Бас мүфтидің алғашқы сапары

Бас мүфтидің алғашқы сапары

Бас мүфтидің алғашқы сапары
ашық дереккөзі
282

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына жаңа дінбасының сайланғанына 40 күн толғаны белгілі. Бас мүфти аз уақыттың ішінде имамдармен кездесіп, еліміздің оңтүстік облысында жаңа мешіттің тұсаукесер рәсіміне барып қайтты.

Алғашқы сапарын қазағы қалың, қаймағы бұзылмаған Шымкент өңірінен бастаған Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы көпшілік жұрт алдында: «Исламда мешіттің орны ерекше. Мешіт – шынайы құлшылығың қабыл, иманың кәміл болатын діни ілімнің ордасы, мұсылмандарды жақсылыққа шақыратын рухани шамшырақ. Алланың Ардақты Елшісі (с.ғ.с.) сапардан оралғанда немесе жолға шыққанда мешітке жиі соғатын. Жүрегі мешітке байланған тақуа жан еді» деп бас­тады өз сөзін. Шаһардың солтүстік-батыс бөлігінде, тоғыз жолдың торабында орналасқан ғажайып ғибадатхананың құрылысы бітуге таяу. Алла үйінің ауласындағы көгалдандыру, әрлеу жұмыстары қалды демесеңіз, мешіт бір мезетте 5 мың адамға қызмет етуге дайын. Ол еліміздегі ең ірі мешіттердің бірі. ҚМДБ-ның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Бейбіт Мырзагелдиев Ержан қажы Малғажыұлына ғибадатхананың сәулетімен таныстырды.

Сарығаш ауданынан бой көтерген Толыбай баба мешітінің ашылу салтанатында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы ғибадатхананың ел игілігі мен халық бірлігі жолында қызмет ете беретінін айта келе: «Мешіт салудан асқан бақыт бар ма? Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Алла үйін тұрғызған адам үшін жәннатта сарай салынатынын өсиет етіп, сүйіншілеген. Ендеше, жаңа мешіт имандылықтың темірқазығына айналсын. Үйде оқыған намазға қарағанда, мешітте өтелген ғибадаттың сауабы мол. Мешітке асығайық. Құдайдың үйінде құлшылығымызды жасайық. Құрметті бауырлар, біздер қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт, тыныш заманда өмір сүріп отырмыз. Құлшылық жасауға барлық азамат құқылы. Бабаларымыз жасырын түрде Жаратушыға жалбарынған кешегі атеистік дәуірді артқа тастап, имандылық жолын ұстануға толық мүмкіндік туған тәуелсіз елде күн кешудеміз. Біз бодандықтың қасіретін көрген елміз. Ал қазір, Құдайға шүкір, ешкім бізге неге намаз оқыдың, неге мешітке барып жүрсің демейді. Біз осындай бостандық заманның қадірін сезініп, Құдайға құл, адамға ұл болуды, имандылықты ту етуді мақсат тұтуымыз керек», – деді. Дінбасы 200 адамға арналған мешітке қасиетті Құран кітабын сыйға тартты.

Сондай-ақ, Діни басқарма дін кадрларының саны мен сапасын көтеруге жіті көңіл бөліп отыр. Бас мүфти Шымкент медресесінің шәкірттерімен жүздесіп, ілім іздеушілердің жігерін оятып, ынта-ықыласын арттыруға жетелейтін жаңалықтармен бөлісті. Бүгінде Діни басқарма Түркия, Мысыр, Пәкістан, т.б. елдермен келіссөздер жүргізуде. Мүфти медресенің үздік шәкірттері шетелде білімін жалғастыра алатынын айтты. Білім алушылар Бас мүфтидің уағызын тыңдады. «Мед­ресе – рухани оқу ордасы. Қазақтың біртуар данагөйлері медреседен сауат ашып, дін мен дәстүрді даналықпен үйлестіріп, өнегелі өмір сүргені ешкімге жаңалық емес. Аллаға шүкір, бұл игі дәстүр ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Медреседен ілім алып, дінге ден қойған данышпан Абайдың: «Баламды медресеге біл деп бердім», – деген ойды өлең-жырға қосуы тегін емес», – деген Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Оңтүстік Қазақстан имамдарының білімін жетілдіру курсында діни дәріс алып жатқан имам-молдалармен де емен-жарқын әңгімелесті. «Шалғайдағы елді мекендерде дінге қызмет етіп жатқан имамдарға құрметім ерекше. Мешіт жұмысын жүргізу, өзгелер ойлағандай, оңай шаруа емес. Кедергілерге мойымай, сауап алуға ұмтылғандарыңыз үшін Алла разы болсын», – деп алғысын жаудырды.

Бұдан соң дінбасы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің қабылдауында болды. Облыс басшысы әкімдік тараптан мешіт жұмыстарына жіті көңіл бөлініп, имамдарға дер кезінде қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді. «Бүгінде өңірімізде діни ахуал тұрақты. Десе де, бәрі тыныш екен деп бейқам отыруға болмайды. Біз діни басқарманың өңіріміздегі өкілдігімен бірлесіп, бірқатар игі іс-шараларды атқарып келеміз», – деп ізгі ниетін білдірді.

Оңтүстік өңір – халқы мен мешіті көп аймақ. Мұндағы имамдар республикалық дін қызметкерлерінің үштен бірін қамтиды. Бүгінде 800-ден астам ғибадатхана елге қызмет етуде. «Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы емес пе? Мақсатымыз – еліміздің рухани дамуына үлес қосу. Дінге жанашырлық таныту, халықтың санасына ізгіліктің дәнін себу – тек мүфтиятқа тиесілі шаруа деген көзқарастан арылғанымыз абзал. Өйткені, жастарымыздың болашағына бәріміз жауаптымыз», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.

Ал сәуірдің алғашқы күні Бас мүфти Ержан Малғажыұлы Маямеров Нұр Қазақ Египет Ислам университетінде болып, оқу ордасының кешенімен танысты. Университет мешіті, дәрісханалар, кітапхана, жиналыс залы, конференция залын аралап көрді. Алдағы қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп күтіліп отырған жатақхананың жалпы жобасы мен оқу ордасына қатысты өз ойларын ортаға салды. Конференция залында студенттермен кездесу өткізіп, діни білім алудың маңыздылығына тоқталып өтті.«Ислами білім алу – кез-келген адамның пешенесіне бұйыра бермейтін бақ. Осы тұрғыдан алғанда, құрметті шәкірттер, сіздер Алла тағаланың нұры түскен өте бақытты жансыздар. Хақ тағала Құран-Кәрімде: «Расында Алла-Тағаладан ғалымдар ғана қорқады» деп бұйырады. Алла Елшісі (с.а.у) да өзінің хадис-шарифтерінің бірінде: «Ілім иелері Пайғамбардың мирасқорлары» деп өсиет еткен. Ислам шариғаты бойынша, бір адам жантәсілім етсе, оның дүние-мүлкі ең жақын адамдарына мұра етіледі. Сол секілді Хақ Елшісінің (с.а.у) асыл мұрасы да оның ең жақын-жуығы саналған ғұламаларға мирасқа қалдырылады. Яғни, ынты-шынтымен ілім жолына түскен момын-мұсылмандар жаһанның жақсылық жаршысы Мұхаммед (с.а.у)-ның ізашарлары деген сөз. Десек те, ілім мейманасы тасып менменсіген адамға қона қоюы екіталай. Біздің жүрегіміз шынымен мейірленсе ғана Хақ ілім біздің кәдемізге жарайды. Сондықтан, ілім алуға ниеттенгендер ең алдымен тәкәппарлықты тәрк етуі шарт. Сондай-ақ, біз ілім алумен бірге дәйім құлшылығымызды арттыруымыз керек. Әсіресе, түн ұйқымызды төрт бөліп, таһажжуд ғибадатын жасағанымыз жөн. Сонда ғана алған ілім-біліміміз бізбен біте-қайнасады», – деген ақыл-кеңесін айта кеткенді артық санамады. Кездесу барысында ҚМДБ-ның наиб-мүфтиі Қайрат Жолдыбайұлы, университет ректоры Махмұт фахми Хизажи мен проректор Шамшәдин Керім де сөз сөйлеп, студенттерге оқуда озат болуға жылы лебіздерін білдірді.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары