жүзі болды. Мүмкін сөмкеңнің түбінде жатқан хатты ұмытып жүрген шығарсың. Тағы да ақтарып қарашы», – деп табандап тұрып алсайшы. Амал жоқ аттан түстім. Үйінде өзінен басқа ешкім жоқ екен. Үлкендерше жүрелеп отырдым да ақсақалдардан құлаққа жаттанды болып қалған қаралы хабарды жеткіздім. «Мықты болыңыз, апа. Көкемізден айрылып қалыппыз», – деп қолына қарақағазды ұстаттым. Әйелдің есі шығып кетті. Мені жұлқылап, еңіреп бір жыласын. Ащы дауысын көрші-қолаң есітіп келіп: «Байғұс-ау, бұл баланың не жазығы бар?» деп мені шеңгелдеп ұстаған қолдарынан әзер дегенде ажыратып алды. Сол бойда ауылсәбет шалға бардым да: «Енді хат тасуға бармаймын», – деп сөмкені алдына тастап кетіп қалдым. Міне, шырақтарым, біздің балалық шақ осылай өтті. Құдай енді қайтып соғысты болдырмасын», – деп әңгімесін аяқтады.
Жұма күнгі «Жұлдыз» кафесінде берілген қаралы асында жазушы Молдахмет Қаназов сөз алып, біраз көмескі жайдың астарын ашты. Ол Әбекең «Жазушы» баспасын басқарып тұрғанда, үстінен талай рет арыз-шағым түскенін, Жазушылар одағының кезекті пленумында сол шағымдар бойынша баспа жұмысы арнайы қаралғанын, Әбекеңнің барлық арыздар жала екеніне нақты дәлелдер келтіріп, тойтарыс бергенін айтты. Демек «Крокодилдегі» сынды сол арызқойлар ұйымдастырған. Сол жылдар Әбекеңнің жүйкесін жұқартқанын сонда ғана түсіндім. Ал мен орынсыз сұрағыммен бітеу жараның аузын тырнаған екенмін-ау….1993 жыл. Редакция Бөгенбай батыр көшесіндегі қос қабаттан тұратын 150-ші үйге қоныс аударғанына бірнеше айдың жүзі болған. Стамбұлдағы құрылтайшылар бастапқы келісім-шарттағы көрсетілген шараларды орындауды кейінге ысыра берген соң, Қалағаң «Заман-Қазақстанды» жауып, орнына «Түркістан» газетін ашты.
Бір күні түс әлетінде редакцияға үлкен ғалым Мырзатай Серғалиев соқты. «Апырай, Қалекең өңкей сайдың тасындай «сен тұр, мен атайын» журналистерді жинапты ғой, – деді бізге сүйсіне қарап. – Мынау Әбекеңнің бір өзі бір әлем ғой. Мұндай білікті кісімен қызметтес болу біле білсеңдер бақыт, жігіттер». Әбекеңе берген бағасы үшін қуандық. Айналасына мейірім шуағын шашып жүретін Әбілмәжін ағаны, қазыналы қартты кім-кімнің де жақсы көрмеуі мүмкін емес секілді. Кім біледі пендешілігі де болған шығар. Бірақ бізге оның сарғыш өңі, сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы парасаттан жаралғандай болып көрінетін. Сол жылы біздің ұжымға қосылған суретші Еркін Нұразхан: «Әбекең, алтын шал ғой», – дейтін. Кейіндеу Әбекең өз арамызда солай «Алтын шал» атанып кетті.Газеттің кезекті саны жарыққа шыққан күні лездемеден соң аздап қол босайды. Ондайда тілшілер бөліміне жиналып, көбіне Әбекеңнің әңгімесін тыңдаймыз. Ара-арасында өзіміз де білгенімізді, оқығанымыздан түйген ойымызды айтамыз. Сол күнгі әңгімеге арқау болған тақырып, қазақтың сәйгүліктері болды. Белгілі жазушылардың қазанат туралы жазғандарын талқыға салдық. Әбекең: «Қай бір жылы Әбішпен, Кекілбаевты айтамын, –деп нақтылады да сөзін әрі қарай жалғады. – Екеуміз алыс аудандардың біріне іс-сапарға шыққан едік. Көлік ыңғайына қарай атпен жүретін болдық. Байқаймын шоқақтаған ат үстінде мазасызданып келеді. «Әбіш, неге көңіл-күйің жоқ?», – деп едім, ол: «Әбеке, біздің маңғыстаулықтар үнемі түйемен жүреді ғой. Атпен жүретіндері сирек. Мен де түйенің ырғалған жайлы жүрісіне үйреніп қалғандықтан ба, мына аттың шоқақтағанын аса жаратып келе жатқаным жоқ», – деді. Ал енді сол Әбіштің шығармаларындағы сәйгүліктердің бітімін, жүрісін суреттеп жазғанын оқысаң, бар өмірі ат үстінде өткен атбегі ме деп қаласың. Шын талантқа оң мен солы бірдей екен ғой деп таңғалудан басқа шараң қайсы.Нарықтық қатынас қыспаққа алып, жалақымыз шайлыққа жетсе, майлыққа жетпей жатқан кез. Жоғарыдағылар Қалағаңа қызметкерлеріңізді қысқартыңыз дейді. Сондай күндердің біріндегі лездемеде Әбекең: «Қалтай, мен зейнеткермін. Кезінде қызметтің де талай қызығы мен шыжығын көрдім. Енді осы жұмысымды қойсам ба деп отырмын», – деп босату жөніндегі өтінішін алдына қойды. Біз: «Әбеке-ау, сіз бізге әлі керексіз», – деп жамырай жалынып жатырмыз. Әбекең басын шайқап: «Шырақтарым, әр нәрсенің өз уақыты бар. Біз университетті бітіргенде оса Алматыда қызметте қалған жетеу едік. Солардан міне, үшеуміз-ақ жер басып жүрміз. Енді үйде алаңсыз отырып, солар туралы естеліктер жазсам деймін. Солардың өнегелі істерін жазу парыз ғой маған», – деген соң амалымыз таусылып, үнсіз қалдық. Қалағаң: «Менде ренішің бар ма?», – деді көңілсіздеу үнмен. Әбекең: «Қалтай-ау, ол не дегенің? Саған менде қандай өкпе-реніш болушы еді. Қартайғанда қызмет бердің, саған ризашылықтан басқа не айтамын», – деді жымиып. Қалекең өтінішіне қолын қойды. Арамызда Алтын шалдың болмағаны бізге айтарлықтай әсер етті. Көңіл шіркін көпке дейін әлдене жетпейтіндей қоңылтақсып жүрді. Уақыт заулап өтіп жатты. Әбіраш пен Қалтай ағалар да өмірден озды. Әбілмәжін аға оларды өз қолымен ақтық сапарға шығарып салды.
Газеттер мен журналдарда Қалағаң туралы естеліктер жазылып жатқан. Редактордың орынбасары Дидахмет Әшімханұлы лездемеде: «Басқалар Қалағаңның қалжыңдарымен шектеліп жатыр. Біз ол тақырыпты олардан бұрын қозғап қойғанбыз. Енді Қалағаңның адами қасиеттері жөнінде жазайық. Тақырыбы «Қалтаймен бірге» болсын», – деп ортамызға тыңнан ой тастады. Біз бірден қолдадық. Оны орындауды маған тапсырды. Әбілмәжін аға мен Қалағаңның әйелі Фарида апайға телефон шалып, мән-жәйді айтып, кездесу уақытына келістім. Сол кездесуде Қалтайға деген сағынышынан ба, Әбекең шешіліп ұзақ сөйледі. Қалағаңның адами қасиеттерін жаңа қырынан танығандай болдым. Сұхбат газеттің тұтас екі бетін алып жарық көрді. Сол кездесудің соңында ол: «Қалтайдың елу жылдығы жақындап қалған. Басқа жазушылар болса кемі бес-алты ай бұрын таңдамалыларын шығаруға қамданып жатады. Ал Қалтайда ондай ой жоқ. Өзінен қозғау болмаған соң телефон шалдым. «Қалтай, баспаға келсейші», – деп едім, ол: «Не айтайын деп едің?» – деп сөзінің соңын әдеттегідей әзілге бұрып жіберді. Мен: «Ақылдасатын шаруа бар, кел», – деп тұтқаны орнына қоя салдым. Түске таяу келді. «Ал, данышпаным, мен пақырдан қандай ақыл сұрамақшы едің?», – деп тағы да әзіліне басты. «Қалтай, елу жылдығыңды қалай өткізбек ойың бар?», – дедім бетіне тура қарап. Сонда ғана өңі өзгеріп сала берді. «Апырай, елуім де келіп қалған екен ғой. – Қоңқақ мұрнын алақанымен уқалап жіберіп, таңданған сыңай танытты. – Әбілмәжін, биыл менің елуге толатынымды сен бүгін есіме салып отырсың. Мен мүлдем ұмытып та кетіппін», – деді ағынан жарылып. Мен: «Ендеше, бұрын шыққан кітаптарыңды маған әкеп бер. Содан екі томдық таңдамалыңды жасайық», – деп едім, ол: «Әбеке-ау, құй сен, құй сенбе. Өзімде сол кітаптарымның бірде-біреуі қалмапты. Енді қайттым?..», – деп қатты састы. Не істейміз? Уақыт болса аз қалды. Қиналған жеріміз осы болды. Амал жоқ, Қалтаймен араласы бар жазушыларға, драматургтерге телефон шалып, кітаптарын сұрастыра бастадым. Ақыры таптым-ау. Театр сыншысы Бағыбек Құндақбаевта барлық кітаптары бар екен. Солай елу жылдығы қарсаңында «Жазушыдан» екі томдық таңдамалылары шықты», – деді.Араға жылға жуық уақыт салып, Әбекеңе сәлем бердім. Роза апамның шәйін ішіп отырып, біраз әңгіменің басын құрадық. Сөз ыңғайы келгенде:– Әбілмәжін аға, сіз Орталық Комитетте біраз жыл қызмет істедіңіз. Ел ішінде Қонаев пен Сәтбаев туралы алыпқашты, әрқалай пікірлер бар. Сіз олардың қызметіне, қарым-қатынасына қандай баға беріп, төрелік айтар едіңіз? – деген сауал қойдым.
Әбекең аз-кем ойланып отырды да:– Шырағым, олар таудың басында отырды. Оларға айнала төңіректің бәрі анық көрінеді. Ал мен сол таудың етегіндегі адам болдым. Маған алдымдағылар ғана көрінетін. Сондықтан да мен олардың қызметіне баға беріп, адми қарым-қатынастарына төрелік айта алмаймын. Екеуі де ұлтымыздың ірі тұлғалары ғой, – деп бір қойды да. – Сәтбаевпен қызметтес болғаным жоқ. Ал Қонаевтың қол астында жұмыс істегенім рас. Ол кейіндеу мені «Жазушы» баспасына директор етіп жіберді. Олжастың «Жазушы» баспасынан «АЗиЯ» кітабы шыққанда Мәскеудегі мүйізі қарағайдай академиктер өре түрегеп, Орталық Комитеттің идеология хатшысы Суслов бар қаһарын бізге төкті емес пе. Сол алмағайып заманда Қонаев жанашырлық танытып, қол ұшын беріп қорғамағанда, күніміз не болар еді? Жалпы, Қонаевтың ұлттық әдебиетке де, өнерге де қамқорлығы ерекше болды ғой. Қазір мен оны қалай айтпай отыра аламын. – Әбекең сөзін осылай түйіндеді.Тағы бірде үйіне барғанымда Роза апам немересімен отыр екен. «Әбекең сыртқа шығып кетті, қазір келеді», – деді. Апам Әбекең келгенше әңгіме болсын деді ме, жуырда ғана екеуі Түркияға саяхаттап келгенін айтты. «Эгей теңізі жағасында Эфес деген бір шағын қаласы бар. Бізді алып жүрген өкілдері сол қаладағы қолөнер кәсіпшілігімен айналысатын кәсіпорынға алып барды. Неше алуан сәнді бұйымдар шығарады екен. Әбекең бір үлкен бұйымдағы ою-өрнекке қадала қалғаны. Әлгі өкілге: «Мынау біздің қошқар мүйіз деп аталатын ою», – деп еді анау келісе қоймады. Әбекең өз дегенінде табандап тұрып алды. Қоя қойшы десем тыңдар емес. Анау да өз айтқанынан қайтпады. Ертеңіне сол өкіл қонақжайға келіп, кеше кәсіпорынның көркемдік кеңесінде бұл мәселені көтергенін, өзінің ою жөнінде қателескенін айта келіп, Әбекеңнен кешірім сұрады». Сол кезде Әбекең есіктен кірді. Мені бай кітапханасымен таныстырды. Екі бөлменің бір жақ қабырғаларындағы сөрелерінде қаз-қатар тізілген ұлттық және әлемдік әдебиет классиктерінің шығармалары көз жауын алады.
– Биыл екі қап кітабымды Астана қаласындағы Гумилев атындағы университетке тапсырдым, – деді ол жайдары үнмен. Үстел басына жайғасқан соң әрқалай тақырыпта әңгіме өрбіді. Әңгіме ауаны жер мәселесіне ауғанда: – Ұлттық кітапханаға барсаң 1943 жылы шыққан «Жағрафия» мен «Тарих» оқулықтарына көңіл бөл. Мұқабаның ішкі жақ бетінде біздің республиканың картасы басылған. Сонда анау Сарытау да, Орынбор да, терістіктегі Омбы да, батыстағы Астрахань да республика құрамында тұрғанын көресің, – деді.
– Әбеке, әдебиетіміздің алыптары Әуезовті, Мұқановты, Мүсіреповті көрдіңіз, дәрістерін тыңдадыңыз. Сол алыптар туралы әрқалай әңгімелер айтылып жүр. Келесі бір кездескенімізде солардың бізге әлі де беймәлім жайларынан көрген-білгендеріңізді айтып берсеңіз.– Олар туралы естелік жазғандарым да бар еді. Қолың жұмыстан босаған кезде келерсің, шырағым, – деп келісімін берді.
Бірақ адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады екен. Күнделікті жұмыстан қолым босамай жүргенде, қаншама жылдар зулап өте шықты. Көшеде не бір жиында кездейсоқ кездескенде жүріс-тұрысының ширақтығына қарап, қуанатынмын. Сонда ол маған жүз жыл өмір сүретін жандай көрінетін. Бұрынғылыр айтқандай екі дүние бір-ақ қадам екен. Міне, Әбекең де өмірден бақилыққа аттанып кетті.
Үйге келіп Әбекең жазған, құрастырған, аударған кітаптарды ақтардым. Аудармасынан А.Дюманың «Үш нояны» бар еді. Университеттің алғашқы курсында жүргенде сүйсініп оқығанмын. Біраз бетін тағы да парақтап шықтым. Аудармаға ұшқырлығы, шеберлігі көрініп тұр. Жетпіс жылдық мерейтойында 1999 жылы «Дидар» баспасынан жарық көрген «Кездесулер күнделігінен» атты естеліктер кітабын көпшілікке таратып берген. Кітап бар болғаны 500-ақ дана. Әне-міне оқимын деп жүргенімде уақыт өтіп те кетті. «Әбекең кімдер туралы жазды екен» деген оймен беттеріне үңілдім. Көктен іздегенің жерден табылып жатса, қалай қуанбассың. Әбекең осы кітабына әдебиетіміз бен мәдениетіміздің алыптары туралы өзінің көзімен көріп, куә болған жайларды жазып кеткен екен. Көкейімде көптен бері жүрген сұрақтар жауабын сол кітаптан таптым.Кітап алты бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде «Дала данышпаны» деген тақырыппен Мұхтар Әуезов туралы жазыпты. «…Мұхтар ағаның көзі тірі кезінде жалғыз мерейтойы 1957 жылдың 28 қыркүйегінде Опера және балет театрында өтті. Оған республикалардың бәрінен қонақтар келді. Мерейлі кешті Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ғабит Мүсірепов кіріспе сөзбен ашты. …Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің шығармашылық қызметі туралы Сәбит Мұқанов баяндама жасады. Сәбең баяндаманы қазақ тілінде жасады. «…Егер біз, – деді ол – қазақ социалистік мәдениетін Ұлы Октябрь революциясы өсірген жемісті бақша десек, осы бақша ішіндегі мәуелі және мәуесі өте дәмді ағаштың бірі Әуезов дейміз. Ол біздің өркендеген әдебиетімізге екі түрлі күрделі үлес қосты – проза мен драматургия саласынан. 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесімен Мұхтар шын мағынасындағы еуропалық прозаның дәрежесіне көтерілді. Қазақ әдебиетінде драматургия – тек Әуезов қана ашқан жаңалық. 1917 жылы жазылған «Еңілік-Кебек» біздің драматургияның да, театр өнерінің де бастау бұлағы десек, қателеспейміз». Сәбең сөзінің желісі, өрісі осы төңіректе болды. Қойын дәптер бетіне асығыс-үсігіс түсірілген жазба болса да, Сәбеңнің негізгі өзекті ойларын шашпай-төкпей беруге тырыстым. Сәбеңнің баяндамасында сондай салтанатты, думанды кеште мерейтой иесіне айтылатын ақкөңіл, шын ықыластан туған жүрекжарды, ақжарқын сөздер болмады. Ол үлкен театрға жан-жақтан қаумалап келген қалың жұртқа әдебиет оқулығынан табылатын белгілі жәйттарды қайталап айтып берді. Өзімен өмір бойы бір салада қатар, қоян-қолтық еңбек етіп, келе жатқан құрбыласы-тұрғыласы жөніндегі өзінің ыстық-суығы басылмаған ой-пікірін білдірмеді. Жалпы мәдениетіміздің мақтанышы, тірі Абай сынды сәуегейдің торқалы тойынан көпшілік күткен мерекелік пафос байқалмады. …Міне, осы жәйтті бірден байқап қалған К.Симонов, қанша айтқанмен, күліктер санатынан ғой, кең көсіліп, толқып тұрып, Әуезовтің қанатты қаламы туған халқының өткен тарихы мен тағдыр-талайының қазыналы қатпарларын, қазіргі заман оқырманына қайталанбас хас суреткерлікпен шынайы бейнелеп бергенін айтты. Содан бірер жыл бұрын Америка Құрама Штаттарында Мұхаңмен бірге жолдас болған О.Гончар оны «Шығыстан шыққан данышпан» деп атады. Театр толы халық оған дуылдатып қызу қол соқты. Сол салтанатты кеште сөз алған С.Бәйішев, С.Омаров және басқалары ұлы ұстаздың, рухани көсемнің бай, мағыналы, тамаша өмірін әдемі, әсерлі сөзбен бейнеледі. Ал белоруссиялық А.Звонак, өзбек Ғ.Ғұлам, түркімен Б.Кербабаев, тәжік Ф.Ниязи, қырғыз Қ.Мәліков сынды атақты қаламгерлер М.Әуезовті парасатты, ойлы, білімдар сөз зергері ретінде, советтік және әлемдік әдебиеттің классикалық алтын тұғырына қондырғандай болды.
Кеш соңында Мұхаң суырыпсалма ақын тәрізді кереметтей сөз сөйледі. Оның желісі ғана болмаса, әсем айшығымен, күллі көркемдігімен қайталап айту мүмкін емес. «Өткенімді ой көзімен шолсам, –деп бастады ол сөзін. – Мен бір ұзақ, алыс сапарға таңертемен ертелете шыққан елкезбе жолаушыға ұқсайды екенмін. Сол алмағайып жолсапарында оған көкорай шалғынды алқаптар, мәуелі бау-бақшалар, шөбі шүйгін сұрқай жалтаң жазықтар, орман-тоғай сыңси өскен, қылтанақсыз тақырлар, құмы суылдап көшіп жатқан шөлдер, бозторғайлары шырылдап жырлап жатқан сайын дала бәр-бәрі ұшырасады екен. Кейін сол жолсапар жайын ойланғанда, кісінің жадында ындыны кепкен қуаң дала емес, жан рахатындай болып, самал-себезді жасыл нулар, жайқалған егін қалады екен. Бүгін өмір тіршілігімен белесті шағына келген менің қазіргі жай-күйім осындай. Бүгін алпыстың асуынан артыма қарасам, күйінгеннен сүйінгенім, сүйсінгенім көп болыпты. Және мен іш-бауырым елжірей адамдарды жақсы көріппін».Ол кезде «Соц. Қазақстан» газетінің мәдениет және тұрмыс бөлімінде меңгеруші болып істейтінмін. …редакторат тарапынан Әуезов мерейтойына арналған бетті даярлау маған тапсырылды. Қалыпты дәстүр бойынша, жазушы жайында кім баяндама жасаса, соның сөзі негізгі мақала етіп беріледі. Сәбең мақаласына тақырып қоймаған екен. Мұхаңның басты прозаик-қаламгер екенін ескере отырып, оған «Әдебиетіміздің мақтанышы» деген тақырыпты қоймақшы болдық. Материалының версткасын оқуға келген Сәбең, бұл тақырыпты құптамады. «Мен өмір бойы Мұхтардың көркемдік талантын мойындағанмен, оның идеялық позициясына қарсы кісілердің бірімін. Ол Алашорданың мүшесі, жас та болса, оның оң қанатының идеологы болған, өз басым оның сол дертімен көптен күресіп келе жатқан адаммын. Ендеше, мен оны Сталиндік сыйлықтың лауреаты болды екен деп, бүгін алпысқа келді екен деп, «әдебиетіміздің мақтанышы» деп айта алмаймын. Оған «Алпыстың асуында» немесе «Жазушы жолы» секілді нейтральный тақырып қоялық деді. Автордың ерік-жігері қымбат қой. Бір ғажабы Сәбеңнің осы баяндамасы оның 16 томдығына да, Мұхтар Әуезов жөніндегі естеліктердің бірде-бір басылымына да енгізілмеді….Бұдан кейін Мұхаңды мен келесі жылы, 60 жылдың жазында Жазушылар одағының президиумының мәжілісінде Сәбит Мұқановтың алпыс жасқа толатын мерейтойы мәселесі қаралғанда көрдім. Тап сол күні орталық және республикалық баспасөз беттерінде Сәбеңді Ленин орденімен наградтау туралы указ шыққан еді. О кездері Сәбең Мариям апай екеуі Владивостоктан шығып, арнаулы кемемен Азияны айналып жүзудің серуен-саяхатында жүрген-ді. Ендігі тоқтайтын жері Вьетнам – Ханой көрінеді. Со қалаға Сәбеңді жоғары награда алуымен құттықтап, телеграмма жіберу керек. Оның мәтінін Қуандық әзірлеп, бастырып қойыпты. Соған Президиум мүшелері жағалай қол қоя бастады. Мұхаң кезек өзіне келгенде үн-түнсіз орнынан тұрды да, есікке қарай беттей берді. Есік алдына бара бергенде мол денесімен бұрылып қарады да: «Қазақта «Туғаныңды көрген жоқпын, өлгеніңе жыламаймын» деген мақал бар. Біз бір-біріміздің табыс-жеңісімізге қуанбай келе жатқан жандармыз. Ол, күні кеше мен Лениндік сыйлық алғанымда, келіп кірмек түгілі телефонмен құттықтауды да білмеді. Енді Сәбит бүгін орденмен марапатталды деп, жарамсақтанатын жайым жоқ! – деді де шығып кетіп қалды.Күзге салым Сәбеңнің 60 жасқа толуына арналған салтанатты жиналысы опера мен балет театрында өтті. Үлкен жазушының мерейтойына шартараптан қонақтар келді. Ташкенттен ескі досы, ақын Ғафур Ғұлам да бар еді. Біз Ғафур ағаны Совминнің таудағы қонақжайына жайластырдық. Театрдағы Сәбиттің салтанатына Мұхаң келмеді. Жиналыстың жалғасы ертеңіне Жазушылар одағында өтті. Ертеңгі тоғыздар шамасында редакцияның сұр «Волгасымен» қонақжайға барсақ, Ғафур аға ауқаттанып, сыртта, алаңда ақ сәлделі тауға қарап ойланып тұр екен. Біз келіп сәлем бердік. Сәлемдескеннен кейін ол кісі тағы да тауға қарап: «Бұл жақтың таулары тауларына қосылғанымен, шалдары шалдарына қосылмайды екен», – деп бір күрсініп қойды».Ащы шындық. Әбілмәжін аға көргенін сол қалпында жазған. Еш қоспасы жоқ. Егер сұбхаттың орайы келгенде, маған да осыны айтқан болар еді. Бәлкім осыны жазбай-ақ қоймады ма дейтіндер бар шығар. Ал шындық өте қымбат. Адамды адамның тануы үшін де қымбат. Әбекеңнің кейінгілер ұлылардың жақсысынан сабақ алып, жаманынан жиренсін деген оймен жазғаны анық. Өкінішке қарай, осы бір әлеуметтік кесел қаламгерлер арасында әлі де кездесіп жатады. Оның несін жасырамыз.Әбекең аударған тағы бір кітапты қолыма алдым. Есіме қай бір жылы редакция тапсырмасымен үйіне барғаным есіме түсті. Жұмысымды бітіріп, есіктен шығып бара жатқанымда Әбекең тоқтатты. «Шырағым, сәл кідіре тұршы. Саған аударма бір кітабымды естелікке берейін». – Жұмыс бөлмесіне кіріп кетті де лезде қайта шықты. Қолында Лев Гумилевтің «Көне түріктер» кітабы. Сол бойда пәпкәме салып алдым. Үйге келген соң мұқабасын ашып қалсам, қолтаңбасын түсіріпті. «Көлбайжан! Адамгершілігіңе, адалдығыңа, тазалығыңа, иманжүзділігіңе риза көңілден, ағаң Әбілмәжін. 19 ақпан 97 жыл». Аузы дуалы, сөзі уәлі ағаның бұл жүрекжарды лебізіне кезінде қалай мән бермегенмін. Ал қазір бұл сөздері маған алтыннан да қымбат көрінді.
Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, Әбілмәжін аға!
Көлбай Адырбекұлы