Тіл – тәрбие құралы
Тіл – тәрбие құралы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет» деп атап көрсетті. Расында қазақ тілі – көңіл көкжиегінің қай биігіне де еркін шарықтап, самғай алар сұңқар тіл. Оған дәлел осы күнге дейін замана дауылдарынан аман өтіп, бүгінгі ұрпаққа ұлылық ұлағатымен, салтанатты салтымен, мерейлі мәртебесімен, құнарлы қуатымен жеткен қасиеттілігінде емес пе?!Қазақтың маңдайына біткен дара данышпаны Абай өзінің «Сегіз аяқ» өлеңінде:
Өткірдің жүзі,Кестенің бізі,Өрнегін сендей сала алмас, – деп, тіл қадірін кетіріп, оның қасиетін түсінбей жүргендердің тілден ғибрат ала алмайтынын, тіл өз алдына өнер екенін, бұл өнердің тал бесіктен өнеге алудан басталатынын ұғындырады. Елдігін, есендігін ойлаған адам баласы өткеннің тәжірибесінен тағылым алып, бүгінгісін шыңдайды, сөйтіп, болашағына негіз қалайды. Осы үш таған арасындағы байланыс үздіксіз жүріп отырған жерде ғана өмір мағыналы да мәнді болмақ. Еліміз егемендік алғаннан бері тіл мәселесі назардан тыс қалған емес.Тілсіз тірлік жоқ. Барлық мәселе тілмен байланысты. Адамның азамат болып қалыптасуында тілдің алатын орны ерекше. Ұлттық рухтан тәрбиеленіп, ұлттық рухтан нәр алып, оның дәмін сезініп, сусындап өскен әр азамат өзгеден үйренген нәрсесін өз бойына таратып, жүрегіне жаратып, айналасын өзге ұлттық озық жұрттың қатарына тартуға тырысады. Сондықтан жас ұрпақты, қазіргі өскелең жаңа буынды Елбасы Жолдауда міндеттегендей, ана тілінде тәрбиелеп, ана тілінде сөйлеп, өмір сүруге жетелеудің мәні зор. Оған бүгінгі қоғам, ата-аналар, ұстаздар қауымы, одан қалды ел үкіметі мүдделі болуға тиіс.Тіл – тәрбие құралы. Аталарымыздың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлағатты сөзі бар. «Өнер алды – қызыл тілді» хәкім Абайдай өнеге еткен дана жоқ. Ол «Тіл өнерін дертпен теңестіріп» ащылы-тұщылы көргендерін, өмірден түйгендерін асқан шеберлікпен шер көкіректің сырын шерткен. Сонда қазақ сөзінің шексіз мүмкіндігі мен қуатына қайран қалмасқа болмайды. Абай өлеңдерінде мұң да, шер де, шаттық та бар. Оны оқи отырып қайғы мен қасіреттің, достық пен махаббаттың, әділеттілік пен адамгершіліктің, имандылық пен мейірімділіктің не екенін тереңінен түсінесіз, сенесіз, бағалайсыз. Тіл кереметімен сөз құдіретін осылайша түсініп, адамның бойындағы отаншылдық түйсік маздайтын болады. Ол – тілдің қуаты, ол атамекенге деген асқан махаббат пен шексіз сүйіспеншіліктің салтанаты. Міне, қазақ тілі дегенде Елбасы осы жайттарды айтып отырғаны анық. Мемлекеттік тілдің жаппай қолданыс аясын кеңейту үшін білім беру мекемелерінде ауқымды жұмыс жүргізіліп келеді. Әсіресе, қазақтілді мектептер Елбасы Жолдауында жүктеген тілге қатысты міндеттерді орындау үшін ғылыми-танымдық шаралар өткізуде. Соның дәлелі ретінде Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатында атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Жуырда ғана Атырау қаласында өткен Республикалық Махамбет оқуларының «Мен – Өтемістің баласы Махамбет» атты номинациясы бойынша орын иегері Молдақұлова Дананы, «Тартынбай сөйлер асылмын…» атты жас дарындылар бөлімі бойынша облыс әкімінің арнаулы жүлдесіне ие болған Ақан Марғұланды, Жазай Қуанышты, Махамбеттің күйлерін тартуда Қызылтау Абайды ерекше мақтан тұтып айта аламыз. Сонымен қатар Республикалық Мұқағали оқуларының бас жүлдесін алған Бауыржанұлы Думанды ерекше айтуға болады. Тәуелсіздіктің ендігі тағдыры жас ұрпақтың біліктілігіне, білімділігіне, отаншылдығына, жауапкершілігіне байланысты екенін естен шығармағанымыз дұрыс.Мемлекеттік тіл – бұл Отаннан бастау алатын Ту, Елтаңба, Әнұран секілді дәл осындай ұлттық нышан. Бүгінгі таңда «Тіл тағдыры – ел тағдыры» деп түсініп, ана тіліміздің қоғам өміріндегі маңызын, қадір-қасиетін айрықша бағалаған жөн. Отанымызды шексіз сүйіп, ел игілігі мен оның дамуы жолында бар күш-қуатымызды аянбай жұмсап келеміз. Еліміздің елдігін, ұлттық қасиетін сақтау, ана тіліміздің тұғырын биікке көтеру, заман талабына сай білім алу – жаңа ғасырда жасайтын жас ұрпақтың, біздің ел алдында, Отан алдында атқаруға тиісті міндеттеріміз. Әр адам өз тілінің өсіп-өркендеуіне, еліміздің егемендігін нығайтуда өз үлесін қосуы керек. Елбасы өз Жолдауында «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» деп баса айтқаны белгілі. Қоғамның байлығы – адам, халық болса, елдің байлығы – оның тілі. Ендеше, ана тілімізді қастерлейтін ұрпақ тәрбиелеп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналауына күш салайық, ағайын!.